“ТОЙОТА” – ӘЛЕМДIК КОМПАНИЯ

“ТОЙОТА” – ӘЛЕМДIК КОМПАНИЯ

“ТОЙОТА” – ӘЛЕМДIК КОМПАНИЯ
ашық дереккөзі

Компанияның тарихы 1933 жылдан басталды. Сол жылға дейiн Toyoda Automatic Loom Works деп аталынған компания тек тоқыма өндiрiсiмен айналысқан. Компания президентi Сакити Тойодоның баласы Кииширо Тойода 1933 жылы осы компания жанынан автомобиль департаментiн ашады. Арада көп жылдар өткен соң бұл iрi автомобиль өндiрiсiне айналып, Toyota маркасымен әлемдiк деңгейге көтерiледi.

Сакити Тойода 1867 жылы ағаш ұстасының отбасында дүниеге келген. Ол бала кезiнен әр нәрсенi ойлап табумен шұғылданған едi. Алайда жапондықтардың ата дәстүрi бойынша отбасындағы үлкен ұлы әке кәсiбiн жалғастыруы керек болатын. Бұл кезде ата дәстүр заман ағымына қарай босаңсып, ұлы тоқыма станоктарын жасаумен айналысты. Бiрақ Сакитидiң арнаулы бiлiмi болмады. Ол барлығын жұмыс барысында үйрендi. 1894 жылы Сакитидiң дүниеге ұлы Кииширо Тойода келедi. Мектептi ойдағыдай бiтiрген ұлы компанияға жұмысқа тұрады. Алғыр бала әкесiне тоқыма станоктарының жаңа жетiлдiрiлген түрiн ойлап табуда көп көмегiн тигiзген. Содан бастап өндiрiс орнының жағдайы жақсара түседi. 1930 жылы Сакити қайтыс болған соң, Кииширо компанияны басқаруды өз қолына алады. Әкесiнiң әу бастағы арманы автомобиль өндiрiсiн құру болса керек. Кезiнде сол арманын баласына да құлаққағыс еткен көрiнедi. Кииширо әке арманын жүзеге асыруға кiрiскен. Ол автоматтандырылған тоқыма станогының патентiн ағылшынның Platt Brotһers & Co Ltd атты компаниясына сатып, содан түскен 100000 фунт стерлингтi өз компаниясының жаңадан құрылған автомобиль шығарумен айналысатын бөлiмiне құяды. Әрине, ол осы қаржымен автомобиль өндiрiсiн бiрден жолға қоя алған жоқ және жаңа автомобиль түрiн ойлап та таппады. Алдымен компания Американың жақсы жасалынған автомобильдерiн көшiрiп, үйренудi қолға алған. Автомобиль өндiрiсiнiң қыры мен сырын меңгерудi мақсат тұтқан олар жаңа ашылған бөлiмге жетекшi етiп Кииширо Тоеданы тағайындайды. Ол 1929 жылы автомобиль өндiрiстерiмен танысу үшiн Америка мен Еуропаға сапар шегедi. Соның нәтижесiнде бөлiм 1930 жылы бензинмен жұмыс iстейтiн двигатель жасап шығаруға кiрiскен. Жапония үкiметi оның бұл бастамасына қолдау көрсеттi. 1934 жылы олар "А" типтегi алғашқы двигателiн жасап шығарды. Оны жолаушылар таситын автобус көлiктерiне пайдаланып, сынақтан өткiздi. Ал 1935 жылы мамырда "АI" двигателi жүк автомашиналарына салынған. Алғашқыда iстi жолға қою оңай болған жоқ. Үйлестiру жағы кемшiн түсiп жатты. Алайда компания табандылық танытып, 1936 жылы өмiрге "Toyoda AA" маркасымен жаңа автомобиль жасады. Алайда бұл Американың "Cһrysler Airflaw" автомобилiнiң көшiрмесi болатын. Сол жылы компанияның логотипi ойлап шығарылды. Көп ұзамай компания жүк автомашинасын шығарып, оны сол бойда Қытайдың солтүстiк бөлiгiне экспорттауды бастайды. Компанияның әу бастағы тоқыма станоктарын жасау кезiнде қалыптасқан өз тәртiбi бар едi. Егер өндiрiс барысында жұмысшылардың бiр бөлiгiнде қиыншылық туындаса, сол қашан қалыбына келтiрiлгенше өндiрiс жұмысын тоқтатып қоятын. Бұл шығарылған өнiмнiң ақауын болдырмауға үлкен ықпал етсе керек. Сол еңбек тәртiбiн Кииширо автомобиль өндiрiсiнде де жалғастырды. Кииширо 1937 жылы тәуекел жасап, компанияның автомобиль өндiрiсiмен айналысатын бөлiгiн өз алдына жеке компания етiп шығарды. Оған "Toyota Motor Company" деген ат бердi. Ол бұрынғы "Toyoda" атауын ендi "Toyota" деп өзгерттi. Сонда өзгергенi бiр-ақ әрiп. Неге? Жапонда ертеден келе жатқан аңыз бар. "Toyoda"-дағы "d" әрпiн жазуға жапондардың құлқы болмаса керек. Сол әрiптi жазу кезiнде қолдарындағы қаламмен қағазға тоғыз рет сызық түсiру керек екен. Ал тоғыз санын жапондар бақытсыз сан деп жек көрген. Кииширо соны қаперiне қатты алып, "d" әрiпiн "t" әрпiне өзгерткендi жөн көредi. Ал "t" әрпiне қаламмен жазуда сегiз рет сызық түсiрсе жетiп жатыр. Оның үстiне сегiз саны жапондықтар үшiн ең бақытты сан болып саналған. Былай қарағанда басқаларға бұл оғаш көрiнуi мүмкiн. Ал бiрақ жапондар үшiн бұл ертеден қалыптасқан ырым. Кейiн мәдени дәстүрге айналған. Олардың дүниенi тану көзқарастары солай қалыптасыпты. Мұндай ырым шығыс халықтарына тән құбылыс. Бiздiң қазақтарда да ырымшылдық бар екенi жасырын емес. Жаңа компанияның "Toyota" атауы өмiрге осылай келдi. Сол жылдың өзiнде-ақ компанияға жапон Үкiметi сенiм артып, 3000 жүк автомашинасын жасап шығаруға тапсырыс бередi. Бұл компанияның өзiндiк жеңiл автомобиль жасауы үшiн зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға зор мүмкiндiк туғызған. Олар шетел автомашинасын көшiрудi намыс көрiп, бiржолата тоқтатуды қолға алады. Соған байланысты Кором қаласында "Toyota"-ның алғашқы заводы ашылды. Завод жұмысы тек автомобиль өндiрiсiмен айналысуға ғана негiзделдi. Өндiрiстен алғашқы өнiмдер шыға бастағаннан-ақ қала атауы "Toyota" деп қайта өзгертiлдi. Компания автомобиль бөлшектерiн шығаратын iрi өндiрiс орындарын ашуды да бiрден қолға алып, өз ауқымын кеңейтедi. Содан бастап "Дәл уақытында" атты жүйе орнатып, қажеттi бөлшектер заводқа дер кезiнде түсiп тұрған. Бөлшектерге алдын ала берiлген тапсырысты олар өз уақытында орындап, автомобиль құрастыру жұмысының еш кедергiсiз жүруiне үлестерiн қосты. Қосалқы бөлшектер де нақты есеппен шығарылды. Нақты қажеттiсi ғана қоймада сақталды. Өйткенi оларға металлды өте үнемдi жұмсау қажет болды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында компания тек Жапон императорының армиясына жүк автокөлiктерiн шығарумен айналысқан. Бiрқатар жандар күнi бүгiнге дейiн одақтастар Аити қаласындағы "Toyota" зауытының үлкен бiр бөлiгiн бомбалап қиратпағанда, шығыстағы соғыс бiразға созылар едi деген пiкiр айтып та жүр. Компания 1950 жылдардан бастап Еуропа мен Американың автомобильдерiне ұқсамайтын, жаңа сипаттағы жеңiл көлiктер шығарып, сапасын мейлiнше жақсартуды жолға қойды. Бұл бетбұрыс оларды табысқа бастауға жетеледi. Сол кезден бастап компания басшылығы өндiрiс орындарын басқару жүйесiне жаңашылдық негiздегi идеялар ұсынысын батыл енгiздi. Осы жүйе бойынша компания жұмысшысы атқарып жатқан жұмысын жақсарту үшiн тиiмдi идеясын ұсынып жатса, оған қолдау көрсету қолға алынды. Әрине кез келген ұсынысты бiрден қолдай салмай оның өндiрiстi жақсартып, дамытуына қарай бағалап отырған. Егер ұсынылған идея басшылыққа ұнап, өндiрiске пайдасын тигiзетiн болса, онда сол идея авторына жалақысынан бөлек көп мөлшерде ақшалай сыйлық берiлiп жатты. Бiз үшiн қазiр жапондардың бұл идея тәсiлi қарапайым, басқа да елдердiң компаниялары қолданып жатқан стандартты даму стратегияларының бiрi болып көрiнгенмен, сол кезде, ХХ ғасырдың бел ортасында бұл нағыз жаңашылдық (новация) болатын. Кейiн батыстың алпауыт компаниялары да осы жаңашылдықтан үлгi ала бастады. 1952 жылы компания негiзiн қалаған Кииширо Тойода өмiрден озды. Алайда компания бұл кезде көшiн түзеп алған. 1957 жылы Америкада "Toyota Motor Sales USA" атты жаңа компания ашылды. Компания Америка мен Бразилия елдерiнде автомобильдердi сатумен айналысты. Алғашқыда автомобильдер американдықтар талабынан шыға қойған жоқ. Сондықтан өтiмi нашар болды. Компания басшылары Америка талғамын мұқият қайта зерттеп, өнiмдерiн модернизациялау жөнiнде жаңа бағдарлама қабылдады. 1960 жылдары компания өндiрiске "кайдзеп" принципiн енгiздi. "Кайдзеп" сөзi екi ұғымнан тұрады. "Кай" – өзгерiс, ал "дзеп" – ақыл, даналық дегендi бiлдiредi. Жалпы алғанда, бұл – аздап болса да үнемi өсу, даму, жақсару деген мағынаны меңзейтiн философиялық ұғым. Содан бастап компанияның қарқыны өстi. 1963 жылы сәуiрде Австралияның Мельбурн қаласында "Toyota"-ның шетелде жасалынған алғашқы жеңiл көлiгi конвейерден тұтынушыларға жол тартты. Автомобильдердi экспорттаудың сәтi 1970 жылы түстi. Бұл кезде әлем мұнай дағдарысын бастан кешiп жатыр едi. Ал "Toyota"-ға бұл дағдарыс оңтайлы кезең туғызды. Өйткенi олардан шыққан автомобильдер жанар-жағар майды басқалардың өнiмдерiне қарағанда мейлiнше аз пайдаланады екен. Сондай ерекшелiгiнiң арқасында "Toyota" автомобильдерi жоғары сұранысқа ие болды. Аз уақыттың iшiнде талғам-талабы зор Америка нарығын жаулап алды. Американдықтардың ұнатқан көлiгiне айналды. Компания сол жетiстiгiмен тоқтап қалған жоқ. Автомобиль адамдарға жайлылық жағдайын жақсарта түстi. 1982 жылы "Toyota" компаниясы Американың "General Motors" компаниясымен бiрлесiп сол құрлықта автомобиль шығаратын тұңғыш зауытын ашты. Компания зауыт өнiмiнiң сапа жағын қатты қадағалады. Көп кешiкпей онда компанияның "Lexus" автокөлiктерi де пайда бола бастады. Бұл автомобиль "Cadillas" пен "Mersedes"-ке бәсекелестiк туғызып, нарыққа үлкен өзгерiстер әкелдi. Қазiр "Toyota" әлемдегi ең iрi автомобиль шығаратын компания болып отыр. Ондағы "кайдзеп" принципi әлi күнге дейiн даму жолының негiзi. "Toyota Motor" компаниясы 2007 жылдың бiрiншi тоқсанында Американың атақты "General Motors" компаниясынан әлдеқайда көп автомобиль шығарып, бәрiн де сатып үлгердi. GM жетпiс алты жыл бойына әлемдегi ең қуатты автомобиль шығарушы атағына ие болып келген едi. Соңғы жылдары бұл компания дағдарысқа ұшырап, өндiрiс орындарын амалсыздан қысқартқан болатын. Ал босаған сауда жүйесiн сұранысқа ие "Toyota" автомобильдерi жаулап алды. Сол жылдың алғашқы тоқсанында компания 2,35 млн. автомобиль сатып, ең жоғары көрсеткiшке жеттi. Содан бiраз жыл бұрын компания өз өнiмдерiн Ресей мен ТМД елдерiне шығара бастаған едi. Қазiр бұл елдерде бiрiккен зауыттар салу қолға алынған. Ағымдағы жылдың басында Жапониядағы жер сiлкiнiсi мен теңiз суының он метрге дейiн көтерiлген дүлей тасқынды соққысы жапон халқына зор қасiрет әкелдi. Елдiң экономикасына зор нұқсан келтiрдi. "Фукусима I" атом станциясындағы апат зардабы әлi күнге дейiн жойылмай отыр. Бұл "Toyota" компаниясының жұмысына да көп зиянын тигiзуде. Қазiр онда автомобиль шығару өндiрiсi бәсеңсiген. Алайда елдегi атом радиациясы жайлаған жерлер тазаланысымен, компания өз жұмысын барынша қайта жандандырады деген үмiт бар. P.S. Жапония – шағын төрт аралдан тұратын мемлекет. Жерiнiң асты мен үстiндегi табиғи байлықтары да өте аз. Сыңсыған орманы демесең, мұнай, көмiр, темiр шығатын қазбалары тiптен жоқтың қасы. Соның өзiнде олар барша дүниеге автомобиль шығарып отыр. Халық шаруашылығына арнап шығарып жатқан техникалары қаншама. Электроникадан да әлемде алда келедi. Ғарышта бiрнеше жер серiктерi ұшып жүр. Елдiң ұлттық инженерлiк ойлау жүйесi, ұлттық мәдениетi өте жоғары дамыған. Халқы еңбекқор. Олардың орташа өмiр сүру жасы сексенге жеттi. Ауылшаруашылығында ұлтарақтай жердiң өзiн тиiмдi пайдаланады. Ал бiзде ше? Жерiмiздiң асты мен үстi толған байлық. Менделеевтiң химиялық элементтерiнiң бәрi бар. Халқымыз түгел сауатты. Солай бола тұра неге тауардың көптеген түрiн өзiмiзде шығармай, сырттан сатып аламыз? Бiзге не жетпейдi? Жапондардың еңбекқорлығы, iзденiмпаздығы, инженерлiк ойлау жүйесi жетпейтiн секiлдi. Неге сол жапондардан үлгi алмасқа? Кезiнде олар да батыс елдерiнен, Америкадан үлгi алып үйрендi емес пе?

Көлбай Адырбекұлы