Жаңалықтар

БЕЙБIТ ӨМIР СҮРУДIҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

ашық дереккөзі

БЕЙБIТ ӨМIР СҮРУДIҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң Философия және саясаттану факультетiнiң ұйымдастыруымен "Бейбiт қатар өмiр сүру философиясы: Ф.Гүлен үндеуi және қазақстандық үлгi" атты дөңгелек стол өттi.

Бейбiт өмiр сүру дегенiмiз не? Жалпы бүгiнгi қоғамда өмiр сүрудiң басты алғышарттары қандай? Дөңгелек-столда сөз қозғаған ғалымдар осы сауалдарға жауап iздедi.

Елiмiзде жыл сайын өткiзiлiп жүрген дiнаралық диалог жиындары, ұлттар татулығын қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстары – осы бейбiт өмiр сүруге үндейтiн, татулыққа шақыратын береке-бiрлiктiң бастауы.

Ол үшiн бiзге қажеттi нәрселер – дiнаралық және мәдениетаралық диалогты арттыру, заманауи сапалы бiлiм беру, халықтар достығын арттыру. Ф. Гүленнiң де ұстанған идеясы осында, яғни татулық пен бiрлiкте.

Дөңгелек стол да сөз алған ғалымдардың да баяндамалары осы тақырыппен үндесiп жатты. Бейбiтшiлiктiң негiзгi үш тағаны болса: ол сүйiспеншiлiк, сыйластық және диалог деген Ф.Гүлен идеясы шеңберiнде сөз алды ғалымдар. Гүлен бiр сөзiнде: "Әрбiр күзгi жапырақтың ағаштан қоса үзiлiп түскенiн көрген сайын солармен бiрге қолдарым жұлынып кеткендей қатты қиналамын", – деген екен. Ғұламаның бұл тәмсiлiнде де түсiнген адамға үлкен ой жатыр.

Қазiргi замандағы бейбiт өмiр сүрудiң негiзгi тiректерi – толеранттылық және өзара түсiнiстiк. Қазақта "бiрлiк бар жерде, тiрлiк бар" деген сөз бар. Бейбiтшiлiк идеясын насихаттап жүрген ғалым Ф.Гүленнiң үндеуi де осыған саяды.

Жиында ғалымдар "Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаевтың мәдени саясаты және Ф.Гүлен үнқатысу философиясы", "Қазақ елi: өзара түсiнiстiк философиясы мен жасампаздық", "Қазақстан халықтарының рухани келiсiмi мен мәдениетаралық қатынастардың қазақстандық үлгiсi" тақырыптарында баяндама жасады.

Г. Тұрғанбайқызы