Жаңалықтар

Рейтинг: ӘКIМДЕР 1 БАЛЛ АЛА АЛМАЙ ӘБIРЖУДЕ

ашық дереккөзі

Рейтинг: ӘКIМДЕР 1 БАЛЛ АЛА АЛМАЙ ӘБIРЖУДЕ

Ендi ұзамай мектеп бiтiретiн түлектер өздерiнiң 11 жыл бойы алған бiлiмiнiң жемiсiн көрсетедi. Сын сағатта сүрiнiп қалмау үшiн олардың Ұлттық бiрыңғай тестке дайындалып, абыр-сабыр күй кешiп жатқаны айдан анық. Тест туралы алыпқашпа әңгiмелер көп айтылып жүргенiмен, баланың бiлiмiн әдiл бағалаудың бұдан артық әдiс-амалы әзiрге табылмай тұр. Сол сияқты егер бұра тарту, бұрмалау болмаса, әдiл бағаланса, әкiмдердiң елге қаншалықты еңбек сiңiрiп келе жатқанын тура көрсететiн рейтингтiк көрсеткiштен жақсы жүйенi әлi кездестiре қойғанымыз жоқ. Қай әкiмнiң тоқсан бойы маңдайы терлеп жұмыс iстегенiн, қай әкiмнiң жұртқа ертегi айтудан жалықпай көзбояушылыққа барғанын рейтинг нақты дерек пен дәйекке сүйенiп дәлелдеп бередi. Рейтингтi әкiмдердiң әр тоқсан сайын тапсырып отыратын емтиханы десек қателеспеспiз.

Жуырда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi аудан, қалалардың бiрiншi тоқсандағы рейтингiсiн жасады. Әкiмдердiң емтиханды қалай тапсырғанын сараптап көрейiк.

Кезiнде облыстағы артта қалған аудандардың бiрi ретiнде аталатын Отырар ауданының соңғы жылдары суырылып алға шығып, аудан, қалалардың көшiн бастап келе жатқаны қуантады. Отырар бұл жолы да рейтингте бiрiншi орыннан көрiндi. Бұл әрине, өте жақсы көрсеткiш. Әсiресе жылды аудандық мәслихаттың депутаттарымен айтысып-тартысудан бастаған аудан әкiмi Бейбiт Сыздықов үшiн. Рейтингте Отырар ауданы бюджеттiң, экономикалық даму жоспарларының және облыс әкiмiнiң тапсырмаларын орындау жағынан, көгалдандыру, балаларды мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытумен қамтамасыз ету, коммуналдық шаруашылық көрсеткiштер бойынша жоғары балл жинапты.

Ал екiншi, үшiншi орындарды әдеттегiдей тiсқаққан кадрлар басқаратын Сайрам, Төлеби аудандары еншiледi. Қашанда бiлiктiлiгi мен бiлiмдiлiгi дау тудырмайтын, ретiне қарай елдiң мүддесi үшiн еңсенi тiк ұстап батыл пiкiр айтудан тартынбайтын Уәлихан Қайназаров пен Әуелхан Тұрғымбеков тағы да тұрақты тұғырларынан табылды.

Бұған дейiнгi рейтингтерде Мақтаарал ауданы, Кентау, Шымкент қалаларының әкiмдерi ұдайы тiзiмнiң соңында сүйретiлiп жүретiн. Облыс әкiмi Асқар Исабекұлы Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласының әкiмiн ауыстырғанда қадамы керi кеткен өңiрлердiң тiршiлiгiнiң өзгерерiне үлкен үмiт артқанбыз. Өкiнiшке қарай өзге аудандармен салыстырғанда бай өлке саналатын Мақтараалдың, не Қаратау тәжi – Кентаудың әкiмдерi жаңарғанымен көрсеткiштерi жаңармай отыр. Бәрi "баяғы жартас, сол жартас". Жаңа әкiмдер – Серiк Тұрбеков пен Нұржiгiт Қалмырзаевтың сенiмдi ақтамағаны қынжылтады.

Ең соңғы орында әдеттегiдей Шымкент қаласы. Төменнен санағанда бiрiншi орынды әр тоқсанда ешкiмге бермейтiн Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев пен оның командасы әлi де тiрлiгiн түзей алмай келедi. Рас, Шымкент облыстағы халық тығыз қоныстанған қала. Бiрақ басқасы басқа, Шымкент өнеркәсiптi дамыту бойынша алдыңғы орынға шығуы тиiс едi. Жоқ, облыс орталығы бұл көрсеткiш бойынша ең төмен балл алыпты. Бұдан бөлек Шымкент қаласында бюджет қаржысын игеру өте төмен, қылмыс өскен, тағысын тағылар.

Шардарада да шаршау бар. Марғұлан Марайым басқаратын ауданның мақта терiмi кезiнде рейтингiсi жоғарылап, қалған уақытта төмендеп кетуi бiраз жайтты аңғартады. Созақбай Әбдiқұлов тiзгiн ұстаған тұста рейтингте көштiң басын бермейтiн Созақ ауданы сырғи-сырғи бұл жолы 8-орынға тұрақтапты.

Ендi әр көрсеткiштер бойынша елең еткiзерлiк мәлiметтерге тоқталайық. Тоқтап тұрған және жаңа кәсiпорындарының iске қосылуы, өндiрiстiң кеңеюi есебiнен жұмыс орындарының ашылуы жөнiнен Бәйдiбек, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкiбас, Шардара аудандары мен Кентау қаласы 0 балл алыпты. Себебi аталған өңiрлерде бұл тоқсанда ешқандай жұмыс орны ашылмаған. Ал Ордабасыда аталған мерзiмде 231 жаңа жұмыс орны iске қосылған. Әрине, биыл Елбасының өзi осы өңiрге арнайы iс-сапармен барып, өндiрiстiк нысанның лентасын қиюынан кейiн Ордабасыда бұл көрсеткiш бойынша оң өзгерiстiң қалыптасуы заңды шығар. Елбасы наурызда Түркiстанға да ат басын тiрегенiмен ешқандай өндiрiс орнына барған жоқ едi. Бiрақ Түркiстан қаласының тiзгiнiн ұстаған, iскерлiгiмен танылған Қайрат Молдасейiтовтың алаулатпай-ақ – жалаулатпай-ақ 249 жұмыс орнын ашқаны қуанышты жайт екен. Ал өндiрiсi өркендеген Шымкентте бар-жоғы 35 жұмыс орнының ашылғанын пәлендей жетiстiк деуге тұрмайды.

Облыс әкiмiнiң берген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етiп орындайтындар Отырар ауданының әкiмi Бейбiт Сыздықов пен Сарыағаш ауданының әкiмi Мақсат Мырзабаев екен. Бiр қызығы, рейтингтi жасаушылар тапсырмаларды түгел орындағандарға 0 балл, ал орындай алмағандарға минус қойыпты. Сонда деймiз-ау, әкiмдер ең құрығанда 1 балл алуы үшiн облыс әкiмiне өтiнiш жасап, тағы да тапсырма сұрап алуы тиiс пе? Түсiнбедiк.

Әрине, қылмыспен күрес бiрiншi кезекте тәртiп сақшыларының мiндетi. Десек те әкiмдер өзiнiң аумағында болып жатқан кез келген мәселеге жауапты ғой. Өзiнiң құзырына кiрсiн, кiрмесiн. Облыста былтыр осы уақытта 2146 қылмыс тiркелсе, биылғы үш айында ол 2993-ке өскен. Оның 600-i ауыр қылмыстардың санатына жатады. Рас, кейбiр аудандарда, атап айтқанда Төлеби ауданында (55-50), Арыс қаласында (44-42), Сарыағаш ауданында (160-135) төмендегенi байқалады. Ал қалған аудандардың барлығында өсiм бар. Оның iшiнде Мақтаарал ауданында 123-тен 164-ке, Түркiстанда 99-дан 231-ге (233 пайыз), Шымкентте 1198-ден 1837-ге көбейген.

Қанша айтылып жүрсе де әкiмдердiң ешқайсысы осы тоқсанда бiрде бiр мәдениет мекемелерiн мемлекетке қайтара алмапты. Алайда қайтаратын нысандар аз емес. Мәселен Мақтааралда жекеменшiкке өтiп кеткен, мемлекетке қайтарылуы тиiс 8 нысан, Созақ ауданы мен Шымкент қаласында 4 нысан бар. Бiрақ өкiнiшке қарай, аталған бағытта ешқандай жұмыс жүрмегенi өз алдына, бұл тоқсанда облыста бiрде-бiр мәдениет мекемесiне күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлмеген. Ал тозығы жетiп тұрған клубтар мен кiтапханалар жетiп артылады.

Мақаламыздың басында мектеп түлектерiнiң Ұлттық бiрыңғай тестiлеуге дайындығы туралы әңгiме қозғаған едiк. Әрине, заңдылық бойынша тесттен өте алмаған түлек оқуға қабылданбайды. Бiлiмi тиiстi деңгейден табылмаған бала жоғары оқу орнында оқып жарытпасы белгiлi ғой. Алайда мемлекет басшысының тiкелей тапсырмасымен қолға алынған аудан-қала әкiмдерiнiң рейтингiсiнде бұл тәжiрибе неге қолданылмайды? Үнемi көштiң соңында салпақтап жүретiн әкiмдердiң мұртын балта шаппайтыны нелiктен екен?

"Бiр кәдеге жарамаса, әкiмдердiң рейтингiсiн түзу неге керек?!" дейсiң осындайда.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы