Жаңалықтар

"БIЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ!"

ашық дереккөзі

"БIЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ!"

Қазақтың ержүрек ұлдары мен қыздарының бейнесiн бедерлейтiн көркем туынды неге жоқ?

Рас, бiз соғысты көрген жоқпыз. Бiз түгiлi кейбiрiмiздiң әкелерiмiз де соғыс туралы емiс-емiс естiген. Менiң әкем дүниеге келгенде әкесi қанды қырғынның ортасына аттанып кете барған екен. Дүниеге арыстай ұл келгенiн естiдi ме, естiмедi ме, кiм бiлсiн, әйтеуiр сүйегiнiң Смоленск жерiнде қалғанын әжем марқұм мұңайып айтып отыратын. Оны да өзiмен бiрге соғысқа аттанған қатарлас құрдасының аузынан естiптi. Әйтпесе атамның қай шайқаста, қай қалада мерт болғанын әжем де, тiптi әкем де бiлмейдi. Бiр жапырақ қара қағазға алданып, "кебiн емес, кебенек киген" күйеуiн жетпiс жыл бойы күтiп, әжем де о дүниеге аттанып кете барды.

"Бiз соғысты көрген жоқпыз". Көрнектi жазушы Дулат Исабековтiң соғыс туралы жазылған әйгiлi повесi осылай аталады. Күйеулерi мен әкелерiн соғысқа аттандырған қазақ ауылының зұлматты жылдардағы басынан кешкен оқиғаларын суреттейтiн сол бiр повестi оқыған сайын жанарым жасқа шыланады. Осыдан он жыл бұрын марқұм болған қайран әжем соғыс жылдарында көрген азапты кездерiн үнемi көкiрегi қарс айырыла отырып, әңгiмелеушi едi. Мен туғалы көзiне қара көзiлдiрiк киетiн шүйкедей қара кемпiр, марқұм әжем Дулат Исабековтiң "Бiз соғысты көрген жоқпыз" повесi мен Сайын Мұратбековтiң "Жабайы алмасын" оқытатын. Тылда еңбек еткен қазақ әйелдерiнiң басындағы қайғылы жағдайларды оқыған сайын өзi бастан кешкен зұлматты жылдардың қасiретiн жиi есiне алып, қамығып отырушы едi марқұм әжем.

Рас, бiз соғысты көрген жоқпыз. Бiздiң көргенiмiз – соғыс жылдары туралы түсiрiлген көркем фильмдер ғана. Оның өзiнде "Мәншүк туралы ән", "Мергендер", "Ел басына күн туса…" атты "Қазақфильмнiң" аз ғана туындылары. Бiздiң бүгiнгi қозғағалы отырған әңгiмемiз де осы. Соғыс, қазақ әскерi туралы фильмдердiң аздығы туралы. Одан өзгесiнiң барлығы дерлiк, Мәскеу киноматографиясының туындылары. Жыл сайын 9 мамыр мен 22 маусым қарсаңында қазақ көрерменiнiң де "көк жәшiкке" телмiргенде тамашалайтыны – Ресейдiң өнiмдерi.

Орыс кино әлемiнде әлемдiк классикаға айналған соғыс туралы фильмдер жетерлiк. Оны бiз ғана емес, дүниежүзi де мойындап қойған. "Солдат туралы баллада", "Тырналар ұшып барады", "Солдаттың әкесi", "Ыстық қар" т. б. Жыл сайын Жеңiс күнi қарсаңында көретiнiмiз де, тамашалайтынымыз да әлгi фильмдер. Шын мәнiнде де, жетпiс жыл бойы КСРО-да түсiрiлген әрбiр бес киносының бiреуiн соғыс тақырыбына арнап отырған. КСРО-ның құрамында болып, фашизммен қарсы күресте аянбай ерлiк көрсеткен қазақ жауынгерлерiнiң ұмытылмас ерлiгi туралы "Мосфильмде" немесе өзге орталық киностудияларда түсiрiлген фильмдер өздерiнiң тақырыбына арқау етiп алынды ма? Мәселе осында.

Мына қызыққа қараңыз. "Ұлы Отан соғысы жылдары Алматы кино өндiрiсiнiң ошағына айналды. Соғыс жылдарындағы кинолардың барлығы дерлiк Алматыда түсiрiлгенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. 1941 жылы КСРО Кинокомитетi басшылығының өтiнiшiмен "Мосфильм" және "Ленфильм" киностудиялары Алматыға көшiрiлiп әкелiндi. Кейiн бұл студияларды Алматы киностудиясымен бiрiктiрiп, Бiрiккен Орталық киностудия құру туралы шешiм қабылданды. Соғыс жылдарында түсiрiлген кинолардың 80 пайызы ауызекi тiлде ЦОКС (Центральная объединенная киностудия) аталып кеткен осы студияның жемiсi едi. "Бәрi де майдан үшiн! Бәрi де жеңiс үшiн!" деген ұранмен киногерлер күн-түн демей жұмыс iстедi. Кино өндiрiсi дами бердi. Тiптi қысқаметражды фильмдер бас-аяғы 1-2 аптаның iшiнде түсiрiлiп, майдангерлерге көрсетiлiп отырды. Бұл олардың рухын көтеретiн бiрден-бiр күш болды" дейдi кейбiр дерек көздерiнде.

Қазақстанда түсiрiлген, Алматы кино өндiрiсiнiң ошағына айналған уақыттың өзiнде қазақ жауынгерлерi туралы фильмдер неге аз болды? Бiздi мазалайтыны да осы. Қазақ халқының ұмытылмас ерлiк көрсеткен ержүрек ұлдары туралы кинолар неге саусақпен санарлықтай ғана. "Ұлы Отан соғысы тарихының беттерiн парақтаған адам жеңiс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесi телегей-теңiз екенiн байқар едi. Осы бiр аяқ астынан басталған әдiлетсiз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлi ұлт өкiлдерi әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасiрет әкелмеген бiрде-бiр отбасы болмады… Бiрiнiң әкесi, бiрiнiң ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды… Iшiнде ақын да, әншiсi де бар едi. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың iшiнде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кеттi екен …" делiнген екен ғаламторда жарияланған мақалалардың бiрiнде.

Қазақ даласы ғана емес, барша Совет Одағына қатысты мемлекеттерде тұратын ұлт өкiлдерi сарыла күткен жеңiс оңайлықпен келген жоқ. Ол қаншама адамның қанын мойнына жүктедi. Қаншама жас қыршынынан қиылды. Фашизммен қарсы соғысқа Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмiрiн берiптi. Әрине, жеңiс өздiгiнен келген жоқ. Оны елi, жерi үшiн отқа түскен ерлер ерлiгi жеткiздi. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрi де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айналып оралды.

500-ден астамы. Бес жүз адамның көзсiз ерлiктерiнiң өзi – бес жүз фильмге арқау боларлық жүк. Әрбiр азаматтың зұлмат жылдарда қанды майданда кешкен азабы бен көрген қиындығы көркем фильмнiң арқалар жүгiне айналса, онда ол фильмдер бүгiнгi ұрпақтың патриоттығын оятар едi, намысын қамшылар едi.

Елiмiзде түсiрiлген соғыс туралы фильмдердiң бiрен-саран екенiн ғана жеткiздiк. Оның өзiнде "Мәншүк туралы ән" фильмi мен "Ел басына күн туса…" белгiлi режиссер Мәжит Бегалиннiң қолтаңбасымен түсiрiлдi. Мәншүктiң сценарийiн Андрон Кончаловский жазды. Басты рөлдi белгiлi актриса Наталья Орынбасарова сомдаған. Өйткенi фильмнiң сценарийiн Андрон Кончаловский осы актрисаға арнап жазады. Фильм туралы кейiнiрек, Ақынтай Күйiкұлы: "Осыдан он шақты жыл бұрын "Қазақфильм" киностудиясы Мәншүк туралы көркем фильм түсiрдi. Бұл фильм маған да, Александра Игнатьевнаға да ұнаған жоқ. Себебi Алматыда 100-ұлттық бригада жасақталып, майданға аттанғаннан бастап бiз Мәншүктi бiлетiнбiз. Ал фильмдегi Мәншүк бiз бiлетiн Мәншүкке ұқсамайды. Осы киношығарма туралы отбасымызбен әңгiмелесе отырып, "Мәншүк туралы, қарулас достарымыз туралы бiз неге жазбаймыз? Қан майданда ерлiкпен қаза тапқан есiл ерлер жөнiнде кейiнгi ұрпаққа әңгiмелеп беру тiрiлердiң қасиеттi парызы емес пе?" деген ой туды", – деп жазады. "Мергендер" фильмiн түсiрген қырғыз режиссерi Болотбек Шамшиев. Әлияны қырғыз қызы Айтұрған Темiрова ойнады.

"Мергендер" фильмi мен Батыр Бауыржанға арналған "Ел басына күн туса…" фильмiнен бөлек, "Ана туралы аңыз" бар. Рас, бұл фильм Әмина Өмiрзақованың шоқтығы биiк кейiпкерi. "Ұлын соғыс жалмаған ананың зары. Өле-өлгенше жалғызын өлдiге қимай, жолын тосқан қайран ана! Бұл – бауыр етi балалары соғыста қаза тапқан барша қазақ аналарының қайғысын сезiндiретiн образ едi" деп жазылды баспасөз беттерiнде Әмина Өмiрзақованың "Анасы" туралы. Бұл фильмдi де орыс режиссерi Александр Карпов қойды. Белгiлi режиссер Александр Карповтың қазақтың ақ жаулықты аналарына арнап қойған ескерткiшi десек те болады бұл туынды жөнiнде. Одан өзге фильм бар ма? Бiрде елге белгiлi азаматтардың бiрi: "Мәскеуде түсiрiлген фильмдердiң көбiнде қазақ жауынгерлерiнiң бейнесi неге жоқ? Әлде қазақтар соғыста ерлiк көрсеткен жоқ па?" – деп едi. Шындығында да, қазақтың жаужүрек ұлдарының соғыста көрсеткен ерлiгi туралы ресейлiк өнiмдердiң арасынан бiрде-бiр кейiпкердi таба алмаймыз. Сонда қазақтар соғыспаған ба, әлде соғыста ерлiк көрсеткен жоқ па? Қалай десек те, тәуелсiз елдiң тәуелсiз тарихын жасау үшiн тарихи фильмдер түсiруге тиiспiз. Оның бiр парасы – фашизммен қарсы соғыста жанқиярлық ерлiк көрсеткен қазақтың ержүрек ұлдары мен батыр қыздарына арналғаны абзал. Сонда ғана қазақтың Соғыс туралы, Соғыста көрсеткен ерлiктерi туралы тың новеллалар дүниеге келер едi. Соғыстан бөлек, Тылда, еңбек даласында ерлiк жасаған қаншама батыр аналарымыз бен әкелерiмiз бар емес пе?! Жоғарыда өзiмiз атап көрсеткен "Бiз соғысты көрген жоқпыз" бен "Жабайы алманың" өзi – бiр-бiр фильмге арқау боларлықтай туындылар. Сол повестердiң желiсiмен дап-дайын сценарий жазуға болады. Сонда ғана әскери-патриоттық, ұлттық дүниелердiң саны артар едi. Сонда ғана бүгiнгi ұрпақ өткен тарихқа көз жұма қарамайтын едi. Бабалары бастан кешкен зұлматты жылдардың қасiретiн ұрпақтың есiнен шығармаудың бiрден-бiр жолы – кино дегiмiз келедi. Кино – әрi саналы ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудiң бiрден-бiр жолы. Әрi идеологияның басты құралы. Идеологияның басты құралы болмаса, Ресей киноөндiрiсi әскери фильмдер дайындамас едi, Корея мемлекетi тарихи бейнелер туралы тарихи сериалдар түсiрмес едi. Бiзге де қажеттiсi осы – ұрпақты ұлтшылдыққа, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн әскери туындылар.

Гүлзина Бектасова