ДОН КОРЛЕОНЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IЗБАСАРЛАРЫ
ДОН КОРЛЕОНЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IЗБАСАРЛАРЫ
Елiмiзде аса iрi қылмыстық топ құрықталды
Қарапайым жұрт "мафия" төңiрегiндегi алғашқы эпизодты Марио Пьюзоның романы желiсiнде түсiрiлген итальяндық-американдық "Крестный отец" фильмiнен тамашалап, таңғалысқан едi. Бас кейiпкер Дон Вито Корлеоне өзi басшылық еткен мафиялық отбасын ең бiр беделдi топтардың санатына қосып, Корлеоне әулетiнiң атағын әйгiлi етедi. Алғаш ұрлық жасаған және кiсi өлтiрген кездерiн балаларының бойына сiңiрген Дон Корлеоне "мафияның" нағыз қорқынышты, қатыгез бейнесiндей.
Қазақстан үкiметi сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын үдете түскен сайын, жемқорлықтың тамыры да соғұрлым тереңденiп, мәңгi жеңiлмейтiн мафияға айналып бара жатқандай елестейдi. Сейсенбiде Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен тауар тасымалдаумен айналысқан 100-ден астам адамнан құралған аса iрi қылмыстық топтың құрықталғанын жайып салды. Ол тiптi бұл тiзiмнiң әлi де өсуi мүмкiн екенiн жоққа шығарған жоқ.
Қытайдан контрабандалық тауар тасумен айналысқан қылмыстық топ 2006 жылдан берi жұмыс iстеп келген. Қазiр құрамында 100-ге жуық адамы бар топтың 16 мүшесi қамауға алынды. Қаржы полициясы кеден бекеттерi мен қоймаларды тiнту кезiнде 32 көлiкке тиелген 1 жарым миллиард теңгенiң заңсыз жүгiн анықтаған. "Қорғас" және "Қалжат" кедендiк бекеттерi арқылы апта сайын шекарадан өтiп тұрған контрабандалық жүк тиелген 100-ден 200-ге дейiн автокөлiктiң әрқайсысынан 25-30 мың АҚШ доллары көлемiнде заңсыз ақшалай төлем алынған. Аталған бекеттердi соңғы бес жылдың iшiнде жеке басының мүддесiне пайдаланып келген жемқорлар тек 5 мың долларды ғана кедендiк төлем ретiнде бюджетке салып отырыпты. Сондай-ақ қылмыстық топ мүшелерiмен байланысы бар 8 брокерлiк мекеме де анықталды. Қолда бар мәлiметке қарағанда, топ мүшелерiнiң Алматы және Астана қалаларында 44 пәтерi, 12 үйi, 7 жер учаскесi, 47 автокөлiгi, 10 "Камаз" жүк машиналары, әрқайсысы 10 мың доллар тұратын 40 рефрижератор, банктерде 12 есеп-шоты және 4 кәсiпорны болған.
Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай: "Қазiргi уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың 16 мүшесiне қатысты қамауға алу туралы санкция алынды, олардың iшiнде "Қорғас" кедендiк бекетiнiң бастығы Айдаров, Ақмола облысы бойынша Ұлттық қауiпсiздiк комитетi департаментi бастығының орынбасары Құрманәлиев қамауға алынды", – дедi. Аталмыш былыққа қатысы бар деген күдiктiлердiң бiрi – Алматы облысы бойынша кедендiк бақылау департаментiнiң бастығы Құрманбек Артықбаевтың қазiр қайда екенi белгiсiз. Бұған дейiн IIМ-де iстеп, талай ұйымдасқан қылмысты талқандап аты шыққан полковник кеден саласына дәл осы жемқорлықты жою мақсатында жiберiлген-тұғын. Алайда "сенген қойымыздың" өзi былыққа белшесiнен батуы мүмкiн дейдi кейбiр мамандар.
Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлiнiң айтуынша, Қытайдың заңды тұлғаларының жалған мөрлерi басылған таза бланктер табылған. Қылмыстық топтың қызметiне қатысы бар ақшалай сыйақы жасап отырған құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары да анықталуда.
Қаржы полициясы жүргiзген арнайы операция барысында қолға түскен қылмыскерлердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалып, дүние-мүлкi тәркiлендi. Олардың 130 млн. АҚШ доллары көлемiндегi мүлiктi заңсыз иемденгенi анықталып отыр. Қазiр бас прокуратура мен Интерпол арқылы топ мүшелерiнiң шет елдегi активтерiне тыйым салынып, мемлекетке қайтару жөнiнде шаралар жүргiзiлуде. Ұйымдасқан топқа қатысы болуы мүмкiн өзге де тұлғаларды ұстау бойынша жедел iздестiру шаралары жалғасуда. Тiптi ақпарат құралдары арқылы Қаржы полициясы елiмiздiң бас кеденшiсi, Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы Қозыкөрпеш Кәрбозовты да тұтқындау туралы соттан санкция сұрағаны туралы мәлiмет тарап үлгердi. Әзiрге бұл ақпаратты қаржы полициясындағылар растаған да, терiске шығарған да жоқ.
Естерiңiзде болса, былтырғы жылдың соңында Алматыға шағым арқалап келген брокерлiк компанияның директоры Қанағат Тәкеева "Қорғас" кедендiк бақылау бекетiндегi жемқорлықтың "көгендеуге" көнбей кеткенiн айтып, арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген едi. "Қорғаста" брокерлiк фирма ашқан ол алғашқы күннен-ақ кедергiлерге тап болғанын айтқан болатын. Тiптi оған тәжiрибелi кеденшiлер "қалай жұмыс iстеу керектiгiн" де түсiндiрiп, әрбiр жүк көлiгiнен баж салығы ретiнде неше ақша алып, оның қаншасын ресми түрде құжаттап, қаншасын "бүгiп" қалу керектiгiне дейiн миына сiңiрiптi. Кәсiпкер Қанағат Тәкееваның сөзiн еске түсiрсек, бiр жүк көлiгiнен кем дегенде 10 мың, 20 мың доллар қаржы "аузын арандай ашқан" кеденшiнiң өңешiне өтедi екен. Сол кезде Тәкееваның сөзiне күмәнмен қарағандар кеденшiлердiң айына шамамен 60 миллион доллар көлемiндегi "көлеңкелi" қаржыны қалтасына басатындығына сенбеген-дi. Iле-шала Алматыда журналистердiң басын қосқан Алматы облысы Кедендiк бақылау департаментiнiң басшылығы "Қорғас" кеден бекетi жемқорлыққа белшесiнен батты" деген кәсiпкердiң сөзiн жалған деп мәлiмдегенi жадымызда. Сотқа да жүгiнбек болған. Алайда iстiң ақыры осылай болып тынды…
Елiмiзде 100-ден астам адамнан құралған аса iрi қылмыстық топ әшкере болып жатқанда, сол атақты Дон Корлеоненiң өзi және қатыгез iзбасарлары Қазақстанда да емiн-еркiн сайрандап жүрген сияқты әсерде қалдық.
Жәнiбек Әшiм