Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҰШАҒЫНЫҢ ҚАЛЫҚТАЙТЫН КҮНI ЖАҚЫН

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ҰШАҒЫНЫҢ ҚАЛЫҚТАЙТЫН КҮНI ЖАҚЫН

Қарағандыда 300 миллиард теңгенiң жобасы жүзеге асырылады

Жуырда Қарағанды облысының әкiмi Серiк Ахметовтiң ұйымдастыруымен индустриалды-инновациялық даму бойынша Үйлестiру кеңесi өттi. Онда индустрияландыру картасының ағымдағы жағдайы қаралып, сондай-ақ аймақ басшысы Қарағанды облысын жұмыс сапарымен аралап, бiрқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты.

Қарағанды облысы бойынша индустрияландыру картасына жалпы сомасы 300 миллиард теңгенi құрайтын 42 жоба енгiзiлiп отыр. Бұл жоба iске асқанда 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылуы тиiс. Индустрияландыру картасы бойынша өткен жылы 9 жоба жүзеге асса, қалған 33 жоба 2011-2014 жылдардың еншiсiнде. Өнеркәсiпте – 15, агроөнеркәсiптiк кешенде – 7, энергетикада – 2, шағын және орта бизнесте – 9 жобаның ашылуы күн тәртiбiне қойылған. Ал биылғы жылдың еншiсiне жалпы құны 47,2 миллиард теңгелiк 24 жоба белгiленiп отыр.

Облыс басшысы Серiк Ахметовтiң жұмыс сапары "Silicium Kazakhstan" компаниясынан басталды. Бұл – металл шақпақтасын дайындайтын Қазақстандағы жалғыз өндiрiс орны. Шақпақтас химия және металлургиялық өнеркәсiпте кеңiнен қолданылады. "Металлургия-металөңдеу" индустриялық паркiн дамыту бағдарламасы таныстырылды. Жыл басынан берi аталмыш зауытта 986,6 миллион теңгенiң өнiмiн өндiрiп, 2011 жылдың екiншi жартысында компания жобаның екiншi пешiн iске қосу арқылы өндiрiстiк қуаттылықты арттыру алға қойылған. Елiмiздегi металл шақпақтасын шығаратын жалғыз зауыттың өнiмi толығымен Еуропа елдерiне экспорттауға бағытталған. Осы ретте 10 жылдық мерзiмге келiсiмшарттар жасалды.

"АрселорМиттал Темiртау" компаниясының №2 домна пешiнiң құрылысы, "ҚарағандыЭнергоорталығы" компаниясының Қарағанды ЖЭО-3 жаңғырту және қуаттылығын арттыру, "Сары Қазына" ЖШС катодты мыс өндiретiн зауыты, "Хром-Т" ЖШС ферроқорытпа өндiрiсiнiң кешенiн жүзеге асыру басты мәселелердiң бiрi. Одан өзге жарық диодты шамдар өндiрiсi, жаңа құрылыс материалдарының, бетон, темiр жол шпалдары, тауарларды орамдауға арналған резеңке және пластмасса бұйымдар, фракцияланған текше пiшiндес қиыршық тас өндiрiсi бойынша жобалар жоспарда бар.

Ал Үйлестiру кезеңiнде "Бизнестiң жол картасы – 2020" және "Даму Өңiрлер II" бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша несиелердi субсидиялауға берiлген тапсырыстар қаралды. Сондай-ақ облыстағы Қан орталығының құрылысына байланысты аймақ басшысы бiрқатар кемшiлiктерге тоқталды. Мәселен 56 миллион теңгеге алынған медициналық құрал орнатылмаған, желдету және суыту жүйелерi сынақтан өткiзiлмеген екен. Қан орталығының әлеуметтiк маңызды екенiн айта келiп, Серiк Ахметов нысанды уақытында iске қосуды қатаң тапсырды.

Биыл "Бизнестiң Жол картасы – 2020" бағдарламасына "Кәсiпкерлiк әлеуеттi күшейту" деген жаңа бағыт қосылып отыр. Олай болса осы бағыт негiзiнде "Назарбаев Университет" бизнес-мектебiнiң базасында бизнес құрудың жаңа үлгiлерiн оқыту және кәсiпорынды пәрмендi басқарудың дағдыларын дамыту iсi алға қойылған. Осыған байланысты шағын және орта бизнестiң топ-менеджментiн оқытуға бүгiнде 8 кәсiпорыннан тапсырыс түстi. Оның 6-ына субсидиялау түрiнде қолдау көрсетiлдi. "Мемлекет бұл бағдарламаны тек қана қаржылай көмек көрсету үшiн ғана емес, сонымен қатар кәсiпкерлердi оқытуға, оларға әдiстемелiк, құқықтық және ақпараттық көмек көрсету үшiн қабылдап отыр. Бұл – үлкен әрi өте қажеттi жұмыс. Сондықтан да бiздiң кәсiпкерлерiмiз ұсынылып отырған мемлекеттiк қолдау шараларын неғұрлым белсендiрек пайдаланады деп сенемiн", – дедi облыс әкiмi Серiк Ахметов.

Ауылшаруашылығына арналған "Фермер" ұшағының Қазақстан көгiнде қалқитын күнi алыс емес. Жыл аяғына дейiн аталмыш ұшақтың үшеуi қолданысқа берiлуi тиiс. Бұл ұшақты жасап шығаратын зауыттың iргетас құрылысы бойынша барлық жұмыстары тәмәмдалып, ғимараттың металл құрылғыларының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Ал технологиялық құрал-жабдық 2011 жылдың маусым-тамыз айларында жеткiзiледi. Ұшақ жасауға маманданған "КазАвиаСпектр" ЖШС кәсiпорын құрылысына деп 330 миллион теңге қарастырылған. Алғашқы кезде 50 ұшақ шығаруға тиiс зауыт 2015 жылға қарай ұшақ санын 500-ге жеткiзедi деп жоспарланған. Болашақта осынау ұшақтар ауылшаруашылығын ұршықтай игерiп әкетсе, медициналық жедел-жәрдем мен төтенше жағдайлар саласына арнап жасап шығару ойда бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ