Ерлан ҚАРИН: СӨЗ ОБАЛЫ АЙТПАУДА...

Ерлан ҚАРИН: СӨЗ ОБАЛЫ АЙТПАУДА...

Ерлан ҚАРИН: СӨЗ ОБАЛЫ АЙТПАУДА...
ашық дереккөзі

"Қазақ журналистерiнiң клубының" кезектi қонағы – "Нұр Отан" ХДП-ның бас хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мырза. Қашан да ұлттық мәселе, ұлттық идеология, мемлекеттiк тiл жөнiнде өзiнiң ойын ашық бiлдiрiп жүрген ұлтжанды саясаттанушыға журналистер тарапынан қойылған сұрақ та көп болды. Бiз Ерлан Қарин мырзаның қоғамда екiұдай пiкiр туғызып отырған жайттарға қатысты айтқан ойларын ұсынуды жөн көрдiк.

БIЗДЕ ҰЛТТЫҚ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖОҚ

– Билiктiң қандай өкiлi болсын, ұлттық саясатта мемлекеттiк тiлге байланысты жоғары талаптар қою керек. Екiншi жағынан, белгiлi саяси қайраткердiң, ең алдымен Президенттiң бұл саясатты белгiлi бiр дәрежеде ұстауына түсiнiстiкпен қарау керек. Саяси тұлға белгiлi бiр аудиторияның алдында кейде жұмсартып, кейде өз позициясын батырып жеткiзуi мүмкiн. Оның үстiне белгiлi бiр мәлiмдеме контекстiден алынатынын ескеру керек. Ол пiкiрiн бiлдiрген кезде тiлге қатысты асыра сiлтеу болмасын дедi де, артынан мемлекеттiк тiлге жауапкершiлiктi күшейту қажет дедi. Яғни ол қатаң ұстанымын бiлдiрудiң алдында өзге ұлт өкiлдерiнiң тарапынан болуы мүмкiн сынның алдын алу үшiн пiкiрiн әдейi жұмсартып жеткiздi.

Бұл проблема бiзде талайдан берi айтылып келедi. Айтыла бередi де. Ұлттық стратегиялық саясатты қалыптастырмайынша, құрмайынша бұл мәселелердi шеше алмаймыз. Себебi бiзде этникааралық саясат бар да, бiрақ қазақ ұлтының дамуына қатысты және бағдары мен болашағы жөнiнде ұлттық даму стратегиясы жоқ. Шын мәнiнде, этникааралық саясат тұжырымдамасы қалыптаспас бұрын ең алдымен ұлттық даму стратегиясын айқындап алу керек. Ең түсiнiксiздiгi, ұлттың дамуында қандай басымдықтарға жол беру керек, ұлттық бiрлiктi дамытуда қандай қадамдар жасау қажет екенiн бiлу тиiс. Бiр жаман жерi – ресми саясатта қарама-қайшылық бар. Қазақтiлдi аудиторияда басқа нәрсе, орыстiлдi аудиторияда басқа нәрсе айтылады. Нақты басымдықты айқындап алмасақ, осы жағдай әлi сақтала беруi мүмкiн.

ҰЛТТЫҚ ДАМУ КОНЦЕПЦИЯСЫН ЖАСАУҒА КIМ КЕДЕРГI?

– Шынын айтқанда, билiк дәлiзiнде бiртұтас көзқарастың жоқтығы қынжылтады. Екiншiден, билiк құрылымында бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным болмай тұр. Қазiр билiктiң алдында басқа басымдықтар тұр. Ұлттық, стратегиялық, рухани, идеологиялық мәселелер үнемi екiншi жоспарда қала бередi. Соның есебiнен дiни, этникааралық салада жылдан-жылға қарама-қайшылықтар көбейiп келетiндiгiн мойындау керек. Сондай-ақ қоғамдық топтарда бiртұтас көзқарас жоқ. Өзiм "Соңғы уақытта қазақ пен басқа ұлт топтары арасында пiкiрталас күшейiп кеттi" деп айтатын кейбiр сарапшылардың тұжырымдамасымен келiспеймiн. Қазақ пен орыс топтары арасында пiкiрталас жоқ. Бұл тек қазақ пен қазақтың өз арасында ғана өрбуде. Мәселен Қызылжарға байланысты депутаттар Жарасбай Сүлейменов пен Тасбай Симамбаев арасында, одан кейiн 23 ақпанда Бекболат Тiлеухан мен Тәңiрберген Бердоңғаров арасында пiкiрталас болды. Бұл да – ұлттық сана-сезiмнiң оянып, отарлық сана-сезiмнен арылудың бiр нышаны.

ДIНИ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БИЛIКТIҢ ӘЛI ДЕ БОЛСА КӨЗҚАРАСЫ ТҰМАНДЫ

– Соңғы кезде билiк тарапының дiни мәселелерге қатысты айтылған пiкiрлерiнен, берген бағаларынан бiрiздiлiк көрiп тұрған жоқпын. Билiк тарапынан жүйелi түрде тұжырымдама жоқ. 20 жылда дiни салада өз бетiмен жiберу жалғасып келедi. Дiни тақырыпқа арналған жиындарға қатыссаңыз, осыдан бес, он жыл бұрынғы әңгiме айтылады. Бұл – белгiлi бiр жағдайларға қатысты айтылған конъюнктуралық мәлiмдемелер. Егер билiктiң осыған қатысты нақты мақсаты мен тұжырымдамасы бар болса, белгiлi бiр науқан iске асып жатыр деуге болар едi. Шын мәнiнде, ол жоқ. Ал сарапшылардың зерттеулерi мен әлгiндей жиындарда тереңдiк жоқ. Билiкте қандай да бiр процестердi жоспарлай алатын, оны iске асыратын орталықтар жоқ. Билiк мүмкiндiгiн асырып көрсетуге болмайды. Негiзгi мәселе – дiни саладағы болып жатқан процестерге билiктiң әлi де болса дұрыс көзқарасының жоқтығында. Осы мәселе бойынша сын айтылғанда мемлекеттiң бiрiншi реакциясы қайсы болу керек? Әрине, бәрiн бақылауға алу керек. Қаншама мешiттер тiркеусiз жұмыс жасағанда, оны Дiни басқарманың қарамағына өткiзу керек деген мәселе көтерiлдi. Бiрақ мұнымен жағдай шешiле ме? Ол жерде қандай уағыз айтылып жатыр, имамдар қайдан бiлiм алуда? Мұны кiм анықтайды? Өкiнiштiсi сол, бұл жерде дiни ұйымдарды қайтадан тiркеуге ғана көңiл бөлiндi де, астарына ешкiм үңiлмедi.

ПАРЛАМЕНТТЕ КЕМIНДЕ ҮШ-ТӨРТ ПАРТИЯ БОЛУ КЕРЕК

– Президент сайлауы өттi, аяқталды. Ендi мерзiмiнен бұрын Парламент сайлауын өткiзу мәселесi күн тәртiбiне шықты. Қазiр сарапшылардың кейбiрi "Парламент сайлауын өткiзу керек" десе, екiншi бiреуi "керек емес" деп дауласып жатыр. Саяси реформаларды талдамас бұрын екi партиялы жүйе керек пе, керек емес пе дегенге кiрiсiп кеттi. Қазақстанға екi партиялы жүйе – ең қажеттi жүйе болатынын кiм айтты? Менiңше, мұнда кiшкене асығыстық бар. Сайлау өткiзу мәселесi реформаларды жүзеге асыру мәселесiнiң алдына шығып кеттi. Қандай реформалар iске асады, ол қандай бағытта жүргiзiледi, осыны талқыламасақ, сайлаудан ешқандай пайда болмайды. Ал Парламентте кемiнде 3-4 партияның болғаны дұрыс. Себебi қоғамда әртүрлi идеологиялық платформалар пайда болды. Екiпартиялық жүйе әртүрлi пiкiрлер мен ұстанымдарды қамти алмайды. Он жыл бұрын бiр ғана либералды платформалық жүйе болса, қазiр демократиялық немесе либералды концепциялардың бiрнеше таралымы бар. Олар – социал-демократиялық партиялар, ұлттық-либералдық қозғалыстар. Сондықтан сайлау табалдырығын төмендетсек, екi емес, одан да көп партиялардың Парламентке келуiне жол ашылатын едi.

Ал Парламентке қандай нақты оппозициялық партиялардың енуiн болжау қиын. Оппозициялық партиялардың алдында болашақ тактикасы, стратегиясы, олардың қайта бiрiгуi немесе бiрлесе жұмыс iстеудiң басқа формаларын iздестiруi мәселелерi тұр. Жаңа оппозициялық күштердiң де пайда болуын жоққа шығара алмаймыз.

Өткен сайлау оппозициялық партиялар арасындағы қарама-қайшылықтарды көрсетiп, жаңа пiкiрталастардың пайда болуына әкелдi. Бұл жаңа оппозицияның, жаңа лидерлердiң келуiне деген сұранысты тудырып отырған сияқты. Болашақта өзiнiң қадамдарын қайта қарау мiндетi – билiк жағындағы да, оппозициялық бағыттағы партиялардың да алдында тұр.

Жазып алған Динара Мыңжасарқызы