ШЫҢ БАСЫНДА АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚ

ШЫҢ БАСЫНДА АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚ

ШЫҢ БАСЫНДА  АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚ
ашық дереккөзі

"Жаужүректiң" басталғанына да көп болған жоқ. Әрi әншi, әрi батыр, әрi балуан, әрi серi Балуан Шолақтың өмiрi қазаққа жат емес. Балуан Шолақ бейнесiн еске алған кез келген оқырман оның аңызға бергiсiз әңгiмелерi мен әндерiн әуелi ауызға алатыны белгiлi. Балуан Шолақ бейнесiн көрнектi жазушы Сәбит Мұқанов жазып кеттi. Ал белгiлi жазушы, драматург Дулат Исабековтiң жаңа туындысы "Жаужүректе" Балуан Шолақ бейнесi өзгеше қырынан танылады.

Ұлт-азаттық қозғалысты бастаған қазақтан шыққан батырлар аз болмаған. Солардың арасынан қаламгердiң ақын әрi музыкант, композитор, серi Балуан Шолақты таңдауының да өзiндiк сыры болар, бәлкiм. Балуан Шолақ арқылы қазақтың болмысын, қазақ батырының бейнесiн жасаған жазушы "Жаужүрек" пьесасын әуелi "Шың басындағы шындық" деп атағысы келген екен. Бiр айдан берi Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылып жүрген "Жаужүрек" спектаклiнiң режиссерi – Есмұхан Обаев. "Жаужүрек" туралы көрермендерде алуан-алуан пiкiр көп. Әуелi бұған автордың өзi не дейдi екен? Белгiлi жазушы, драматург Дулат Исабековке бiрер сауал тастағанды жөн көрдiк.

– Аға, бұрын кез келген спектакль екi құраммен дайындалатын едi. Бұл жолы "Жаужүрек" үш құраммен көрсетiлдi. Бұның өзiндiк себебi бар ма?

– Бұның ешқандай себебi жоқ деп ойлаймын. Режиссер актерлердiң шеберлiгiн көрсеткiсi келiп, осылай әзiрлеген болар.

– Жалпы спектакльдiң негiзгi идеясы не? Батырлықты көрсету ме, әлде серiлiктi ме?

– Әрине, Балуан Шолақтың батырлығын көрсету.

– Спектакльде Балуан Шолақтың серiлiгi көбiрек көрсетiлген сияқты көрiндi бiзге.

– Қандай махаббатты көрiп отырғандарыңды бiлмеймiн. Мен одан ешқандай серiлiктi байқап тұрғам жоқ. Спектакльдi көрiп отырсаңыздар, Балуанның Атбасар уезiнiң бастығы Долгоносов пен Ақмола аймағының оязы Троицкийдiң алдына кiрiп баратын жерi бар. Мұның өзi ерлiк емес пе? Екi ояздың алдына кiм кiрiп бара алады? Бүгiнгi күнi жай аудан әкiмiнiң алдына бiреу кiрiп бара ала ма?! Балуанның Татьянаны алып қашуының өзi махаббаттан туындап отырған жоқ. Оны мен шарасыздықтан барды деп айтар едiм. Қолында ешқандай автоматы жоқ, мылтығы мен пушкасы жоқ адам қарсылығын осылай көрсетпегенде не iстейдi?! Ол сондай көзсiз ерлiкке барды. Елiн, жерiн переселендерден осылай құтқарғысы келдi.

– Балуан Шолақты таңдауыңыздың белгiлi бiр сыры бар ма? Балуан Шолақ туралы Сәбит Мұқановтың да жазғанын бiлемiз. Сiздiң Балуан Шолағыңыздың Мұқановтың Балуан Шолағынан айырмасы неде?

– Рас. Балуан Шолақ туралы Сәбит Мұқанов та жазды. Сәбит Мұқановтың шығармасында Балхаш та, Ғалия да, Татьяна да бар. Бiрақ Мұқановта Балуан Шолақтың Татьянаны алып қашатын сценарий жоқ. Мен соны алдыңғы қатарға шығардым да, бастан-аяқ сценаны өзiмше жазып шықтым. Мұқановтың шығармасында Долгоносовтың, Троицкийдiң аттары аталғанымен, Балуан Шолақ өмiрде олармен кездеспейдi. Мен оларды әдейi жолықтырдым. Оларды жолықтыру арқылы қазақтың "жабайы" емес екенiн, мәдениеттi, ержүрек халық екендiгiн көрсеткiм келдi. Содан кейiн Татьянаның жiгiтi болып келетiн Михаилды да ойдан қостым. Қазақ дейтiн халықтан Шоқан Уәлиханов сияқты дарынды ғалым шыққандығын Михаил аузымен айтқыздым. Өздерiң де байқаған шығарсыңдар, Михаил Татьянаны аңдып, артынан келгенде Балуанға осы сөздi айтады. Сонда Татьяна "Шоқан деген кiм?" деп таңданатын тұсы бар. Сонда Михаилдың Татьянаға: "Екеуiң құшақтасып тұрғанда екеуiңдi де жайратып салғым келдi. Бiрақ Шоқан Уәлиханов шыққан ұлы халықтың ұрпағы найсаптыққа бармайтын шығар деп ойладым. Сол үмiтiм ақталды", – дейдi.

– Михаилге үш күн бойы аңдытып қойған тұсы сәл нанымсыздау шыққан сияқты. Сiз бұл сценаны әдейi солай жаздыңыз ба?

– Намысшылдық туралы айтып отырсың ғой. Балуанның мықтылығын көрсету үшiн Татьянамен әңгiмелестiру қажет болды. Татьяна Балуанға ғашық болып қана қоймайды, мықтылығына, жаужүректiгiне тәнтi болу керек. Яғни Татьяна батырға, тек батырға ғана емес, қазақ халқына ғашық болады. Қазақ халқының осындай жаужүрек, талантты серi ұлдарының бар екендiгiне, қазақтың мәдениетiнiң мықтылығына тәнтi болады. Таудағы үш күнде соны бiледi, содан хабардар болады. Сауысқанға сыр шертетiн тұсы бар ғой. Соны режиссерге жалынып жүрiп, әдейi қостырдым.

– Автор ретiнде режиссердiң қойылымы ойыңыздан шықты ма?

– Есмұхан Обаевтың режиссерлiк шешiмi маған қатты ұнады. Соңғы қойып жүрген спектакльдерiнiң алды болды десем де болады. Бiрақ мәтiнде кiшкене қалып қойған тұстары бар. Әсiресе екi нәрсенi қайта қостырғым келедi. Пьесада мынадай бiр сөздер бар. Балуан Татьянаға: "Қазақта 900 жыл бұрын Мөңке деген ақын өткен. (450 жыл бұрын ғой. Бiрақ мен оны әдейi солай деп алдым.) Сол Мөңкенiң: "Ақырзаман болғанда, әйел билейдi" деген сөзi бар. Сол айтқандай, сенiң шешең күйеуiнiң бетiнен алып, шапылдап шыға келедi екен. Бұл деген сөз – Мөңке айтқандай, ақырзаманның келген кезi", – дейдi. Татьяна сонда таңданып: "Бұл сөздердi сонда Мөңке ақын 900 жыл бұрын айтқан ба?", – дейдi. Содан кейiн Балуан Шолақтың өзiнiң жары Балхашты қалай алып қашқандығы туралы айтатын тұсы бар. Балхашты алып қашып бара жатқанында артынан тоғыз жiгiт қуалап, тоғызын да сұлатып салып, кете бередi. Бiрiнiң тiсi, бiрiнiң аяғы, бiрiнiң басы жарылып, сотқа шағым түсiредi. Сонда Татьяна: "Одан кейiн не болды? Тоғызы бiрдей сiздiң үстiңiзден шағым айтты ма?", – деп таң қалады. "Иә. Соңында сенiң әкең екi жылға Атбасар түрмесiне жауып тастады", – дейдi Балуан. Осы екi сценаны Есмұханға жалынып, қайта қостырғым келедi. Қиылып кеткен диалогты қайта қалпына келтiрiп енгiзсем деймiн. Балуанның осы ерлiгiн естiгеннен кейiн, Татьяна оған одан бетер ғашық бола түседi. Әрi спектакльдiң де деңгейi одан әрi жоғарылар едi.

– Үш құрам бойынша Балуанның ролiн үш актер сомдағаны белгiлi. Сiздiң көңiлiңiзден шыққан Балуан Шолақ қайсысы?

– Ерлан Бiләлдiң Балуаны. Бiздiң ұғымымызда Балуан Шолақ нар тұлғалы, науша жiгiт болуы керек. Мен оның пьесада нағыз жаужүрек, қайраттанған кезi – 26-27 жасын алдым. Бiрақ режиссердiң де өз ойы, өз шешiмi болады. Актерлердiң мүмкiндiгiн режиссер өзi жақсы бiледi ғой. Мәселен Қажымұқанның ролiн Сатыбалды Нарымбетовке ойната алмаймыз ғой. Оны Сатыбалдының өзiне де айттым қалжыңдап. Түйенi жыққан Балуан Шолақ алып денелi палуан кiсi болған. Осыны көрермендердiң кейбiрi айтып жатыр. Осыны да ескергенiмiз жөн шығар.

Спектакльден соң, көрермендердiң де пiкiрiн бiлгiмiз келген. Спектакль туралы көрермен не дейдi?

Бекен Мұқанұлы, көрермен:

– Спектакль өте жақсы қойылған. Намысыңды қамшылап, патриоттық сезiмiңдi оятатын жақсы туынды. Автордың айтқысы келген ойын режиссер жақсы бере бiлген. Сахнаның декорациясы да шебер өрiлiптi. Актерлердiң киiмдерiнде де мiн жоқ. Бұрын ХIХ ғасырды, ХХ ғасырдың алғашқы жылдары туралы спектакльдер көрсетсе, жұпыны ауыл, тоз-тозы шыққан киiз үй көрсетiлетiн едi. Бұл жолы бай декорациямен қазақтың бүкiл болмысын, мәдениетiн көрсете бiлдi деп ойлаймын.

Махаббат Әдiлханқызы, мұғалiм:

— Спектакль менiң көңiлiмнен шықты. Актерлердiң шеберлiгi жоғары. Үш құрамның да ойынын тамашаладым деп айта алмаймын. Менiң көргенiм — алғашқы құрамның ойыны болды. Балхашты сомдаған Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Троицкийдiң жарының ролiн бейнелеген Назгүл Қарабалина бейнесi, Долгоносовтың жарын сомдаған Дария Жүсiп ойыны көңiлiмнен шықты. Салтанат Бақаеваның да кейiпкерi сәттi шығыпты. Тек бiр әттеген-айы, Татьянаның орыс қызы екендiгi белгiлi. Салтанат-Татьянаның сыртқы бейнесi де соған орайластырылса, дұрыс болар едi. Спектакльде нанымсыз көрiнiстер де баршылық. Әсiресе Балуан Шолақтың "Ғалия" әнi арқылы бiзге таныс Ғалия бейнесi онша ашылмай қалған. Ғалияның ролiн сомдаған Ләззат Қалдыбекованың орындауындағы "Гауһартас" әнi нағыз классикалық туынды екенi белгiлi. Бұл әндi орындау кез келгеннiң қолынан келе бермейдi. Сондықтан актрисаның "Гауһартасты" өзiнiң орындамағаны жөн болар едi. Мұндай кемшiлiктер режиссер тарапынан ескерiлсе, жақсы болар едi.

ТҮЙIН. "Жаужүрек" – қазақтың ХIХ ғасырдағы мәдениетiнен, әдебиетiнен сыр шертетiн туынды. Бұл спектакльдiң өн-бойында қазақтан шыққан батыр, балуан, жаужүрек ұлдардың ортақ болмысы бар. Сондықтан "Жаужүректi" көруге асығатын әрбiр көрермен тарихқа аты мәшһүр балуан, серi, композитор ұлдарының жиынтық образын тамашалай алады дегiмiз келедi. Ең бастысы автор ойын, режиссердiң көркемдiк шешiмiн актер ойыны растай түссе, әрбiр актер өзiнiң шеберлiгiн әлi де шыңдай түссе деген ой бар бiзде.

Гүлзина Бектасова