АҚ МЫЛТЫҚ НЕМЕСЕ "11-шi ҚАЛАМҰШ" ЕСКЕ ТҮСIРГЕН ЖАЙЛАР

АҚ МЫЛТЫҚ НЕМЕСЕ "11-шi ҚАЛАМҰШ" ЕСКЕ ТҮСIРГЕН ЖАЙЛАР

АҚ МЫЛТЫҚ НЕМЕСЕ "11-шi ҚАЛАМҰШ" ЕСКЕ ТҮСIРГЕН ЖАЙЛАР
ашық дереккөзі

Бiз "темiрден де қатты Темекеңнiң (Т.Қожакеев) тепкiсiн" көре алмадық. Ешкiм де бiздi Бердiқұловтай журналистиканың майталман маманына "етi сенiкi, сүйегi менiкi" деп тапсыра қойған жоқ. Ал Шерағаның шекпенi тек түсiмiзге кiредi. Бұлдыраған сағым секiлдi. Жеткiзбейдi. Шекпеннiң шалғайын былай қойып, етегiнен бiр адамдық орын табылса, бiзден бақытты жан болар ма едi?! Арман ғой, ол! Сол шекпеннен шыққан кiл мықтылардың да қойны-қонышы шәкiртке толып кеттi қазiр. Бiзге бар бұйыртқаны – осы үлкен үш мектептiң шәкiрттерiнiң етегiнен ұстау ғана едi.

Бұл күнде оған қол жеткiзудiң өзi қиямет. Мағауин көкем бiрде: "Абай – асқар шың. Мен Абайдың тiзесiне жетсем, өзгелер менiң тобығымнан келедi" деп қалған екен. Сол айтпақшы Темекең, Шерағаң, Бердiқұловтар бiз үшiн – асқар шың. Ал олардың шәкiрттерi ұстаздарының тiзесiне отырып, еркелейтiн дәрежеге жеткен. Бiз сол шәкiрттердiң тобығына жетудi армандаймыз. Неге армандамасқа… Шерағалардың шәкiрттерi түндi түнге ұрып, кеңiрдек жыртысып, қызды-қызды әңгiменiң көрiгiн қыздырған "5 жатақхананың" отымен кiрiп, күлiмен шыққанбыз. Ағаларға елiктеп, мiнезiмiзде болсын болмасын, еркелiктiң көкесiн көрсеттiк. Лекцияларда өлеңмен хат жазысып, небiр қызықты күндердi бастан кешiрдiк. Әдеби кештер мен театрдағы қойылымдар бiз бармасақ өтпей қалатындай-ақ жүгiрдiк. Аты қазақ журналистикасына мәлiм ағаларды жағалау дәстүрiн де жақсы меңгердiк. Қылаяғы сол ағалар сынды университет қабырғасында жүрiп-ақ журналистиканың жыртығына жамау болатындай-ақ жұмыс жасадық. Иә, сол себептi де корифейлердiң тiзесiндегi ағалардың тобығын бағындыруға хақымыз бар. Осындай ойлармен жүрген кез. Диплом жазудың қамымен жұмысымды да тастап кеткенмiн. Түсiнiктi жағдай. Жетi мың шәкiртақы жетi қытай кеспесiне жеткенмен, жетi күнге жетпейдi. Ендi онымен де жылап қоштасуға тура келдi. Жуықта ғана аты дардай оқу орнын бiтiрдi деген бiр жапырақ қағаз алғанмын. Көңiлге сол ғана медеу. Күнделiктi нәпақамды такси айдап айырушы едiм. Табақтай дипломы бар сол бiздей таксисiңiздiң телефоны безектеп қоя бердi. Дархан (Бейсенбек) досым екен. "Дереу "Қазақ газеттерiне" келшi" дедi. Екi қолын қоярға жер таппай жүрген пақыр не iстеушi едi? "Бас арықтан" қарап отырған бауырыма алып-ұшып жеттiм. Ол амандық сұрар-сұрамастан "Қазақ газеттерiнiң" бастығы Бауыржан Омарұлының алдына сүйрелей жөнелдi. Үстiмде жұпыны футболка мен шорти, аяғымда тәпiшке… Онымды Дархан елемедi де. Қала баласы жалаңаш жүрсе де жарасады. Ал бiз мұндай кiсiнiң алдына кiрер кезде жыл бойы үтiк тимей мыж-мыжы шыққан көйлектi "ремонттап" болсын киiп барамыз. Ол аздай өмiрi мойынға жолатпайтын қарғыбауды байлап аламыз. Әйтпесе ұят, әйтпесе ағалар қабылдамай қоятын сияқты, әйтпесе… Ол кiсi "Айқын" газетiне басшылыққа барғанда жұмыс сұрап кiрмек болғам. "Ремонтталған" көйлекпен барсам да, жүрегiм дауаламай қайтып кетiп едiм. Неге кiрмедiң дейсiз бе? Омарұлының әрбiр мақаласы мен үшiн алынбас қамал. Жазсаң, Омарұлындай жаз. Жазбасаң, журналистикамен қош айтыс… Әрине, әр адам өзiне баға бере алмайды. Әгәрәки, менiң жазған мақаламды бетiме лақтырса (ол кiсiде ондай мiнез жоқ екенiн кейiн бiлдiм), я болмаса жай ғана көзiлдiрiктiң ар жағындағы отты жанарын қадап: "шырақ, мынауың жарамайды" десе, журналистикадан (әрине, сол сала бiздi бүгiнде қабылдаған болса) ат құйрығын кесiсiп кетермiн деп қорыққам. Оның үстiне Бауыржан аға Қожекеевке жазған эссесiн: "Темiрден де қатты ғой Темекеңнiң тепкiсi. Тым алысқа шапты ғой, Тепкi көрген көп кiсi" деп бастайды. Сол айтпақшы, Темекеңнiң тепкiсiн көрiп, алысқа шапқан ағалардың бiрi – өзi. Қалай кiрем? Кiммiн деп кiрем? Кiргенде де не айтам? "Қуған жетпейдi, бұйырған кетпейдi". Ендi мiне, мен секiлдi емес, ағаның алдына еркiн кiрiп шығатын Дархан бар қасымда. Қас пен көздiң арасында мысымызды басып тұратын "Омаров" атты тектi иеленген ағамыздың алдынан бiр-ақ шықтық. Ендi маған бәрiбiр. Қапелiмде не деймiн? "Шабатын басыңыз, мiнекей" дегендей мойнымды салбыратып отырмын. – Қайда жұмыс iстеп едiң? – дедi Бауыржан аға. – "Қазақстан ZAMAN-да", – дедiм мен. Дереу қолына телефонын алды да, нөмiрлердi тере бастады. Қоңырау шалып жатқан адамы "Қазақстан ZAMAN" газетiнiң бас редакторы Ертай Айғалиұлы екен. – Алло, Ереке! Менiң алдымда сiздiң Бәлен деген (менiң атымды атады) балаңыз отыр. Достары бiзге жұмысқа тұрса деп, сүйрелеп жүргенге ұқсайды. Өзi қандай жiгiт? – дедi маған көз қиығын салып. Кiретiн тесiк болса, кiрiп ақ кетер едiм. Ертай ағам да әзiлдедi-ау деймiн. Бауыржан аға бiр күлiп алып: – Сол "болмай қалған" жiгiтiңiздi "болдырсақ" қайтедi, – дедi. Ар жақтан Ертай ағаның не дегенiн бiлмеймiн, Бауыржан аға телефонның тұтқасын қойды да: "Өтiнiшiңдi жаз", – дедi. Жаздым. Оқыды да қайтадан: "Редколлегияның мүшелiгiне және бөлiм меңгерушiлiгiне қабылдауыңызды сұраймын деп жаз", – дедi қағазымды қайтарып. Мұны естiгенде не жан қалады? Тышқанның iзiндей айбақ-сайбақ жазуым ойымды қағазға кестелеп бердi. Қол қойды да, хатшысын шақырып алып, әлгi қағазды ұстата салды. Қош. Сөйтiп аяқ астынан "Ана тiлiне" журналист болып шыға келдiм. Әрине, бұл жерде менен өзгелер үшiн пақырыңыздың жұмысқа тұруы тарихи маңызды шаруа емес. Десе де, сол тұста "Ана тiлi" газетiне iркес-тiркес жастар келе бастады. Жалпы жалақысы жақсы бай басылымдарға жұмысқа тұру бәсекесi қыз-қыз қайнап жатады. Ал қалтасы тесiк газеттер үшiн ол – арман. Бұрын қандай болғанын бiлмеймiн, Омарұлы "Қазақ газеттерiне" басшы болып келген кезде ақшасына да, басқасына да қарамаған "қара-құралардың" қатары көбейе түстi. Бiр орынға бес-алты журналист таласып, "қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрсеттi". "Жазу үшiн табиғи талант керек" дейдi бiреулер. Мүмкiн ол да рас шығар. Бiрақ аз ғана қаржысы бар "Ана тiлiнiң" сол кездегi жастары үшiн басшылықтың ықыласы ғана қажет болды. Шындығын айтқанда, ұят деген сезiм қамшы бастырды. Бауыржан аға мен Мақсат Тәж-Мұрат ағамыз бастықпын деп қарап отырмайды. Мақсат ағаның тiлiмен айтқанда екi басшы да "соқаны суырмайды" (жазуды тоқтатпайды). Екеуiнiң де жазар дүниесiнiң "төсегi салулы". Мақсат аға соқасын ешкiм түрен салмаған тың жерге салып, мұнай алпауыты Тағиев жайлы жазады бiрде. Оқимыз. Шын мәнiнде таң қаласың. Ендi бастық демалатын шығар деп ойлайсың. Екi аптадан арыға бармайды. "Лақап аты – Ағаев" деген мақаласы екi бетте жатады далиып. "Е, ендi арыны басылар" деп ойлайсың. Жоқ, қателесiппiз… "Шын Шоқай" деген көлемдi мақаланы сiлтеп тастапты. Қай кезде үлгередi деп ойлаймыз. Ол кiсi апта аралатады, әйтеуiр. Бауыржан аға апта сайын сiлтейдi қаламды. Өз әрiптестерi жайлы сыр шертедi. Әр мақаладан өз психологиямызды көрiп мәз болысамыз. Шымшыма әзiлдерi материалға жетелеп әкеледi. Дереу енесiң де кетесiң. Бiр беттiк дүние бiр деммен оқылады. Әп сәтте бiз пiр тұтатын журналист ағаларымыздың бар шығармашылығымен танысып шыққандай боламыз. Жанболат Аупбаевтың сияның iзiнен өзге ештеңемен былғамаған аппақ қағазы бiздiң де қолымызда тұрған секiлдi. Дәл Жанболат Аупбаев сияқты "Ана тiлiнiң" жастары да ағымдағы мәселенi сол қолымен, жаны қалаған тақырыпты ғана оң қолымен жаза бастады. Бiздiң "Комсомольская правдамыз" – "Ана тiлi", Песковымыз – Омарұлы. "Ана тiлiнiң" журналистерi ең алдымен ағаның мақаласын оқиды. Кейбiр жазғыш көкелерiмiздiң материалын кезекшi редактор зорлықпен қарап, шимайдың астына алып жатады. Одан кейiн оқырман қарай ма, жоқ па, белгiсiз… Ал Бауыржан ағаның мақаласын газет шықпай тұрып, кезекшi редактор ғана емес, күллi "Ана тiлiнiң" ұжымы жарыса оқушы едi. "Ағаның осы сандағы мақаласы…" деп әңгiме бастай қалсаң Жанар (Елдосқызы): "Қазiр қоя тұршы" деп шығып кетедi. Бiр кезде екi езуi екi құлағында… Бөлмеге келедi де, мақала жайлы ойларын айта бастайды. Ұрланып барып материалды оқып келiптi. Бiз айтып тастасақ, қызықсыз болып қалатындай… Өз көзiмен оқуы керек. Сонымен, жарыса пiкiр таластырамыз. Таңдай қағысамыз. Қол босай қалса, газет беттелетiн бөлмеге барамыз да, Дархан (жауапты хатшы) мен Нұржанның (беттеушi) жұмысына болысамыз. Ондағы ойымыз газет беттеле салысымен ағаның мақаласын оқу. Кейде оған да шыдам жетпей, түпнұсқаға көз жүгiртемiз. "Қожакеев құбылысы". Тартымды тақырып "кел, кел" деп тұр. Оқи бастайсыз. Тек қаталдығымен белгiлi Қожакеевтiң жүрегiнiң нәзiктiгiн, қазақ журналистерiн тәрбиелеудегi орасан еңбегiн тағы да жете түсiндiредi. Шынайы өмiрдегi Қожакеевтi көремiз. Журналист болам деген әрбiр жас Тұлғаның атын ғана емес, затын да тануы керек. Омарұлы образды тiлмен танытады оны. Егер де Омарұлы көркем шығарма жазса, жазушылардың алды болар едi деп те ойлаймыз. Бiрақ бiз пiкiрталасып "Бердiбектiң юморы, Әзiлханның нақтылығы, Оралханның тiлi бар ағада" деуден арыға бара алмаймыз. Мақаланың көркемдiгiне жауапкершiлiкпен қарайтын Омарұлы жуық маңда көркем әдебиеттiң ауылына ат шалдыртпайтын сияқты. Өмiрдiң өзi бiр өкiнiш, бiр үмiтпен астасып жатпай ма? Өкiнiштiсi осы. Өкiнiш демекшi, Омарұлы "Бiз көрген Бердiқұлов" деген мақаласында: "Әттең Сейдахмет ағаның басқару мектебiнде тағы бiрер жыл болғанымызда ғой" деп өкiнiш бiлдiредi. Тура сол сезiм "Ана тiлiнiң" жастарында да бар. "Бауыржан ағаның мектебiнде тағы бiрер жыл болғанда ғой"… Тағы бiр ой алқымнан алады. Өмiр мектебiнен бар болғаны екi жыл бiлiм алып, қазақтың классик жазушысына айналмады ма Сәбит Мұқанов?! Бiр жыл дегенiңiз Сәбит бiлiм алған екi жылдың қақ жартысы емес пе? Ендеше, неге мұңданамыз? Бастығы Бауыржан мен Мақсат ағалар болғандықтан жастар да құлашын кеңге сермеп едi. Мысалға Бауыржан аға "Қазақ газеттерiнде" басшы болған кезде "Ана тiлi" газетi зерттеу мақалалар мен репортаждарды тiрiлткендей болды. Бiр журналист жындыханадан репортаж берсе, бiреуi қызтекелердiң клубында "көгiлдiрлердiң" өмiрiн зерттеп жүредi. Журналистер тандырға нан да жапты, жедел жәрдем көлiгiнде дәрiгер де болды, қабiр де қазды, о дүниелiк тұлғалардан (ретроспективалық сұхбат) сұхбат та алды… Әйтеуiр тыншыған жоқ. Бiр күнi Бауыржан аға жүрегi ауырып, емханаға түсiп қалыпты. Әлдененi сұрамақ болып, бөлмесiне барғам. Сосын телефон арқылы мәселемдi шештiм. Дауысы күндегiдей емес. Ауырып тұрғаны аңғарылады. Хатшы қыз бен есепшi мұрнынан шаншылып жұмыс жасап жатыр. Аға телефонмен-ақ тынымсыз еңбектене бередi екен. Бiздiң аға буын еңбекке бола жаралғандай. Таң қалдым. Бәлкiм таң қалмас едiм, сол аптада ағаның бiр беттiк мақаласы тағы да жарқ еттi. Мұны неге айтып отыр дейсiздер ме? Тура осы мектептi көрген Бауыржан ағаның шәкiрттерi де қарап қалмады. Сол кезде "Ана тiлiне" келген Ержан Байтiлес "Егемен Қазақстанға" бiр-ақ секiрдi. Дархан Бейсенбекұлы "Алаш айнасының" аймақтағы тiлшiлер қосынын басқарады. Арман Әубәкiр аграрлық университеттiң газетiнiң "қожайыны" болып кеттi. Жанар Елдосқызы "Ана тiлiндегi" қарымын "Халық сөзiнде" де бәсеңдетпей тұр. Бiләл Қуаныш ғылымға дендесе, өзгелерi сол "Ана тiлiнiң" отын өшiрмей маздатып жатыр. Мен солай ойлаймын. Бiр күнi Бауыржан аға менi сынады. Шындығын айтайын, ол сыннан омақаса құладым. Оған әлi күнге ұялам. Бауыржан аға: "Серiк Үмбетовтен сұхбат алмақшы едiм. Екеулеп соның сұрақтарын дайындап көрелiкшi" дедi. Дереу бөлмеме бардым да, ойланып-толғанып он шақты сұрақ дайындадым. Оны алып келген кезде ағаның да сұрақтары сақадай сай тұр екен. Менiң сауалдарымды көрдi де, "жақсы екен" дедi. Бiр аптадан кейiн сұхбат газетте жарияланды. Өкiнiштiсi сол, менiң бiр де бiр сұрағым кәдеге аспапты. Бұл – мен үшiн сыннан өтпегеннiң белгiсi едi. Мұндай сынға мен ғана емес өзгелер де түстi. Бiрақ бетiмiзге кемшiлiгiмiздi көрсетпедi. Оны өзiмiзге iздеттi. Омарұлы бiзге осындай ұстаз болды. "Ана тiлiнiң" "Ақ мылтық" айдарына қан жүгiртiп, тек бiр газеттiң емес, бүкiл қазақ журналистикасына қызығатын өрендердiң жүрегiне үмiт сәулесiн септi. Сол мақалалар жуықта "11-шi қаламұш" деген атпен баспа бетiн көрдi. Оны жастар қолдан қолға тұрғызбай оқып жатыр. Шындығын айтқанда, жас қаламгерлер елiктейтiн тұлғаларын ендi тапты. Бұл кiтап маған "журналистиканың әлiппесiндей" әсер еттi. Әлiппенi оқымай, алға басу жоқ. Әрине, кiтаптағы мақалалар жайлы тұшымды ой айту – сыншылардың игiлiгiндегi дүние. Тек бiрде Бауыржан Омарұлы: "Жастар бiр-бiрiн мақтағанда алдарына жан салмайды. Сендер бар ғой, өздерiңдi өздерiң классик жасап алғансыңдар. Аға буын болса, өз қатарластарын жамандаудан арыға бармайды. Бiздiң буынға шекесiнен қарайды. Бала көредi. Аға болып, баға берудi бiлмейдi. Бiз осындай маңдайының бағы ашылмаған буынның өкiлдерiмiз", – деген едi. Әрине, қолымда диктофоным болмағандықтан, сөзбе-сөз есiмде қалмапты. Тау қопарып, тас қашап тастаған ағаларымыз жайлы ой айту оңай емес екен. Сол себептi де, Омарұлының шәкiрттерiне қарай ойысып кеттiм. "Сендер бар ғой, өздерiңдi өздерiң классик жасап алғансыңдар" деген сөзi тағы да расқа айналды. Десе де, "шәкiртсiз – ұстаз тұл". "Қыран ұяда ненi көрсе, ұшқанда соны iледi". Жастар ұяда Омарұлының "Ақ мылтығын" көрдi. Ол әрдайым да оқтаулы тұр. Қия бассаң, "ақ мылтық" тарс ете түсетiн секiлдi.
Қанат ӘБIЛҚАЙЫР