АЛМАТЫ – ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ТҰҢҒЫШ АСТАНАСЫ
АЛМАТЫ – ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ТҰҢҒЫШ АСТАНАСЫ
Мемлекеттiк комиссияның екiншi жиыны
Биыл қазақ елi ең бағалы, ең қымбат ұлық мерекесi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын тойлайды. Бұл айтулы күн қатардағы мейрамдардың бiрi ретiнде атап өтiлмеуi тиiс. Қазақтың небiр марқасқа, зиялы азаматтары армандап кеткен азаттықтың қадiрiн бағалауымыз қажет.
Қазiр билiкте Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын атап өтудiң жөн-жоспары түзiлуде. Елбасының тапсырмасы бойынша, ұлық мейрамды биiк дәрежеде тойлауға байланысты мәселе алқалы жиындар мен басқосуларда талқыға салынып келедi. Жақында Алматыдағы "Достық" үйiнде Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен "Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы" салтанатын атап өту шарасы бойынша құрылған Мемлекеттiк комиссияның екiншi мәжiлiсi болды. Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына табан тiреген уақытта қазақ жерiнiң ЕҚЫҰ-ға жасаған жетекшiлiгiн жоғары бағалап, сондай-ақ үстiмiздегi жылы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдық мерейтойын Астанада өткiзудi ұйғарып отырғандығын тебiрене жеткiздi.
Елбасы өзiнiң Қазақстан халқына Жолдауында мерейтойлық iс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын iске асыру халықтық сипатқа ие болуы қажеттiгiне ерекше тоқталғаны ел жадында. "Бiз әрбiр қазақстандықтың бойында тәуелсiздiк алып келген игi өзгерiстердi сезiнуi үшiн елдiң дамуына, Қазақстан халқы бiрлiгiнiң нығаюына бар күш-жiгерiмiздi жұмсауымыз қажет" деген Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев әсiресе Алматы қаласының бұл мерекенi өткiзуде аса ынта-жiгермен атсалысатындығын атап өттi. "Алматы – ерекше қала. Елiмiзде өткен небiр айтулы оқиғалар да осы қаламен тағдырлас. Оған қоса, Елбасы ең қиын-қыстау жылдарда да осы қаланың орнын ешқашан ұмытқан емес. Тәуелсiздiктiң өне бойында Алматы адам танымастай өзгердi, көркейдi. Және осы жылы бұл қалада да мерекелiк көңiл-күй салтанат құруы тиiс", – дедi Мемлекеттiк хатшы.
Расында да, қазақ мемлекетiнiң Тәуелсiздiкке қадам басқан алғашқы шаралары да, басқосулары да ару қала Алматыда өткенiне дүйiм жұрт куә.
Келесi сөздi алған Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойына бағытталған iс-шараларды ұйымдастыруға байланысты екiншi мәжiлiстiң Алматы қаласында өтiп отырғандығына қуанышын бiлдiре келе, оңтүстiк астананың әлеуметтiк-экономикалық даму барысына тоқталды. "Елiмiздегi мемлекеттiк бюджет кiрiсiнiң 28 пайызын Алматы қаласындағы өндiрiс ошақтары толықтыра түсуде. Бұл көрсеткiш арқылы Алматы шаһарының әлемдегi 71 елдi басып озып отырғандығын аңғаруға болады. Мәселен соңғы 10 жылдың iшiнде өнеркәсiп көлемi 2,6 есе өсiп, 7 миллион шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Мұнымен қоса, көлiк кептелiсiн болдырмау мақсатында 19 айналма жол айрығы салынса, қала әкiмдiгi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында 170-ке жуық iрi әлеуметтiк мәнi зор шараларды жүзеге асыруды жоспарлы түрде белгiлеп, алдағы мамыр мерекесiнде ерекше сипатта атап өтудi көздеп отырмыз. Соның iшiнде алматылықтар ел халқының бiрлiгiн дәрiптейтiн Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын айрықша тойлауға дайындық жүргiзуде", – дедi қала әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов мырза.
Ал "Нұр Отан" ХДП хатшысы Ерлан Қарин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсiздiк сабақтарынан тағылым алып, оны жастардың бойына терең сiңiруге барынша жағдай жасау қажеттiгiн шегелеп айтқанын еске салып, тәуелсiздiк салтанатын атап өту кезiнде елiмiздiң ертеңгi болашағы жастардың назардан тыс қалмауы қажеттiгiне баса назар аударды. Сондай-ақ, ол тәуелсiздiктiң салтанаты қарсаңында "Нұр Отан" ХДП-ның 1800-ден астам iс-шараларды жүзеге асырғандығын айта келе, "Нұр Отан" ХДП айтулы датаға орай, Алматыда тарихшылардың I конгресiн, Жезқазған қаласында Абылайханның туғанына 300 жыл толуына байланысты арнайы iс-шара ұйымдастырылатындығын, Желтоқсанның 25 жылдығында ғалымдардың басын қосып, үлкен жиын өткiзудi жоспарлап отырғандығын қаперге салды. 10 қаңтар күнi елiмiздiң барлық аймақтарында бiр мезгiлде республикалық "Тәуелсiздiк жетiстiктерi" атты партиялық акция басталғаны белгiлi және ол жыл аяғына дейiн созылмақ. Әртүрлi iс-шараларды қамтитын бұл акцияның ерекшелiгi – елiмiздiң барлық аймақтарында бiр мезгiлде өткiзiлуi. Мұның бәрi егемендiкке қол жеткiзген кейiнгi кезеңде елiмiздiң тарихында болған айтулы үдерiстердi терең ұғынуға бағытталғанын айта кету керек.
Мемлекеттiк комиссияның Алматыда өткен екiншi мәжiлiсiне Парламент депутаттары, Мәдениет, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң басшылары, үкiметтiк емес ұйым мүшелерi қатысып, жалпыұлттық мейрам өткiзудiң жоспарына өз пiкiрлерiн бiлдiрдi. "Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай, Алматы немесе Астана қалаларында ауқымды түрде жастар форумын өткiземiз" деген Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов барлық атқарылатын мерекелiк iс-шаралардың 25 пайызына, яғни 18 iрi жобаға жауапкершiлiк жүктеп отырғанын айтты.
Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын өткiзу мақсатында құрылған Мемлекеттiк комиссияның Алматыда өткен екiншi жиынын қорытындылаған Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев: "Менiңше, Тәуелсiздiк мерекесiн жоғары деңгейде атап өтуге барлық мүмкiндiгiмiз бар. Бұл мәселеде Алматы басқа өңiрлерге үлгi болуы қажет", – деп, тиiстi ұйымдарға нақты тапсырмалар берiлгенiн және олардың орындалу мерзiмi белгiленгенiн нықтай айтты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ