Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: СЫРЫҢДЫ КӨЗIҢНЕН ТАНИТЫН

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: СЫРЫҢДЫ КӨЗIҢНЕН ТАНИТЫН

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: СЫРЫҢДЫ КӨЗIҢНЕН ТАНИТЫН
ашық дереккөзі

Осыдан бiраз жыл бұрын маған Араб әмiрлiгiнен хат келдi. Меккеге умра қажылыққа шақырған екен. Сонымен жолға жиналдым. Сол сапарға Қалекеңдi де шақырыпты. Жақсы жанмен бiрге жол жүргеннiң өзi бiр ғанибет емес пе?!

Ұшақ Стамбул арқылы ұшады екен. Қыстың күнi едi. Жол алыс. Ұшақ көкке көтерiлгеннен Қалекең әңгiме тиегiн ағытты. Бұрын араб елдерiнде болған. Араб дүниесiнен, Шығыс әдебиетiнен бiлмейтiнi жоқ па деп қалдым. Қызықты әңгiмесiмен көп жайға қанықтырды. Аса бiлiмдi кiсi екенiн сол жолы аңғардым. Ұшақ Стамбұлға қонып, жанармай құйып алды да, Жиддаға қарай көкке көтерiлдi. Араб жерiнде күн ыстық екен. Сол жерде Қалекең екеумiзге қонақжайдан бiр бөлме берiлдi. Жайғасып, бiр күн тынықтық та, ертеңiне жайлы автобуспен Меккеге қарай тарттық. Мен соның алдында Түркияның әдебиетшiлерге берiлетiн Физули атындағы сыйлығын алған едiм.

Меккеде қажылық рәсiмдерiн өткiзуге арналған киiмдерiн кигiздi. Қағбадағы қасиеттi тасты айналып, сәждеге басымызды қойдық. Қасымызда басқа да жандар болды. Бәрiмiз бiрге жүрдiк. Жолбасшымыз, кеңесшiмiз – Қалекең.

Қалағаң күнде кешке ванна қабылдайтын. Ұзақ жуынады. Мен: "Қалаға, күнде ванна қабылдаудан жалықпайсыз ба?" – десем, ол: "Мына ваннаның суы жүйкенi қалыбына келтiредi. Ағаңа сол керек", – дейдi. Бiр күнi: "Тұмаш, менiң жеке ұшағым болса, шiркiн, – дедi. – Алматыға барып, жеңгеңдi көрiп, сенi де келiнмен кездестiрiп, қайтып келер едiм", – дедi. Мен: "Қалаға, жеңгейдi сағындыңыз ба?", – дедiм күлiп. Ол: "Әй, Тұмаш, сенiң де көзiңнен соны көрiп тұрмын ғой", – дедi езу тартып. Содан рәсiмдерiнiң бәрiн ойдағыдай өткiзiп, қажы атандық.

Елге қайтатын болдық. Жиддаға қарай автобуспен жүрiп келемiз. Түнгi уақыт. Жанға жайлы жұмсақ автобуста қалғып кеткен екенмiн. Қалекең менi қарымнан түртiп оятты. "Аға, жай ма?" – дедiм мен. Ол кiсi: "Тұмаш, сен ұйықтап кеттiң ғой. Мына арабтардың қойлары түнде өрiстейдi екен. Бәрiнiң маңдайына сәуле шашып тұратын шамдарды кигiзiп қойыпты. Солардың жарығымен жайылатын көрiнедi", – дедi жымиып. Мен сенер-сенбесiмдi бiлмей терезеден сыртқа көз тастадым. Дүниенi тас қараңғылық тұмшалап алған. Қанша үңiлсем де түнде жайылып жүрген мал көзiме түспедi. Қалекеңнiң айтқанына сенбейiн десем, арабтан асқан бай мемлекет бар ма? Жоқ!

Автобус заулап келедi. Жүрiсi тербетiлген бесiктей. Мен тағы да қалғып кетiппiн. Қанша уақыт өткенiн қайдам, Қалекең тағы оятты. "Тұмаш, сен жаңа менiң айтқаныма сенiп қалдың ба?" – дедi. Мен: "Сiз айтқан соң қалай сенбейiн", – дедiм аңтарыла қарап. Қалекең күлiп: "Сен ертең елге барған соң Қалекең айтты деп, жұртқа жаярсың. Мен оны жәй қалжың ретiнде айта салғанмын саған, – дедi өзiне тән жайдары жымиып. – Әй, сен, өзiң де ойламайсың ба. Олар қойлардың әрқайсысына шам кигiзгенмен, оның қуаты қаншаға жетедi дейсiң деп неге ойланбайсың? Өзiң айтқанға аузыңды ашып, сене бередi екенсiң ғой". Ал содан кеңкiлдеп күлейiк бiр.

Ұшақ Ақтауға келiп қонды. Аэропорттың жайына кiрiп, шай-пай iшейiк деп, буфетiн iздедiк. Бiр бөлменiң есiгiн ашып қалсақ арғы жағында үш жiгiт көк мойын шынының аузын ашып, стакандарына құйып жатыр. Қалекең сәл үздiге қарап тұрды да, есiктi қайта жапты. Сосын маған қарап: "Тұмаш, мыналардың iшiп жатқан арағы, бiр кездерi байқамай үйленiп, қайта ажырасып кеткен әйелiңе ұқсайды-ау. Жарықтықпен қайта ұшырасқанда сол бiр қимасыңды мүлдем жоғалтқандай өкiнiштi ойға қалады екенсiң". Мен: "Қалеке, мынау ақаң туралы пiкiрiңiз бiртүрлi екен. Осыны қайта бастап кетпесеңiз жарар едi", – дедiм. Ол басын шайқап: "Жо-жоқ, ендi ауызға алмаймын", – дедi.

Мен Қалағаңның алпыс жылдығына арнап өлең жазғанмын. Өлеңiм ұнаса керек, ризашылығын айтты. Бiз Қазақстаннан тыс жерлерде де кездесiп жүрдiк. Бiр жолы Мәскеуде бiраз жазушылардың басы қосылып қалды. Әбiлмәжiн Жұмабаев екеуi бiр ауылдың құрдас жiгiттерi екен. Әбекең "Жазушы" баспасында талай жылдай директор болды ғой. Сонда қонақүйде жатыр едiк, Қалағаң кiрiп келдi. "Сендер бүгiн менiң қолымнан дәм татпасаңдар, жолдарың бола қоймайды", – деген соң амалсыздан соңына iлестiк. Содан бiрге отырып шәй iшiп, Қалағаңның әзiл-қалжыңына қарық болдық. Жарықтықтың тұла бойы тұнған күлкi едi ғой. Жәй күлкi емес, астары терең күлкi.

Мен ол кiсiнi дүниеден тез өтедi деп ойлаған жоқпын. Өзi тың едi ғой. Бар адамға болысқысы келiп тұратын кiсi едi, жарықтық. Ол менiң көңiлiмде солай қалды. Дүниенiң iлiмiн бiледi екен. Сол умра қажылыққа барғанда әр алуан қасиетiн аңғардым. Әдебиеттен де, тарихтан да, дiннен де әңгiме-дүкеннiң майын тамызғанда, сауырынан су төгiлмес жорға аттай ағып тұр. Құлақ құрышым қанып, бұрынғыдан да жақын тартып кеткендей болдым. Тiптi бiрге туған туысымдай болып кеттi. Өлеңнен де қара жаяу емес екен. Театрдағы қойылымдарына барып жүрдiм. Заңғар жазушы Мұхаңның "Лениншiл жас" газетiне "Бұл күлкiге дән ризамыз" деген мақаласын да жақсы бiлемiн. Оны ол Қалекеңнiң "Бөлтiрiк бөрiк астында" драмасына арнап жазды ғой. Мұхаңның "Жыл келгендей жаңалық сезiнемiз" деген мақаласы бойынша әдеби кеш өткен едi. Сол мақалада өзге жас ақын-жазушылармен бiрге Мұхаң менiң де өлеңдерiме жылы лебiзiн бiлдiрген. Қалекең сол кеште тамаша сөз сөйледi. Кештен соң Сабырхан екеумiз қайтып келе жатыр едiк, Қалекең кездесiп, үйiне алып барды. Дәл сол күн Қалағаңның туған күнi екен. Жеңгемiз де әдебиеттен көп бiледi екен. Дастарқан басында Қалағаңның әдебиет туралы мәндi ойларынан нәр алып, көңiлiмiз көтерiлiп қайттық.

Әңгiменi жазып алған Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ