Герольд БЕЛЬГЕР: ҚАЛТАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕМIН

Герольд БЕЛЬГЕР: ҚАЛТАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕМIН

Герольд БЕЛЬГЕР: ҚАЛТАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕМIН
ашық дереккөзі

– Гер аға, драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджанның өмiрден өткенiне он жыл уақыт болып та қалды. Кезiнде сiздер бiр-бiрiңiзбен жақсы сыйластыңыздар. Шығармашылықта да жолдарыңыз бiр, үзеңгiлес жүрдiңiздер. Қалағаңның екi пьесасын орыс тiлiне аудардыңыз. Бүгiнде бiзге сiз Қалағаңның көзiндей көрiнесiз. Ендi сол бiрге жүрген күндерiңiзден газет оқырмандарына естелiктер айтып берсеңiз деген өтiнiшiмiз бар.

– Кеше өзiң телефон соққаныңда Қалағаңның өмiрден өткенiне он жыл болып қалды деген едiң. Мен соған аң-таңмын. Шынымен-ақ он жыл өтiп кеткен бе?! Қалекең арамызда күнi кеше ғана жүрген сияқты едi ғой. Өзiне ғана тән жүрiс-тұрысы, жайдары мiнезi, ешкiмге ұқсай бермейтiн сөз саптау мәнерi – бәрi-бәрi көз алдымда. Елден ерекше жаратылған жан едi ғой, жарықтық. Содан да болар әлi арамызда жүргендей әсердемiн. Мен оны тiптi түнде ұйықтап жатып түсiмде де көремiн. Бiз жексенбi күндерi Шоқан ескерткiшi қасында бiраз серуендеп, содан соң ұзын орындыққа жайғасып, бiраз тыныстап, әңгiме-дүкен құратынбыз. Сондағы Қалекең айтқан жеңiл әзiл-қалжыңдар әлi күнге құлағымда. Астары бар, мәнi бар қалжыңдар. Қазiр есiме жиi алған сайын сол қалжыңдары құлағымда қайта-қайта жаңғырып тұрады. Несiн айтайын, осы күнге дейiн өз басым Қалекең өмiрден өттi дегенге сенбейтiн секiлдiмiн.

Қалекең менi қатты сыйлайтын. Оның кейбiр қалжыңдары, мәндi сөздерiн мен тәмсiл ретiнде қабылдайтынмын. Кешеден берi немiс әдебиетi жайында мақала жазып жатырмын. Анау Германия немiстерi бiздiң немiстерге мұрнын шүйiрiп, менсiнбей қарайды. Соны жазып отырып, Қалекеңнiң бiр бастан кешкен жәйiн мысал ретiнде пайдаландым. Еуропадағы немiстер оқысын деп.

– Гер аға, ол қандай мысал?

– Қай бiр жылы Қалекең Оңтүстiк Америкаға бармақшы болып, Мәскеуден ұшақпен көкке көтерiледi. Алыс сапар, жол ұзақ. Қалекеңнiң қасында бiр жапон отырады. Қалекең жапонша тiл бiлмейдi. Жапон үнсiздiктен жалықса керек. Қалекеңе бүкiл тұлғасымен бұрылып иығынан түртiп: "Ағылшынша сөйлей аласың ба?"– дейдi. Қалекең басын шайқайды. Жапон оған мысқылдай қарап, басын бұрып әкетедi. Сәлден соң әлгi жапон: "Немiсше сөйлей аласың ба?" – деп сұрайды. Қалекең тағы басын шайқайды. Жапон "мұрныңның қоңқақтығын қайтейiн, тiл бiлмесең" дегендей сыңай танытып, терiс қарап отырады. Арада тағы аз-кем уақыт өткен соң жапон оған еңсерiле бұрылып: "Тым болмаса французша сөйлейтiн шығарсың?" – дейдi. Қалекең басын шайқайды. Анау қолын бiр сiлтеп, оған арқасын бередi. Қалағаң оның менсiнбегенiне, мысқылына намыстанып: "Қап, мынаның қорлығын-ай! Қайтсем екен мұны? Астамсыған көкiрегiн қалай бассам екен?" деген оймен бiраз отырады да, әлдененiң орайы келiп, терiс қарап отырған жапонның иығынан түртiп, өзiне қаратады. "Қазақша тiл бiлесiң бе?", – дейдi. Жапон басын шайқайды. Қалекең мырс етiп, басын бұрып әкетедi. Сәлден соң жапонның иығынан тағы түртiп: "Өзбекше бiлесiң бе?" – дейдi. Жапон басын шайқайды. Қалекең қоңқақ мұрнын алақанымен уқалап жiберiп, ұшақтың әйнегiнен сыртқа көз жiбередi. Тағы бiраздан соң жапонды өзiне қаратып: "Тым болмаса татарша сөйлесермiз" – дейдi. Жапон басын шайқайды. Қалекең "сенiң дамыған елдiң азаматы екенiңдi қайтейiн, е қазақша, е өзбекше, е татарша сөйлей алмайсың" дегендей сыңай танытып, қолын бiр сiлтейдi де оған жон арқасын берiп отыра кетедi. Анау өзiнiң өрескел кеткенiн сонда ғана түсiнiп, Қалағаңның арқасынан құшақтай алып, қолын қысып, кешiрiм өтiнiптi. Астары бар тәмсiл осы емес пе.

Тағы бiр мысал келтiрейiн. 1994 жылы менiң алпыс жылдық мерейтойым осы Лермонтов атындағы театрда өттi. Сексен бестегi әкем Тәшкеннен арнайы келiп қатысты. Сонда Қалекең көсiлiп сөйледi дейсiң-ай бiр. Сөз арасында "Сталинге рахмет!" дегендi аузына ала кеттi. Әкем бұл сөзге шамданып қалған едi. Орнынан тұрып: "Неге бiз Сталинге рахмет айтуымыз керек? Ол бiздi туып-өскен өлкемiзден жер аударып, қуғын-сүргiнге ұшыратып, неше түрлi қорлық-зорлықты көрсеттi емес пе?", – дедi дауысын көтере сөйлеп. Сонда Қалекең: "Сталин болмағанда бiздiң арамызда Бельгер болмайтын едi. Бельгер қазақ ауылында өсiп, қазақша сөйлемегенде бiздi Бельгердей кiм аудара алатын едi? Сталинге алғыс айтып отырғанымның мәнi осында жатыр, ақсақал", – дедi жымиып. Мiне, бұл Қалекеңе тән қасиеттердiң бiрi. Әзiлiн де қиыннан қиыстырып айтқыш едi ғой, жарықтық.

– Гер аға, Қалекеңмен қалай таныстыңыз?

– Менi Қалекеңмен досым Асқар Сүлейменов таныстырды. Екеумiз бiр институттың түлегiмiз. Ол кезде мен Алматының Каблуков көшесiнде тұрамын. Бiр күнi Асқар сол үйге Қалекеңдi алып келдi. Бiр-бiрiмiздi жаңа көрсек те, Қалекең менiң ескi танысымдай жайдары амандасқан едi. Шай үстiнде жөн сұрастық. Қалекең маған: "Бiздiң қазақта "Айран сұрай келiп, шелегiңдi жасырма" деген ел құлағына сiңiстi сөз бар. Мен бiр сценарий алып келiп едiм. Төрт күннен соң Жазушылар одағында соны талқылау болады. Соны соған дейiн орысшаға аударып берсең",– дедi. Жаңылмасам, сценариiнiң аты "Степная мадонна" болуы керек. Алпыс сегiз беттен тұрады екен. Мен алғашқыда шошып кеттiм. Есептеп көрсем күн сайын он жетi беттен аударуым керек. "Қалеке-ау, мынаны төрт күннiң iшiнде аударып бер дейсiз. Бұл адамды зорықтыратын жұмыс қой!" – дедiм. Асқар да қолқа салды. Асекеңнiң сөзiн жерге тастамаушы едiм. Сценарийдi тәуекел етiп алып қалдым. Бұрын қолға алған барлық жұмысымды жинап қойып, сценарийдi қолға алдым. Таңды таңға ұратын жас кезiм. Бойда, ойда қуат бар. Сол төрт күнде сценарийге барымды салып, айдап шықтым. Аударманы Қалекең оқып шығып, дән риза болды. Талқылауда аударма сарапшылар талғамынан шықты. Арада үш-төрт күн өткен соң аударма ақысын да әкеп бердi.

Бiр күнi Асқар екеуi үйге тағы келдi. Стол басында әдебиет жайында пiкiр алыстық. Олардың жәй келмегенiн iшiм сездi. Қайтар сәтте не бұйымтайлармен келгенiн сұрадым. Қалекең: "Менiң "Айман-Шолпан" деген сценарийiм бар едi, соны үш күн iшiнде аударып берсең",– дедi. Мен: "Қалеке-ау, мына сценариiңiздiң көлемi өте көп қой. Үш күнде мен мұны қалай аударып шыға аламын. Қазақта мұны көтен зорлық демей ме?" – деп шыр-пыр болдым да қалдым. Қалекең: "Қазақтың тiлiн сенен артық бiлетiн басқа ұлт өкiлiнiң аудармашысы жоқ. Бiздiң халықта "Көз қорқақ, қол батыр" деген ұлағатты сөз бар. Шындасаң, аударып шығасың. Үш күннен соң одақта талқылау болады", – дедi. Асқар да көрсейшi дегендей болды. Жастықтың арқасында таңды таңға ұрып, оны да сол үш күн iшiнде аударып бердiм. Содан кейiн бiз тiптен жақындасып кеттiк. Кейiн Қалекеңнiң "Жат елде" және "Өзiме де сол керек" пьесаларын аудардым. Театрда аудармасын құлаққа киетiн құралдар арқылы әртiстермен қабаттаса айтып отырды. Бiздi осындай шығармашылық байланыстар тiптен жақындатып жiбердi.

Қалекеңнiң менен алты жас үлкендiгi бар. Соған қарамастан менiмен құрдасындай сөйлеседi. Маған "сен" дейдi, мен "сiз" деймiн. Солай сөйлесушi едiк. Әлi есiмде. Аяғым ауырып төрт айдай ауруханада жаттым. Биiк үйдiң бiрiншi қабатындағы бөлмедемiн. Бас жағымда терезе бар. Ара-тұра Қалекең келедi. Жағдайымды сұрап, айналасына жалтақтай қарап алады да қалтасынан бiр шиша коньяк шығарып: "Сен менiң бұдан басқа дәрi iшпейтiнiмдi бiлесiң ғой. Менiң дәрiм осы. Осыны iшсең, сен де жазылып кетесiң", – деп қолыма ұстата қояды. Аяғым гипс. Коньякты қалай iшейiн. Келесi аптада да солай болды. Тумбушкам Қалекеңнiң сол коньяктарына толды. Өзi де анда-санда ауруханаға түсiп қалатын. Мен барып көңiлiн сұраймын. Қалекең ауырып жатырмын деп еңсесiн түсiрмейдi. Сөздерi кiлең қалжыңнан тұрады. Сондағы айтқан сөздерiн үйге келе салысымен дәптерге жазып қоюшы едiм. Сол дәптердi жоғалтып алдым. Iздемеген жерiм жоқ. Мұрағатқа бiраз жазғандарымды өткiзiп едiм. Өзiм байқамай солардың арасына салып жiбердiм бе деп ойлаймын. Қалекеңнiң көп қалжыңдары, езуiңе күлкi үйiретiн уытты өлеңдерi, әзiл әңгiмелерi сол дәптердiң iшiнде болатын. Солардан есiмде қалғаны мынау. "Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса, Мен алып жатырмын капелница…". Ауруымен алысып жатқан пұшайман түрiне қарап, қанша мүсiркейiн десең де, мынау айтқан қуақы өлеңiне қарап, ал ендi күлмей гөр. Ерiксiз күлесiң. Тағы бiр жолы барғанымда ол: "Дегенде "Папаверин, Папаверин", Құйрықты тосып қойып жата бергiн" деп едi, ал кеп күлейiн бiр. Ауру шыбын жанын қинап жатса да, осындай әзiл ұйқаспен күлдiретiнiне қайран қаласың. "Папаверин" – қан қысымын төмендететiн дәрi ғой. Ал оны айтқанда жәй айта салмайды, өзгеше бiр әртiстiк әуен-ырғақпен келiстiре айтады.

– Әңгiме-дүкен жол сапарда, жол үстiнде де қызықты айтылады ғой. Қалағаңмен сапарға да бiрге шыққан кездерiңiз болған шығар?

– Қалекеңмен Мәскеуге бiрнеше рет бiрге бардым. Қостанайда өткен Бейiмбет Майлиннiң тойында да бiрге болдық. Ташкендегi жазушылар жиынында Қалекең, Шыңғыс, Әбдiжәмiлмен бiрге жүрдiм. Қонақ үйдiң бiр бөлмесiнде жаттық. Қалекең күлкiге қарық қылатын. Сол күлкi шақыратын әңгiмелерiнiң бiразын басылымдарға жарияладым да. Маған қазiр уақыт қымбат. Оларды қайталамай-ақ қояйын.

– Гер аға, әлгiнде Асқар Сүлейменовтi де ауызға алып қалдыңыз. Қалағаң мен Асекең тонның iшкi бауындай араласып тұрғанынан аздап болса да хабарымыз бар. Дегенмен жыл өткен сайын газетке жаңа оқырмандар қосылып жатыр. Сол екi тұлғаның сыйластық қарым-қатынастарының қандай болғанын сiз жақсы бiлесiз ғой деймiн.

– Қазақ жазушыларын мен әрдайым құрмет тұтамын. Солардың көбiсiмен сыйлас болдым. Алайда "Ер төстiк" ертегiсiндегi "Ерназардың сегiзi бiр төбе де, Ер Төстiгi бiр төбе" демекшi, Қалтайдың, Әбiштiң, Асқардың, Мұхтардың – Мағауинның Мұхтарын айтып отырмын, бiлiм-бiлiктiлiгi басқалардан өзгеше. Олардың энциклопедиялық бiлiмдерi бар. Көп оқып, көп тоқығандар. Олармен әңгiмелескеннiң өзi бiр ғанибет. Кейде мен олар оқымаған кiтаптар жоқ та шығар деп ойлаймын. Әсiресе, Шығыс әдебиетiн Қалекеңнен артық бiлетiн ешкiм жоқ. Оның хоббиi кiтап оқу едi. Күнделiктi газет-журналдарды да назарынан тыс қалдырмайтын. Кейде сондай газеттерге менiң шығармашылығым туралы пiкiрлер айтылып жатса, сол күнi телефон шалып, өзiнiң оң пiкiрiн айтып, әжептәуiр қанаттандырып жiберетiн. Қалекеңдей дуалы ауыздан ондай бағалы пiкiр естудiң өзi неге тұрады десеңшi. Осы "Түркiстан" газетiне де Қалағаңның тапсырмасымен жазған мақалаларым жарияланды.

Кiтап оқиды дегеннен шығады. Қалекеңнiң үйiндегi кiтапханасы сирек кездесетiн кiтаптарға өте бай. Ол сол кiтаптарды жәй бiр сән үшiн жинамаған. Бәрiн де оқып шыққан. Өзiнiң тиiмдi оқу тәсiлi де бар. Асекең алғашқыда қажеттi кiтаптарын сұрап алып жүрiптi. Кейде солардың кейбiрiн қайтармай қойса керек. Содан кейiн Қалекең: "Анау алған кiтаптарыңды қайтармай, саған ендi сұраған кiтабыңды бермеймiн" деп меселiн қайтарып отырған. Асекең не iстейдi. Қалекең аңсары ауған кiтапты бермеген соң қойын-қолтығына тығып, жымқыруға көшкен ғой. Сол кiтаптарын кейiндеу Қалекең iздемей ме. Зым-зия жоқ. Ары ойлап, берi ойлап, ақыры iнiсi Асекеңнiң жымқырып кеткенiн бiледi. Содан бастап Асекең үйiне келсе, кiтапханасынан шығарда үстi-басын тiнтiп жiберетiн болған. Бiр жолы Асекең Шыңғыс Айтматов екеуi Қалекеңдiкiне барады. Фарида жеңгемiздiң тамағы пiсiп, дайын болғанша олар кiтапханасында әңгiмелесiп отырған. Аздан соң Фарида жеңгемiз Қалекеңдi ас әзiрлейтiн бөлмеге әлденедей шаруа айтпақшы болып шақырады. Қалекең бөлмеден шығып кеткен кезде Асекең Шыңғысқа: "Шықа, мына кiтапты Қалекеңнен сұрасам бәрiбiр бермейдi. Қалтама салып алайын десем, қазiр менi осы бөлмеден шығарда үстi-басымды түгел қарайды. Сiздi тiнтiмейдi ғой. Iшкi қалтаңызға сала салыңызшы. Сыртқа шыққан соң алармын", – дейдi өтiнiп. Шыңғыс оның жан-дүниесiн түсiнiп, кiтапты қалтасына салады. Сәлден соң Қалағаң келiп, Фариданың дастарқанының дайын болғанын айтып: "Шықа, сен бара бер. Мен мына Асқардың үстi-басын қарап шығаруым керек", – дейдi. Шыңғыс жымиып, бөлмеден шығып кетедi. Қалекең қойын-қолтығын қарамақшы болып жатқанда Асқар көпе-көрнеу шамданып: "Ой, Қалеке, менi тiнтуiңiздi қоймадыңыз ғой. Кiтабыңызды алғаным жоқ. Мiне, қараңыз", – деп кәстөмiнiң омырауын ашып көрсетiптi. Ағайынды жандардың осы бiр iстерiнiң өзi бiр-бiрiне жарасып тұратындай көрiнетiн маған. Асқар кейде сөредегi кiтаптарын ақтарып жатып, бiрлi-жарымының iшiнен Қалекең сыра iшуге Фарида жеңгемiзден жасырып қойған азын-аулақ ақшасын да тауып алатын көрiнедi. "Бөрiктiнiң намысы бiр" демекшi, Қалекең сұраған кiтабын бермесе де, оны Фаридаға қалай айтсын. Мен әлгiнде аттарын атаған жандар ұлттық әдебиетке мол үлестерiн қосты. Қосып қана қойған жоқ, байытты.

Ана бiр жылы Шымкент облысындағы Ордабасыда үш көршiлес елдiң басшылары арнайы кездесiп, үлкен мәслихат құрды ғой. Сол жиынға бiраз жазушылар да қатысты. Қайтарда Қалтай екеумiз бiр купеге жайғастық. Ұзақ жолды әңгiме қысқартады емес пе. Сол жолы бiз түнi бойы әдебиет жайында пiкiр алыстық. Бiздiң өзара ашық, әзiл-қалжыңсыз сөйлескенiмiз сол болды. Қалекеңнiң мәндi әңгiмесiне құлақ құрышым әбден қанды. Ол жазушылардың арасында етек алып кеткен "конформизм" ағымы жайында ашына айтқан едi. Олардың саясатқа берiлiп, шынайы әдеби шығармадан алшақтап, саясаттың шоқпарына айналып бара жатқаны жанына қатты бататынын жасырған жоқ. Сонда мен сырын бiлмес сырт көзге кiшкене қалжыңбастау болып көрiнетiн Қалекеңнiң көп мәселенi тереңнен ойлайтынын, "конформизмдi" нәубет есебiнде қабылдайтынын бiлдiм. Ал Қалекеңнiң әкесi "халық жауы" атанып, атылып кеткенiн, өзiнiң драмаларының бәрi үш әрiптiң қадағалауында болғанын әдебиетшi қауым жақсы бiледi. Сонда да ол ешкiмнен тайсалмай, әдебиеттiң саясаттануына қарсы болды.

– Сiз Қалағаңның "Жат елде" және "Шыңдағы шынар" атты пьесаларын орыс тiлiне аудардыңыз. Аудару жұмыстары барысында келiспеушiлiк орын алған жоқ па? Жалпы Қалекең сiздiң аудармаларыңызға қалай қарайтын едi?

– Мен жалғыз Қалекеңнiң драмаларын ғана аударған жоқпын. Басқа да бiрқатар қаламгерлердiң шығармаларын аударғаным бар. Бiрақ солардың әрқайсысы өз аудармаларына әрқалай талғам деңгейiнде қарайды. Мәселен Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтi алсақ, ол аударманың әр сөзiне жiтi назар салады. Арасынан бiр сөзi қағыс қалып жатса, кәдiмгiдей ренiшiн бiлдiретiн. Кейде соны үлкен кемшiлiк көрiп, сөзге келiп жататын. Аудармасына кiшкене еркiндеу, кең қарайтын Әбiш Кекiлбаев. Сөйлемдерi күрделi, ұзағынан қайырады. Суреттеу бояулары қанық. Мен Әбiш шығармаларын аударғанда орыс оқырмандарының талғамымен сөйлемдерiн ықшамдап беремiн. Ал Әбiш оған түк ренжiмейдi. Өзi қандай мол қазақ болса, басқаларға да, аудармаға да кеңдiгi сондай. Ғабит Мүсiреповтiң де бiрқатар шығармаларын аудардым. Ол анау жерiн жөнде, мынау жерiн жөнде дегендi айтпайды. Аударманы оқып беремiн. Мұқият тыңдап алып, орыс тiлiнде "Здесь надо усилить. Здесь надо добавить. Сможете", – дейдi. Солай ескертпе жасайды. Ал Қалекең мүлдем олардай емес. Аудармамды оқып шығады. Бәрiн ешқандай ескертусiз дұрыс қабылдайды және риза болатын. Кейде уақыт өткiзiп барып, әлгi аудармамды тағы бiр қарап берейiн десем, "Әй, осы аудармаң да өзiме ұнайды" деп қайта қаратып жатпайтын. Менiң қолайыма әңгiме, повестерден гөрi драмалық шығармалар жақсы келедi. Ондағы ауызша сөздер жаныма, табиғатыма жақын. Қазақтың фразеологиялық тiркестен тұратын сөздерiн аударуға әбден машықтанып алған жанмын. Өйткенi бала кезiмде қазақ ауылында өсiп, қазақша мектепте оқып, тiл сындырдым. Ал суреттеу жағын аударуға келгенде кемшiлiгiм бар. Кейде сөздiк қорым жетпей қалып жатады. Ал қазақтың ауызша сөз саптауын нақышына, бояуына келтiрiп аударамын. Пьеса түгел ауызша сөздерден тұрады ғой. Сондықтан болар Қалекеңнiң драмалық шығармалары жаныма жақын. Арамызда бiр-бiрiмiздi ешбiр түсiнiспеушiлiк деген болған емес. Әсiресе оның пьесадағы юморлары ұнайтын.

Бiрде Қалекең: "Сен маған шығармаларыңның тiзiмiн жазып бершi", – дедi. Мен таңданып: "Қалеке, оны қайтесiз?"– деп едiм ол: "Шығармаларыңды оқып жүрмiн. Орыстың қазiргi анау деген жазушыларынан бiр мысқал да кем емес. Қазақ жазушыларын да аударып, көп еңбегiң сiңдi. Сол еңбектерiңдi қалай бағаламаймыз. Сенi "Қазақстанның Халық жазушысы" атағына ұсынсам ба деген ойым бар. Шығармаларың соған лайықты да",– дедi. Мен оның бұл ұсынысын қабыл алмадым. "Қалеке, ондай атақ маған әлi ертелеу ғой. Маған әзiрге "Қазақстан мәдениетiне еңбек сiңiрген" деген де жетiп жатыр",– деп бейiл бермедiм.

– Аға, жұмыс бөлмеңiздiң бұрышына домбыра iлiп қойыпсыз. Домбыра шертетiн өнерiңiз бар ма едi?

– Бұл – қазақ достарымның маған тартқан сыйы. Өзiм шерте алмасам да, күйiн тыңдауға құмбылмын. Менiң үш ұстазым бар. Өзiмнiң ата-анам, қазақ ауылы, кiтаптар. Осы үшеуiнен тәрбие алып өстiм.

– Әңгiмеңiзге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ