“Күлмесханды” күлдiрген драматург Қалтай Мұхамеджанов туралы естелiк-эссе
“Күлмесханды” күлдiрген драматург Қалтай Мұхамеджанов туралы естелiк-эссе
Телефон шырылдады. Көтердiм. "Түркiстан" газетiндегi әрiптес iнiм Көлбай екен. Аман-саулықтан соң:
– Қалтай Мұхамеджанов туралы мақала жазасыз ба? – дедi тапсырма бергендей сыңай танытып. Ойланып қалдым. Қалағаңның қаламынан шыққан туындылардың мазмұн-мағынасын тәспiдей тiзiп, тәптiштегеннен не ұтам? "Бөлтiрiк бөрiк астында", "Құдағи келiптi", "Қуырдақ дайын", "Өзiме де сол керек" сияқты комедиялары мен "Жат елде", "Бiз перiште емеспiз", Ш.Айтматовпен бiрiгiп жазған "Көктөбедегi кездесу" атты айдарынан жел ескен пьесалары өз заманында бағасын алып қойған. Қайталап қайтем. М.Горькийдiң "Тоғышарлар", С.Айнидiң "Құлдар", Айбектiң "Киелi хан", А.Қаһардың "Ауру тiстер", Ш.Айтматовтың "Ана-Жер-Ана", "Арманым Әселiм" пьесалары мен "Ақ кеме" повесiн, сондай-ақ Шығыс классикасы "Мың бiр түн" секiлдi шырайлы шығармаларды аударып, қазақ оқырмандарына қауыштырған еңбегi ұшан-теңiз. Оның бәрi көзiқарақты оқырманға мәлiм. Одан гөрi ойыма от тұтатып, естелiк жазғаным дұрыс шығар деп топшыладым. Ойлы дүниесiмен оқырмандардың мейiрiн қандырған Қалағаң едi-ау! Алла Тағаланың тұла бойына тұндырған рухани байлығын адамзатқа сыйлап кеткен айтулы тұлға. БҮЙЕНБАЙ ДЕСЕ БҮЙРЕГIМ БҮЛКIЛДЕЙДIҚалағаңа деген құштарлығым, тәнтiлiгiм мен ынтызарлығым он жетi жасымнан басталды. Мектептi бiтiргесiн Отырар аудандық халық театрында әртiс боп iстедiм. Мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi Көмекбай Мұсаев бiр жылда төрт спектакль қойды. Соның бiрi – Қалтай Мұхамеджановтың "Қуырдақ дайын" комедиясы. Әуелi көп көрiне бермейтiн Болаттың рөлiнде ойнадым. Сосын "Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсiмде қызыл түлкi сойып жүрмiн!" деп спектакльдiң басынан аяғына шейiн әндетiп жүретiн басты кейiпкер Ережептiң рөлiн маған бердi. Қуақы сөз, қунақы қимылмен жәдiгөйдiң бейнесiн шығару оңай болған жоқ. Жаспыз ғой. "Осыншама сөз бен ойнақы әрекеттердi қалай тапқан?" деп таңырқайтынмын. Одан кейiн студент кезiмде ойда жоқта "Қазақ әдебиетi" газетiнiң қызметкерлерiмен кездесуге бара қалдым. Ой, қуанғаным-ай! Алғаш рет Қалтай ағаны тiрiдей көрдiм. Тай жарысқа қатысқан балалар секiлдi кiлең шикiлi-пiсiлi студент-ақындар өлең оқыды. Жүрегiм дүрсiлдедi. Жыр-жарыстан қалай қалам? Бiрақ қойны-қонышымда дайын өлең жоқ. Сонда да сұранып сахнаға шықтым. Қалтай ағаның "Қуырдақ дайын" комедиясындағы ең күлкiлi тұздықты тұстарынан үзiндiнi жатқа оқыдым. Басқаны қайдам, Қалағаң мәз:
– Сықақ жазасың ба? – деп сұрады. – Жазам! – дедiм. – Оқышы! – дедi. Оқыдым. Жатқа. – Осы өлеңдерiң қазiр өзiңде бар ма? – дедi. – Жоқ! – дедiм. – Онда ертең редакцияға әкел. Келiстiк пе? – деп шегеледi. Апардым. Бiр аптадан соң "Қазақ әдебиетi" газетiнiң соңғы бетiндегi "Бүйенбайдың пұшпағы" атты әзiл-оспақ айдарында жарияланды. Сатирамның кiндiгiн Оспанхан Әубәкiров, ал тұсауымды Қалекең кестi. КӨЗ ЖАСЫЕржеттiк. Есейдiк. Тағдырдың бұйыртқаны шығар, күндердiң-күнiнде Қалағаң саяси-сатиралық "Ара-Шмель" журналына Бас редактор боп келе қалды. Мен о кiсiнiң орынбасары – жауапты хатшымын. Қалтай ағаға ұжымдағы журналистер қолқа салды.
– Сiздiң атақ-абыройыңыз бар. Жоғары жаққа барып… "түйе сұрасаң, бие бередi" бес-алты пәтер сұраңызшы. Құрығанда бiр-екi үй беретiн шығар, – дедiк. – Е-е, пұшаймандарым-ай, ел-жұрттың сөзi елеуiшке су құйғандай боп тұр ғой қазiр, – дедi де самайын сипады. Көп ұзамай Орталық партия комитетiне идеология хатшысы болып келген Өзбекәлi Жәнiбеков "Дәуiр" баспасының мәжiлiс залында бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiмен кездестi. Лауазымды баспасөз басшылары бiрiнен кейiн бiрi шығып, жаттанды ой-пiкiрлерiн ортаға салғансыды. Кезегi келiп, мiнбеге көтерiлген Қалтай аға: – Өзеке, – дедi байсалды кейiппен, – "Ара-Шмель" журналында қызмет iстейтiн қыруар журналистiң көз жасын жинап ем, екi бөтелке болды. Соны есiгiңiздiң алдына төгейiн деп ем, сiз тайып жығыла ма деп төкпедiм. (Жұрт күлдi). Журналистер жарқын жүзбен жұмыс iстеу үшiн ең бiрiншi баспана керек. Бiзде Қажытай Iлиясов деген фельетонист… Өзi осында отырған болу керек. Қажытай, барсың ба? (Ол орнынан атып тұрды). Осы Қажытай үй сұрап арыз жазғанда Сталин марқұм тiрi екен. (Жұрт ду күлдi). Майдан қыл суырғандай арыз-шағымды да айта бiлудiң үлгiсi ғой бұл. Арада апта өтпей-ақ Қажытай екi бөлмелi жаңа үйдiң кiлтiн ұстады һәм бiр бөлмелi бұрынғы пәтерi өзiне қалдырылды. ҚАЛТАЙ АҒАНЫ ҚАБЫЛДАДЫМӘдетте Қалағаң сиыр сәскеде жұмысқа соғады да, журналдың оны-мұнысын орнына қойып реттегесiн қайтып кетедi. Соны бiлiп алғанбыз. Бiр күнi түстен кейiн Қалағаң тығыз шаруамен редакцияға соғып менi iздесе… Жоқпын. Екiншi күнi iздейдi. Жоқпын. Үшiншi күнi сұрастырса, тағы да табылмай қалғанмын. Сонда Қалтай аға қабылдау бөлмесiндегi хатшы қызға:
– Ай, Айнаш, – дептi, – жауапты хатшыға айтыңызшы. Ертең қолы тисе, сағат үште менi қабылдасыншы!.. Оны естiп iшек-сiлемiз қатты. Бiр-ақ сөзбен талай нәрсенi аңғартқан ағам-ай… ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАҒАН ТАУЫҚ…Түркiстанның 1500 жылдығына байланысты "Асар" қорын құрамыз деп Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Өмiрзақ Айтбайұлы, тағы басқа зиялы қауым өкiлдерi бас қосты. Дастарқанға қара уылдырық, қызыл уылдырық келдi. Шер-ағаң қарап отырмай Қалтай ағаны қажады:
– Қалаға, осы қара икра мен қызыл икраның айырмашылығы неде? – дедi. Сол сәтте профессор Құлбек Ергөбектiң тiлi қышып: – Қызыл икра жесеңiздер, жеңгемiздi қанағат тұтып үйлерiңiзге қайтасыздар. Қара икра қаужасаңыздар, қатын iздеп, қаңғып кетесiздер! – дедi қаси сөйлеп. Сонда Қалтай аға: – Оһ, айтқышым-ай, – дедi мұрнын майыстыра сипап қойып, – осы шiркiндердi шешесiмен қосып жұтсам да маған түк әсер етпейдi. Дастарқанда отырған ашқарақтау бiр оқымысты кiсi пiскен тауықты тұтастай тарелкасына салып ап, құйрығынан мойнына шейiн паршалап жегенiн аңғарған Қалтай аға қағыс жiбермей: – Әй, жолбарысым-ай, осы тауықтың қораздан кейiнгi қызығын өзiң көрдiң-ау! – дедi. МАЙМЫЛ НЕГЕ ДАМЫМАЙ ҚАЛҒАН?"Шешен сөйлеу мен шебер жазудың арасы жер мен көктей" деп өзi айтқандай, шешендiк пен шеберлiктi тең ұстаған ағаның кейде шерлi, кейде шежiрелi, ендi бiрде езу жиғызбайтын әңгiмелерiнiң желiсiн бұзбай, диктофонға жазып алмағаныма өкiнем.
Ұшан-теңiз бiлiмпаздығына, әсiресе ауыз әдебиетi үлгiсiндегi әсерлi әңгiмелерiне аузымызды ашып, көзiмiздi жұмып таңырқасақ, о кiсi "Әбiш – феномен ғой!" деп Кекiлбаев iнiсiне тәнтi боп отырады да әңгiмесiн әрi қарай өрбiтедi: – Мектептегi ағайларымыз "Адам маймылдан жаратылған!" деп оқытты. Бiз бiрақ оған сене бермейтiнбiз. Неге? Адам – маймылдан артық. Ақыл-ой иесi. "Ал маймыл неге дамымай қалған?" деп ойлайтынбыз. Кейiнiрек кiтаптарды парақтасақ, бұл туралы талай ғалымдар таласқан көрiнедi. Сонау 1925 жылы дiн иесi Введенский айтыпты: "Бiз маймылдан шықтық" деген көзқарастың орнығуына соншалықты құштар емеспiн. Сiздер, материалистер, туысқандарыңыздың кiм екенiн жақсы бiлесiздер" деп, оларды маймылдардың қатарына қойған ғой. Сол тұста Луначарский былай дептi: "Әу баста хайуаннан жаратылып, ақыл-ойының арқасында адам дәрежесiне көтерiлгендер артық па, әлде Алла Тағаланың жаратқан пенделерi қайтадан хайуанға айналып жатса, солар артық па? Бiлмеймiн, әйтеуiр Введенский айтқандай адамдарды аңдармен туыстырып жатса, хайуандарға обал-ақ", – дептi. МИЛЛИОН ДОЛЛАРДАН БАС ТАРТҚАН СҰЛУОрыстың әйгiлi әртiсi Юрий Никулиннiң Мәскеудегi өнерiн түрiк сықақшысы Әзиз Несин екеуi қатар отырып тамашалаған. Ел екi сағат бойы езу жимай, қыран-топан күлкiнiң астында қалғанда Әзиз Несин ең болмаса бiр рет те жымимапты. Әлемге әйгiлi әзiлкештен соның себебiн Қалтай аға сұрағанда:
– Сiздер ұсақ-түйекке күлетiн ең бақытты ел екенсiздер, бiздер әлi ондай дәрежеге жеткен жоқпыз! – дептi. Кейiнiрек Қалтай аға Ыстамбұлдағы Әзиз Несиннiң үйiнде қонақта болғанын әңгiмеледi. Жарықтық Әзиз бей жаны қалмай зыр жүгiрiп, бүкiл үй шаруасын өзi атқарғанын байқапты. Тiптi есiгiнiң алдындағы ешкiлерiн де өзi сауып жатқанын көргенде: – Сiздiң қолыңыздан келмейтiн шаруа жоқ екен-ау! – деп көтермелей сөйлесе: – Менiң қолымнан бiр-ақ нәрсе келмейдi, – дептi де жұмбақ күйiнде сөзiнiң соңын жұтып қойыпты. Сәл үнсiздiктен кейiн: – Менiң қолымнан бала туу ғана келмейдi! – дептi. Ыстамбұлға барған тағы бiр сапарында Түркияның өнер жұлдызы Фатима Гэрек деген бикеш Қалтай ағаны үйiне шақырыпты. – Ойпырмай, шартарапты шарлап жүрiп мұндай сұлу әйел көрмедiм! – дедi ағамыз тамсанып. – Сұлулығы сондай, бiр қасық сумен қылқ еткiзiп жұтып қойғың келедi. Өзiнiң тағдыры да қызық. Әкесi ерте қайтыс болыпты. Жастайынан жетiм қалып, жадау-жүдеу күн кешкен. Екi-үш ешкiсiн сауып, соның сүтiн сатып күн көрiп жүрген кезiнде Американың бiр киностудиясы басты рөлде ойнайтын түрiктiң жас сұлу қызына конкурс жариялапты. Жеңiмпазға – 1 миллион доллар! Сол сынақта 16 жастағы Фатима Гэректiң бағы жанып, Америка киносына түсетiн болған. Оны бүкiл баспасөз сүйiншi сұрағандай қуана жарнамалап, бiр-ақ күнде аты-жөнi мәшһүр болған. Алайда жарты айдан соң Түркияның күллi баспасөзi "Фатима Гэрек миллион доллардан бас тартып, киноға түспейтiн болды!" деп жарыса жазған. Себебiн сұраған журналистерге "Мен негрдiң еркегiмен төсек қатынасында болуым керек екен. Түрiк Аналарының абыройы мен намысы үшiн бас тарттым" деп жауап қайырған. Мұны естiп құлақтанған Түркия Президентi жас қызды қабылдап, оған 5 миллион доллар сыйлаған. Кейiнiрек жеке киностудия салдырып берген. Мiне, ұлт мүддесi үшiн жасалған ұлағатты тiрлiк! Редакцияда iстейтiн Қажытай, Тоқтархан, Толымбек бәрiмiз байсалды әңгiмеге басымызды шайқап таңырқадық. ТОП ШЕҢГЕЛЕменнiң қарсы бiткен бұтағындай ер мiнездi Қажытай ағамыз бiр сықақшының жарты жол жатыпатар өлеңiн ұсынды. Оқыдым.
Ағамыз жүр жайлауда жылқы бағып, Месбай шықпайды үйiнен жылтың қағып. – Мынау әншейiн әлжуаз дүние ғой, – деп ем, Қажекең: – Солайы солай, өзiм де бiлiп тұрмын, кәрия. Қол қоя салшы, аты-жөнi таныла берсiн, – деп қолқалады. Жауапты хатшы ретiнде қолымды қонжитып, Қалағаңның алдына апардым. Ол кiсi көз жүгiрттi де: – Әй, Көбен-ай, Көбен-ай, (менi солай атайтын) көрмейсiң десем, көзiң бар. Көкжасық дүниеге көзiңдi жұмып қарағаның не? – деп кейiдi де, көсiлiп әңгiмеге көштi. – Шiркiн, қазақтың қара өлеңдерi-ай! Көкаланың үйiрi көл айналсын, Жаның шығып бара ма, көз байлансын. Мiне, өлең! Мiне, әдептi әдебиет! Есiк алды топ шеңгел, Топ шеңгелге келсең кел. Топ шеңгелге келуге, Өзiңе өзiң сенсең кел. Бiр қарағанда астарынан махаббаттың аңқыған исiн сезесiң бе? Сезесiң. Ал осы шумақты бұрмалап, сатираны топ шеңгелге теңесек, "шеңгелге" өзiне-өзi сенгендердiң келгенi дұрыс, – дедi. Тоқсаныншы жылдары "топ шеңгел" секiлдi "Ара-Шмель" журналы нарық қыспағына байланысты шықпай қалды. Қатты уайымдаған Қалағаңның аузынан "Ара" жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны" деген қанатты сөз қалды. ДИЮ ЖЕТЕКТЕГЕН ДРАМАТУРГЕртеректе Қалмахан Әбдiқадыров аударған "Мың бiр түн" хикаясы бар-жоғы төрт том ғана деп ойлайтынбыз. Қалтай ағаның дерегi бойынша оның ұзын-ырғасы 210 том екен. Араб елдерiнде соның ықшамдалған сегiз томы мектеп оқушылары үшiн хрестоматия үлгiсiнде ұсынылған. Қалағаң сол сегiз томның төртеуiн аударып үлгердi. Мен сол араб ертегiсiнiң желiсiмен 1991 жылы Қалағаң туралы пародия жаздым. Мiне соның ықшамдалған нұсқасы…
…Мың екiншi түн. Таң атты. Шаhризада төсегiне жатты. Келесi кеште: – Ей, ұлы бақытты патшам! – дедi Шаhризада. – Ендi сiзге Қалтай қожаның Диюдан қалай құтылғаны туралы хикая айтайын. Жаратқан жаппарға шүкiршiлiк еткен Қалтай қожа маңдайын сәждеге тигiзiп, намаз оқымаса да соно-о-оу Мекке, Мәдинеге барып: "Лә иллаhа иллалла, Мұхаммед расулалла. Мұсылманмын расында!" деп Құдайға құлшылық қылды да, тәбәрiк ретiнде бiр құмыраны құшақтап, Алматыдағы үйiне қайтты. Күндердiң күнiнде "Қу құмыраның iшiнде не бар екен?" деп ойлады. Көзi қызығып, көзенiң қақпағын ашып едi, алпамсадай Дию атып шықты да, Қалтай қожаның аяғына жығылып, жалбарынды: – О, Сүлеймен пайғамбар! Сiзге жолықтырған Алла Тағалаға бұ жалғанда разымын. Әмiрiңiзге құлдық!.. – Ғафу етiңiз, мен Дәуiтұлы Сүлеймен пайғамбар емес, Қалтай Мұхамеджановпын. – Қойыңызшы, сiз шынымен Сүлеймен пайғамбар емессiз бе? – Өтiрiк айтып өле алмай жүр дейсiз бе? Пайғамбар емес, драматургпiн. – Е-е, ендеше түсiнiктi, – дедi Дию. – Пайғамбар болмасаң, онда жеткен жерiң осы. Қазiр қазықтай қағамын да… – Дию-ау, күнәм не? Құмырадан құтқарғаным ба? Онсыз да көрген құқайым аз ба едi, Құдай?! – Қалтайжанды шошытқан қандай құқай? – дедi Дию. – Ол өзi ұзақ хикая. Мұрсат берсеңiз қысқаша баяндайын. …Ерiнбеген етiкшi, жалықпаған жазушы болған заманда Әлжаппар ағамыздың бiр кiтабы Жазушылар одағында талқыланды. Мәселе бiреу: оның шығармасы мемлекеттiк сыйлық беруге лайық па? Жарықтықты жүндей түтiп, киiз басқандай тепкiлеп қарсы шығайын десе – қаламгердiң бәрi қаймығады. – Мына кiтапқа сыйлық беруге бола ма? – дедi Ғабит Мүсiрепов. – Болады! Бiрақ сыйлықты Әлжекеңнiң кiтабын ерiнбей-жалықпай оқып шыққан адамға беру керек!" дедiм. Сол сол-ақ екен, соңыма шырақ алып түстi. Айыпқа бұйырмаңыз, сiз сол Әлжекең жiберген Дию емессiз бе? – Доғар! – деп долданды қара дәу, – Дию ұстап, Дию жұмсайтындай қазiргi жазушылардың қайбiр қауқары бар? Осы ма құқайың? – Мен не көрмедiм, Дию аға! Шоқпарын сүйреткен Шона пiрәдар: "Ойбай, кiтабымдағы қылыштай өткiр қыршаңқы сөздердi Қалтай ұрлап алып, өзiнiң комедиясына пайдаланды!" деп қара аспанды қақ айырып аттан салғасын, Жазушылар одағында менiң мәселем қаралды. "Сөз ұрлағам жоқ!" десем, сенбейдi. "Нан ұстайын, Құран ұстайын, Шөке, сiзден сөз ұрласам, басқан iзiм артымда қалсын!" деп қарғансам да қарамайды. Амалым таусылып, ақырғы уәжiмдi айтуға мәжбүр болдым. "Шонадан сөз ұрлағанша, соқырдан көз ұрлағаным артық!" дедiм. Бiттi! Дау шықты. Тағы бiр құқайдан құтылғанымды айтайыншы. Көрер жарығым бар екен, Брежнев деген патшаның тұсында бiздiң бiр ұлық басымды алмадай қағып ала жаздады. – Дiкiлдемей, тiгiсiн жатқызып сөйлеген пенденiң жанын ұлық та алмайды, бүлiк те алмайды. Сенi шақырған қай ұлық? – Имашев! Қылышын қынабына салмайтын. Сол ұлық шақырып жатыр дегесiн, жазған құлда жан бар ма, құстай ұшып жеттiм. Үстiмнен үлкен арыз бар екен. Сөздi ұлық бастады: – Орталық партия комитетi сiзге үлкен сенiм бiлдiрiп, басшы орынға iлiктiрдi. Ал сiз болсаңыз жұмыс уақытында служебный машинаны пивнушкаға мiнiп барып, сыра-пыра iшiп қайтатын көрiнесiз. Бұ қалай? – дедi. Артымда – арыз, шегiнетiн жер жоқ. – Саттар Нұрмашевич! – дедiм. – Өзiме төр бердiңiз, қолыма мөр бердiңiз, рахмет! Жаяу жүрiп табаны тозбасын деп машина бердiңiз, рахмет! Ал ендi сол машинамды пивнушкаға мiнiп бармағанда, артынан итерiп баруым керек пе? “Күлмесхан” күлiп жiбергенсiн, менiң де бетiме қан жүгiрдi. Сау қалғаныма садақа берiп, "төбел тазға – төрт теңге, ойма тазға – он теңге, қырма тазға – қырық теңге" үлестiрдiм. Мен көрмеген құқай бар ма, Дию аға?! – Байқаймын, басымды шайқаймын!– дедi Дию таңырқағандай. – Сөз саптауыңа қарағанда, қу бiткендi қуалап, Диюды дуалап, жынды жетектеп, шайтанға шарық кигiзiп, қажырын қайтарған Қалтайсың-ау, сiрә?! – Тiфә, тiфә! Сiз Дию емес, әулиесiз! Тамырымды тап бастыңыз!.. – Рас па? – дедi Дию көпшiк қойғанға көтерiлiп. – Сiз сияқты қисынсыз өтiрiктi қиыстырып айта алмаймын. Имандай шыным!.. – Немене менiң сөзiме күдiгiң бар ма? – Әрине! Басыңыз өрдей, кеудеңiз есiк пен төрдей, танауыңыз үңгiрдей, аузыңыз апандай. Сонша тұлғаңызбен қуықтай ғана құмыраға сыйды дегенге кiм сенедi? Қисынсыз. Аяғым салбырап, аспаннан түстiм десеңiз бiр жөн… – Сенi қалай сендiрсем екен? – Сөзiңiз рас болса, құмыраның iшiне көзiмше кiрiп көрсетiңiзшi. – Қазiр… Дию әп-сәтте буға айналып, құмыраның iшiне құйындай ұйытқып сiңдi де: – Сен ендi сенесiң бе! – дедi күңгiрлеп. Сол заматта Қалтай қожа мөрлi тығынды құмыраның аузына тыға қойып, тарс бекiттi. Жаңа ғана "Жаныңды алам!" деп жалаңдап тұрған Дию бейбақ болып, жалына бастады: – Айналайын, атажан! Қадiрлi Қалаға!.. – Ендi жарық дүниенi ұмыт, жарқыным! – дедi каһарына мiнген Қалтай қожа. Сен секiлдi Диюлардың шашбауын көтерем деп-ақ шаршадым. Дүние – кезек, ендi ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымдасың. Мен сенi бұдан былай бұйдалы түйем секiлдi жетектеп жүрем, бiлдiң бе? ЕЛ ЕРIН САҒЫНАДЫЖаңа жыл қарсаңында Қалағаңа қандай сыйлық ұсынарымды бiлмедiм. Әкем жарықтық дихан едi, теңкиген-теңкиген екi қарбыз берiп жiберiптi. Соның бiреуiн арқалап ағамның үйiне бардым. Фарида жеңгем есiк ашты. Қарбызымды ас үйге апарып, мейрамымен құттықтадым. Жарықтық Қалағаң:
– Мынау бiздiң Сырдың суын iшiп өскен қарбыз ғой! – деп елiн сағынғандай емiрене иiскедi. Ой, зулаған заман-ай! Қалағаңның қайтқанына да он жыл болыпты. Көзi тiрiсiнде ер елiн сағынса, қазiр ел ерiн сағынады. "Сөздiң қысқасы, колбасаның ұзыны жақсы" екенiн жарты әлемге жариялаған Қалтай аға "Маркстiң мың беттiк үш том "Капиталын" атам қазақ үш-ақ сөзбен баяғыда айтып қойған" дейтiн. 1. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды" 2. "Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей" 3. "Бай – байға құяды, сай – сайға құяды" Қалағаңның артында қалған қисапсыз мұрасын көздiң қарашығындай сақтаған Фарида жеңгем мен ел аузындағы елеулi әңгiмелерiн сұрастырып, құрастырып, жинақтап жүрген ақын Сейфолла Оспанның еңбектерi ерекше. Ұлтымыздың ұстазына айналған қоғам қайраткерi Өзбекәлi Жәнiбеков зейнетке шыққан соң Қалтай аға туралы қызық оқиға айтқаны есiмде. – ЦК-ның идеология хатшысы болып келген кезiм, – дедi Өзағаң. – Бiр мәселе бойынша Қалтай Мұхамеджановқа қаттырақ айтуға тура келдi. Шақырдым. Есiктен енер-енбестен қабағымды шытып, қатулана сөйлей бастап ем: "Ойпырмай, Өзеке-ай, түнде түсiмде бiр дәу қара төбетке мiнiп жүр едiм, осыған көрiнген екен ғой", – дедi. Қалай мырс етiп күлгенiмдi байқамай да қалдым. Адам әуселесiн айтқызбай танитын психолог қой. … Күлкiнiң құдыретi-ай! Көпен ӘМIРБЕК