"АЛМАТЫ" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙСЕ...

"АЛМАТЫ" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙСЕ...

"АЛМАТЫ" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙСЕ...
ашық дереккөзі

Елiмiздегi телеарналардың арасында "Алматының" өзiндiк орны бар. "Тiлi өлген ұлт – тiрiдей өлген ұлт" деп жар салып, қазақ сөзiнiң жазылуындағы қателер мен кеңес заманынан өзгермей қалған маңдайшалар "Алматы" телеарнасындағы "Тiл сақшысы" бағдарламасы арқылы шешiмiн тауып жатыр.

Бабаларымыз елдiң ертеңгi жағдайын балалардың ойынына қарап болжаған екен. Бүгiнде бала ойынына, бала тәрбиесiне қаншалықты назар аударып жатырмыз десек, алғашқы болып ойымызға тағы да "Алматы" телеарнасы түседi. Ондағы анимациялық мультфильмдердiң кәсiби деңгейi төмен болғанымен, өзге арналардағыдай көшiрме, аударма мультфильм емес, өзiмiздiң ұлттық мультфильм, қазақтың ұлттық болмысын бейнелейтiн, ою-өрнегi ұлттық нақыштағы мультфильмдер… "Қазақфильмнiң" түсiрген ескi киноларынан бастап, бүгiнгi өнiмдерiне дейiн үзбей берiп келе жатқан да осы арна. Әйтеуiр қолында бар мүмкiндiгiн ұлттың мүддесiне орай жұмыс iстеудi өмiрлiк мақсат тұтқан арна қызметкерлерiне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. "Асабалар аламаны" тәрiздi ешкiмдi қайталамайтын жоба да бiреуге ұнар бiреуге ұнамас. Дегенмен iзденудiң жақсы нәтижеге жеткiзетiнiн жоққа шығармаймыз.

Өзге кейбiр телеарналар қазақтың салт-дәстүрiнiң жағдайын уайымдамайтын, тiптi керек болса мойындамайтын күйге түскендей. Шетелдiк кино, эстрада деп жүрiп, қазақтың төл болмысынан ажырап барады. Аударма телесериалдар мен көшiрме бағдарламалар күн сайын көбейiп, көрерменнiң алтын уақытын босқа өлтiруге итермелеп жатыр. Өнердi бағалайтын ел едiк, қаптаған теле-радио арналар арқасында, ток-шоуды тамашалайтын есерсоқтау жұртқа, көксандықсыз күн көре алмайтын көрерменге айналудамыз. Алысқа бармай-ақ қояйық, өткен айда Түркi жұрты үшiн ерекше мереке саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында "Адырна" ұлттық этнографиялық бiрлестiгi мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi бiрлесiп өткiзген "Бiржан деп атым шықты алты Алашқа" атты дәстүрлi ән кешiн толық түсiрген "Алматы" арнасы ғана. "Қазақстан" ұлттық арнасы тек ақпарат берумен шектелдi. Өзге арналар Ұлыстың ұлы күнiн елеусiз еске алған кезде "Алматы" жұрты сағынған дәстүрлi ән-күймен қазақы жүректердi шаттыққа бөледi. Әлбетте, "Алматы" эфирге әзiрлеп жатқан "Бiр әннiң тарихы" бағдарламасы да осындай көрермендер көзайымына айналады деп сенемiз.

Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi ресми шараларда қазақтың дәстүрлi әнi еленбедi. Мәдени астана санатындағы Алматы қаласы әкiмшiлiгi ұйымдастырған думанда да дәстүрлi әншiлерге орын бола қойған жоқ. Салт-дәстүрiмiз ұлықтануы тиiс Наурызда еленбеген ұлттық классикалық әндерiмiз қашан керек болары белгiсiз…

Бiрақ "Жалғыздың үнi, жаяудың шаңы шықпайды" демей ме? Бұл – асыра мақтау емес, аз да болса, жасап жатқан еңбектерiн бағалау. "Алматы" телеарнасына республикамыздың барлық жерiне еркiн тарайтындай жағдай жасалса ғой, шiркiн.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ