ЖАЙЫҚҚА ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҚОЛЫН СОЗДЫ

ЖАЙЫҚҚА ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҚОЛЫН СОЗДЫ

ЖАЙЫҚҚА ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҚОЛЫН СОЗДЫ
ашық дереккөзі

Биылғы көктемнiң тосын мiнезi Жайық өңiрiнiң халқын әбiгерге салды. Тасқын судың салдарынан бiрнеше ауылды су басып, жүздеген отбасы басқа жерге көшiрiлдi. Соңғы дерек бойынша, 1500 тұрғын үй мен 7146 саяжайлық баспана су астында қалған. Бiр айта кетерлiгi, жергiлiктi халық мұндай алапат тасқыннның соңғы 54 жылда болмағанын айтуда.

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Сәуiр басталғалы ағын сумен арпалысқан Жайық өңiрi есiн ендi жиғандай. Өзендер сабасына түсiп, су деңгейi төмендеп, қауiптiң бетi қайта бастады. Алайда бұл – мәселенiң толық шешiмi табылды деген сөз емес. Тасқын су мыңдаған үйдi қиратып, жүздеген шақырым жолды шайып кеткен. Тiптi жергiлiктi тұрғындар үй арасында қайық жасап, ескекпен суды есiп жүр. Қорадағы төрт түлiк малдың шығыны бiр бөлек, егiн науқаны қарсаңында қарапайым шаруаның көңiлi мұңға толы. Алдын-ала келтiрiлген мәлiмет бойынша, биылғы су тасқынынан келген зиян мөлшерi – 19 млрд. 264 млн. теңге.

Қалпына келтiру жұмыстарына жұмсалатын қаржының 11 миллиард теңгесi мемлекеттiк резервтiк қордан алынбақ. Үкiмет қаулысына сәйкес, әкiмдiктер аударған қаржы 1 жарым млрд. теңге болады, ал қалған шығынды ұлттық компаниялар мен министрлiктер көтеруге ниет бiлдiруде. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" 3 млрд. 900 млн., "Қазақстан темiр жолы" 1 млрд. 100 млн. теңге бөлетiн болса, Бiлiм министрлiгi үнемдеу есебiнен 1 млрд., Денсаулық сақтау министрлiгi 500 млн. теңге табуы тиiс.

Су тасқынынан жапа шеккен ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшiн Орал қаласында көп қабатты 8 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, 1 мың 200 орындық мектеп пен 280 орындық 2 балабақша бой көтередi. Жаңа мектеп Зеленов ауданының Асан ауылында да салынбақшы. Ал Зеленов пен Тасқала аудандарында 178 үй салу жоспарланса, облыста 1 мың 372 үйдi жөндеуге 823 млн. теңге жұмсау көзделуде.

Апаттың зардабын жою жолдары мен қалпына келтiру шараларын талқылау үшiн Батыс Қазақстан облысына Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев келiп, тасқын судың зардабын тартқан халықтың жағдайымен танысып шықты. Ол облыстық әкiмдiкте үкiметтiк жұмыс тобының көшпелi мәжiлiсiн өткiзiп, тасқынның әкелген лаңы мен әлегi жөнiнде бейнесюжеттердi тамашалады. Мұржалары ғана қылтиып тұрған үйлердi, жермен-жексен болған ауыл шаруашылығы нысандарын көрген Өмiрзақ Шөкеев тез арада мәселенi ушықтырмаудың жолын қарастыруға шақырды.

– Елбасы бастамасымен шұғыл республикалық штаб құрылып, оған басшылық ету маған жүктелдi. Топан су басқан аймақтардан тоғыз мыңға тарта адам көшiрiлген. Мұндай эвакуациялық жағдай егемен ел тарихында тұңғыш рет орын алып отыр. Ендiгi мiндет – тасқын су зардабынан бүлiнген ғимараттар мен нысандарды қалпына келтiру, жаңа құрылыстар салу. Бұл ретте республиканың әр ведомствосы мен министрлiктерi өздерiне жүктелген мiндеттердi мүлтiксiз атқаруға тиiс, – дедi ол.

Көшпелi мәжiлiс үстiнде Ө.Шөкеев батысқазақстандықтарға қолдау көрсету үшiн Үкiметтiң үш бiрдей қаулысы шыққанын жария еттi. Атап айтқанда, алғашқы қаулыға сәйкес, тасқын сумен күресте бiрiншi кезекте атқарылатын iс-шаралар үшiн 870 миллион теңге бөлiндi. Ал екiншi қаулы республиканың әр облысынан 100 миллион теңге көлемiнде қаражат бөлiнуiн қарастырады. Үшiншi қаулы материалдық резервтер есебiнен зардап шегушiлерге киiм-кешектер мен азық-түлiк түрiнде гуманитарлық көмектер беруге жол ашады. Осы көмек қаражаттары мен материалдық игiлiктердi бөлу мен тарату тетiктерi мүлтiксiз жасалуға тиiс. Бұл iске ашықтық пен жариялылық, тазалық пен айқындық тән болған жағдайда ғана әр түрлi түсiнбестiктерге жол берiлмейдi.

Құрылыс, жол, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, темiр жол, газбен қамту салалары бойынша да Елордадан келген жұмыс тобы мүшелерi өз ой-пiкiрлерi мен байламдарын ортаға салды. Осы салалардың ең ауқымдысы жаңа құрылыстар – мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер салу. Бұл құрылыстар Орал қаласында және Зеленов, Тасқала аудандарында бой көтермек. Осыған байланысты жергiлiктi өкiлеттi органдар қысқа уақыт аралығында тұрғызылатын бiлiм беру, денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлердiң жобалау-сметалық құжаттарын Үкiметке тапсыруға тиiс. "Тек сонда ғана осыған байланысты Үкiметтiң кезектi қаулысы жарық көрмек. Құжат болмаса – қаулы да болмайды", – деп кесiп айтты Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Ө.Шөкеев.

Облыстық, аудандық және қала iшiндегi жолдарды қалпына келтiруге миллиардтаған қаржы керек көрiнедi. Электр желiлерiнiң шығыны – 314 млн. теңге. Тағы 4 млрд. теңге бiлiм және денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және өзендердiң жағасын бекiтуге бағытталды.

Қазiргi кезде Оралға елiмiздiң жер-жерiнен гуманитарлық және қаржылай көмектер жөнелтiлуде. Жақында ғана "Елордадан Батысқа көмек" атты автокеруен келiп жеттi. Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов ұйымдастырған 45 тонналық бұл көмектiң жалпы құны 22,5 млн теңгенi құрайды. Табиғаттың тосын мiнезiне ұшыраған Жайық жұртына қол ұшын беру жөнiндегi астаналық әкiмнiң бастамасына елордалық отызға жуық кәсiпкер дереу үлес қосқан көрiнедi. Олар көмекке зәру жандарға азық-түлiк, дәрi-дәрмек, көрпе-төсек, күнделiктi тiршiлiкке қажеттi керек-жарақтар, балаларға ойыншыққа дейiн алып келген. Тура осындай бағыттағы көмек көршiлес Ақтөбе облысынан жеттi. Оны "Нұр Отан" ХДП-ның аталмыш облыстағы филиалы ұйымдастырған. Бұған дейiн Елбасының тапсырмасына сәйкес және үкiметтiң қаулысы негiзiнде тасқыннан жапа шеккен батысқазақстандықтарға арнап мемлекеттiк қордан бiрнеше мың тонна азық-түлiкке қоса, жылы көрпе-төсек, 604,8 келi сабын, 75 тонна дизель отыны бөлiнген болатын.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ