КҮНГЕЙДЕ КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙIС ЖАСАЛА МА?

КҮНГЕЙДЕ КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙIС ЖАСАЛА МА?

КҮНГЕЙДЕ КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙIС ЖАСАЛА МА?
ашық дереккөзі

Сайлаудан кейiн Министрлер кабинетiнде бiрқатар кадрлық өзгерiстер болғанымен, облыс әкiмдерiнiң командасында айтарлықтай ауыс-түйiс жасалған жоқ. Президенттiң iс басқарушысы қызметiне тағайындалған Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтi айтпағанда, облыс басшылары өздерiнiң креслоларын сақтап қалды. Солардың бiрi – Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов.

Өткен аптада Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмов Шымкентке келiп, облыс активiнде Асқар Исабекұлын орнына қайта бекiтiп кеттi. Бастан-аяқ мемлекеттiк тiлде сөйлеген Премьер алдымен Елбасының Жарлығымен Асқар Мырзахметовтың Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi қызметiне қайта тағайындалғанын көпшiлiкке жария етiп, облыс әкiмiн құттықтады. Мiнбеге шыққан Асқар Мырзахметов те Елбасының артқан сенiмiне алғысын бiлдiрдi. "Бұл шешiм – iстелiнген жұмыстарға берiлген баға деп ойлаймын. Елбасының жүргiзiп отырған саясаты мен өңiрiмiзге деген ерекше көзқарасының арқасында барлық салада қыруар шаруа қолға алынды" деген ол облыс халқының атынан К.Мәсiмовтi үйреншiктi қызметiне қайта бекiтiлгенiмен құттықтады.

– Екi жыл, әрине көп уақыт емес. Дегенмен атқарылған жұмыс баршылық. Мәселен облыстың әлеуметтiк-экономикалық қорытындысы бойынша iшкi жалпы өнiм алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Облысымыз индустриалдық карта бойынша ашылған жобалардың саны жағынан республикада үшiншi орынды, ашылған жұмыс орны жағынан төртiншi орынды иелендi. Сонымен қатар мемлекеттiк сатып алуда қазақстандық мазмұны көлемiнiң үлесi бойынша екiншi орында, кәсiпкерлiк нысандардың саны жағынан және "Бизнестiң жол картасы-2020" бағдарламасы аясында мақұлданған жобалар жөнiнен бiрiншi орында, ал ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң көлемiнiң өсуi динамикасынан екiншi орында тұр. Облыс әкiмiнiң бастамасымен 2009-2010 жылдары құрылыс нысандарының сметалық құны қайта қаралып, нәтижесiнде 13 млрд. теңге үнемделдi. Мемлекеттiк индустриялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы 30 жоба iске асырылса, 2011 жылы оны 63 жобаға жеткiзу жоспарлануда, – дедi әкiмнiң жұмысына оң баға берген облыстық мәслихаттың хатшысы Әбiлқасым Досболов.

– Оңтүстiк Қазақстан облысында жұмыссыздыққа, "Жол картасына", құрылысқа, өндiрiске қатысты мәселелерге көңiл бөлiңiздер, Үкiметпен қоян-қолтық араласып жұмыс iстеңiздер, – дедi жиынды қорытындылаған К.Мәсiмов Шымкенттен шұғыл Таразға ұшып кеткен. Кейiннен белгiлi болғандай, ол Жамбыл облысының әкiмi Қанат Бозымбаевты қайта орнына бекiту туралы Елбасы жарлығын облыс активiне таныстыру рәсiмiн түс ауа тындырып тастаған көрiнедi.

Жалпы, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi қызметiне кiрiскенiне 2 жыл 2 айға жуық уақыт болған Асқар Мырзахметовтiң бiрқатар табыстарға жеткенi, әсiресе облыс экономикасында iлгерiлеушiлiктiң барын сарапшылар да атап өтiп келедi. Мәселен жуырда "Аналитикалық ресурстар студиясының" сарапшылары Қаржы министрлiгi мен Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерi негiзiнде облыс және Астана, Алматы қалалары әкiмдерiнiң рейтингiсiн шығарды. Рейтингтегi бiрiншi орын Асқар Мырзахметовке бұйырыпты. "Оңтүстiк Қазақстан облысы кейiнгi жылдары экономикалық өрлеуге бет алған. Қаржы дағдарысынан кейiн де өңiрдегi жұмыс iстеп тұрған компаниялардың, кәсiпкерлiк нысандардың саны айтарлықтай өсiп келедi. Асқар Мырзахметовке кәсiпкерлiк жат емес. Ол облыс әкiмi тiзгiнiн алғанға дейiн "Оңтүстiк" Әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясын басқарды. Ауыл шаруашылығы министрi болған. Өңiрдегi оң өзгерiске облыс әкiмiнiң осы тәжiрибесi ықпал еткен болуы мүмкiн. Өйткенi Оңтүстiк халқының 60 пайызы ауылда тұрды, олардың негiзгi күнкөрiсi, табысы ауыл шаруашылығымен, кәсiпкерлiкпен байланысты" деп жазыпты сарапшылар.

Асқар Мырзахметов қарамағындағы шенеунiктерге қатаң талап қоятындығымен де ерекшелентiн сияқты. Сол талаптың кейде тым қатаң болып кететiндiгiнен шығар, Шымкенттен шығатын кейбiр газеттер әкiмнiң облыс тiзгiнiн қолға алған алғашқы 1 жыл 4 ай iшiнде 20 басқарма бастығының 18-iн, ал 15 аудан, қала әкiмiнiң 12-сiн жаңартқанын жазған едi. Орнына жаңадан бекiтiлiп, қызу құттықтаулармен қанаттанған Асқар Мырзахметов тағы да кадрлық сапырылыс жасай ма, жоқ па, оны алдағы күннiң еншiсiне қалдырдық.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы.