Нұрлан ҚОЯНБАЕВ: «ӘЗIЛ СТУДИО» 60 ЖЫЛДАЙ ӨМIР СҮРЕТIН ШЫҒАР...

Нұрлан ҚОЯНБАЕВ: «ӘЗIЛ СТУДИО» 60 ЖЫЛДАЙ ӨМIР СҮРЕТIН ШЫҒАР...

Нұрлан ҚОЯНБАЕВ: «ӘЗIЛ СТУДИО» 60 ЖЫЛДАЙ ӨМIР СҮРЕТIН ШЫҒАР...
ашық дереккөзі

Нұрлан Қоянбаевтың есiмi Көңiлдi тапқырлар клубында көбiрек аталады. Елiмiздiң командасын алға сүйреп жүрген азамат бүгiнде “31-арнада” продюсерлiк қызмет атқаруда. Оның қолтаңбасымен дүниеге келген "Әзiл студия", "Ризамын", "Қыздар-ай" бағдарламалары аталмыш телеарнада жиi-жиi көрсетiлiп те жүр. Көпшiлiк ықыласына бөленiп жүрген бұл бағдарламалар төңiрегiнде Нұрлан Қоянбаевқа бiрер сауал тастадық.

– "Әзiл студионың" дүниеге келгенiне де бiраз болды. "Әзiл студионың" авторы кiм? Бағдарламаны өзiңiз дайындадыңыз ба?

– Бiр кездерi "Хабар" агенттiгiнде "Шатақхана" деген бағдарламамыз болды. Ол бағдарламаны достарымызбен бiрлесе отырып, дайындаған едiк. Сол кезден берi өзiммен бiрге қатар жүрген достарым, әрiптестерiм бар. Бiз олармен ортақ идея төңiрегiнде жұмыс iстеп келемiз. Жұмысымыз да бiрге. Сондықтан сол бағдарламалардың бәрi дерлiк – бiздiң ортақ туындымыз. "Әзiл студио" да солай дүниеге келдi. Бұл күнделiктi шығатын бағдарлама болғандықтан, әзiл көбiрек болу керек. Күнделiктi түсiрiлiм жасауымыз қажет. Бiр жылдың iшiнде 1600 әзiл-сықақ түсiрдiк. Биыл осындай 1800 әзiл-оспақ түсiрудi жоспарлап отырмыз.

– Әзiлдердiң бәрi шағын болғандықтан, оның сценарийiн дайындауда қиындықтар болмай ма?

– Бiр бағдарламада отыз-қырық адам жұмыс iстейдi. Режиссерi бар, авторлары бар, дыбыс режиссерi, стилисi, операторы бар. Бұл кiшкентай бағдарлама емес. Оны күнде дайындау үшiн арнайы топ жұмыс iстеуде. "Әзiл студио" бағдарламасын интернеттегi оқырман жоғары бағалап жатады. Бұл – менiң пiкiрiм емес. Оған ғаламторды ақтарған адамдардың өзi куә бола алады. Бағдарламаның рейтингiсi жоғары болса, ол бiзге, яғни шығарушы топқа да өзiнiң оң әсерiн тигiзедi. Әрi қарқынды жұмыс iстей аламыз.

– Жалпы, ұсыныс қай жақтан түстi? Сiздердiң тараптарыңыздан ба, әлде телеарнадан ба?

– Ұсыныс екi жақтан да болды. Қазiр телеарналарға қазақша бағдарламалар түсiру қажет болып отырғандықтан, бiздiң ұсынымыз аяқсыз қалмады. Әрi өзiмiз де үнемi осындай әзiл-оспаққа құрылған қазақша бағдарламалар түсiрумен айналысып жүрдiк. "Әзiл студио" да "Қызық радиосы", "Шатақхана" сияқты бағдарламалардың жалғасы iспеттес. Қазiр де қазақ тiлiндегi бағдарламаларды дамыту жолындамыз. Әрине, бәрi оңай емес. Кадрлар жетiспей жатады. Сценарий жазатындар аз. Кез келген идеяны ойлап табуға болады. Жобаны дүниеге алып келесiң, оны дамытатын сценарий авторлары жоқ. Мүмкiн жап-жақсы сценарий жазатындар елiмiзде бар да шығар. Оны iздеп жүрмеймiз ғой. Қолымыздан келгенше, "Көңiлдi тапқырлар клубында" жүрген әрiптестерiмiз бар, солармен бiрлесе отырып сценарийдi өзiмiз дайындауға тырысамыз. Сол бiрлескен топтың қолынан шыққан бағдарлама – "Әзiл студио" бiр жарым жыл iшiнде жақсы көрсеткiшке жеттi деп ойлаймын. Жақында "Әзiл студиосы" бағдарламасы Таиландқа барып қайтты.

– Тай елiне бару үшiн бiрталай қаржы қажет емес пе?

– Қаражат керек екенi рас. Бiр адам емес, он екi адамды бiрдей алып бару оңай емес! Алты актер бар, тобымыздағы басқа да мүшелерiмiз бар, яғни дыбыс режиссерi, операторларымыз бар, әйтеуiр бәрiмiз ретiн тауып, туристiк агенттiкке шығып, Таиландқа барып қайттық. Бiздiң “31-телеарнаға” айтар алғысымыз да шексiз. Тай елiне барып қайтуымызға телеарна көп көмегiн тигiздi. Сапарға байланысты сауалдарды бес-алты күннiң iшiнде шештiк десек те болады.

– Бiр бағдарламаны қанша уақытқа жоспарлап түсiресiздер?

– Әрбiр бағдарламаның арнайы жоспары болады. Бәрi жақсы болып жатса, "Әзiл студио" төрт-бес жыл өмiр сүредi деп ойлаймын. "Ризамын" деген бағдарламаны алар болсақ, жасырын камерамен түсiрiлетiн дүниелер болғандықтан, оның ғұмыры ұзақ болуға тиiс. Батыс мемлекеттерiнде бұрыннан бар дүние. 50-60 жыл өмiр сүрiп келедi. Соған қарағанда, бiзде де осылай ұзақ өмiр сүруге тиiс.

– "Ризамын" бағдарламасы тосыннан түсiрiлетiндiктен, көрермен тарапынан ренiш-өкпе туындамай ма? Бiздiң табиғатымыз тосыннан түсiрiлген дүниелерге әлi дайын емес сияқты.

– Ондай жағдайлар болады. Ренжiп жатқан азаматтар болса, оны телеарнадан көрсетпеуге тырысамыз. Бағдарламаның да мақсаты осы, көрерменнiң ренiшiне қалмау, ризашылығын алу.

– "Әзiл студионы" көргендер оны "6 кадров" бағдарламасына ұқсатып жатады. Бұл бағдарлама "6 кадровтың" көшiрмесi емес пе?

– "Шатақхана" деген бағдарламаны көрген боларсыз. Сол бағдарлама өз уақытында түсiрiлген қызықты бағдарламалардың бiрi болды деуге болады. Сол бағдарламадан соң, төрт-бес жыл өткеннен кейiн ғана "6 кадров" шықты. Сондықтан бiз "6 кадров" бағдарламасынан алдық деп айта алмайтын сияқтымыз. Бiздiң ойымызша, "Әзiл студионың" негiзгi iргетасы "Шатақханадан" басталды деп айтар едiк.

– "Шатақхана" бағдарламасының құрамы тек жiгiттерден тұрды. "Әзiл студиоға" екi актриса қызды қостыңыздар…

– "Әзiл студиоға" ешқандай кастинг жасаған жоқпыз. Өзiмiз бiлетiн адамдарды топтастырдық. Нұрдәулет Шертiм, Мұрат Жұмабаев және Даурен Айдарқұлов кезiнде "Шатақханада" ойнаған. Одан кейiн театрда жұмыс iстеген, университетте сабақ берiп жүрген Нұржан Тұтов деген ағамызды шақырдық. Егiзова Нұрбигүл деген қарындасымыз келдi. Ол – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бiтiрген, "Қазақстан" телеарнасында ұлттық музыкалық бағдарламаларды жүргiзген қызымыз. Сiлбаева Гүлнәр деген қарындасымыз бар. Өте талантты қыздар. Бұл бағдарламаға қыздарды қабылдаған себебiм, әзiл-сықақ әлемiнде жүрген қыздар аз. Қыздардың көбi әншi, журналист болғысы келедi. Нұрбигүл мен Гүлнәрға әуел баста бағдарламаның қандай екендiгiн түсiндiрдiк. Олар өздерiнiң келiсiмiн бердi. Ұлдарымыз да қарсы болған жоқ. Қазiр ұжым Таиландқа барып, он екi күн бойы түсiрiлiм жасап қайтты. Олар сол жақта да өздерiнiң ұйымшыл екендiктерiн көрсеттi. Таиландта жүрген жерлестерiмiз де бар екен. Олар бiздi танып, бiздiң қасымызда жүрдi. Бiзге автобус бердi. Таи елiнде саябақтарда түсiруге рұқсат бермейдi екен. Саябақ басшылығының келiсiмiн алдық. Шығын көп болды. "Шығынсыз кiрiс болмайды" дейдi ғой. Таиландқа бару себебiмiз, әзiлдiң деңгейiн көтеру болатын. Көрермен қалай қабылдайды, әзiр белгiсiз. Таи елiнде түсiрiлген бағдарламаларға қазiр монтаж жасалып жатыр. Келесi аптада шығу керек.

– Әзiл-оспақ бағдарламаларынан бөлек, салмақты сараптамалық бағдарлама жасау ойларыңызда бар ма?

– Мұндай ой болды. Өзiм тарихшы болғандықтан, сараптамалық бағдарлама ашсақ па деген оймен, бiр бағдарламаның жобасын ойлағанмын. Бiрақ әлi жүзеге асыра қойған жоқпын. Қазiр үш-төрт жоба ойда жүр. Жақында өз КВН тобымызбен шетелге барып қайттық. Германияда жеке өнерiмiздi көрсеттiк. Концертiмiз аншлагпен өттi.

– Концерт қай тiлде өттi?

– Орыс тiлiнде. Қазақстаннан көшкен немiстер келiп тамашалады. Биыл Қазақстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай, Қазақстан КВН командасымен бүкiл әлемнiң астаналарын аралап қайтуды жоспарлап отырмыз.

– "31 арнадан" бөлек, басқа арналармен де жұмыс iстеп жүрсiздер ме?

– Жоқ. Бiздiң ұжым басқа телеарналармен жұмыс iстеп жатқан жоқ. Бiздiң мақсатымыз – жақсы қазақша бағдарламалар шығару. Барлық бағдарламаларымыз жоғары деңгейге жеттi деп айта алмаймын. Бiздiң бағдарламалардың көбi әлi iзденiс үстiнде. "Ризамын" бағдарламасы жақында шықты. Оның да әлi жұмысы көп. "Қыздар-ай" бағдарламасы ендi-ендi қолға алынды.

– "Әзiл студио" – сатираның бiр баласы сияқты дүние ғой. Бұл бағдарламаға сатирик ағаларымыздың пiкiрi қандай?

– Әзiрге ешкiмнен сын естiген жоқпыз. Танымал адамдарды айтатын болсақ, кейбiр ағаларымыздың бұл бағдарламаға деген пiкiрi жақсы. "Телеарнадан әзiл шығару бiр бөлек, сахнада ойнау бiр бөлек. Телевидениеден әзiл күту көрермен үшiн қиын болары анық" деген пiкiрлер айтады. Кейбiр әншi аға-апаларымыз жылы пiкiрлерiн айтып жатады. Қысқалық – өмiршең бағдарламаның бiр форматы ғой. Бес-алты минуттық әзiлдi тыңдау бiр басқа да, бiр минуттық әзiлдi көру бiр басқа.

– Бағдарламаның басты мақсаты – көрерменiне көтерiңкi көңiл күй сыйлау дейсiз ғой.

– Көтерiңкi көңiл сыйлау. "Көңiлдi тапқырлар клубына" тәрбие берген Масляков болса, оған осындай ұстанымды үйреткен де телеарна шығар. "Көңiлдi тапқырлар клубында" бiрер минуттың iшiнде бiрнеше қалжыңды көрерменге жеткiзуiң керек. Бес минутқа барлығын сыйдыру керек. Осы тұрғыдан келгенде, Масляковтың мектебi – бiзге үлкен тәрбие мектебi болды десек те болады. Бiздiң бүгiнгi жиған-терген тәжiрибемiздiң көбi – сол КВН-ның арқасы. Қазiр бiз салмақты бiр бағдарлама жасаумен айналысып жатырмыз. Бұл бағдарламаның форматы да өзгеше болмақ.

– Құпия болмаса, аты қалай аталады?

– Әзiрге "Әзiл-музик" деп қоя салдық. Ресейдiң жұлдыздарын, өзге де елдердiң жұлдыздарын шақырып, бiр халықаралық жоба түсiрмекшiмiз. Олардың бәрiне түсiнiктi болу үшiн бiр желi ойлап табу керек болып тұр.

– Бұл бағдарлама қай тiлде түсiрiлетiн болады?

– Қазақ тiлiнде болады. Өзге ұлт өкiлдерi келсе, онымен он-он бес минут сол ұлттың тiлiнде сұхбат жүргiзуiмiз мүмкiн. Әрi сол сұхбатты өзiмiздiң елге белгiлi азаматтарымыз жасауы да ғажап емес. Бұл әзiрге жоба ғана. Құдай бұйыртса, жаз айларында осы жобамен айналысуды қолға алатын шығармыз.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА