Жаңалықтар

Хат келдi оқырманнан ой арқалап...

ашық дереккөзі

Хат келдi оқырманнан ой арқалап...

Редакцияға елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келетiн хаттар легi толастаған емес. Газет бетiнде көтерiлген мәселеге жеке пайымын, терең ойы мен өз көзқарасын бiлдiруге асық-қан оқырманның айтары көп. Бiлiм, экономика, жастар мәселесiн көтерген тақырыбы ауқымды, өмiрiмiздiң ащы шындығын арқау еткен бiр топ оқырман хаттарын көпшiлiктiң назарына ұсынып отырмыз.

КЕҢЕСТIК БIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIНЕН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

Ата-ана ретiнде баламның ашық сабағында отырмын. Мұғалiм оқушыларына сабақ түсiндiруде. Ал оқушылар тым-тырыс күйде тыңдап отыр. Бұл дәстүр Кеңес дәуiрi кезiндегi сабақ беру тәсiлiн еске түсiредi. Бiле бiлсек, бұл балалардың ойлау еркiндiгiне керi әсер етедi.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын американдық жазушы Роберт Киосаки "Бай әрi бақытты болғың келсе, мектепке барма" деген кiтап шығарып, американдық жұртшылықты тың ойларымен, өткiр пiкiрлерiмен таңғалдырды. Киосакидiң ойынша, АҚШ-тың заманауи бiлiм беру жүйесi жас ұрпаққа тәлiм беруде көптеген өрескел қателiктерге жол берiп, әсiресе баланы табиғи дарынынан айырып, тұлғалық қасиетiн құртуға бағытталады екен. Киосакидiң бiлiм мәселесiне қатысты ой-пiкiрлерi, тұжырымдары тек Америкада емес, көптеген өзге елдердiң бiлiм беру жүйесiне де қатысты айтылған сыңайлы. Бiздiң елiмiздiң бiлiм саласында да шешiлмеген проблемалар баршылық. Егемендiк алғанымызға жиырма жыл болса да, бiлiм беру жүйесi кеңестiк бiлiм беру жүйесiнен еш өзгермегенiн байқаймыз. Кеңестiк бiлiм беру жүйесi социалистiк, коммунистiк идеяның ықпалымен жасақталып, сол бағытта жұмыс iстедi. Арагiдiк жаңа бастамалар бой көтерiп, бiлiм берудiң шетелдiк озық тәжiрибелерiн енгiзiп жатқанмен, арты сиырқұйымшақтанып кеткендей көрiнедi. Жекеменшiк ақылы оқу орындары төңiрегiнде бұл мәселеге қатысты қандай шешiм шығып, қалай жұмыс iстеп жатқандығынан бейхабармыз. Десек те қалталы кәсiпкерлердiң соңғы кездерi өз балаларын жекеменшiк оқу орындарына беруге тырысып-бағатынын байқайсың. Уақытында кеңестiк бiлiм беру жүйесi әлемдегi озық жүйе болған дейдi. Оны көптеген шетелдiк ғалымдар да растаған, мойындаған. Алайда бiлiм берудегi әдiстер, тәсiлдер мен жалпы мазмұны заман талабына сай өзгерiп тұрмаса, өз мәнiн жоғалтпаушы ма едi?.. Сонымен қатар бiз егемендi ел болдық, дамудың жаңа формациясына түсiп, өркендеудiң даңғыл жолын бетке алдық. Әлемдегi дамыған елдердiң қатарынан орын алу үшiн бiрiншi кезекте бiлiм деңгейiне көңiл аудару қажет. Бiз кеңестiк дәуiрдiң санамызға сiңiп, бойымызға қалыптасып қалған стереотиптерiнен арылмасақ, алға қарай қарыштап қадам басуымызда талай қиындықтарға кездесе беремiз. Тоталитарлық жүйенiң елде сөз бостандығын тежеп, ой еркiндiгi мен жеке көзқарасын бiлдiруге қарсы саясатты қатаң ұстанды. Бiлiм саясатын да осы бағытта жүргiздi. Рухани тәуелдiлiк, құлдық психология, өз ойын еркiн айта алмаушылық сияқты сол заманнан қалған әдеттер табиғатымызға сiңiсiп кеткен. Одан арылу әлi көп уақытты қажет етедi.

"ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық" дейдi Елбасы өз Жолдауында. Сонымен қатар мемлекет басшысы қазақстандықтардың, әсiресе жасөспiрiмдердiң бiлiм алу мәселесiне аса маңызды талап жүктедi. Көп ұзамай 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшкелi жатырмыз. Әлемдiк тәжiрибеде бұл қолданылып жүрген жүйе. Бұл кезде оқыту процесiнде өзгешелiктер болатыны анық. Талап күшейедi. Мiне, аталмыш мәселеге бiз күнi бұрын дайын болуымыз қажет-ақ. Өйткенi мектептегi оқу құралдары, оқулықтар шынайы өмiрмен, өңiрмен байланысы жоқ десем, артық айтқандық емес. Қолданыстағы методика ескi. Материалдық техникалық база, кабинет жабдықтары – кеңестiк жүйеден қалған мұралар. Ал ең бастысы, шешушi фактордың бiрi – оқытушы құрамның кәсiби деңгейi. Бұл күндерi педагог мамандардың көбiсiнiң бiлiктiлiгi замана талабына сай емес. Ескi методикамен жұмыс iстеп қалған ұстаздарымыз жақын арада бұл әдiстен арыла қоймасы анық. Кеңестiң бiлiм беру жүйесiмен жұмыс iстеудi жалғастыра берсек, көштен қалып қоюымыз әбден мүмкiн. Әлемдiк оқытудың озық әдiстерiн, технологияларын кеңiнен қолдануымыз керек-ақ. Мұғалiмдердiң ғылыми, кәсiби тұрғыдан жетiлуiне деген талаптың күннен-күнге күшейе түсуiн қадағалау керек. Жергiлiктi бiлiмдi жетiлдiру мекемелерiнде шетелдiк ғалымдарды шақырып, семинар, коллоквиум өткiзудi тәжiрибеге енгiзсек пайдалы болар ма едi, кiм бiлсiн?! Соңғы кездерi ауызға көп алынып жүрген оқу орындарының бiрi – Қазақ-Түрiк лицейi. Нәтиже көрсеткiшi де жоғары, жұмыс iстеу тәсiлi, бағдарламалары өзгеше. Мүмкiн аталмыш оқу орнымен тәжiрибе алмасып, озық әдiс-тәсiлдерiн үйренуге болатын шығар. Бұл да тиiмдi әдiстiң бiрi деуге болады.

Қорыта айтатын болсақ, бiрқатар батыс елдерiнiң мектептерiнде сабақ соңында мұғалiмi шәкiрттерiне "Сабақтан ләззат алдың ба?" деген сұрақ қояды екен. Бұл ертедегi философ Абуль-Фарадждың "…шәкiрттiң дәрiстi түсiнгендiгiнiң шын белгiсi "иә" деген жауап емес, шәкiрттiң жүзiндегi қуаныш болып табылады" деген ұлағатты сөздерiн еске түсiредi. Бүгiнгi жасөспiрiм – ертеңгi ел тұтқасын ұстайтын азамат. Бiлiктi, бiлiмдi, еркiн ойлы азамат қалыптастыруға бәрiмiздiң мүдделi екендiгiмiздi ескерсек, бүгiнгi жас ұрпақ тәрбиесiнде қателiктерге жол бермей, ұлттық сара жолды таңдай отырып, әлемдiк озық тәжiрибелердi негiзге алып, батыл қадамдар жасауға тиiстiмiз. Бiлiм мен ғылым – қоғамды дамытатын негiзгi күш, оның бүгiнi мен болашағы, бәсекеге қабiлеттiлiгiн анықтайтын негiзгi фактор. Бүгiнгi күнi бiлiмнiң маңызын айтып жатудың өзi артық. Бұл кезең – ақпараттар, жетiк технологиялар заманы. Айналамыздың бәрi, бүкiл өркениет осыған бейiмделiп, постиндустриалдық қоғам қалыптасып келедi. Осындай ортада табысты жұмыс iстеп, берекелi өмiр сүру үшiн бiлiм керек. "Бiлiм – үлкен күш" дегендей, жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып, бойында тұлғалық қасиеттердi қалыптастыру – баршамыздың басты мiндетiмiз болып қалуы керек.

Қанат Әбдiманапұлы

Алматы қаласы

КЕҢ ЕТЕК КӨЙЛЕК, МОЛ ЖАУЛЫҚ

Дана халқымыз "Ағаш көркi – жапырақ, адам көркi – шүберек" дегенiндей, адам баласы ұятты жерлерiн жасырып, абыройын қорғаумен ғана адамдық санатын сақтамақ. Олай болса киiм дегенiмiз – дәл осы ұят пен абыройдың қалқаны. Елiмiзде Исламның етек жаюымен бiрге ұятты жерлердi жауып жүретiн ұзын көйлектер мен ұзын шапандарға, орауға еркiн жететiн кең жаулықтарға сұраныс күннен күнге арта түстi. Осы орайда ата дiнiн қайта тапқан қаракөз әпке-қарындастарымыз өздерiне лайық, ықшамды да көрiктi, үйлесiмдi ұлттық үлгiдегi киiмдердi таппай, шарасыздан хиджаб киюге мәжбүр болды. Ондағы олардың ойлары басқа ұлт болып кету емес екенi баршаға аян. Олар тек әуелi Алланың Құрандағы үкiмiн, екiншi – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) суннатын, үшiншi – халқымыздың ежелден сақтап келе жатқан ар-ұятын берiк сақтау мақсатында ғана хиджабты кигенi анық.

Оларды бiз түсiнуiмiз керек. Олар – ұлтымыздың жетпiс жыл бойына терiстелiп келген дiнiн қайта жаңғыртушылар. Дiндi тұтыну оның шарттарын (шариғат) толық орындаумен iске асады. Оның үстiне мемлекетiмiздiң Ата Заңында "Республика азаматына ар-ұждан бостандығына – өзiнiң дiнге көзқарасын дербес бiлдiруге, олардың кез келгенiн уағыздау, не ешқайсысын уағыздамау, дiнге көзқарасына байланысты сенiмiн тарату және соларға сәйкес iс-әрекет жасау құқығына кепiлдiк берiледi" деп баттитып тұрып жазылып, дiн iстерi сол бойынша жүзеге асырылып жатқанына жиырма жыл болды. Тiптi басқа заңдардың көбiне өзгерiстер әлденеше рет енгiзiлсе де, бұл баптың бiрде әрпi өзгермей келе жатқаны тағы рас. Демек бiздiң елiмiзде дiнде кiм ненi, қай жолды ұстанады – ол оның өз еркi.

Жалпы, ұлтымыздың дiнiн ұстанушы азаматшаларға бұлайша қысым жасауға Ата Заңымыз әсте жол бермейдi! Олар тағы тек "хиджаб қана киемiз, басқа ұлттық киiмдi кимеймiз" деп қасарысып отырған жоқ. Олар уақыты келiп, елiмiзде ұлттық үлгiдегi сәндi, дiни талаптарға да сай киiмдер тiгiлгенге дейiн осы хиджабты киiп жүруге мәжбүр.

Бiздiң кейбiр қаракөздерiмiздiң ұлттық менталитетiмiзге де, дiнiмiзге де, мәдениетiмiзге де сай келмейтiн басқа да толып жатқан жат "мәдениеттердiң" үлгiсiндегi киiм үлгiлерiн киiп, ащы айтқанда, адамдық ар-намысымызды табанға таптап, кiндiгiн, бөксесiн, кеудесiн ашып етiмен-ет "киiмдердi" киiнiп, ойына не келсе, соны iстеп жүрсе де оларға "қыңқ" демеймiз. Олар "ұлтты жоятын болды, басқа болып кететiн болды, арымызды, ұлттық намысымызды төктi, неге ұлттық киiм кимейдi?" демеймiз. Бұл не сонда?

Жалпы, ұлтымыздың иманға келген азаматшаларының ұлттық киiм киюiне бiз әсте қарсы емеспiз. Тiптi қуанамыз. Киiнсiн! Бiрақ дәл қазiр қайдағы ұлттық киiмдi киедi? Әртiстердiң әлем-жәлемiн кие ме? Қазiргi бар, аздаған ұлттық үлгiдегi киiмдер тек сахнаға, әртiстерге арналған ғой. Осыны бiле тұра, ел иманын жаңғыртып, әдеп пен ибаны халқымызға қайтадан алып келе бастаған, ұлттың имани қайта түлеуiне үлес қоса бастаған аналарымызды, болашақ аналарды бұлайша құбыжық көргендей күстаналауымызды қалай түсiнуге болады?

Бiздiң кешегi аналарымыз, аруларымыз, қыздарымыз өткен ғасырдың алдыңғы ширегiне дейiн қалай киiнгенi бәрiмiзге белгiгi. Олар әрине хиджаб киген жоқ. Бiрақ хиджабтың қазақша үлгiсiн немесе кең де ұзын көйлек, камзол, сәукеле, шылауыш, кимешек, бөртпе салы кигенi, ұятты жерлерiн көрсетпегенi бәрiмiзге белгiлi. Бiз бәрiмiз сол ұятшыл, намысшыл, иманды, дiнiн берiк ұстанған, бүркенiп киiнген аналардан тумап па едiк, ағайын!

Батыс "мәдениетiне" мейлiнше сүңгiген болашақ аналарымызды киiндiре алмай жатқан да, Алланы танып, өздiгiнен ұятын жапқан, ақиқатқа қайтқан, тәубасына келген, шындықтың не, жалғанның не екенiн бiлген, дәретсiз жер баспаудың, дәретсiз бала емiзбеудiң жолын тапқан, бiртiндеп ұлттық дәстүрдi қайта табуға беттеген, жарды, баланы, Отанды қалай таза сүюдiң жолына қайтқан, ұлттық дiнiн сүйген азаматшаларымызды бұлайша өзек тептi етсек, бiз қайтiп ел боламыз?

Ұлтты жалған сүюшiлер осы ретте ойлансын. Қарасын жан-жағына. Жалпы арулардың бүркенiп жүруiне қарсылық – Алланың Құрандағы: "Мүмин әйелдерге айт: (Бөгде ерлерден) көздерiн сақтасын. Әрi ұятты жерлерiн (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерiн көрсетпесiн. Бiрақ олардың өздiгiнен көрiнетiндерi басқа (бет, қол-аяқтары). Және бүркенiштерiн омырауларына түсiрсiн. Зейнеттерiн көрсетпесiн" (Нұр сүресi, 31-аят) деген үкiмiне қарсылық.

Мұнда кейбiр "бүркенген деген осы екен" деп, жүздi түгел тұмшалап немесе екi көзiн ғана қалдырып, басқа жерiн тұтастай жауып алатындардың жөнi басқа. "Бiрдiң кесiрi мыңға" дегендей, сондай бүркенушiлер дiнiн қайтадан тауып жатқан халқымызды аздап "үркiтiп" жатқаны да рас. Ол азаматтар да ойлансын. Олар дiн мен дәстүрдi қайшы қойып алмаса екен. Фитнә тудырып алмау үшiн киiнуде де ортақтықты ұстанғаны мақұл-ақ. Жалпы алғанда мұсылманша киiнуге қырын қарамайық, ағайын! Оның атын есептемегенде, ол бар болғаны – кең жаулық, ұзын шапан, ұзын көйлек қана. Солай!

Құл-Керiм ЕЛЕМЕС,

Қызырғазы Тоқтар

ШИКIЗАТҚА ТӘУЕЛДI ЭКОНОМИКАНЫҢ КЕЛЕШЕГI БҰЛЫҢҒЫР

2007-2008 жылдары әлемдi шарпыған экономикалық дағдарыс алдағы жылдары қайталануы мүмкiн. Қара алтын бiр мемлекетке бақыт әкелсе, екiншi мемлекетке сор болып тиюде. Есесiне, қарапайым халық кедейшiлiктiң қамытынан шыға алмай келедi. Мұны араб мемлекеттерiнде болып жатқан дүмпуден аңғаруға болатын сияқты.

Дәл қазiр әлемдегi мұнайдың бiр бөшкесi 120 АҚШ долларына теңестi. Бұл баға сағат сайын өсуде. Мұнай бағасының шарықтауы жақсылыққа апармайтыны анық. 2008 жылдың шырғалаңы немен бiткенiн бәрiмiз жақсы бiлемiз. Мұнайдың бағасы тұрақты болмаса, нарықтық экономика да шегiне жетiп жарылады.

Америкада жанармайдың бағасы 30 пайызға өстi. Жергiлiктi әкiмшiлiк конгрестен келешек ұлтқа сақтап қойған резервтегi мұнай қорларын iшкi сұранысқа пайдалану үшiн рұқсат сұрауда. Нарықтағы жағдайға келсек, бiр қарағанда бәрi жақсы сияқты. Себебi, энергоресурсқа, экспортқа кетiп жатқан тауарлардың (шикiзаттар), металл, астық, т.б. бәрi өте жоғары бағамен сатылуда. Әрине, бұл бiр жағынан қарағанда, ақша бюджетке уақытында түсiп жатыр. Осы жағдайда қарапайым халық бағаның өсуiн түсiнбей дал. Олар күнделiктi пайдаланып отырған азық-түлiк, жанармай, су, электр жарығы бағаларының өсiп кетуiне наразылық бiлдiруде. Ендi осы проблемалық сұрақтарға жауап берiп көрейiк.

Бiрiншi, Қазақстан әлемдiк экономиканың бiр бөлшегi болғандықтан оқшау өмiр сүре алмайды. Әлемде болып жатқан өзгерiстер, экономикалық дағдарыстар бiзге де керi әсерiн тигiзуде. Экономикадағы үлесiмiзге келсек, сауда айналымымыз Ресеймен 30 пайыз, Еуроодақпен 25 пайыз, алып Қытаймен 20 пайызды құрайды. Қазақстан бұл мемлекеттерге шикiзат сатса, бiз олардан халық күнделiктi тұтынатын дайын тауарларды сатып аламыз. Шикiзатқа қарағанда тауардың бағасы қымбат болады. Шикiзатқа тәуелдi болған экономиканың келешегi жоқ.

Екiншi, бiзде нарықтық экономика белең алған. Елiмiздегi бюджеттiң кiрiсi мен шығысы, мұнайдың бағасы шарықтамай тұрғанда алдын-ала бекiтiлiп қойғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан бюджеттi қайтадан пысықтап қарауымызға тура келедi.

Үшiншi, баға көтерiлген кезде, әсiресе жеке кәсiпкерлерге өте қиын тиедi. Кәсiпорынды жалға алып, шығындалған кәсiпкерлер банкротқа ұшырайды. Себебi, халық бұрынғыдай шашылмай, ақшаларын үнемдеуге көше бастайды. Шығыны көп кәсiпкердiң сатқан тауарынан түскен пайда әлгi шығындарды өтеуге де жетпей қалады. Бұдан тiптi Үкiмет те, бюджет те, кәсiпкер де ұтылады. Кәсiпкердiң жұмысы жүрiп тұрғанда Үкiметке масыл болмай бәрiн төлейтiн. Ең соңында олар жұмыссыздар санын құрайды. Ал жұмысы жоқ адам билiкке де, үкiметке де наразы болатыны түсiнiктi. Қалтасында көк тиыны жоқ адам ызақор келедi. Осындай жандардың көбi өзiмiздiң қандастарымыз.

Төртiншi, энергоресурс, экспортқа кетiп жатқан тауар, металл, астық, т.б. жоғары бағамен сатылып жатқан тауарлардың жеке қожайындары бар. Олар сатылған тауардың пайдасын көрiп, тек мемлекетке салық төлейдi, сонымен қарамағындағы қызметкерлерi мен жұмысшыларға жалақы төлейдi.

Бесiншi, энергоресурс, экспортқа кетiп жатқан шикiзаттың бағасы iшкi нарықтағы қарапайым халық тұтынатын тауардың бағасына тәуелдi болып келедi.

Алтыншыдан, монополистерге келсек, олар да тәуелдi. Халыққа қызмет көрсету түрлерiнiң бағасын көтере қояды. Оқырманға түсiнiктi болу үшiн мысалдардың кейбiреуiне ғана тоқталсақ.

Мұнайдың бағасы өссе, одан өндiретiн заттардың бағасы да өседi. Мазут, керосин, жанармай бiрден қымбаттайды. Халық тұтынатын тауарларды транспортпен жеткiзбей ме? Тұтынушыға жанармай мен солярканың жаңа бағасымен тасымалдайды. Бұрын транспортқа 3 мың теңге төлесе, ал қазiргi баға 5 мың теңге. Сатушы баға өскен кездегi 2 мың теңге айырмашылықты тауардың бағасына қоспаса, шығынға қалады. Сатқан тауарынан пайда түспесе, онда жұмыс iстеудiң қажетi қанша? Ол кәсiпкер шығынға ұшырайды. Ал мазутты көбiнесе электростанциялар пайдаланады. Өндiрiлген мазут жоғары бағамен келсе, олар да бағасын көтере қояды. Электр энергиясы – олардың тауары. Егер қажетiңе пайдалансаң, ақшасын төлеуiң керек. Әйтпесе қиып тастайды. Себебi, бiз нарықтық экономикалық елде өмiр сүрiп жатырмыз. Су мен жылу жүйесi қымбаттаса, тауар да қымбаттайды. Қазiр кез келген кәсiпорын электрсiз жұмыс iстемейдi. Электр энергиясының тарифi көтерiлсе, кәсiпорын да өндiрген тауарының бағасын өсiредi. Сол кезде күнделiктi тұтынатын тауарлардың бағасы қымбаттап кетедi. Бағаның шексiз қымбаттауы қарапайым халыққа керi әсерiн тигiзедi.

Құрманғали Ашанұлы, кәсiпкер

АУЫЛ ЖАСТАРЫ МАСЫЛДЫҚҚА БОЙ АЛДЫРДЫ

– Қазiр бiреуге иек сүйеп өмiр сүрушiлер көбейдi. Ауылға бара қалсаң жұмыссыз, мақсатсыз көшеде топ-топ болып сенделiп жүрген жастарды көресiң. "Не iстеп жүрсiңдер?" деген сұраққа, бiрiнiң аузына бiр түкiрiп қойғандай жамырап: "Ауылда жұмыс жоқ қой. Басқа жаққа баруға зауқымыз тартпайды. Туған жердi, атамекендi қимаймыз. Оның үстiне қолымыздағы ата-анамызды кiмге қалдырамыз. Олар бiздiң бетiмiзге қарап отыр емес пе?" деген уәж айтады. Өздерi сол қарттардың зейнетақысы мен жас балаларына мемлекет ай сайын берiп жатқан жәрдемақыны нәпақа етiп, күнелтiп жатқандарын iштерiне бүгiп қалады. Шындап келгенде, ой таразысынан өткiзер болсақ, iстеймiн деген кiсiге ауылда жұмыс бастан асып жатқан жоқ па?! Жаздағы мүмкiншiлiктi пайдаланып егiн егiп, бақша салып, шөп шауып дегендей бiраз тiрлiк жасауға болады емес пе?

Алысқа бармай-ақ қоялық, өзiмiздiң Мерке өңiрiнен өтiп бара жатып, үлкен жолдың бойында ара балының түр-түрiн қысы-жазы сатып тұрған басқа ұлт өкiлдерiнiң төзiмдiлiгiне, еңбекқорлығына қайраң қаласың. Ойласаң, солар өздерi кәсiп еткен омарта арқылы бүкiл отбасының нәпақасын өтеп, күнделiктi қажеттiлiгiн қамтамасыз етiп отыр емес пе? Ал бiздiң қандастарымыз ондай iске баспайды, тiптi аштан iлмиiп, сiңiрi созылып жүрсе де оны намыс көредi. Ерiншектiк, жалқаулық, селқостық, енжарлық, тоғышарлық, берекесiздiк, дауасыздық көп жастардың бойын қатты билеп алған тәрiздi. – Басқалар қандай екенiн қайдам, мен ауылға барсам iшкi дүнием әлем-жәлем болып, көңiлiм құлазып, жүрегiм езiлiп, күңiренiп қайтамын, – деп менi сөзге тартты кезiнде ауылда өсiп, көп жылдар бойы облыстық мекеменiң бiрiн басқарған зейнеткер Әлiбек деген таныс кiсiм.

– Ауылдағы көптеген үйлердiң маңында бау-бақша мүлдем жоқ, барларында арам шөп басып, есiк алды қаңсып бос жатыр. Сол маңнан ағып жатқан Талас өзенiнiң суын өз пайдаларына жаратуға ерiнедi-ау сабаздарың. "Оу, ағайындар! Мына тiрлiктерiң не? Анау өзен жағасындағы бос жатқан жерлердi иемденiп, егiн мен бау-бақша, ең болмаса жоңышқа егiп, пайдаға асырмайсыңдар ма? Огород неге екпейсiңдер, неге сөйтiп оның пайдасы мен рахатын көрмейсiңдер?" – десем, олардың жауабы да дайын тұрады: "Суды шығаруға күш керек, техника керек. Егiн, жоңышқа, бау-бақша ексек, оған мал тыныштық бермейдi, жайпап, жеп қояды. Сондықтан ештеңе екпеймiз. "Мал өсiрсек соның өзi бiзге жетпей ме?" деген уәж айтады әлгiлер. Ал сол малға пiшен-шөбi, жоңышқасы қыстың соңына қарай жетпей, қаладағы базардан шөп алып, машинаға тиеп ауылға кетiп бара жатқан талай жерлестерiмдi көрдiм. Уақыт көшiнен кешеуiлдеп қалған ауыл тұрғындарын түсiну қиын. Мiне, қазiргi ауыл тұрғындарының бояусыз өмiрi. Бұған сенесiз бе, сенбейсiз бе? – деп көңiлсiз ойды одан әрi өрбiттi әлгi көңiлi ояу, көзi ашық азамат.

Иә, несiн айтамыз, "Ауыл – бiздiң алтын дiңгегiмiз", "Ауыл – алтын бесiгiмiз" деп ауылды мадақтап жүрiп, ондағы берекенi кейiнгi жылдары қожыратып алғанымыз жасырын емес. Бәрiмiз ауылдан шықтық, ауыл тұрмысын, ауыл адамының психологиясын бiр кiсiдей бiлемiз.

Ерiксiз көз алдыма көлбеңдеп ту алыста қалған, бүгiндерi тәттi сағымға, тiптi сары сағынышқа айналған балалық шақ келедi. Ол кезде әкелерiмiз бен шешелерiмiздiң "Еңбек – бәрiн де жеңбек" деп кетпен-күрек, бiлектiң күшiмен ауыл сыртындағы өзен бойында шым тоған байлап, оның суын құлама жарғабақтардың қия бетiнен қиып өткiзiп, иiн арықтар арқылы егiндiкке, бау-бақша егетiн тегiстiктерге, ауыл көшелерiне су шығарып, жаз бойы сол арықтардың көмегiмен бау-бақша өсiрiп, тал-дарақ көгертiп, үй маңын көгалдандырып, тек бiр отбасын ғана емес, бүкiл өңiрдi берекеге айналдырып, жаз бойы көкөнiске (қауын-қарбыз, өрiк-алма, картоп, пияз және т.б.) тойдырып, ауылдың берекесiн келтiрiп, керемет бiр жан рахатына бөлейтiн. Ой, шiркiн, сол бiр берекелi, мерекелi оралмас күндер-ай десеңшi!

Ал қазiр ауыл маңынан ағып жатқан өзеннiң мол суын пайдалануға құнт жоқ. "Техника жоқ", "трактор-бульдозер, экскватор жоқ" деп қу шөппен ауыздарын сүртiп, бiрiне-бiрi қарап отыр. Олар сырттан бiреу келiп, тоған байлап бермейтiнiн бiлмейдi дейсiз бе, бiледi. Бiле тұра "мен салар да, сен салар, атқа жемдi кiм салар?" деген принциппен бiрiне-бiрi иек артып, тоғышарлыққа салынып, ешқайсысы артық қимылдағысы келмейдi. Оның орнына олар қалаға барып, базарда арба-тәшке итерiп, көше бойындағы "еңбек биржасында" жүргендердiң санын көбейткендi жөн көредi. Бәзбiреулерi араққа салынып, тiптi бiрең-сараңы үйсiз-күйсiз "бомжға" айналуы ғажап емес. Өйткенi қала өмiрi қатал, бейқамдықты, жалқаулықты кешiре бермейдi. "Еңбек адамды бүтiндейдi, жалқаулық адамды түтiп жейдi" деп қазекем орынды айтқан.

Түсiнген адамға, қазiр көзiн тапсаң нағыз еңбекқорлардың, қолынан iс келетiндердiң заманы емес пе?

Ауылда тұрып-ақ түтiнi тiк шығып, шаруашылығын шыр айналдырып, уақытын тиiмдi пайдаланып жүрген азаматтарды көрiп, тынымсыз еңбектерiне риза боласың.

Елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ауыл мәселесiне ерекше тоқталып өттi. Ауыл-селоның ахуалын жақсарту үшiн мемлекет көптеген игiлiктi iстер атқарып, мол қаржы бөлiп келедi. Бiрақ сол бөлiнген қаржыны алып, көзiн тауып iске жұмсап жатқан жандардың саны әлi мардымсыз. Ауылда қолға алып, тiгiн шеберханасын, шаштараз, жиһаз жасайтын орын, шағын наубайхана, монша, құсхана, малды бордақылап, оларды соятын қасапхана, ет өнiмдерiн өңдейтiн цех және де басқа көпшiлiктiң тұрмыс-тiршiлiгiн жеңiлдететiн, сөйтiп қолын ұзартатын мекемелер ашу көптiң ойына келе бермейтiнi несi? Кәсiптiк бiлiм алу, мамандықты игеру жастар арасында неге қолдау таппай отыр? Иә, айта берсе сауал көп.

Менiңше, әзiрге ауыл ахуалы, экономикалық жайы көңiлдi тым көншiте қоймайды. Соңғы жылдары ауылды одан әрi дамыту мақсатында жоғары оқу орындарын бiтiрген жас мамандарды (мұғалiмдер, дәрiгерлер, мәдениет қызметкерлерi және т.с.) "Дипломмен – ауылға!", "Ауылға кел жас маман!" деп шақырған үндеулер жастар арасында қолдау табуда. Бiрақ сол патриоттық көтерiңкi сезiммен ауылға қанаттанып барған жастарға жергiлiктi әкiмшiлiк қолдау көрсетiп, материалдық және тұрғын үй мәселесiн дер кезiнде шешiп бермесе, олар ауылға сiңбейдi, ертең-ақ басқа жақтан жылы орын iздеп кетедi. Егер солай болса, ауылды қалай түлетiп, гүлдендiремiз? Ауылдық жерлердiң инфраструктурасын (негiзгi жолдарды реттеп, жөндеу, ауыз су мәселесiн шешу, балабақша ұйымдастыру, клуб пен дүкендер ашу және т.с.) дамытпай көп нәрсенi қазiр шешу мүмкiн емес.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы

Тараз қаласы