Жаңалықтар

ҚУАТ КӨЗДЕРI ҮШIН КҮРЕС

ашық дереккөзі

ҚУАТ КӨЗДЕРI ҮШIН КҮРЕС

Ротшильдтер әулетi Ислам банктерiн уысында ұстамақ

Соңғы кездерi араб елдерiндегi текетiрестiң шығу себебiне байланысты алуан түрлi пiкiрлер айтылып жүр. Көпшiлiгiнде оған бiржақты баға берiлген. "Бұл билiктегi ат төбелiндей топтың жасап отырған қысастығына қарсы бұқараның бас көтеруi" дейдi кейбiреулер. Бұл пiкiрдiң де жаны бар. Өйткенi тақта тапжылмай отырған адамнан түбi жұрттың жалығатыны белгiлi. Патшасы қаншалықты "әулие" болса да, елдiң жаңалықты, өзгерiстi қалайтыны шындық. Ал араб мемлекеттерiндегi билеушiлердiң соншалықты "әулие" емес екенiн соңғы оқиғалар әйгiлеп бердi. Дегенмен әр нәрсенiң астарына тереңiрек үңiлгенiмiз дұрыс.

Адамзат тарихындағы осындай оқиғалардың шығу себебiне көз жiберсек, әлемдiк қақтығыстардың барлығы әуелде табиғи ресурстарға тартыстан туғаны мәлiм. Араб елдерiндегi жағдай да тура осындай. Қазiр бүкiл әлемде қуат көздерi үшiн күрес жүрiп жатыр. Ал Ливия – жер шарындағы "қара алтынның" үш пайызына иелiк етiп отырған ел. Олигархтар осы мұнай көзiне қол жеткiзуге талпынуда. Бұл үшiн олар араб мемлекеттерiндегi билiкке өз сөздерiн өткiзе алатын "қуыршақ патшаларды" отырғызуға күш салуда. Жуырда PuppetWorld атты ғаламтор бетiнде аталған оқиғалардың себеп-салдарын талқылаған материал жарық көрдi. Мақала авторлары Солтүстiк Африкадағы текетiрестiң тууына әлемге әйгiлi қаржы әулетi Ротшильдтер түрткi болды деген пiкiр айтқан. Орталығы Лондонда орналасқан бұл ұйым әлемге ежелден мәлiм. Олигархтардың көз тiгiп отырған келесi бiр нысанасы кейiнгi жылдары қатты қарқын алған Ислам банкингi. Олар өздерiне күштi бәсекелес болып бара жатқан Ислам банктерiн құртуға бұл жолы құлшына кiрiстi. Дағдарыстан кейiн өсiмқорлыққа құрылған батыстың банк саласына жұрттың сенiмi азайып кеткенi белгiлi. Бұл жағдай өз клиенттерiнiң тәуекелiн бiрiгiп көтеретiн, өсiмқорлыққа қатаң тыйым салатын мұсылман банктерiнiң дамуына жол ашты. Ал Еуропада жыл өткен сайын мұсылмандардың саны артып келе жатқанын ескерсек, түпкiлiктi жағдай шариғат шарттарымен жұмыс iстейтiн институттардың пайдасына шешiлуi мүмкiн. Клиенттерiнен айырыла бастаған Еуропа банктерi бұған бұдан ары төзiп отыра беруге болмайтынын түсiнiп, қазiр қарсы қимылға көше бастады. Business Intelligence-нiң ағымдағы оқиғаларға байланысты жасаған соңғы баяндамасында қалыптасқан жағдай анық суреттелген. Баяндамада былай делiнiптi: "Егер Мысырдағы Абу-Даби ислам банкiнiң мұсылмандарға арналған қызмет түрлерiн енгiзуге бағытталған талпынысы сәттi аяқталса, бүкiл нарық солардың қолына ығысып кетуi әбден мүмкiн. Қазiрдiң өзiнде тұтынушылар үшiн өзара тартысқа түскен жергiлiктi банктер ислам өнiмдерiн ұсына бастады. Осы жағдайды қорыта келе алдағы уақытта бiздi үлкен тартыс күтiп тұр деп анық айта аламыз". Ал Малайзиядағы ауқымы жағынан екiншi орында тұрған ислам банкi Kuwait Finance House-нiң басқарушы директоры Хауажа Мұхаммад Салман Жүнiс: "алдағы 3-4 жылда ислам банктерi Австралия, Қытай, Жапония мен әлемнiң өзге өңiрлерiнде де ашыла бастайды", – деп мәлiмдедi. Бұдан Еуропаның iрi банктерiне, әсiресе Ротшильдтерге үлкен тықыр таяғанын көруге болады. 2010 жылы Тунистiң тақтан түсiп қалған президентi Бен Әлидiң жақын туысы елде бiрiншi болып "Зайтуна" деп аталатын ислам банкiн ашты. Бұл ел президентiнiң Тунистi "банк қызметi мен өңiрдегi қаржы орталығы" қылуға құлшынған алғашқы қадамы болатын. Бiрақ ол алысқа бара алмады. Өткен қаңтар айының 11-i күнi осы әулетке жататын 33 адам "ұлтқа қарсы жасаған қылмысы үшiн" деген желеумен түгелдей тұтқынға алынды. Келесi күнi елде ислам банкiнiң дамуына даңғыл жол салып үлгере алмаған "Зайтунаны" Ротшильдтерге қарайтын Тунистiң Орталық банкi өз құрамына қосып алды. Осы оқиғаларды қорыта келгенде, демократия орнатып, қатiгез билеушiлердi тақтан тайдыру үшiн жасалған араб елдерiндегi "революциялардың" көбiсi құр желеу екенiн аңғару қиын емес сияқты. Араб мемлекеттерiндегi бүлiктi қолдан жасап отырған алпауыттар елдi қанға бөктiрiп, өз мақсаттарына жетудi ғана көздеп отыр. Бұған ғаламтордағы PuppetWorld сайтында жарық көрген мына пiкiр толық дәлел бола алады: "Ротшильдтер ел билеушiлерiн тақтан түсiрген соң, мұсылмандарды өздерiне экономикалық тұрғыда кiрiптар қылуды қалайды. Ал азаматтар өздерi қан төгiп жүрiп қол жеткiзген сөз бостандығы мен демократияны орнатқанымен, жеме-жемге келгенде экономикалық жағынан алпауыттардың құлы болып шыға келедi". Араб елдерiндегi "революцияның" түпкi мақсаты – мiне, осы! Зерттеушiлердiң айтуына қарағанда, Батыс мемлекеттерi бiлек сыбана кiрiскен араб елдерiндегi төңкерiстi International Crisis Group, яғни халықаралық дағдарыс тобы деп аталатын ұйымдағы ат төбелiндей алпауыттар үйлестiрiп, басқарып отырған көрiнедi. Бұл ұйым – Ротшильдтер құрған көп өрмектiң бiрi. Айтпақшы, Солтүстiк Африкада билiкпен күрес басталғанда оппозицияның басшыларының бiрi атанып, аяқ астынан пайда болған Мұхаммед әл-Барадей де осы топтың белдi мүшесi болып шықты. Ұйымның директорлар кеңесiне әйгiлi Збигнев Бжезинский мырза да кiредi, ал оның атқарушы комитетiнiң тұрақты мүшесi – Джордж Соростың нақ өзi. Төңкерiстiң төңiрегiнде бұлардың жүруi көптеген жорамал тудыруда. Бiр-бiрiмен қырықпышақ болып, бүлiктен көз ашпай жатқан мұсылман мемлекеттерi осы оқиғадан сабақ алса жақсы! Әйтпесе Ротшильдтердiң алдағы уақытта тағы кiмге ауыз саларын Алла бiледi…

Жолымбет Мәкiшев