Жаңалықтар

"САҒЫНДЫМ КЕНЕН АТАМДЫ..."

ашық дереккөзі

"САҒЫНДЫМ КЕНЕН АТАМДЫ..."

Қазақтың даласы – ән мен жырға бай. Қазақтың даласы – әншi мен жыршының киелi ордасы. Қазақтың даласынан небiр бұлбұлдар мен дүлдүлдер шыққан. Сондай қазақтың маңдайына бiткен асыл ұлдарының бiрi – Кенен Әзiрбаев.

Жуырда Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде Кенен Әзiрбаевтың өмiрi мен шығармашылығы туралы "Түркi әлемi" телестудиясы түсiрген "Алатаудың ақиығы" атты деректi фильмнiң тұсауы кесiлдi. Сонымен бiрге Алматы қаласы әкiмдiгi мен Қазақстан Жазушылар одағының, артында қалған ұрпақтарының бастамасымен ақын ескерткiшi бой көтеретiн алаңқайға тас белгi де қойылды.

Залға жиналған қауымда шек жоқ. Кенен Әзiрбаевтың ұрпақтарының бәрi дерлiк залға жиналды десек, артық айтпағандық болар. Деректi фильмдi түсiрген "Түркi әлемi" телестудиясының бас директоры, жазушы Доқтырхан Тұрлыбек: "Кенен ақсақалды кезiнде тоқсан жылдық мерейтойында өз көзiммен көргенмiн. Кейiнiрек неге фильм түсiрмеске деп ойланып, баласы Бақытжан мен немересi Мұхиттың көмегiмен нар тәуекел деп кiрiсiп кеттiк. Бiр жылдай iздендiк. Жеке өмiрi, тағдыры жайлы бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер табылды. Мәселен Кенен Әзiрбаев жиырмасыншы жылдардың басында "Халық жауы" атанып, ату жазасына ұшырай жаздаған. Бақытына қарай, Ораз Жандос, Қалтай Мұхамеджанов аман алып қалыпты. Ал Ораз Жандосов "Халық жауы" деп танылып, айдалып бара жатқанда Кенен атамыз бiр топ жолдастарымен барып шығарып салған. Кейiн Ораз Жандосовтың ұлы Санжар өз баласының атын Кенен қояды. Тағы бiр назар аударатын дүние, атақты "Базар-Назар" әнiнен кейiн көпшiлiк Кенен атамыздың тiрi қалған басқа ер баласы жоқ деп ойлайды. Құдайға шүкiр, қазiр екi әйелiнен тараған жүзге жуық немере-шөберелерi бар. Олардың барлығы фильмде қамтылды. Бұдан бөлек жарияланбаған суреттерiн кiргiзiп, ұзақтығы 70 минуттық фильм жасадық. Амандық болса, телеарналарға ұсына бастаймыз", – дейдi.

Кенен Әзiрбаев 12 сәуiрде өмiрден озған екен. Деректi фильм түсiрiлiп, ақын басына қойылатын ескерткiштiң алғашқы тасы қалануы да жыр алыбын еске алу үшiн жасалынып жатқан игiлiктi шаралар екенi белгiлi.

"Алматы қаласында кезiнде атамызбен бiр ауылда тұрған, қоян-қолтық араласқан, қолынан дәм татқан, әнiн тыңдап, дауысын естiп өскен үш жүзге жуық Кенен ұрпағы тұрады екен. Сол азаматтар төрт жыл бұрын ескерткiш орнатсақ деген бастама көтерiп, әкiмшiлiкке хат жазғанбыз. Нәтижесiнде 2009 жылы қала басшысы Ахметжан Есiмовтiң қаулысымен "Таулы қырат" ауданынан жер бөлiнген едi. Әзiрге еңсегей бойлы еңселi ескерткiш орнатуға шамамыз келмей жатыр. Сондықтан қаражат мәселесi реттелгенше бiр белгi қоя тұрайық деп ұйғардық. Ол кiсiнiң атына мектеп, көше берiлгенiмен, еш жерде бейнесi тасқа қашалмаған. Алатаудың етегiнде туып, ғұмыр бойы Алатауды жырлап өткен халық ақынының бiр ескерткiшi Алматыда менмұндалап тұрса, әбден жарасар едi, – дейдi ақынның қызы Төрткен Кененқызы.

Деректi фильмнен кейiн залға жиналған қауым Кенен Әзiрбаевтың әндерi мен жырларына сусындап қайтты.

Гүлзина Тұрғанбайқызы