Жаңалықтар

ДОС ТУРАЛЫ

ашық дереккөзі

ДОС ТУРАЛЫ

Досың туралы жазғанды достарың да түсiнбеуi мүмкiн. Ең қиыны: "Анау мұны жазып едi, ендi бұл оны жазыпты", – дейдi. Десе, дей берсiн ғой. Бiрақ сол сөздiң түбi жамандауға жақындау ма, бiртүрлi. Ыңғайсыздау. Алайда досың туралы түк демеу – бәрiнен де ыңғайсыз. Осы ой жеңдi де, Кәдiрбек, кәдiмгi Кәдiрбек Сегiзбай туралы сөз бастап кеттiм.

Кәдiрбектiң бар жазғанын бiрiн қалдырмай оқыған шығармын, бiрақ кәзiр бiрi есте қалса, бiрi қалмады. Сондықтан 70-ке жаңа толып жатқан жазушының бiр-екi шығармасын еске алу арқылы-ақ Кәдiрбектiң қандай жазушы екенiн жайып салуға тырысайын. Оның отыз жетi жасында жазған "Жылдың ең қысқа күндерi" атты повесi бар. Балалық шақтың бастан кешкен хикаясы. Балалық шақ деген – өмiрдiң iргетасы. Ол жөндеп қаланбаса, үлкейгендегi көп кемшiлiк содан туындайды. Бiлу, тану, түсiну, түңiлу, сүйсiну, жарасу, достасу, қастасу, өштесу, кетiсу, серттесу – бәрi балалыққа жарасады. Бiрақ соның бәрiн бойыңа сiңiрмейсiң, бiрiнен жиренесiң, бiрiнен үйренесiң, содан ой-өрiсiң, бет-бағдарың қалыптасады. Кәкентай iнiмнiң отыз жетi жасында жазған бұл дүниесi – соғыстан кейiнгi жылдардың жетiм балалығын көз алдыңа әкелетiн шығарма.

Повестiң бас кейiпкерi Ештай – өмiр ерте есейткен жетiм. Жесiр шешесi жалғыз ұлды жеткiзу үшiн бе, әлде табиғаттың тiлегiмен бе, аяқасты күлкiшi Хасенге күйеуге шығатын болады. Өз әкесiн бiр көруге сағынып, оның соғыста өлгенiне әлi сенбей жүрген жасөспiрiм Ештай өгей әкенi қайдан қабылдай қойсын?! Оның үстiне, бала көңiлi болашақ өгей әкенiң күлкiсiнен де күдiктенедi. Ол өтiрiк күледi деп секемденедi. Әрине, өтiрiк күлетiнi рас болса, басқа қылықтарының да өтiрiк болуы – заңды. Кiмнiң алыс, кiмнiң жақын екенiн бала мен ит жақсы ажыратады деп жататын едi үлкендер.

Ештайдың ең жақын досы – Қуаныш. Бүкiл оқиғаны баяндайтын да сол. Екi дос өгей әкеге бола төбелесiп қалады. Кәдiмгi ауыл баласының аңқау сөзiне бола. Аңқау Қуаныш аңдамай: "Күлкiшi Хасен саған көке болғалы жүр дейдi ғой жұрт", – деп елден естiгенiн айтып салады. Сол-ақ екен Ештайдың қысық көздерi жасаурай қалады. Артынша шапалағы Қуаныштың бетiне шарт ете қалады. Сонан соң бiр ай бұрын: "Мәңгi ажырамас ұлы достығымыздың куәгерi болсын", – деп Қуаныш берген құлжа сақаны қолына қайта ұстата бередi. Қуаныш та қарап қала ма, ол да оның сынық сапты бәкiсiн қайтарып бередi. Ауыздан абайсыз шығып кеткен бiр ауыз сөз өстiп дос көңiлiн қатты қалдырады. Ештайдың ол қылығын сөзге айналдырсақ: "Ел айтқан сөздi сен де айтсаң, онда сен маған дос емессiң. Ол – менiң қуанышым емес, қайғым", – деген сөз болып шығады. Өз әкесiн өлдiге қимай жүрген балаға бөтен бiреудiң және жаны жақтырмайтын бiреудiң әке болып үйге кiруi – әрине үлкен бақытсыздық. Сол жанын, сондай жағдайын ең жақын досы түсiнбесе, ендi кiм түсiнуi керек? Ештайдың Қуанышқа ренжуiн осы тұрғыдан қарасаң, бәрi түсiнiктi: өз әкеңдi өзгеге ауыстыру – өзiңдi өзге адам етумен барабар. Бұл – соғыстан кейiнгi сан жетiмнiң жанын жаралаған жағдай. Осы шындықты Кәкентай дөп басқан, өте нанымды басқан.

Достан айырылған баланың хәл-жағдайын да Кәкентай өте сәттi суреттейдi. Әке-шешесi малда қалып, өзi бiреудiң үйiнде оқып жүрген 1-кластың баласы ендi жалғыз досын өкпелетiп алған соң, тiптi жер бетiнде жалғыз қалғандай болады. Оқуды да, бәрiн талақ етiп, әке-шешесiн бiр көруге зар болады. "Сағыныш дегеннiң жай сезiнудiң бiр түрi ғана емес, емi аз дерт екенiн бiлдiм", – дейдi Қуаныш. Мiне, осы сөз Қуаныштың өмiрдi өз түйсiгiмен бағалауының басы секiлдi. Өмiрдi тану, жалпы осылай басталса керек, Ештай екеуi қайта табысып, достықтың қадiрiн бiле бастаған кездегi Қуаныштың жағдайын қараңыз: "Шiркiн-ай, өмiр сүру, әсiресе бiздiң дәл осы Ақшағыл мен Жарлысуда өмiр сүру қандай бақыт. Ештайдай жан досыңның болғаны да қандай бақыт", – дейдi Қуаныш. Бұл сөздiң астарында үлкен өмiрдiң үлкен сезiмдерi жатыр.

Балалардың еңбек жолын бастауы да бұл шығармада соғыстан кейiнгi заманның шындығына қарай суреттелген. Ашты-тоқты жүрген олардың жағдайын мына бiр сөйлем-ақ айнытпай танытып тұр: "Жайылма дастарқанды айнала жапа-тармағай отыра қалып, алдымен бытырап жайылған қойдай шашып тастаған бауырсақтың он екi жағынан он екiмiз ат қойдық".

Орталарындағы ең естияр, ең еңбекқор, әрi жүйрiк, әрi ақылды Ештай ақырында өзi жақтырмаған өгей әкесi күлкiшi Хасеннiң қолынан қаза табады. Баланың о бастағы сезiгi рас болып шығады. Досынан қапыда айрылған Қуаныш балалықпен де бiржола қоштасқандай күй кешедi. Балалық шағы жылдың ең қысқа күнiндей өте шығады. Алайда Ештайдай досынан айрылуы, оны үнемi сағынуы, есiнен шығара алмай ойлануы, өгей әкенiң қатыгездiгiнен түңiлуi – соның бәрi Қуанышты тез есейтедi, үнемi оны ойландырады, толғандырады. Шығарманың жазылу мақсаты да сол: оқырманды ойландыру, бастан кешкеннiң бәрiн саралау, сол арқылы есейiп ержету.

Қырық алтыға келгенде, 1987 жылы Кәкентай "Жол" атты роман жазды. Оны екi жылдан кейiн кiтап қып шығарды.

Роман өте тартымды прологтан басталады. Әке мен баланың ә дегендегi әңгiмесiнен-ақ оқырман сол шығарманың қалай шешiлерiне қызығады. Жалпы, Кәкентай – өз шығармаларында кiрiспе мен прологқа жиi жүгiнетiн жазушы. Онысы орынды шығып та жатады.

Өлгелi жатқан әкесiне баласы былай дейдi: "Машинаны өзiңнiң атыңа аударсам деп едiм. Елге еңбегiң сiңген адамсың, оны сенен келiп ешкiм де тартып алмас. Заманым тарылып, iсiм насырға шапса, соңымда қалар балаларым… Шәрiп мiнсiн".

Оған әкесiнiң берген жауабы, сiрә, жазушының да жауабы шығар: "Түбiнде бiр құсарларыңды бiлiп едiм. Ендi келiп бар үмiтiм, болашағым болар деген Шәрiптi арам дүниеңе араластырма… Сен менi баяғыда-ақ, шалқып-тасып жүрген кезiңде-ақ өлтiргенсiң. Өлген адамнан көмек дәметпесе болар", – дейдi әкесi.

Романның оқиғасы Кеңес өкiметiнiң орнау кезеңiнен басталады. Осы күнi Кеңес өкiметi жайында жазғандарға осқырына қарау бар. Менiңше, ол – өте қате көзқарас. Бiз ол тарихты болған жоқ, елiмiз оны бастан кешкен жоқ деп, ешқашан мүлдем сызып тастай алмаймыз. Сондықтан ол заманның шындығына да тарихи тұрғыдан қарауға тиiспiз.

Кәкентайдың романы – өмiрде болған шындықты жаңғыртатын дүние. Оқу iздеп Шығыс Қазақстаннан шыққан бес жiгiтке Тұрар Рысқұловтың шапағаты тиiптi дегендi бiздiң де құлағымыздың шалғаны бар.

Романның оқиғасы – қазақ үшiн тосын. Бiрақ бұл өмiрде болған оқиға болғандықтан, оның жүзеге асу нанымдылығына айрықша шұқшиясың. Бес балаң жiгiт оқу iздеп өз ауылдарынан атпен шығады. Бастаушылары – ептеп өмiр көрген, аздап ысылған, ақтардың тұтқынында да болған Шәрiп деген жiгiт. Ең қызығы: бұларда бәлен жерге барамыз деген нақты жоспар жоқ, тек қай жерден болса да оқу үйренемiз деген талап қана бар. Әуелi үйез орталығы Лепсiге барып көрмек, ол арадан оқу таппасақ, одан ары Алматыға, Тәшкенге, ол жақтан таппасақ, тiптi Мәскеуге дейiн iздеймiз деген жiгер ғана бар. Осы жолда бес жiгiт қиындықты да, бауырмалдықты да, махаббат пен кесапатты да – бәрiн бастан кешедi. Ауылдан атпен шығып, ақырында пойызға мiнiп Мәскеуге жетедi. Тұрар Рысқұловтан көмек көрiп, Қазан қаласындағы оқуға түседi. Бесеуiнiң iшiнде елге ерте оралған Жұман кеңес өкiметiн ауылда орнатуға белсене араласа жүрiп, бай қызы Ұлбиге үйленедi. Кеңес заманы болсын, капиталистiк заман болсын, адамның жеке басының кiсiлiгi қашанда маңызды рөл атқаратыны бұл шығармада өте нанымды көрсетiледi. Заман шындығын жазушы бұл романында әрi нанымды, әрi көркем, әрi қызғылықты етiп бере бiлген. Өсу, үйрету жолындағы Кәкентайдың "Жол" романы – жолы болған шығарма.

Кәдiрбектiң алпысқа келiп оң-солын әбден таныған кезде, 2001 жылы жарық көрген танымал шығармасы – "Беласқан" романы. "Беласқан" – Кәдiрбектiң беласқан, белгiлi жазушы екенiне жалпақ жұрттың көзiн бiржола жеткiзген шығармасы. Мұндағы оқиғаның өрбуi, шиеленiсуi, шешiлуi – бәрi ойдағыдай, бәрi шеберлiкпен орындалған. Бүкiл оқиға Санияз төренiң ұлы Қамбар төренiң төңiрегiнде дамиды.

Бұл шығарманың басты ерекшелiгi – руына, тайпасына қарамай қазақтардың бiр ортаға қауымдасуын нанымды көрсете бiлуi. Оны жүзеге асырып отырған – Қамбар төре.

Екiншi ерекшелiгi – қазақ пен қалмақтың, яғни бiр-бiрiне ежелгi жау болып келген екi халықтың бiр-бiрiмен тату-тәттi көршi болып өмiр сүре бастауын көркем бейнелеуi.

Үшiншi ерекшелiгi – Қазақстанның батысында туып-өскен Байшуақ пен Баратқа Қазақстанның шығысында туып-өскен Қамбар төренiң пана болып қана қоймай, өз бауырындай сыйлауын, құрметтеуiн өте нанымды көрсете бiлуi.

Төртiншi ерекшелiгi – өз елiнен қолдау таба алмай қырғынға ұшыраған қос бауырға – Байшуақ пен Баратқа қалмақ басшысы Ошыржаптың пана болып, әрi екеуiн өз ортасына бауырша қабылдап, кейiн жөнi келгенде өз бауырындай құрметтеп қазақ ортасына қосып беруiн жан-жақты, дәлелдi оқиғалармен суреттеп бере бiлуi.

Арманда кеткен Шәйлi қандай, Қамбар төренiң тiзгiнiн ұстап отырған Күлiмхан қандай, оның туған сiңлiсi Тоты мен Байшуаққа бақ болып тиген қалмақ қызы Бағынзы қандай?! Бәрiн қойғанда, төреге анасындай болған қалмақ кемпiрi Қойбас пен оны сыйлай бiлген Қарашаш қандай?! Шетiнен кiсi қызығатын, адам таңданатын әйелдер.

Романның әсiресе айтарлықтай табысы – Қамбар төренiң өз пайдасын да ойлайтын, жауын жыға бiлудi де ойластыратын, өзiнiң атақ-даңқын асыратын амалдар мен iстердi де жасай бiлетiн, алайда соның бәрiн елмен санаса отырып жүзеге асыратын әрi ақылды, әрi айлалы, әрi атақ-даңққа бөленгендi де ұнататын ұнамды кейiпкер етiп көрсете бiлуi.

"Беласқанның" бiлiктiлiгi – Кәдiрбектiң жазушылығын жан-жақты танытатын биiктiк. Оқиғаларды дамытуы, шешуi – бәрi нанымды. Мақалға, мәтелге азық боларлық небiр тамаша тiркеске толы шығарма. Соның бiразын тiзе кеткенiм де артық емес, қайта сөзiме дәлел болар. Мысалы:

"Уәжсiз сөздiң сыртында жала барын, жала бар жерде пәле барын сiз бiлмейдi деуге аузым бармай тұр" ("Алматы", 2001. 244-бет).

"Тұмсықты iлем демейтiн, тырнақты бүрем демейтiн бүтiн ел ғып бiрiктiрсем" (сонда, 242-бет).

"Бiрде ұғысып, бiрде бұғысып жүрсек те, шығыса алмай қалған… кезiмiз болмапты (213-бет).

"Бiз күшке емес, адал iске сенген ел едiк" (212-бет).

"Күйектей сақал бiткенмен, тiрнектей ақыл бiтпеген" (207).

"Билiкте жүргендердiң шабысып жүргенiн, сонан соң табысып жүргенiн талай көрдiк қой" (195).

"Сүрiнгенде сүйеу, шаршағанда демеу болар деп" (192).

"Атаң Абылайдың тағын берсiн, тағын бермесе, бағын берсiн" (149).

"Барымтада емес, бәйгеде шапсақ; жаугершiлiк емес, саугершiлiк орнатсақ" (124).

Өстiп кете бередi, кете бередi.

Кәдiрбектiң бүкiл жазғанын терiп талдамай-ақ, осы үш кезеңде жазған үш шығармасынан-ақ оның үнемi өсу, өрлеу жолында келе жатқан жазушы екенiне көз жеткiземiз. Жетпiске кемелденiп, шеберленiп жеткен жазушыдан әлi де кемел шығармалар күтуге қақымыз бар. Қаламымен халқына қалтқысыз қызмет жасап келген құрдасыма алда да ұзақ қызмет жаса деп тiлеймiн.

Бексұлтан Нұржеке-ұлы