ҚАЗАҚ ТIЛIН ИГЕРУ – ЖАЛАҢ ҰРАН ЕМЕС
ҚАЗАҚ ТIЛIН ИГЕРУ – ЖАЛАҢ ҰРАН ЕМЕС
2020 жылы мектеп түлектерi түгелдей қазақ тiлiн игередi
18 сәуiрде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVII сессиясы болып өттi. Әдетте Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы қоңыр күзде, қазан айының соңында шақырылатын. Биыл ол дәстүр бұзылып, тұңғыш рет 1 мамыр – Қазақстан халықтары бiрлiгi күнiнiң қарсаңында өткiзiлiп отыр. Сессияда жақында ғана өткен кезектен тыс Президент сайлауының нәтижелерi қорытындыланып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары мен ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын өткiзуге арналған жұмыс жоспары қаралды.
ТӘУЕЛСIЗДIК ШЕЖIРЕСI – ЭТНОСТАР ТАТУЛЫҒЫНЫҢ ШЕЖIРЕСI
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVII сессиясын ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 1 мамыр мейрамының ерекше форматта өтетiндiгiн айтып өттi. "Барлық Қазақстан бойынша, бұқаралық шерулер ұйымдастырылып, патриоттық акциялар өткiзiледi. 1 мамыр – көктем мейрамы елдегi барлық этностарды жақындастыра түсетiн болады. Бұл – туған Қазақстанымыздың – бiздiң ортақ шаңырағымыздың 20 жыл iшiндегi ең басты мейрамдарының бiрi", – дедi ол сессияның ашылу салтанаты кезiнде.
– Жақында ғана өткен кезектен тыс Президент сайлауы – Қазақстан халқы бiрлiгiнiң шырқау шегiн көрсеттi. Сайлау нәтижесi – Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығының заңды нәтижесi, – деген Елбасы елiмiз тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы қарсаңында атқарылған этносаралық татулықты нығайту жолындағы iстердi саралады.
– Қазақстанның 20 жылдық тарихы – Қазақстан халқының достық пен келiсiмiнiң, тұрақтылығының тарихы. Осы жылдар аясында ұлтаралық және конфессияаралық теңдiктiң тиiмдi құқықтық базасы жасақталды. Ол – “Дiни наным-сенiм бостандығы, тiлдер туралы және Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” Заңдар. Былтыр қабылданған “Ел бiрлiгi” доктринасы маңызды қадамдардың бiрi болды. Конституциялық дәрежеге ие Халық Ассамблеясы елдегi ұлтаралық татулықтың базалық институтына айналды.
Әрине, Қазақстанда өзге ұлт өкiлдерiнiң этно мәдениетiн, тiлiн сақтап қалу үшiн барлық жағдай жасалған. Қазiр Ассамблея құрамына 820 этномәдени топ өкiлдерi енедi. Елiмiздiң 108 мектебiнде 22 этностың тiлi жеке пән ретiнде үйретiледi. 88 мектепте өзбек, тәжiк, ұйғыр және украин тiлдерiнде бiлiм берiледi. Елiмiздiң көптеген өңiрлерiнде 33 маманданған мектепте үш тiлдi – ағылшын, орыс, қазақ тiлдерiнде сабақ жүргiзiледi. Этникалық БАҚ-тарды қолдау мақсатында 2005 жылдан оларды қаржыландыру 4 есеге дейiн ұлғайтылды. Ұлттық театрларды қолдау соңғы 2 жылда 30 пайызға дейiн өсiп, қазiр 500 миллион теңгенi құрайды. Этномәдени орталықтарға 2010 жылы 100 миллион теңге бөлiндi.
АССАМБЛЕЯНЫҢ МIНДЕТI – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕҢГЕРУIНЕ АТСАЛЫСУ
Сессияның ең басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға арналған стратегиясын айқындау және бекiту. Ассамблея алдына бес бiрдей мақсат қойылды. Соның ең бастысы елдегi татулық пен интеграция мәселелерiне арналды. Қазақстан қиын-қыстау кезеңнiң өзiнде талай ұлттың баласын бауырына басып, талай ұлт өкiлдерiн жойылып кетуден сақтады. Олар қазақ елiнен тек қана пана тапқан жоқ, сонымен қатар өз ана тiлiн, этномәдениетiн сақтай бiлдi. Былтыр осы тақырыпқа орай "Қазақфильм" киностудиясында "Жерұйық" атты фильм түсiрiлдi. Онда қазақтың бауырмалдығы мен толеранттығы, соғыс жылдарында өзге халықпен бiр үзiм нанды бөлiп жегенi айшықталған.
Ендеше, Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерiнiң мойнына түсер ауыр жүк – қазақтың осы бiр жақсылығын өтеу үшiн, ұрпағын осы елдiң шынайы патриоты етiп тәрбиелеу. Ол үшiн мемлекеттiк тiлдi меңгеру қажет. Қазақстан халқы ассамблеясына қойылған басты талап – елдегi барлық этнос өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгеруi. 2017 жылға дейiн қазақ тiлiн бiлетiн қазақстандықтар саны 80 пайызға, 2020 жылы 90 пайызға жетуi тиiс.
– Ендi он жылдан кейiн бiздiң мектеп түлектерiнiң 100 пайызы қазақ тiлiн меңгеруi тиiс. Елiмiз азаматтарының барлығы қазақ тiлiн игередi деу – жай ғана ұран емес. Ол бiздiң елiмiздiң тарихын, қазақ халқының ықылым замандардан бүгiнгi күнге дейiн тарихын, мәдениетiн, халықтың дәстүр салтын бiлуi тиiс. Бұл барлық қазақстандықтарды одан әрi жақындата түсетiнi айқын. Сөйтiп бiздiң арамыздағы өзара сенiм күн сайын, жыл сайын өсе бермек, – дедi Елбасы.
Есенгүл Кәпқызы