КЕҢ ДАЛА ДҮБIРЛЕЙДI КӨП ТҰЯҚТАН...
КЕҢ ДАЛА ДҮБIРЛЕЙДI КӨП ТҰЯҚТАН...
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлiгi республиканың тәуелсiздiк мерекесiнiң 20 жылдығына арналған Ұлттық спорт түрлерiнен фестиваль өткiзу туралы қаулы қабылдады. Алайда…
Адамзатпен бiрге жасап келе жатқан үй жануарларының бiрi – жылқы. Жылқы қашан, қай заманда қолға үйретiлiп, адамға қызмет етiп келдi деген сұрақтың жұртшылықты мазалап келе жатқандығына бiраз уақыт болған едi. Оның ақырғы нүктесiн ХХI ғасырдың басында АҚШ ғалымдары қойды. Шығыс Қазақстандағы Берел қорғанындағы қазба жұмыстарынан кейiн олар бiрауыздан: "Жылқыны алғаш қолға үйреткендер – Еуразиялық көшпелiлер. Бұл шамамен бiздiң уақытымыздан он мың жылдай бұрын болған" – дедi.
Көшпелiлер өмiрiнде жылқының атқаратын мiндетi ерекше болды. Олар атқа мiнiп, елiн қорғап жорықтарға шыққан, мал өнiмдерiн тамақ етiп, киiм тiккен. Елмен елдiң арасындағы қарым-қатынас уақыт оза келе жылқы арқылы жасалған. Тiптi ертеден қалған: "Тұтас бiр елдiң аман-есен өмiр сүруi жалғыз шегеге байланысты, өйткенi шегеде таға тұр, тағада ат тұр, ал атта адам отыр, адамның әр жағында мемлекет тұр" деген аталы сөз бар. Аты аңызға айналған Кей Қауыс патша өлерiнде балаларына: "Жақсы адам мен жақсы жылқы небiр қиыншылықтарды көтередi. Сондықтан дүниедегi тiршiлiк адамға байланысты, ал адамның күнi малмен. Ал малдың ең жақсысы – жылқы, оны шаруашылық үшiн де, ұрыста да пайдалануға болады, жылқылы ел – күштi ел" – деп өсиет қалдырған екен.
Көшпелi халықтардың негiзгi түлiгi жылқы болған. Орта ғасырда өмiр сүрген атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1552 жж.) өзiнiң "Тарихи-Рашиди" атты кiтабында Моғолстанның ханы Сейiт пен қазақтың ханы Қасымның кездесуi туралы былай деп жазады: "… Бiздiң асыл дүниемiз – үйiр-үйiр жылқыларымыз, асымыз – ет, сусынымыз – қымыз" деп қонағын өрiстегi жылқыға апарып, соны аралатады. Менiң жақсы көретiн екi тұлпарым бар. Сол екеуi бiр төбе, қалған малым бiр төбе-дейдi. Әлгi арғымақтарға таңғалған Сейiт хан мұндай асыл тұқымды жылқыларды бұрын көрмегенiн айтады. Сонда Қасым хан: "Бiздер, даланың тұрғындары, бiр ғана жылқының күшiмен тiршiлiк етемiз, қиыншылықта жақсы атқа ғана сенемiз. Мұның екеуiн бiрдей сыйға тарту қиын. Бiрақ Сiз, құрметтi мейманымыз, таңдаған бiреуiн алыңыз" – деп әр атты жеке-жеке сипаттайды. Содан Сейiт бiр арғымақты таңдап алыпты, ол "Ұғылан торы" деп аталған екен.
Ер жiгiттiң серiгi, "түтiкпенен су берiп, түндiкпенен күн берiп" баптаған сәйгүлiктерiн қазақтар қимас қонақтарына сыйға тартқан, ән-күйлерi мен билерiнде мадақтап, жырға қосқан, эпос, ертегi кейiпкерлерiнiң жан серiгi ретiнде суреттеген. Батырлардың таңғажайып ерлiктерiне астына мiнген аттары да ортақ, қажет жағдайда тұлпарға да тiл бiтiп ұшқан, құстан да оза алады. Мұндай теңеулердi оның қадiр-қасиетiн жете түсiнген халық қана айта алған. Осы тұрғыда академик-жазушы Сәбит Мұқанов: "Гректер жылқыны суреттей алған жоқ, ал қазақтың жылқыны суреттеуi – шын мәнiндегi поэзия. Жылқы эпоста батырлармен бiрге орын алады" – деп жазған болатын. Сәбеңнiң сөзiн дәлелдейiк.
… Шұбар ат шауып келедi
Жұлдыздай көзi жылтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Мойын етi бұлтылдап,
Қаз-үйректей қутыңдап,
Аққан судай сұңқылдап,
Бұлдырықтай пырылдап
Атқан оқтай зырылдап,
Шапқан сайын жануар
Жал-құйрығы суылдап…
(Нәрiктiң ұлы Шора дастанынан. Алматы, "Жалын" баспасы 1998ж. 229-бет)
Тағдырдың жазуымен ХIХ ғасырда қазақ даласында болған атақты ғалым Даль, поляк ақын-жазушылары Густав Зелинский мен Адольф Янушкеевич қазақтардың жылқыны жақсы көретiнiн, бiлетiнiн тамсана жазады. Ал көрнектi фольклоршы М.Тарловский: "Қазақтардың жылқы малы жөнiндегi бiлетiнi ұшан-теңiз. Сондықтан қазақ тiлiнде жылқының барлық жасына байланысты ерекше атаулары бар. Ал оның түрi мен түсiн, өзгешелiктерiн сипаттауда өте нәзiк сезiмталдықты бiлдiретiн атаулар қаншама?" – деп жазған болатын.
Еуразия даласында қолға үйретiлген жылқы кейiн түрлi құрлықтар мен елдерге тарады. Көптеген халықтар оның тұқымын асылдандырды, ойына жаңа қасиеттер дарытты. Сөйтiп жылқы түлегiнiң жаңа тұқымдары пайда болды. Әрине, бұл үшiн аз ғана уақыт емес жүздеген жылдарды қажет еттi. Таза қанды ағылшын жылқысы, араб сәйгүлiгi, түрiкпеннiң ахалтекесi, орыс желгiшi, қарабайыр, қазақтың арғымағы осылайша дүниеге келдi.
Қазақ халқында көшпелi қауымның өмiрi мен тұрмыс-салт дәстүрлерiне байланысты ыңғайластырылған дене тәрбиесiнiң жүйесi пайда болды. Күнделiктi кездесетiн қауiп-қатерлер мен қиыншылықтарды жеңуге бағыттаған жартылай жауынгерлiк тұрмыс олардан өте жоғары дене дайындығын талап еткен. Көшпелiлер үнемi жаттығу мен сайысқа түсудiң әскери қақтығыстар кезiнде табысқа жеткiзетiнiн жақсы бiлетiн. Мыңдаған жылдар бойы "түйенiң қомында, аттың жалында" өскен қазақтар күштi, шыдамды, батыл халық болып қалыптасқан. Осыдан барып бәйгенiң алуан түрлерi, көкпар, аударыспақ, шүген, қыз қуу және т.б. ұлттық спорт түрлерi мен ойындары қалыптасқан.
Қазақ халқының ұлттық ат спорты мен ойындары осы уақытқа дейiн бiршама зерттелдi. Мұны бiрiншi болып қолға алған Мұзаффар Рақымғұлов ақсақал едi. Кейiн М.Гуннер, М.Тәнекеев, Ә.Бүркiтбаевтың еңбектерi болды. Б.Төтенаев пен Ө.Жолымбетов жаңа ережелердiң дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосты. Е.Қанағатовтың диссертациясы – бұл ұлттық ат спорты түрлерiн дамытудағы жаңа белес. Халық мұрасының сүбелi бiр бөлiгi осы еңбекте жан-жақты талданды.
Ел құлағын елең еткiзер соңғы маңызды жаңалық – бұл Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлiгiнiң ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын мерекелеуге байланысты ұлттық спорт түрлерiнен республикалық фестиваль өткiзу туралы қаулысы. Өте дұрыс шешiм. Бiрақ өз басым спартакиада, фестиваль деген сөздерге қарсымын. Бұлар күнi өткен, өз мiндеттерiн атқарып болған терминдер. Менiңше, "бұдан былай бұқаралық сипаты бар спорт жарыстарын" Тұран ойындары деп атаған жөн сияқты. Бұлай атау әлемдiк тарихта бар. Мысалы Кариб, Босфор жағалауы елдерiнiң, ислам мемлекеттерi әйелдерiнiң, Тынық мұхит аралдары мемлекеттерiнiң, Азия елдерiнiң (Азиада) спорттық ойындары және т.б. Тұран – қазақ жерiнiң ежелгi ең көне аты. Тiптi ерте дүниеде "Ғаламды ұстап тұрған үш тiрек бар. Олар – Тұран, Иран, Рум" деген мақал да болған.
“Тұран ойындары” деп атау Олимпиялық ойындар сияқты оның ашықтығын көрсетедi. Себебi бұл жарыстарға дайындықтары жеткiлiктi кез-келген командалардың қатысуына мүмкiншiлiк туғызады. Бұл ұлттық спорт түрлерiмiздiң жалпақ дүниеде кең қанат жоюына мүмкiншiлiк туғызады.
Ойындардың бағдарламасы жайлы ойлану керек. Қазақтың ертеректе орта ғасырларда жоғалтып алған бiр спорты бар. Ол – Шөген. Бұл ойын – Бабыр сұлтан бастаған Жетiсулық моғолдар Үндiстанның солтүстiгiн жаулап алған кезде алып барған спорт түрi. Бұдан кейiн Үндiстанға ағылшындар келдi. Ағылшындарға қатты ұнаған ойын Британ империясына тарап, ХIХ ғасырда ат полосы деген атпен әлемге тарап, ағылшындардың ұлттық спорт ойыны болып шыға келдi. Кейiнiрек бiрнеше рет жазғы Олимпиялық ойындардың бағдарламасына да ендi. Мiне, алдағы өтетiн фестивальда шөгендi қазаққа қайтаруға күш салу қажет.
Алдағы спорт мерекесi мұқият дайындықты қажет етедi. Тек қана өткiзiп қоймай оқулықтар, әдiстемелер, деректi фильмдер шығаруды қажет етедi. Ал бұл күрделi жұмыс.
Қазiр жер кеуiп, көп тұяқтан даланың төсi дүбiрлей бастады. Жылқыны зерттеу туралы ғылымды иппология деп атайды. Бiрақ қазақ халқының жылқы жөнiнде жинаған бай тәжiрибесiн түбiне жеткiзiп айта алдық дей алмаймыз. Бұл жөнiнен үлкен мұхиттың жағалауын шарлап жүрген саяхатшыға ғана ұқсаймыз. Сондықтан зерттеймiн, iзденемiн, жазамын деген жас ғалымдарға жол ашық.
Амантай Қарақов, Бұқаралық спорт түрлерi бойынша
жоғары спорт шеберлiгi республикалық мектебiнiң директоры