Жаңалықтар

БАСТЫ НАЗАРДА – ДIНИ БIЛIМ БЕРУ

ашық дереккөзі

БАСТЫ НАЗАРДА – ДIНИ БIЛIМ БЕРУ

Елiмiзде дiни бiлiм беру мәселесi бiрнеше жыл бойы қызу талқылану үстiнде. Мектептерде "Дiнтану" пәнiнен қандай ұстаз сабақ бередi және дәрiстер қандай болады деген сұрақ сананы мазалағалы қашан. 7-8 сәуiрде қасиеттi Түркiстан шаһарындағы жиын дiни бiлiм беру мәселесiн қаузады.

"Қожа Ахмет Ясауи тағылымы және Қазақстандағы дiни бiлiм беру мәселелерi" атты симпозиум ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi, ҚР Мәдениет министрлiгi Дiни iстер комитетi мен Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлдi.

Симпозиумға Түркия, Қырғызстан, Татарстан секiлдi мемлекеттермен қатар өз елiмiздiң бiлiмдi ғалымдары, бiлiктi дiн өкiлдерi, дiни iстер комитетiнiң қызметкерлерi, облыстардың бiлiм бөлiмдерiнiң әдiскерлерi мен дiнтану пәнiн жүргiзетiн мектеп мұғалiмдерi қатысты. Жиынға қатысқандар баяндама оқып, мектеп мұғалiмдерi жарыссөзге шықты.

Симпозиум "Қазақстандағы дiни бiлiм берудiң тарихы, қазiргi жағдайы және шет елдер тәжiрибесi", "Орта мектептерде "Дiнтану" пәнiн оқыту", "Қ.А.Ясауи тағылымы" атты 3 секция бойынша жұмыс жасады. Келелi жиынды өткiзудегi мақсат – Қазақстандағы дiни бiлiм берудiң қазiргi жағдайы мен проблемалары және олардың шешiлу жолдарын талқылау болды.

Басқосуға қатысушылардың барлығы дерлiк мектептердегi дiни бiлiм берудi 9-сыныптан бастап емес, 5-сыныптан бастағанды орынды деп санайды екен. Қазiргi таңда маман-кадрлардың жетiспеушiлiгiнен көптеген мектептерде дiнтану мамандығын бiтiрген түлектер емес, медреседе бiлiм алған түлектер дәрiс беретiндiгi де тiлге тиек етiлдi. Сондай-ақ дәл осы пәнге арналған оқулықтар мәселесi де талқыға түстi. Оқулық мәселесi осы күнге дейiн баспасөз беттерiнде жиi сынға ұшырап, дiнтану пәнiне қатысты оқулықтардың кемшiлiгi авторлар айқасына айналып та үлгерген едi. Пiкiрталасқа жиналушылар академик Ғарифолла Есiм бастаған топтың шығарған "Дiнтану" оқулығының балалардың оқып-үйренуiне тiлiнiң ауыр екендiгiн айтып, сондай-ақ әлемдiк дiндер тарихы тек жоғары оқу орындары студенттерiне ғана арналса деген ниеттерiн бiлдiрдi. Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан Республикасының дiни-идеологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында дiни бiлiм берудiң мемлекеттiк тұжырымдамасын мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып әзiрлеу де ұсынылды.

Сипозиум жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында "Дiнтану" пәнiн оқытуда көптеген мәселелердiң қордаланып қалғандығын көрсеткен сияқты. Дiнтану пәнiн жүргiзетiн мұғалiмдердiң дайындығын жетiлдiру, "Дiнтану пәнiн оқытудың әдiстемесi" атты мұғалiмдерге арналған оқу құралын дайындау және оқытуға байланысты оқу-әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз ету мәселелерi жиынның басты тақырыбы болды.

Симпозиумға қатысушылар көңiлдегi көптеген жайтты айтып, дiни бiлiм беру мәселелерiн кеңiнен талқылап, елiмiзге пайдалы оңтайлы шешiмдер қабылданды.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ