БОПАЙ ХАНЫМ
БОПАЙ ХАНЫМ
Бопай ханым. Қазақтың соңғы және заңды ханы Кенесарының туған қарындасы. Кей деректерде оны "Бопай ханша" деп те атаған. Кезiнде жар сүйiп, ана болған Бопайдың қазақ әйелдерiнiң қалыпты тұрмысына мойынсұнып, "отбасы, ошақ қасында" қалуы мүмкiн-дi. Алайда жаратылысынан қайсар жан басқа тағдырды таңдады…
БIР ҚҰРСАҚТАН АЛТАУ Қазақ хандарының көп әйел алғаны мәлiм. Абылайдың ұлы Қасымның бәйбiшесi Айкүмiстен алты бала өмiрге келiптi. Олар: Кенесары, Саржан, Есенгелдi, Көшек, Ағатай және Бопай. Тарихи деректерге қарағанда, Саржан мен Есенгелдi өзбек құшбегiлерiнiң қолынан ажал тапса, Кенесары мен Бопай орыс отаршылдарына қарсы күресте елге танылған. Халық аузында қосарлана айтылатын "Кенесары-Наурызбайдағы" Наурызбай Қасым ханның басқа әйелiнiң құрсағында жаратылған. Қаһарлы Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошыдан тараған қазақ хандары туралы көрнектi жазушы Iлияс Есенберлин ешкiмнен кем жазған жоқ. Өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғында жарық көрген "Қаһар" романы түгелдей Кенесары Қасымұлының отаршылдарға қарсы ерлiк күресiне арнаған-ды. Романда жазушының Кенесары бастаған 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерiлiсiне iш тартуы сезiлмей қалған емес. Рас, өзiнен бұрын Кенесары тақырыбына түрен тартқан Бекмахановтай аяусыз қудалауға ұшырамады. Тарихи деректерге негiзделген "Қаһарда" көбiне хан Кене сөз етiледi де, Бопай ханым жөнiндегi мәлiметтер аздау. Сiрә, жазушының шығармашылық қиялын тек басты кейiпкер ғана баураса керек. Сондықтан қазақтың осы батыр қызы туралы қалам тербегенде, тарихшы-ғалым Айткүл Махаеваның "Тойшыбек би және оның заманы" атты монографиясына сiлтеме жасағымыз келедi. Бiрден айтарымыз, Бопайдың қай жылы өмiрге келiп, қай жылы дүниеден озғаны туралы дәл дерек жоқ. (Мүмкiн, бiзге беймәлiм шығар – Авт.) Соның салдарынан тек ересек өмiрi жөнiнде сөз етемiз. БАТЫЛ БОЙЖЕТКЕННЕН БАТЫР САРДАРҒА ДЕЙIН Төре тұқымынан шыққасын болар, Бопай бала кезiнен өжет те батыл боп өсiптi. Бойжеткенде де сол қалпынан айнымаса керек. Тiптi, күйеуi Сәмекеге ұзатылғаннан кейiн де үнемi атқа отырып, "еркекшора" атаныпты. Сонда да ол жұбайлық парызын ұмытпай, Сәмекеге шекесi торсықтай алты ұл сыйлайды. Кейiн алты ұл ержетiп, анасымен бiрге атқа қонып, ел қорғауға аттанды. Құдды бөлтiрiктерiн соңына iлестiрген көк бөрiнiң қаншығына ұқсап… …Кейбiреулер Кенесарыны отаршылдарға қарсы бiрден соғыс ашты деп есептейдi. Қате түсiнiк. Ол 1837 жылға дейiн жағдайды бейбiт түрде реттеу үшiн бар күш-жiгерiн аямаған. Алайда ақ патша мен жымысқы отаршылдардың озбырлығы шектен шыққасын, амалсыздан қолына қару алды. Хан Кененiң батырлығы мен қайсарлығына кәмiл сенген үш жүздiң билерi 1841 жылы қыркүйекте оны ақ киiзге көтерiп, қазақтың ортақ билеушiсi етiп сайлаған. Сөйтiп, уақытша болса да, Қазақ хандығын қалпына келтiрген. Ал бұған алпыс екi айлалы Ресей империясы көнiп отыра ала ма?! Дұшпандығын онан сайын үдеттi. Мiне, он жылға созылған сол соғыста Бопай Кенесарының барлық iрi шайқастарына қатысып, сәл саябыр сәттерде қол бастап, партизандық жорықтар да жасапты. Сөйтiп батыр сардарлардың қатарын толықтырса керек. Күрестi жақтамаған күйеуi Сәмеке мен оның туыстарынан ат құйрығын үзген Бопай қанды шайқастарда сарбаздары және ұлдарымен бiрге талай көзсiз ерлiктерге барды. Қараөткел сынды (бүгiн Астана қаласының маңайы) iрi және басқа да қатардағы бекiнiстердi атойлаған, гүрсiлдеген зеңбiректер мен қалың мылтықтың оғының өтiне тiке шапқан әйелдi байқап қалып, кейбiр орыс жауынгерлерi аяп, оқ атпаған да сыңайлы. Сiрә, әйел екенiн байқап қалған. Сонда да қантөгiстiң аты қантөгiс. Астындағы аты да талай оққа ұшып, жаумен жекпе-жек жанталасқан екен қазақтың қайсар қызы. Тап сол заманда алыстағы Үндiстанда да ұлтының ержүрек қызы Лакшми Бай да ағылшын отаршылдарына қарсы күресте жан алысып, жан берiсiп жатты. Осылай Азияның батыр қыздары нәсiлшiл еуропалықтардың алдында намысын жоғары ұстады. Тек айырмашылығы – Лакшми Бай жауын жағасынан ала, қапыда қаза тапты… Қайда жүрсе де, қарындасын көзiнен таса қылмаған Кенесары көп ұзамай Бопайды зекет жинайтын және көтерiлiске қарсы төрелер мен ауқаттылардың мал-мүлкiн тартып алатын 600 адамдық жасақтың сардары етiп қойды. Бұдан басқа, Бопай Қасымқызының ұйымдастыруымен Кенесарының қолында қыз-келiншектердiң жасағы да болыпты. Саяси қылмыскер ретiнде қазақ даласына жер аударылған, поляк А. Янушкевич 1846 жылы 4 шiлдеде күнделiгiне "…Кенесарының 1500 сарбазынан өлiдей екi зеңбiрегi мен 500 қызынан айрылғаны айтылды. Қол санын молайту мақсатында оның әскерi еркекше киiнген көп әйел мен қыздан құралған", – деп жазған болатын. Басқа деректерде Кенесары сарбаздарының арасындағы қазақ қыздарының қолға түскен кезде "Мен-қызбын" деп шашын жайып, өлiмнен аман қалып, қырғызбен соғыста оларға кейiн келiн болып кеткенi де айтылады. "Оның (Бопайдың) жанында жүретiн Арғынның қызы Алтыншаш пен Табынның қызы Ақбөкен де өзi сияқты ерге ердей, серiге серiдей жолдас бола бiлетiн қайратты да айбатты қыздар едi" деп жазған қазақ ханымдарының өмiрiн зерттеп жүрген С.Ақтаев. Бопай Кенесары хан Жетiсуге келгенде де зекет жинайтын топты басқарған. Сонымен бiрге Жетiсудың да батыр қыздарын көтерiлiске тартты. Мiне, осылай қазақтың талай есiмi бiзге белгiлi және белгiсiз қыздары 1837-1847 жылдары азаттық соғысында намыстарын қайраққа жанып, ерлiкпен қаза тапты немесе даңққа бөлендi. АҒАСЫНЫҢ ҚАЗАСЫ Кенесарының қырғызға қарсы жорығы оның өлiмiн тездеткен ең соңғы және қатерлi қадамы болатын. Осы жорыққа Сыпатай би, Рүстем төре, Бөгенбай сынды беделдi азаматтар үзiлдi-кесiлдi қарсы шығып, ханнан бөлiнiп кеттi. Бопай ханым ағасын мақұлдамауы былай тұрсын, қолға түскен қырғыздың батыры Жаманқараны өлтiруге үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Тiптi ол жорық алдында "Түсiмде шашым ағарып кетiптi" деп, Кенесарыдан шабуылды тоқтатуын сұраған. Алайда хан Кене тыңдамады. Оның бiр топ төрелермен қолға түскенiн естiп, қайғы жұтқан Бопай дереу аттанғанымен, үлгере алмады. Ендi қырғыздың ханы Орманнан: "Өлген жандар өлiптi, қалған жандар қалыпты, соларды қор қылмай, алып қайтуға болар ма екен?!" деп, алдына бас ұрып, рұқсат сұраған. Бiр қызығы сол, Орман келiсiп, Бопаймен бiрге тұтқындарды керi қайтарыпты. Мұның өзiнен Бопай ханымның тек ержүрек сарбаз ғана емес, мәмiлегер жан екендiгiн көруге болады. Мәселен Бопайдың жас кезiнде Қоқан ханына барып, қапыда қолға түскен әкесi Қасым мен бауырларын босатып алуы туралы да дерек бар. Кенесарының өкiнiштi өлiмiнен соң, қайғы жұтып, он жыл бойы аттан түспей, елiнiң азаттығы жолында жорықтың ыстық-суығын ер-азаматтармен бiрдей бөлiскен Бопай ханым да бiр сәтте ай маңдайын әжiм басқан кемпiрге айналып, атамекенiне оралған. Әлi күнге дейiн айбатты ананың қашан өмiрден өткенi белгiсiз болуы өкiнiштi-ақ. Алайда оның есiмi ұмытылған жоқ. Қазақ қызының қайсарлығы мен өрлiгiнiң бейнесi ретiнде тарихта мәңгiлiкке қалды. Серiк Ықсанғали