ЖАҢА АУРУХАНА КҮЙРЕГЕЛI ТҰР
ЖАҢА АУРУХАНА КҮЙРЕГЕЛI ТҰР
Бiз таяуда ғана газетiмiзде соңғы кезде пайдалануға берiлген әлеуметтiк нысандардың жарамсыз күйге түскенiн дәйектi мысалдармен жазған едiк. Мұндай деректер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен күн санап естiлiп жатса да, "бұларың не?" деп жауаптың астына алып, шара қолданып жатқандар туралы мәлiмет аз. Осындайда "мемлекеттiң желге ұшқан қайран қаржысы-ай" дейсiң ерiксiз.
Павлодардың Май ауданында "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттiк бағдарламасы аясында салынған нысандардың кейбiрi аз уақыттың iшiнде қирауға шақ қалған. Аурухана жанындағы мәйiтхана ғимаратының қабырғалары жарылып кеткен. Жергiлiктi билiк өкiлдерi апат себептерiн анықтауға кiрiскенмен, аурухананың бас дәрiгерi жауапсыз құрылысшыларды кiнәлап отыр. Алайда құрылысшылар қолдағы бар материалмен ғана жұмыс iстеуге мәжбүр. Олардың үстiнен қадағалаушы басшылар қайда қараған? Бұл сауалдың астарына үңiлсеңiз, сыбайлас жемқорлықтың иiсi аңқитын сияқты.
Өкiнiштiсi сол, қабырғасы сөгiлiп, ортасы опырайып, құлаудың аз-ақ алдында тұрған аурухана нысаны осыдан 2 жыл бұрын ғана салынып, пайдалануға берiлген. "100 аурухана, 100 мектеп" бағдарламасы аясында бұл ғимаратқа 1 млрд. 300 миллион теңге бөлiнген көрiнедi. Май ауданы ауруханасының бас дәрiгерi Байболат Қазбековтың айтуынша, нысанды "Ақмола-Қапшағай құрылыс" фирмасы салған. Жарамсыз халге түскен жаңа ғимарат қайта жөндеу жұмысына зәру. Өйткенi жерасты суларының ағыны толастар емес. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов: "Егер құрылыс жұмыстары басталмай тұрып жерасты суынан қауiп бар ма, жоқ па деген зерттеу жүргiзiлген болса, онда бүгiнгiдей тығырыққа тiрелмес едiк", – дейдi құрылыс фирмасының салғырттығын алға тартып.
Мемлекеттiк бағдарлама бойынша бой көтерген әлеуметтiк нысандардың аз уақытта құлауын қалай түсiнуге болады? Дәл осындай деректер елiмiздiң әр өңiрiнен шығып жатқанмен, мемлекеттiк бағдарламаға жауапты тұлғалардың нақты жауабын ести алмадық. "Судың да сұрауы бар" емес пе?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ