Тәпей ҚАЙЫСХАНҰЛЫ: "ШҰҒЫЛА" ЖУРНАЛЫ – ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIНIҢ ТАМЫРШЫСЫ

Тәпей ҚАЙЫСХАНҰЛЫ: "ШҰҒЫЛА" ЖУРНАЛЫ – ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIНIҢ ТАМЫРШЫСЫ

Тәпей ҚАЙЫСХАНҰЛЫ:  "ШҰҒЫЛА" ЖУРНАЛЫ – ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIНIҢ ТАМЫРШЫСЫ
ашық дереккөзі

Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районында 1953 жылдан берi "Шұғыла" журналы жарық көрiп келедi. Осы журналдың тыныс-тiршiлiгiмен оқырмандарды таныстыру мақсатында журналдың Бас редакторы Тәпей Қайысқанұлымен әңгiмемiздi ұсынып отырмыз.

– Тәпей Қайысқанұлы, ең алдымен өзiңiз басқарып отырған "Шұғыла" журналының тарихы туралы, осы журналды басқарған аға буын өкiлдерi жайлы айта кетсеңiз.

– "Шұғыла" журналы 1953 жылы ҚХР Шыңжаң өлкелiк Әдебиет-көркемөнершiлер бiрлестiгiн құруға дайындық жасау комиссиясының басқаруымен "Шыңжаң әдебиет искусствосы" деген есiммен дүние есiгiн ашқан. Содан берi "Шыңжаң әдебиетi", "Шыңжаң әдебиет-көркемөнерi", "Шұғыла" деген атпен шығып келедi. 1966 жылдан 1974 жылдың басына дейiн "Мәдениет революциясы" деген қара дауылдың тұншықтыруымен бiр мезгiл тоқтап, сол 1974 жылдың басында "Шыңжаң әдебиет-көркемөнерi" деген атпен оқырмандармен қайта қауышты. 1981 жылы "Шұғыла" деген аты қайта қалпына келген едi. Сыртқы көрiнiсi талай өзгерсе де, Қытай қазақ әдебиетiн дамыту жолындағы мәнi өзгермеген "Шұғыла" журналының тарихы 58 жылға кетедi. Осы уақыт аясында журналдың 566 саны жарық көрiп, небiр мықты сарабдал редакторлар мен мамандарды, айтулы ақын-жазушыларды тәрбиеледi.

"Шұғыла" журналы қазiр қоғам дамуының үрдiсiне сай, қалың оқырман қауымының көңiлiнен шығатын сапалы туынды беруге барынша ден қойып, журналдың техникалық көркемдiгiн жоғарылатумен бiрге, жыл сайын өзiнiң мазмұн аясын кеңейтiп, бұрынғы бар: "Өлең – сөздiң патшасы", "Қара сөздiң қамбасы", "Iздену", "Талғам – таразы", "Шетел әдебиетi", "Туысқан ұлттар әдебиетi" сияқты айдарларды бұрынғыдан да саралап, сапаландырудан сырт, "Бағдар", "Сыр-перне", "Алтын альбом", "Бәйге", "Өнеге", "Алтын қиық", "Жас толқын ", "Сарқыт", "Әдебиет ауаны" қатарлы айдарлар ашып, бұрынғы барды толықтай түстi. Аудармашы мамандармен сәйкесiп, Қытай қазақ әдебиетiне үлгi болатын шетелдiң, Қытайдың таңдаулы әдеби шығармаларын, осы замандық әдеби, назариялық шығармаларды аударып, "Шұғыла" бетiнде таныстырумен қатар, онда жарияланған шығармалардың үздiк дегендерiн туысқан ұлт тiлдерiне аударып, топтамалар шығара бастады.

Осы журналдың iргетасын қаласып, уығын шаншысып, шаңырағын көтерiсiп, бойындағы бар қайраты мен парасатын арнаған аға-буын қаламгерлердi ауызға алғанымызда, Қытай қазақ әдебиетiнiң керуен-көшiн алға сүйреген үлкен бiр нар тұлғалар көз алдымызға келедi.

– Қазiргi таңдағы басылымның негiзгi мақсаты қандай?

– Әр басылымның мақсаты да әрқалай ғой. Ал ендi Қытайдағы әдеби басылымдардың ортақ ең үлкен мақсаты – халықтың өмiр-тiршiлiгiн, арман-тiлегiн, рухани әлемiн, заман тынысын дәл, шынайы көркемдiк өреде бейнелеп, адам жанының құпия қойнауларына бойлап, тұтас халықтың түбiрлi мүддесiне мүмкiндiгiнше мұрындық болар ой ұсыну, озық мәдениеттiң өзгеше мән-мәнерiн ашып, оның мәйектi жақтарын жұртқа жария ету, елдiк эстетикаға елеулi әр қосу, сол арқылы күллi адамзаттың асқақ рухын жырлауға ұмтылыс жасау болмақ.

– Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң соңғы жылдардағы дамуын қалай бағалайсыз?

– Бұл жөнiндегi сөздi бiз әрдайым өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастауды жөн санаймыз. Өйткенi, елiмiздегi "Мәдениет революциясы" деп аталатын он жылдық ойран әдебиеттi құр айғай, улы ұранға айналдырды. Жалаң жарапазан, құнсыз үгiт әдебиеттiң ақ дидарын айғыз-айғыз еттi. 1950 жылдардан бастап Қытайдың озық шығармаларынан, советтiк Қазақстан жазушыларының жасампаздық үлгiлерiнен, сол арқылы Азия, Еуропа әдебиетiнен жаңа өнеге қабылдап, ендi қаулап өсiп келе жатқан жаңа әдебиет өркенiн арадағы 20 жылға созылған ызғарлы боран үсiрiп тынды. Кейiн тас түрме мен Тарымның аптабында, ауыр еңбек пен айдауда жүрген таланттарымыздың жан сарайында бұғып жатқан әдеби жасампаздық күн жылына қайта көктеп, жемiс бере бастады. Iле екi ел достығының арқасында Қазақстан ақын-жазушыларының шығармалары да көптеп енiп, өзiндiк жебеу, үлгi көрсеттi. Дегенмен екi елде екi басқа ене емген төл әдебиетiмiздiң алып астарында, болмыс-бiтiмiнде, бөлек-бөлек бөгенай жатты, әркiм ойын арқалай формамен жеткiзуге тырысты. Арғы-бергi тарих, жүректегi сыз, көңiлдегi көкиiрiм ойлар, 20 жылдық солшылдықтың зардабын жазған жарақат әдебиет ендi жасампаздыққа қалам тартты. Романның ұзын санының өзi 100 ден асса, әңгiме- повестер жинағы, өлеңдер жинағы арт-артынан баспадан шықты. Алдыңғы аға буындарға жаңа күш жастар келiп қосылды, сөйтiп Қытай қазақ әдебиетi өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, жаңа бiр дамуға, тың өрлеуге беттедi. Ал бұл дамуды бұтарлап баяндау, бағамдап пайымдау үлкен монографиялық еңбектiң жүгi

Ендi бертiнгi он неше жылдың әдебиет ауанын барласақ, сәл байырқалау, алды-артын байқау бар сияқты. Бұл – бiр. Мынау базар шаруашылығы бәсекесiнiң салқыны болса, ендi бiр жақтан алуан мәдениеттiң тоғысуын дерлiк бойымызға үйiре алмай жатқанымыз да бар шығар деп ойлаймын. Журнал басында отырған соң әр автордың ауанын, қалам алысын айнытпай байқап отырамын. Жаңа бiр толқынның бүлкiлiн бүйрегiң сезедi. Жаңа бiр жарылыстың жаңғырығы алыстан құлаққа ұрады.

Газет-журналдардың экономикалық қиыншылықтарын бiртелеп шешiп, аз ұлт ақын-жазушыларының шығармаларын қытай тiлiне аудару, дүниеге бет алдыру аяқ алысын жиiлеттi. Аз ұлт авторларының үздiк шығармаларына беретiн мемлекеттiк Тұлпар" әдебиет сыйлығы, Шыңжаң "Тянь-Шань" әдебиет сыйлығы, Шыңжаң қазақ-қырғыз әдебиетi "Дүлдүл" сыйлығы, Шыңжаң жастар әдебиет сыйлығы қатарлы сыйлықтарды жолға қойып, аз ұлт қаламгерлерiне шынайы шабыт берiп, жанашырлық көрсетiп отыр. Жақында автономиялы районымыздың басшылары бұрынғы бар бөлiнген қаржыдан сырт, аз ұлт жазушыларының әдеби жұмысына елу миллион юань, әдеби аударма жұмысына елу миллион юань қаржы босатуға уәде бердi. Демек қаламгерлер құлшына iзденiп, жаңа әдеби жасампаздықтар жаратса, Қытай қазақ әдебиетiнiң болашағы шұғылалы болатындығы шүбәсiз.

– Қытай қазақ ақын-жазушыларының iшiнде өз даралығымен, қолтаңбасымен келе жатқан жас ақын-жазушыларды атай кетсеңiз.

– Орта жасқа таман ауып бара жатқан талантты бiр топты айтпағанда, өз даралығымен, қолтаңбасымен келе жатқан жас ақын-жазушылардың саны да бiр шоғыр болып қалды. Айталық, әңгiме-повестерiнде ой ағымы тәсiлi арқылы заман мiнезi мен адамдардың iшкi рухани жан-күйiн дәл шертiп, өзiндiк философиялық пайым айтып жүрген Тұрсынбек Байжұмаұлы, дала мен қала тiрлiгi арасындағы кереғар салтты, адамның алмағайып тiрлiгiн айнытпай бейнелеп жүрген Ризабек Қасенов, юморлы, комедиялы оқиғалармен өзiндiк сыз-салқыны бар өмiр құбылыстарын құбылта жазып жүрген Жеңiс Ырысқанұлы, адам жанының бейнама тұстарын, қылмыс өткiзуге дейiн баратын қиын қатпарлы жұмбақ мiнездердi сомдауға ұмтылыс жасап жүрген Ырысбай Тоқтанұлы, қоғамның қайдағы бiр қалтарыс жақтарын тауып, оны заман, дәуiр, уақыт кеңiстiгiмен сабақтастыра жазып, терең толғаныстар туғызып келе жатқан Жадыра Қауан, қай тақырыпты жазса да айызын қандырып жерiне жеткiзе жазып жүрген Баһар Бердiбекова, Қасен Әубәкiрұлы, Қанат Қабiкенұлы, Қабден Ожаубайұлы, Ерболат Сұлтанұлы, Жанұзақ Жөкенұлы қатарлылар, ал жас ақындардан Бiлiсбек Әбдiразақұлы, Мәдениет Мұқатайұлы, Мақсат Нұрғазин, Тоқтаубай Мәкебайұлы, Ерлан Нұрдыханұлы, Қуаныш Iлиясұлы, Ерболат Әбдiқадiрұлы, Қуаныш Дәлейұлы, Гүлайша Ерахыметқызы, Қажiбек Айдарқанұлы, Әдiлбек Жәкейұлы, Мұрал Тоқтаров, Шәкен Бөкетайұлы, Қуат Асылбекұлы, Мұрат Зұлқапыл, Қалау Сәлеметбай, Өжет Дәлелханұлы, Түселқан Болбанұлы, Барат Табысбеков қатарлыларды атап өтуге болады.

– Заман талабы дәстүрлi газет-журналдардан гөрi ғаламтордан ақпарат алып, кiтап пен газет-журналдың электронды нұсқасына сұраныстың көбеюiне әкелдi. Бұл үрдiс сiздердiң журналдарыңызға әсерiн тигiзiп жатқан жоқ па?

– Қазiрше жоқ. Бiздiң оқырмандарымыздың көбi ауыл-қыстақ, мал шаруашылығы аудандарында. Олардың қазiр түгел ғаламторды пайдалану мүмкiндiгi де, ондық бiлiмдiк өресi де жоқ дерлiк. Ал зиялы қауым, студенттер, оқушылар жағы бiртiндеп тордан игiлiктенуде. Журналымыздың ғаламторға тым асығып кiруден уақыттық бойын тартып отырғаны да содан.

– Шығармашылығыңыз бен редакторлық жұмыс екеуi бiрiн-бiрi толықтыра ма, әлде кереғар түсiп жататын кездерi көп пе? Жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

– Бұл екеуiнiң кереғар түсiп жататын кездерi көп екен. Редакторлық жұмыс, оған қоса Бас редактор болу аса бiр жауапкершiлiктi қажет етедi ғой. 128 беттiк айлық журналды саралап, салмақтап, қыз ұзатқандай жасау-жабдығын жасап, оқырман қолына аттандыру – жай көзге оңай болғанымен iшкi талабы ауыр жұмыс. Кеңседе де, көшеде де, үйде де журналдың әр бетi, қасы-аяғы, мазмұн ретi, үтiр-нүктесiне дейiн көз алдыңда, миыңда тұрады. Бәлкiм бұл кәсiптiк ауру да шығар. Басқалай қосымша әкiмшiлiк мiндеттер, жиын, басқосулар, өзге де мiндеттелген кiтаптарды құрастыру, редакторлығын қарау деген сияқты жұмыстар, осының бәрi-ақ жеке бiр дүние жазуыңа бөгет болады екен. Кейде толғандырып жүрген ой, әдемi сөздердiң кейбiрi авторлардың шығармаларының бойына байқаусызда енiп кете барады немесе жұмыс қарбаластығынан көкiректе тұнған көп дүниелер алғашқы қызу, шабытты шағынан қайтып суып, байсал тартып қалатын шақтары да бар.

– Оқырман қауымы тарапынан кейде бұл журналды кәрiлер ғана оқитын болып жүр, жаңалық тым аз, бiр саннан оқуға татитын бiр ғана шығарма табамыз деген сияқты пiкiрлер айтылып жатады. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл – жалпылама пiкiр, өйткенi "Шұғылада" ондаған айдар астында, түрлi формада, алуан мазмұнда жазылған шығармалар берiледi. Тiптi жуық жылдардан берi "Бәйге", "Жас толқын қарап отырмай" айдарлары арқылы жастардың жаңа шығармаларын көптеп берiп жатырмыз. Ал "Шетел әдебиетi", "Туысқан ұлттар әдебиетi", "Алтын қиық", "Алтын альбом", "Сыр-перне" айдарларында берiлген шығармалар өз оқырмандарын табатынына сенiмiмiз кәмiл. Бiз "қазанда не болса, шөмiшке сол iлiнедi" деп мүмкiндiктiң барынша оқырманның қалауын табуға құлшынудамыз. Ал кейбiр адамдардың журналды парақтап көрмей тұрып-ақ, әлдекiмнiң әдейi бұрмалап айтқан сөзiне сөлкiлдеп желiп кететiнi бар емес пе? Журналдың сан сайын сапалануға бет алып бара жатқанын былайғы саналы жұрт жiтi ауызға алысады. Онсыз да қазiргi әдебиетiмiздiң қадари-халi де "Шұғыладан" көрiнiс беретiнi табиғи заңдылық қой. "Шұғыла" журналы ұжымының бұл журналдың Қытай қазақ әдебиетiнiң алып бәйтерегi сынды абыройын одан ары асыра беруге жұмыла жұмыс iстеп отырғаны айдан анық.

Сұхбаттасқан Мейiржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ