ШЕКАРАДАҒЫ ЕЛДЕН ШЫРАЙ КЕТТI

ШЕКАРАДАҒЫ ЕЛДЕН ШЫРАЙ КЕТТI

ШЕКАРАДАҒЫ ЕЛДЕН ШЫРАЙ КЕТТI
ашық дереккөзі

Қазақ-өзбек шекарасында көршi елдiң жауынгерлерi мен бейбiт халық арасында оқыс оқиғалардың орын алуы әлi күнге толастамай келедi. Алысқа бармай-ақ қояйық, былтыр арғы бетке өтiп, өзенге шомылған Мақтаарал ауданы Қоғалы ауылының 9 оқушысын өзбек шекарашылары бiр тәулiк бойы тұтқында ұстады. Ал шекара белгiлерi орнатылғаннан кейiн, Шардара ауданына қарасты Арнасай ауылы аралда қалғандай күй кешiп келедi.

Ауыл Қазақстанмен тек Шардара су қоймасы арқылы ғана байланысып отыр. Барыс-келiс қиындағандықтан былтыр ауыл толығымен iшкерi жаққа көшiрiлген. Көршi елдiң шекарашылары көш қамымен жүрген ағайындардың екеуiн қамауға алып, көлiктерiн тартып алды. Шекарашылардың қатысуымен бейбiт халыққа оқ ату, кiсi өлтiру, адам ұрлау сияқты ауыр қылмыстар да кездесiп жүр. Жуырда осындай тағы бiр оқыс оқиға орын алды. Бұл жолы екi өзбек сарбазы бiр қандасымызды айуандықпен ұрып өлтiрдi.

Қаза тапқан Рақымжан Жәметов бiр кездегi Қазақстанға қараған, кешегi хрущевтiк саясаттың салдарынан арғы бетте қалып қойған Амангелдi ауылының тұрғыны. Рас, Өзбекстанның азаматы. Бiрақ өзге ауылдастары сияқты Қазақстанға әне-мiне көшiп кетуге даярланып жүрген. Тiптi отбасын осында әкелiп те қойған екен. Өзi сол Амангелдiдегi орта мектептiң директоры қызметiн атқарып жүрген ол 18 қаңтар күнi көшi-қон мәселесiмен және мұғалiмдердiң жалақысын алу үшiн Жайнар Байназаров деген азаматпен бiрге аудан орталығына бет алады. Қанды оқиға ауылдағы дүкен iшiнде орын алған.

…Арақ iшiп, мас болған екi өзбек шекарашысымен арадағы келiспеушiлiк кезiнде марқұм Рақымжан Жәметов "бұларың не, мен сендердiң әкелерiңмен жасты азамат емеспiн бе?!" деген екен. Бiрақ оған құлақ аспаған екi қаныпезер оларды аяусыз тепкiнiң астына алған. Ауыр жарақат алған Рақымжан Жәметов оқиға орнында қаза тауып, Жайнар Байназаров ауруханада бiр тәулiктен кейiн ес жиған. Марқұмның сүйегiн туған-туысқандары Қазақстанға әкелiп жерледi. Артында аңырап төрт баласы мен жесiрi қалды. Балаларының үшеуi – студент, бiреуi – әлi мектеп жасында. Қара жамылған отбасы әлi баспана алып та үлгермептi.

Рақымжан Жәметовтiң өлiмiне байланысты қылмыстық iстi көршi елдiң құқық қорғау органдары әдiлеттi жүргiзiп, кiнәлiлерге тиiстi жазасын бередi деген үмiт болған. Алайда…

Өткен аптада бiзбен Шардара қаласының бiр тұрғыны хабарласып, өзiнiң көкейiнде жүрген жанайқайын жеткiздi.

– Кезiнде Қазақстанға қараған Амангелдi ауылы Шардарадан 40 шақырым жерде жатыр. Бұрын екi арадағы халық Жетiсай мен Шардараны жалғаған Арнасай арқылы өтетiн жолмен қатынайтын. Өзбектер ол жолды жауып тастады. Амангелдiде қазiр 28 отбасы қалған. Қандастарымыз өзбек сарбаздарынан әбден зәрезап болғаны соншалықты көшеге шығуға да қорқып қалған көрiнедi.

Мен марқұм Рақымжан Жәметовтi сырттай танушы едiм. Осыдан бiрнеше күн бұрын оқиға кезiнде марқұмның қасында болған серiгiн (Жайнар Байназаровты) кездестiрiп қалдым. Оның айтуынша, кiсi қанын мойындарына жүктеген екi өзбекстандық жауынгер мен мұның арасында сол күнi бiр келiспеушiлiк болған екен. Кешкiсiн мектеп директоры Рақымжан Жәметов екеуi дүкенге кiрген кезде әлгi шекарашылармен қайта жолығып қалады. Содан олар ауыздарына келген былапыт сөздерiн айтып, екеуiн аяусыз тепкiнiң астына алған.

– Ауруханада жатқан кезде Өзбекстандағы Қазақстан елшiлiгiнiң өкiлдерi келiп жолықты. Жәрдем беремiз деген. Бiрақ ешқандай нақты көмек алғаным жоқ. Содан кейiн түнделетiп шекарадан өттiм. Сол қашқаннан келе жатқан бетiм осы. Бала-шағам арғы жақта қалып кеттi. Қайта баруға қорқамын. Өзбек тергеушiлерi алып кетiп, артынан өзiмдi кiнәлi етiп шығаруы әбден мүмкiн. Бұлардан бәрiн күтуге болады. Тiптi, өлтiрiп жiберуi де мүмкiн, – дедi ол маған. Жайнар Байназаров – Өзбекстан азаматы, бiрақ оралман ретiнде квотасын алып, бүгiн-ертең елге көшуге даярланып отырған екен. Қазiр өзi Шардара ауданында жүр.

Ал марқұм Рақымжан Жәметовтiң өлiмiне байланысты Өзбекстан құқық қорғау органдары қылмыстық iс қозғады ма, жоқ па? Кiсi өлтiрген екi өзбекстандық жауынгер сот алдында жауап бере ме? Әлде жауапкершiлiктен жалтарып кете ме? Жайнар Байназаровтың ендiгi тағдыры қалай болады? Бұл сұрақтардың жауабын мен ғана емес шекара бойында отырған бүкiл халық күтiп отыр, – дедi ол.

Шекара шебiне қоныстанған қазақ ауылдарына қит етсе қару кезену, соққыға жығу, оқ ату, кiсi өлтiру сияқты келеңсiздiктермен әбден басынып алған өзбекстандық шекарашыларға әзiрге тоқтау болмай тұр. Оққа ұшқан, ауыр соққыдан қаза тапқан қандастарымыздың, отандастарымыздың өлiмiне кiнәлiлердiң жауапқа тартылған-тартылмағаны беймәлiм. Марқұм Рақымжан Жәметовтiң өлiмiне байланысты Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi өзбекстандық әрiптестерiне хат жолдап, оқиғаға байланысты түсiнiк берудi талап еткен. Алайда өзбек билiгi оған құлақ асқан жоқ. Мәселе осымен жылы жабылып кете бере ме?

Ара-тұра қайталанып отыратын шекара бойындағы шатақтарға мемлекеттiң ғана емес, тұтас ұлттың жайына алаңдайтын ел ағалары, зиялы қауым өкiлдерi де үнсiз. Қашанға дейiн? Жат жер, шет ел демесеңiз, ата-баба, құтты қонысында отырған Амангелдi сияқты шекарада отырған қазақ ауылдарының амандығын, тыныштығын ойлайтын азаматтың табылмағаны ма?

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы