ШЫМКЕНТТЕ ЖЕР ДАУЫ ӨРШIП ТҰР

ШЫМКЕНТТЕ ЖЕР ДАУЫ ӨРШIП ТҰР

ШЫМКЕНТТЕ ЖЕР ДАУЫ ӨРШIП ТҰР
ашық дереккөзі

Шымкентте кейiнгi жылдары жер дауы жиiлеп, соның салдарынан көптеген отбасының баспаналары бұзылып, далада қалғаны бұған дейiн де жазылып, талай жиындарда өзектi әңгiмеге айналғалы қашан. Бiрақ бiр жерге екi мемлекеттiк актi берiп, талай шаңырақты шайқалтқан шенеунiктердiң момын халықтың обал-сауабын ойламағаны таңғалдырады.

Осыдан екi-үш жыл бұрын Жоғарғы сот жер дауының өршiп кетуiне жергiлiктi атқарушы билiктiң жол берiп отырғаны жөнiнде облыс әкiмiнiң атына жеке қаулы қабылдаған болатын. Осыған байланысты қалалық әкiмдiктiң жерге жауапты басшыларымен өткен басқосуда судьялардың "Бiр жерге екi азаматты таластырып, қашанға дейiн соның қызығына қарап отыра бересiздер?!" дегенi есiмiзде. Алайда одан жерге қатысты сыбайластықтың, салғырттықтың сап тыйылғанын көргенiмiз жоқ. Шенеунiктер қыран-топан "қызықты" одан әрi жалғастырып, өздерiнiң заңсыз әрекеттерiмен ендi мемлекеттi мұзға отырғызуға көштi.

Мәселен Шымкенттегi "Пахтакор" елдi мекенiнде медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының құрылысы былтырдан берi тығырыққа тiрелiп тұр. Неге екенi белгiсiз, шенеунiктер әу баста құрылысты жекеменшiкке өтiп кеткен жер телiмiне жоспарлапты. Рас, қала әкiмi А.Жетпiсбаевтың қаулысымен жер телiмiн мемлекетке қайтару шаралары қолға алынған. Осы шаралардың сәттi аяқталатыны сенгендiктен болар, облыстық құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттарды әзiрлеуге бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. Ал биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бюджеттiк комиссияға берген ұсынысы негiзiнде құрылысқа қажеттi қаржы облыстық мәслихаттың шешiмiмен бөлiнедi. Ендiгiсi тек iске кiрiсу ғана. Алайда атқамiнерлер тым ерте асыққан екен. Жеме-жемге келгенде қалалық әкiмдiк жер иелерiмен ымыраға келе алмады. Ақыр аяғында жедел-жәрдем стансасын аталған елдi мекеннiң өзге жерiнен салу туралы шешiм қабылданды. Оның не себептi әуел бастан осылай жасалмағаны жұмбақ болып қала берген. Жуырда асығыстыққа, шалағайлыққа жол бергенi үшiн Шымкент қаласының бас сәулетшiсi, Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлiмiнiң бастығы Н.Жанбатыров қызметiнен босатылды. Қала әкiмi Жетпiсбаевқа аталған нысанның жобалау-сметалық құжаттарына кеткен 1,2 миллион теңге шығынды қайтадан облыстық бюджетке қайтару жүктелдi.

Құрылыс нысаны түсетiн жердi дайын болмай жатып жапа-тармағай жобалық құжаттарды әзiрлетуге кiрiсiп кетудi қалалық әкiмдiк әдетке айналдыра бастаған ба дерсiз?! Айталық, "Қайтпас-2" мөлтек ауданында 320 орындық балабақша құрылысының жобалау-сметалық жұмыстарын даярлауға 2009 жылы 3 миллион 240 мың теңге қаржы бөлiндi. Сол жылы 14 желтоқсанда шығарылған сараптамаға қарағанда құрылыстың құны 423 436 мың теңге болып бекiтiлген. Былтыр балабақша салынатын 1,2 гектар жерге А.Жетпiсбаевтың қаулысымен тұрақты пайдалануға құқық беретiн мемлекеттiк актiсi шығарылды. Сөйтсек, тағы да… Кейiннен белгiлi болғандай, аталған жер телiмiнiң 0,72 гектары бiр емес, екi азаматтың иелiгiнде болып шықты. Сонымен не керек, қалалық әкiмдiк тағы да жер иелерiмен келiссөз жүргiзуге мәжбүр болды. Соның нәтижесiнде жердiң 0,48 гектарының иесi Әл Шами М.Басам Ахмед деген азаматқа 3,3 миллион теңгеге өтемақы төленген. Ал қалған 0,24 гектар жердiң иесi А.Тоқтыбаева деген азаматша жерiне нарық бағасына сәйкес келмейтiн, яғни 7 миллион теңге сұраған көрiнедi.

Қазынадан жекелеген азаматтарға берiлген миллиондаған өтемақының орнын ендi кiм толтырады? Әдiлдiкке жүгiнсек, салғырттыққа жол берген шенеунiктер төлеуi тиiс емес пе едi. Жоқ, қалалық әкiмдiк тек жер қатынастары бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Е.Ахметовке ескерту берумен шектелiптi. Бұған да шүкiр дейсiң. Осы жерде айта кететiн жайт, әлеуметтiк нысандардың құрылысы салынатын жерден шатақ шығуы Шымкентте биыл ғана кездесiп отырған жоқ. Осыдан екi-үш жыл бұрын "Сәуле" мөлтекауданындағы "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша салынатын мектеп мұнай құбырының үстiнен басталып, мамандар артынан сан соғып қала бердi. Мектеп құрылысы "Қайтпас-1" мөлтекауданына көшiрiлгенiмен, ол мерзiмiнен 3 жыл кешiгiп, былтырғы жылдың соңында ғана пайдалануға берiлген болатын. Осыған орай облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қателiк жiберген қызметкерлердi қатаң жауапқа тартуды тапсырғанымен, ол мүмкiн болмай қалған. Кiнәлiлер әлдеқашан ат ауыстырып, "iс бiттi – қу кеттiнiң" керiн келтiрген болып шықты. Кейiнгi жылдары жұмыстан заңсыз шығарылған қызметкерге бос жүрген уақытындағы жалақысы бюджеттен емес, сол заңсыз бұйрықты қабылдаған мекеме басшысының қалтасынан төлеттiру тәжiрибесi қолға алынды емес пе? Құрылыс жұмыстары кестеден кешiксе, мердiгерге айыппұл салу да қолданысқа ендi. Осындай ащы сабақ құрылысты жобалауға қатысатын шенеунiктерге де керек-ау.

"Қайтпас-2" мөлтекауданындағы балабақша құрылысына қайта оралсақ. Облыс әкiмiнiң орынбасары Болатбек Әлиевтiң айтуынша, жерге қатысты дау ендi сот арқылы шешiлмекшi.

Жалпы, Шымкентте жерге қатысты даудың жиiлеуiн жер телiмдерiнiң тапшылығымен де байланыстыруға болады. Қазiргi уақытта облыс көлемiнде жер телiмiн алуға өтiнiш бiлдiргендердiң саны 180 мыңға жуықтаса, оның үштен бiрi, яғни 60 мыңнан астамы Шымкент қаласының еншiсiнде екен. 2015 жылы халқының саны 1 миллионға жетуi мүмкiн деген Шымкентте жерге деген сұраныс өспесе, кемiмейтiнi бесенеден белгiлi.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы