КРЕМЛЬДIҢ БҰЙДАСЫНА КӨНБЕГЕН ЯНУКОВИЧ

КРЕМЛЬДIҢ БҰЙДАСЫНА КӨНБЕГЕН ЯНУКОВИЧ

КРЕМЛЬДIҢ БҰЙДАСЫНА КӨНБЕГЕН ЯНУКОВИЧ
ашық дереккөзі

Ол украин мектептерiн жабуға қарсы

Украинада мемлекеттiк тiл үшiн күрес қыза түскен. Бұл әсiресе, билiк басына Виктор Янукович келгелi берi жаңаша сипат ала бастады. Әу баста өзiн президенттiкке үмiткер ретiнде ұсынған бағдарламасында Украинада орыс тiлiнiң рөлiне басымдық беремiн деген ол көп ұзамай-ақ бұл уәдесiнен тайқып кеткен болатын. Кремль кезiнде өзi қолдаған Януковичке не iстерiн бiлмей дал.

Осыдан бiраз бұрын газетiмiзге сұхбат берген Украина журналисi Андрей Юричконың "Украинада тiл мәселесi жоқ" дегендi кесiп айтқаны есте. Неге десеңiз, жергiлiктi билiк өкiлдерi тiл мәселесiне ешқашан немкеттi қараған емес. Олар бұған дейiн шетелден келетiн киноөнiмдерге мiндеттi түрде украин тiлiнде дубляж жасауды қолға алса, iле-шала бiлiм ошақтарында ұстаз қауымның тек қана мемлекеттiк тiл – украин тiлiнде сөйлеуiн талап еттi. Алайда украин тiлi мерейiнiң үстем болуына қарсылық танытқандар орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiне көтеруге жанын салуда. Бiр айта кетерлiгi, әшейiнде орыс тiлiнiң қамын жеп жүргендей сыңай танытатын президент Виктор Янукович те бұл ұсынысты қолдамайтындығын iс-әрекетiнен байқатып келедi.

"Наша Украина" саяси партиясының басшысы, Украинаның экс-президентi Виктор Ющенко орыс тiлiнiң мемлекеттiк тiл деңгейiне көтерiлуiне әу баста қарсы. Ол "Украина – унитарлы мемлекет. Сондықтан да мұнда бiр ғана тiл бар, ол – украин тiлi. Бiз екi мемлекеттiк тiлдi мойындайтын Швейцария сынды конфедерация емеспiз, бiз Еуропадағы кейбiр мемлекеттер сияқты федерация емеспiз" деп қадап айтты. Оның пiкiрiнше, Виктор Януковичтiң тiл саясаты тұрғысындағы ұстанымы украин қоғамын бiрiктiре алған жоқ. Тiптi, орыс тiлiнiң беделiн арттыруға арналған "Тiл туралы" заң жобасына ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар iстерi жөнiндегi жоғарғы комиссары Кнут Волленбек жағымсыз баға берген көрiнедi. Кнут мырза Жоғары раданың төрағасы В.Литвинге жазған хатында құжатқа байланысты сыни пiкiрiн бiлдiрiп, бұл жобаның тiл мәселесiн реттей алмайтындығын тәптiштеп түсiндiре келе, "Тiл туралы" заң жобасы қоғамда әртүрлi тiл таратушылардың арасында алауыздықты арттыра түспесе, азайтпайтындығын және мұның украин қоғамын тұрақсыздандыруға әкелетiн бiрден-бiр жол екендiгiн дәйектi мысалмен жеткiзiптi.

Ал Украинада "орыс тiлiнiң аясы тарылып жатыр" деп байбалам салушыларға жауап берген Украинаның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Владимир Ельченко: "Украинада орыс тiлiне қысым болған емес. Бәлкiм, БАҚ тарапынан бұл мәселеге жаппай жiтi назар аударылғандықтан осындай пiкiр қалыптасқан шығар. Әлбетте украин тiлi базасының дамуы мен берiктiгiн сақтау үшiн белгiлi бiр шаралар қабылданса да, бiрақ мұны орыс тiлiнiң есебiнен жасалып отырған шаруа деп түсiнбеу қажет", – деген болатын. Демек, бұл орыс тiлi – Ресейде, украин тiлi – Украинада басымдық рөлге ие деген сөз. Әр ұлт тiлiнiң өз Отанында тамырын тереңге жая түсуi табиғи заңдылық екенi бесенеден белгiлi.

Таяуда Украинаның интернет-басылымдарында Одессаның МАИ инспекторы, аға-сержант Александр Швецтiң украинше тiл қатқан көлiк жүргiзушiсiне "Не понимаю телячью мову" деп мемлекеттiк тiлдi қорлағандығы туралы бейнежазба жарияланған-тұғын. Мұндай сорақылыққа дәтi шыдамаған жергiлiктi шенеунiктер мен оппозиция өкiлдерi МАИ инспекторын дереу қызметiнен босатуды талап етiп, дегенiне қол жеткiздi. Украин тiлi биiк тұғырдағы тiл екендiгiн айқын көрсеттi!

Дәл осы iспеттес оқиғамен бiздiң де бетпе-бет келгенiмiз бар. "ЭФЕС-Қарағанды" сыра зауытының Алматы филиалының супервайзерi Надежда Бендзьдiң "Қазақ тiлiнде тек еден сүртетiн шүберекпен ғана сөйлесiңдер! Жұмыс барысында мен түсiнетiн тiл – орыс тiлiн қолданыңдар!" деп дүрсе қоюы қарамағындағы жетi бiрдей қазақ азаматының ар-намысына тиiп, сотқа арыз түсiруге итермелеген болатын. Алайда бiрнеше айға созылған сот процесi барысында талапкерлердiң диктофонға жазып алған дәйектемесi есепке алынбай, талап еткен 7 млн. теңге қанағаттандырусыз қалдырылды. Ана сүтiмен дарыған қазақ тiлiн аяқасты етiп, қорлаған Бендзьдiң тайраңдауына күйiнген қазақтың жетi азаматы мемлекеттiк тiлдi мазақ еткендерге заңмен қарсы тойтарыс беруге барын салып көрдi. Өкiнiштiсi сол, Алматы облысы, Қарасай аудандық соты да, Алматы облыстық соты да қазақ тiлiн шүберекке теңеген Надежданың ығына жығылып, мемлекеттiк тiлдi қызғыштай қорғай алмады. Бар болғаны оның лауазымдық қызметтен бiр саты төмендегенiн әрi қызының қазақ балабақшасына баратындығын уәж ретiнде айтып, басымдық бердi. Екi соттан да тауы шағылып қайтқан жiгiттер ендi Жоғарғы сотқа шағымданатындығын бiлдiруде. Мiне, бiздiң елiмiзде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң қалай, қандай дәрежеде қорғалатындығын осыдан-ақ аңғаруға болатын сияқты.

Бұған қарағанда, Украинадағы украин тiлiнiң мәселесi Қазақстандағы қазақ тiлiнiң жағдайынан әлдеқайда көш iлгерi сияқты. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына қадам басқан уақытта, "Тiл туралы" Заңның қабылданғанына 22 жылға жуықтаған шақта қазақ тiлiнiң өгей баланың күйiн кешiп отырғаны жанға батады. Әрине, елiмiз жылдан-жылға экономикалық даму жағынан қарыштап жатса да, күн тәртiбiнен түспейтiн – қазақ тiлi мәселесiн шешу жолында жұрт тамсанатындай нәтиже жоқтың қасы.

"УКРАИН ТIЛIН ҮЙРЕНIҢДЕР!"

Билiк басына келгенiне бiр жыл толуын халықпен бiрге атап өткен Украина президентi Виктор Янукович Украинада украин мектептерiнiң жабылуына қарсылығын бiлдiрдi. "Тiл мәселесi туралы сауал көп қойылады. Әрине, бұл менi қатты алаңдатады. Украин тiлiндегi бiлiм ұяларының жабылу себебiн тексеру үшiн жазбаша түрде тапсырма бердiм. Бұған жол бермей, тез арада тоқтау салуға тырысамыз", – дедi ол. Янукович сондай-ақ, орыс тiлiне аймақтық мәртебе берудi қарастыратын "Тiл туралы" заң жобасы қабылданатын жағдай туса да, қол қоймайтындығын баса айтты. Себебi Жоғары радада орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiне жеткiзу мақсатында Конституцияға өзгерiс енгiзуге қажеттi 300 дауыс та жиналмаған. Украин тiлiне қатысты жүрекжарды пiкiрiн ақтарған Янукович өз сөзiн "Украин тiлiн үйренiңдер!" деумен қорытындылады. Осы тiкелей эфирден кейiн жергiлiктi саясаттанушылар "Тiл тұрғысындағы мәселе алынып тасталып, Янукович Ющенконың бағытын ұстанды!" деген баға берiп жатты. Алайда ұлтшылдар оның орыс тiлiнен бас тартқандығына аса сенiңкiремейдi. "Өйткенi бiз Януковичтiң сайлауалды кампанияға берген уәдесiн жақсы бiлемiз. Сондықтан да бұл мәлiмдеменiң астарында бiр сыр жатыр" дейдi олар. Не десе о десiн, Янукович те жаттың жетегiнде кетпейтiн, бiр адамға жетерлiк патриоттық рухы биiк жан екендiгiн көрсеттi.

Айта кету керек, жаңа оқу жылынан бастап Мәскеуде тұңғыш украин мектебi есiгiн айқара ашпақшы. Бiлiм министрi Дмитрий Табачниктiң айтуынша, қазiр бұл жоба бойынша екiжақты келiсiм жасалуда. Жалпы бiлiм беретiн мектепте барлық пән украин тiлiнде оқытылғанмен, орыс тiлi арнайы пән ретiнде жүргiзiледi. Ресейлiк билiк өкiлдерiнiң мәлiметiнше, Ресей Федерациясында ресми түрде 12 украин мектебi бар. Десе де, Украина Сыртқы iстер министрлiгiнiң ақпараттық саясат департаментi директорының орынбасары Сергей Саенконың айтуынша, бүгiнде мұның бiреуi де жоқ. Яғни қағаз жүзiнде айтылғанмен, нақты болған емес. Тек украин тiлi оқытылатын сыныптары бар 250 мектеп және украин тiлi қосымша сабақ түрiнде берiлетiн 445 мектеп жұмыс iстейдi екен. Бiрақ Мәскеуден украин мектебiн ашу туралы мәселе бұған дейiн де сан мәрте көтерiлсе де, ресейлiк билiк мұнда оқитын украин балаларының аздығын алға тартып, сылтауратқан. Оның үстiне Мәскеуде тұратын украиндердiң көпшiлiгi орыстiлдi екендiгiн қаперге салудан шаршаған емес. Осындай кертартпа әрекеттерге қарамастан, Украин мемлекетi аз уақытта бұл еңбегiнiң де жемiсiн көрмекшi. Есесiне, Киевте жаңа оқу жылынан бастап орыстiлдi мектеп пен балабақша топтары ашылады. Бұл әлi күнге баласын орыстiлдi бiлiм мекемелерiне беруге ниеттенген ата-ананың көптiгiн көрсетсе керек. Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек, қазiргi уақытта Киевте 8 орыстiлдi мектеп (7 мың оқушы) жұмыс iстесе, орыс тiлiнде тәрбиелейтiн бiр де бiр балабақша жоқ екен.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ