МИНСК МЕТРОСЫНДАҒЫ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫС

МИНСК МЕТРОСЫНДАҒЫ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫС

МИНСК МЕТРОСЫНДАҒЫ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫС
ашық дереккөзі

Белоруссия астанасы Минскiнiң орталық метросында жойқын жарылыс болып, 12 адам қаза тапты. 150-ден астам адам түрлi дене жарақатын алған. Ауруханаға жеткiзiлген 40 адам ауыр жағдайда. Жарылыс "Октябрьская" стансасында, яғни президент Александр Лукашенконың резиденциясына қарама-қарсы аялдамада орын алды.

Сарапшылар оқиғаның ауқымын бағалап, 5 келi тротилге тең жарылғыш зат темiр-терсектермен толтырылғандығын айтты. Оқиға орнына жеткен президент Александр Лукашенко тәртiп сақшыларымен шұғыл жиналыс ашты. "Жарылыс жасағандардың жазасы ауыр болады! Бiзге бiреулер сес көрсеттi. Анау-мынау емес, өте қауiптi жағдай. Оған мықтап тұрып жауап қайтаруымыз қажет. Қайтсек те есесiн қайтарудың жолын табамыз" деген ол құқық қорғау қызметiне қатаң тапсырма бердi. Ал бейбiт тұрғындар: "Беларусь – бейбiт мемлекет. Бiз Шешенстан емеспiз. Ел iшiнде де айтарлықтай айтыс-тартыс жоқ. Бұл оқиғаның астарында саяси мән бар. Мүмкiн бiреулер президенттi қорқытқысы немесе оны жазалағысы келген шығар" дегендi айтуда.

Зардап шеккендердiң арасында үш ресейлiк азамат бар боп шықты. Елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгi қаралы тiзiмнен отандастарымыздың жоқтығын айтуда. Беларусь Iшкi iстер министрлiгi қылмысқа қатысы болуы мүмкiн екi күдiктiге iздеу жариялап, лаңкестiк әрекет бабы бойынша қылмыстық iс қозғады. Белоруссияда 13 сәуiр – қаралы күн деп жарияланды.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Минскiдегi жарылыс салдарынан бейбiт тұрғындардың қаза табуына байланысты Александр Лукашенкоға көңiл айтып, жеделхат жолдады. "Қазақстан Минскiдегi "Октябрьская" метросы стансасындағы жарылыстан адамдардың қаза болғанына терең күйзелдi. Елiмiздiң көпұлтты халқының атынан және жеке өз атымнан қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып, көңiл айтамын" делiнген жеделхатта.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ