Жаңалықтар

"БҰЛ ЖОЛ БIЗДI ДЕМОКРАТИЯҒА АЛЫП КЕЛЕДI"

ашық дереккөзі

"БҰЛ ЖОЛ БIЗДI ДЕМОКРАТИЯҒА АЛЫП КЕЛЕДI"

Кезектен тыс өткен президенттiк сайлаудың қорытындысына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын жинап, президенттiкке қайта сайланды. Сайлаудан соң төрт күннен кейiн Астанада Нұрсұлтан Назарбаевты президенттiкке ұлықтау рәсiмi болып өттi.

Ендiгi бұл сайлау да тарих еншiсiнде. Дегенмен оның барысы мен қорытындысын саралап өткен жөн болар. Жалпы, бұл науқан бүгiнге дейiнгi президент сайлауларының iшiндегi қазақстандықтардың ерекше белсендiлiк танытқан науқан болуымен есте қалды.

Орталық сайлау комиссиясының дерегiне жүгiнсек, бұл сайлауда 8279227 қазақстандық дауыс берген. Бұл – дауыс беруге құқылы азаматтардың 89,98 пайызы. Бұған дейiнгi сайлауда, яғни 2005 жылы сайлаушылардың белсендiлiгi орта есеппен 75 пайыз едi.

Ең белсендi сайлаушылар – Алматы облысының тұрғындары, бұл аймақтағы белсендiлiк – 96,9 пайызға жуық. Жалпы, республика бойынша 970 000 сайлау учаскесiнде 9 180 000-нан астам сайлаушының тiзiмi жасақталған екен

Сыртқы iстер министрлiгi шетелдерде 5,5 мыңдай қазақстандық дауыс беруге қатысты деп мәлiмет таратты.

4 сәуiрде ОСК сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады. Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев 95,55 пайыз дауыс алып, жеңiске жеттi. Қалған үмiткерлердiң iшiнде Жамбыл Ахметбеков – 1,36, Мэлс Елеусiзов – 1,15, Ғани Қасымов – 1,94 пайыз дауыс алған.

Осы жолы Н.Назарбаевпен саяси тартысқа түскен қарсыластарының барлығы бiрауыздан өз жеңiлiсiн ресми түрде мойындады. Кейбiр үмiткерлер сайлаудың дауыс беру күнi-ақ жеңiлiсiн анық сезiнген сияқты: Мэлс Елеусiзовтiң, өзге де үмiткерлердiң өз дауысын Н.Назарбаевқа беруiнiң сыры осында.

3 сәуiрде Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы №182 сайлау учаскесiне барып, дауыс бердi. "Бүгiнгi күн – бүкiл әлемнiң назары Қазақстанға ауған тағы бiр тарихи сәт. Бiз тарихи таңдау жасаймыз, өйткенi биыл – Қазақстанның Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы. Бiз көп нәрсенi бастан өткердiк, көп жұмыстар атқардық, көптеген қиындықты жеңдiк. Бiрақ алдымызда өте орасан мiндет – мемлекет пен қоғамды жаңғырту мiндетi тұр, сондықтан бiздiң азаматтарымыздың бүгiнгi күнi дауыс беруi бiздiң бiрлiгiмiздi, белгiлеп берген барлық мiндеттердi iске асыруға бiздiң ұмтылысымызды анықтап бередi. Бiз индустриалдық-инновациялық бағдарламаға бет бұрдық, бiз әлеуметтiк жаңғыруға бет бұрдық. Бұл бетбұрыстың бәрi де қарапайым адамдардың игiлiгiн көздейдi", – дедi Елбасы.

Коммунистiк халықтық партияның атынан сайлауға түскен үмiткер Жамбыл Ахметбеков №38 сайлау учаскесiнде дауыс бердi. Үмiткер дауыс беруге зайыбымен, төрт қызымен, достарымен бiрге келген. "Сайлауға қатысу арқылы мен өз сайлаушыларымның, Қазақстан халқының алдында үлкен жауапкершiлiк алдым. Мен бұл жауапкершiлiктi өмiрiмнiң соңына дейiн алып жүремiн, өйткенi олар маған сенiм бiлдiрдi, мен осы сенiмдi ақтауым керек", – дедi үмiткер.

Үмiткер Ғани Қасымов Астанадағы №313 сайлау учаскесiне кiшкентай немересiн алып келген. Ал үмiткер Мэлс Елеусiзов өз таңдауын Алматы қаласындағы №247 сайлау учаскесiнде жүзеге асырды.

Жалпы, осы жолы президенттiкке үмiткерлердiң бәрiне бiрдей құқық берiлiп, олардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгiт-насихат жүргiзiп, ел аралап, барлық облыстар мен аудандарда өз бағдарламаларын таныстыруға мүмкiндiк берiлдi. Мұны президенттiкке үмiткерлердiң өздерi де жасырмады.

Үмiткер Ахметбеков сайлауалды үгiт-насихат жұмыстарымен бүкiл елдi аралап шықты. Бұл жұмыстардың нақты нәтижесi – ендi Коммунистiк халықтық партиясы алдағы Парламент сайлауына насихаты күштi, ынтымағы мықты партия болып қатысуы керек.

Шындығында, Елбасының бұл жолы белсендi сайлауалды науқанын жүргiзуден бас тартқаны белгiлi. Оның орнына Президент мемлекеттiк саясаттың өзектi мәселелерiн шешуге баса назар аударды.

Елбасы атқарушы билiк өкiлдерiнен, жергiлiктi әкiмдерден сайлауалды науқан барысында заңның сақталуын қамтамасыз етудi талап еттi.

Бас прокуратура науқан барысында заңның сақталуын жiтi қадағалап отырды. Нәтижесiнде, сайлауалды науқан тұсында заң бұзушылық тiркелген жоқ, ал жекелеген азаматтардың арыз-шағымдары дер кезiнде қаралып, шара қолданылып отырды. 3 сәуiрде ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәлiмдемесiнде "сайлау бiрқалыпты жағдайда өттi" делiнген.

Орталық сайлау комиссиясы өкiлдерi де сайлаудың әдiл, дауыс берудiң еркiн жүзеге асқанын мәлiмдедi. Осы ұйымның хатшысы Бақыт Мелдешов "Сайлау кезiнде Орталық сайлау комиссиясына сайлау заңдылығының бұзылғаны туралы арыз-шағым түскен жоқ", – дейдi. "Дауыс беру белсендi түрде, бiрқалыпты жағдайда өтуде, сайлау күнгi электронды БАҚ-тарға жасалған мониторинг барлық аймақтардағы сайлау органдарының үйлесiмдi жұмысы мен азаматтардың белсендi атсалысуы жайлы сайлауды бақылаушы шетелдiк өкiлдердiң жылы лебiз бiлдiргенiн байқатты", – дедi ол.

Сайлаудың халықаралық талаптарға сай өтуiне байқаушылардың ықпалы аз болған жоқ. Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлауға 1059 халықарлық байқаушы тiркелгенiн хабарлады. Оның iшiнде ЕҚЫҰ Демократия және адам құқықтары жөнiндегi бюросы атынан – 42 мемлекеттен 357 байқаушы, ТМД бойынша – 9 мемлекеттен 426 байқаушы, ШЫҰ атынан – 100 адам, ал 25 шетелдiк мемлекеттер атынан – 162 байқаушы келген. Сондай-ақ бұл сайлау барысын 212 шетелдiк БАҚ өкiлдерi қадағалап, хабар тартты.

Сондай-ақ аймақтық және учаскелiк сайлау комиссиялары құрамында саяси партиялардың кеңес беру құқығы бар 1909 өкiлi жұмыс iстеген. Барлық дерлiк сайлау учаскелерiнде дауыс беру iсiн төрт үмiткердiң сенiмдi өкiлдерi қадағалап отырған. Жалпы, республика бойынша 31 511 сенiмдi өкiл тiркелген екен.

Осы сайлау барысын қадағалауға қатысқан шетелдiк журналистердiң мақалаларына назар аударсақ. 3 сәуiр күнi Әзiрбайжан мемлекетiнiң "Trend News Agency" ақпарат құралының ресми сайтында жарияланған "Еуропарламент: Қазақстанда сайлау өткiзуде бiраз iлгерiлеу бар" атты мақалада былай делiнген: "Қазақстанда соңғы 12 жылда сайлау өткiзу үрдiсi бiршама жақсарған. Дауыс беру күнiнiң бiрiншi жартысын қорытындылау барысында Еуропарламенттен келген өкiлдер бүгiнгi сайлау еуростандарттарға сай өтуде деп бағалады. "Мен Қазақстанда 1999 жылы өткен сайлауда бақылаушы болғанмын, осы уақыт аралығында Астана бiраз өзгергенiн айтқым келедi. 1999 жылға қарағанда сайлау процедурасы жақсарған. Бүгiнде сайлау еуропалық стандарттарға сәйкес өтуде", – дейдi Еуропарламент депутаты, бақылаушы тобының өкiлi Милослав Рансдорф (Чехия). Оның айтуынша, алдыңғы сапарға қарағанда бұл жолы елдегi өзара сенiм анағұрлым беки түскенi анық байқалады".

Мақалада сайлауға оппозициялық партиялардың қатысудан бас тартуына байланысты Латвиядан сайланған Еуропарламент депутаты Альфред Рубикстiң "Оппозицияның бойкотқа шақыруы – тұйыққа тiрейтiн жол. Егер кейбiр саяси партиялар өз үмiткерлерiн додаға қатыстыруға мүмкiндiгi болмаса, үйренуi керек. Бiз үшiн ешқандай жабық есiктiң болмағанын атап өткiм келедi" деген пiкiрi келтiрiлiптi.

1 сәуiрде EurasiaNet.org сайтында жарияланған Джоанна Лиллистiң "Назарбаев кезектен тыс сайлауда айшықты жеңiске жетуге дайындалуда" атты мақаласында сайлауалды науқан барысын сипаттай келiп, былай дейдi: "Анау айтқандай дабыралы болып саналмайтын сайлауалды науқан аяқталған соң, қазақстандық сайлаушылар 3 сәуiрде өтетiн республикадағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге бармақ. Дауыс берудiң нәтижесiне ешкiм күмән келтiрмейдi: қазiргi президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңiске деген аяқ алысы нық. Алдағы сайлаудың кейбiр түсiнiксiз жайттары ғана дау туғызуда: сайлау учаскелерiне электораттың қанша пайызы келедi және Назарбаев қандай басымдықпен жеңiске жетедi деген мәселелер. Қазiргi президент сайлауға тағы үш үмiткермен қатар түсiп отыр, бiрақ ол үшеудiң қай-қайсысының да сайлаушылардың он пайыз дауысын жинауы күмәндi сияқты. Жергiлiктi сарапшылардың бар назары Назарбаев қанша пайыз дауыс алады және ол 2005 жылғы өз рекордын жаңарта ала ма деген сұрақтар айналасында: сол жылы Назарбаев сайлаушылардың 91 пайыз дауысын жинаған болатын", – дейдi автор.

Сөз соңында Қазақстан Президентiнiң 31 наурызда АҚШ-тың "The Washington Post" газетiнде жарияланған "Қазақстанның демократия жолындағы қалыпты iлгерiлеуi" атты мақаласынан үзiндi келтiргендi жөн көрдiк. Автор: "Бiз реформалар қарқынын сақтауға барымызды саламыз. Алдағы жылдағы сайлау заңда жазылғандай көппартиялы парламенттi жасақтайды. Жексенбi күнi сайлаушылар президент сайлауының тағдырын шешу үшiн сайлау учаскелерiне келедi. Бұл сайлау әдiл және шынайы болуы үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасаймыз, сол үшiн де осы процесс барысын қадағалауға халықаралық бақылаушыларды шақырдық", – дейдi.

Ал елдiң сайлаудан кейiнгi дамуы жайлы мемлекет басшысы: "Әлемдегi ұлы демократиялар дамуы үшiн ғасырлар қажет болды. Бiз аяқ астынан толықтай дамыған демократиялы ел болуға тырыспаймыз. Бiрақ бiз өзiмiздiң iрi де асқақ жоспарларымызды жүзеге асыруға қабiлетiмiз бар екенiн дәлелдедiк. Бұл жол бiздi демократияға алып келедi, бiз азаматтарымыз үшiн қажеттi экономикалық және саяси мүмкiндiктердi беруге құлықтымыз", – дейдi.

Гүлбиғаш Омарова