ТАС ҚОРҒАННЫҢ ТАСАСЫНДА...
ТАС ҚОРҒАННЫҢ ТАСАСЫНДА...
Қазақстан кәсiпкерлердiң саны жағынан әлемде 16-орынға шықты. Алайда…
Жетi атасынан шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың жөнi бөлек, ал алмағайып заманда аяқ астынан байығандар жөнiнде түрлi қаңқу, гулеген сөз көп болатыны, орынсыз кеудемсоқтық пен дарақы даңғазалықты сүйетiн байшiкештер һәм мақтаншақ мырзасымақтарға қарапайым көпшiлiк қырын қарайтыны – өмiрдiң жазылмаған заңы. "Пақырдан әкiм болғандарға ел өле-өлгенше күдiкпен, күмәнмен қарап өтедi", – деп түйедi белгiлi ақын Есенғали Раушанов.
Аты жыр сүйетiндердiң аузынан түспейтiн ақын, әкiм-қаралармен де аралас-құралас, қарапайым момын жандарға да шекесiнен қарамайтын, өмiрден көргенi мен түйгенi мол шайырдың айтқанын шындық дейiк. “Сырдың суы сирағымнан келмейдi” деп шiренетiн шенеунiктердi, соңғы он бес-жиырма жылда жетi атасының түсiне де кiрмеген иен тегiн байлықты уысына жинап алғандарды жұртшылықтың ұната қоймайтыны айтпаса да түсiнiктi. Тiптi, жер астынан жiк тауып, алас-қапас заманда өрiп шыққан байшiкештерге өзге жұрттың да емешегi езiле қояды деу қиын. Мейлi, бұдан былай адал еңбек, маңдай терiмен байығандар да, ебiн тауып екi асағандар да қоғам өмiрiнiң бөлiнбес бөлшегiне айналмақ. Өткенге – салауат, әйтеуiр бұдан былай заң аясынан шықпаса бопты дейдi қалың көпшiлiк. Оның үстiне уақыт сырғи келе, жылдар жылжып өткенде экономикалық қылмыстар мен заң бұзушылықтарға құқық қорғау органдарының кешiрiммен қарайтыны барлық елдiң салтында бар. Қарапайым тiлмен айтқанда, жылдар өте келе қылмыстар ескiредi. Сондықтан шығар, елiмiздегi жаппай жекешелендiру кезiндегi түгiлi, нәйетi осыдан төрт-бес жыл бұрын жасалған экономикалық заң бұзушылықтардың көбiсi жабулы қазан жабулы күйiнде қалып отыр. Есесiне, Алматы болсын, кез келген басқа қала болсын, ең көрiктi жерден ойып тұрып орын алған, аттылы кiсiнiң мойны жетпейтiн биiк әрi меңiреу тас қабырғалармен қоршалған хан сарайындай үйлердiң табан асты салынғанын көресiз. Таңданасыз. Күнi кеше ғана ел қатарлы елеусiз күн көрiп жүрген азаматтардың аспанмен таласқан ақ сарай салатындай ақшаны қайдан тапқанына миыңыз жетпей, айран-асыр қаласыз. Қазiр әлемде орташа даму деңгейiнде, тiптi одан да төменiрек деп саналатын Қазақстан жан басына шаққандағы кәсiпкерлердiң саны жағынан АҚШ-ты, Ұлыбритания, тағы басқа да бiрқатар дамыған елдердi басып озып, әлемде 16-орынға табан тiреген көрiнедi. Елiмiздiң мәлiметтерiне сүйенген халықаралық беделдi ұйымдардың шығарған қорытындысы осындай. Көп жылдардан берi елiмiзде "Орта тапты тәрбиелеуiмiз керек. Олар ел экономикасының қарыштап дамуына, әлiмұлыққа жетуiне кепiл болады" деген екiұшты науқан жүргiзiлiп келе жатқаны да баршаға аян. Әйткенмен әлгi атышулы орта тап дегенiңiз оңайшылықпен тәрбиелене қояр түрi көрiнбейдi. Қазақстан экономикасы да айтарлықтай алға баса қояр емес. Бiрақ елiмiзде меңiреу тас дуалдармен қоршалған, түксиген қорғандарға түрлi бақылау құрылғыларын орнатып, төбесiне тiкенектi сым тартылған, есiгiн қарулы күзетшiлер қас қақпай аңдитын түрме-үйлер күн санап көбейiп келедi. Егер ондай үйлердiң иелерiн орта тапқа жатқызатын болсақ, олар кiмнен жасырынуда? Ұрылардан ба? Ұрылар көбiне қорғансыз адамдарға, күш-қуаты жоқ байғұстарға шабуыл жасайтыны дәлелдi қажет етпейтiн шындық. Бiлетiндердiң айтуынша, шетелдерде ешкiм үйлерiн дәп бiздiң елiмiздегiдей меңiреу, тiптi үн өтпейтiн тас қорғандармен қоршамайтын көрiнедi. Самал есiп, гүлдердiң жұпар иiсi еркiн жетiп тұратын шағын шарбақтар ғана тосқауылға қойылған. Сiрә, бiздiң орта тап құстардың әсем үнi мен таңғы жұмсақ самалдан тығылатын болар. Турасын айтсақ, олар күнделiктi қабырғасы қайысып, қиналып жүрген жандардан осындай тас қорғандардың тасасына тығылатын шығар. Көпшiлiгi өздерiнiң қарау iстерiн сырт көзден тас қорғандармен тасаламақ болар. Осы жылдың басында Түркияның атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа қол тигiзбей келген қасиеттi жәдiгерi, ұлт атасы Ататүрiк аса маңызды тарихи құжаттарға қол қойған "Саварона" кемесiнде халықаралық жанжал туа жаздағаны бар. Түрiк халқы көздiң қарашығындай қастерлеп келген кемеде ТМД елдерi мен күнi туған күдiстiң әзiрейiлдей күшi бар қазақ байшiкештерi жынойнақ жасап, әлi кәмелетке толмаған жас қыздарды илектеген көрiнедi. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, сол жынойнақтың қалың ортасында "қазақтың" қабырғалы байлары – Александр Машкевич, Патох Шодиев, Рустам Ибрагимов, тағы бiраз нувориштер болған сияқты. БАҚ-тарда бұл ашық айтылды. Қалай болғанда да түрiк полициясы "Саваронада" ондаған қыпша бел, аршын төс, жеңiл жүрiстi жезөкше қыздарды тұтқындап, ақ бiлектерiне темiр кiсен салғаны аян. Бiрақ дүрк көтерiлген арсыз iстiң аяғы көп ақшаның көмегiмен сиырқұйымшақтанып кеткенi де құпия емес. Iле-шала "Саварона" кемесiн 49 жылға жалға алған түрiк азаматы Қаһраман Садықоғлы баспасөз мәслихатын өткiзiп, 1 сағат 15 минут бойы жақ жаппай сөйлеп, буынсыз қызыл тiлiн безеген. Әсiлi, адамнан ұят кеткенде сөзуарлау келедi, ерлерден ерлiк кеткенде, қызыл тiлдiң байлауы шешiледi. Әлгi Қаһраман Садықоғлы: "Қазiр Францияның оңтүстiгiне барыңыз, Мальоркаға барыңыз, Сардинияға барыңыз, мегаяхталардың iшiнде орыс пен қазақтың бизнесмендерi өрiп жүр. Мен министрге айттым: нарықтың бұл саласы орыс пен қазақтың қолында. Олар осындай яхталарда достарымен серуен салып жүредi", – деп қалың көпшiлiк онша бiле бермейтiн құпиялардың шымылдығын түрдi. 2007 жылдың қысында дәп осыған ұқсас бассыздық кәрi құрлықта – Францияның әйгiлi Куршавель курортында болған едi. Орыс олигархы Михаил Прохоров жаңа жылды және туған күнiн осы тау курортында достарымен атап өту үшiн кәмелетке толмаған 16 жас қызды Ресейден ұшақпен алдырған екен. Арнайы операция жүргiзген француз полициясы бiр түнде демалыс үйлерiнде сауық-сайран салған орыс бизнесмендерi мен бәлиғатқа толмаған бойжеткендердi тұтқындады. Ресейдiң биiк лауазымды адамдарының белсене араласуымен бұл жанжал да көп ұзамай-ақ басылған. Iле-шала Михаил Прохоров ресейлiктердiң пайдаланылуына қолайлы халықтық көлiк – "Ока" машинасын жасау идеясын шұғыл қолға алып, Ресейде Францияны жатпай-тұрмай насихаттап, француз тiлiн үйренуге талпынды. Осы ретте осыдан бiраз жыл бұрын қазақ бизнесмендерi мен кәсiпкерлерiнiң де әлгi тау курортында ойын-сауық өткiзiп, Куршавельдi күнәға батырып қайтқаны ойға оралған едi. Бiрақ бiздiң кәсiпкерлердiң ешбiрi әлдебiр тың идеяны жүзеге асыруға асыққан емес. Тағы бiр таңдандыратыны, күнәлi жерлердiң көбiнде орыс пен қазақтың байшiкештерi, соңғы жылдары дәулетке ие болған дарақы бизнесмендерi ылғи бiрге жүретiнi. Сiрә, Ұлы Отан соғысының ардагерi Дүйсенбек ақсақал айтқандай: "Қазақ байларының қолынан боғым да келмейдi. Қатындары босанса, шетелге барып туады, өздерi тышса, шетелге барып ышқынады…". Қайтерсiң, кеудесi орден-медальға толы ардагер қарт анайылау айтады, бiрақ ащы шындықтан қашып құтылар жол жоқ. Бар түйткiлдерiн алыс-жақын шетелдерде шешуге дағдыланған байшiкештерiмiз өз елiмiзде түрi – тамаша, мазмұны – түрме үй салуға әуес, тас қорғандардың тасасына тығылуды мақтаныш санайды. Оның үстiне бұрын отар болған елдердiң байшiкештерi қоғам алдындағы мiндеттерiне, әлеуметтiк жауапкершiлiкке мүлдем қырын қарайтыны қалыпты жағдай. Мұның өзi келешекте билiкке ғана емес, ел байлығының аса қомақты бөлiгiн уысына жинақтаған байларға да зор қауiп төндiретiнiн тарихи фактiлер дәлелдеуде. Мәселен соңғы кездердегi араб елдерiндегi, Солтүстiк Африканың бiрқатар мемлекеттерiндегi бұқара халықтың толқулары осының айқын айғағы. Бiздiң елiмiзде де көпшiлiктiң жағдайы ауырлай түскен сайын, әлеуметтiк ахуал шиеленiсе түскен сайын биiк дуалдармен қоршалған үйлердiң саны күн санап көбейiп, меңiреу тас қорғандардың ұзындығы тоқтаусыз артып келедi. Әрине, Ұлы Қытай әлемдегi ең ұзын әрi берiк қорған, адамзаттық құндылық ретiнде тарихта мәңгi жазулы. Бiрақ жан басына шаққанда тас қорғандардың ұзындығы жағынан Қазақстан әлемнiң барлық елдерiн басып озуы ықтимал. Ал әлгiндей тас қорғандардың тасасында… "…Сол ұмытылған күйi ұмытылып кете берер ме едi, қайтер едi, бiрде Алматының (мұнан былай тырнақшаға алынған сөздiң бәрi – менiң емес, досымның сөзi) "ең тамаша жерiнде, ең тамаша үй салғызып, ең тамаша машина мiнiп, ең тамаша қызметте" жүрген бiр досым қонаққа шақырсын. Бардық. Iштiк. Жедiк. Мақтадық. Мақталдық. Содан қайттық. Астапыралла, ұмытып барады екем ғой: – Сен тұра тұр, – дедi досым маған ел тарап жатқанда, – саған көрсететiн бiр қызығым бар. Мыналар оны түсiнбейдi, өңшең пустой жiгiттер. Досым, әрине, өзiн ондайлардың санатына қоспайтын. Айта алмай тұрғаны – үй артындағы өзен жағасына кiшкене зообақ жасапты. Жылы бөлмеде бөдене мен кекiлiк бiр қораға қамалыпты, екiншi торда – қырғауыл, одан әрi – тоты құстар, бiр аппақ қаз бiр бұрышта тығылып бөлек жатыр. – Айман, тұр, ағаң келдi ғой, амандаспайсың ба? – дедi досым дауыстап. Ақ қаз әуелi мойнын созды, содан соң кеудесiн көтердi. Алла-ау, мынау қаз емес, аққу ғой. Кәдiмгi аққу. Аққу болғанда қандай! Жан-жағыма бажайлап қарай бастадым. Досым тау өзенiн таспен бөгеп, жiңiшке арнаны бұрып әкелiп, ауласы арқылы өткiзiптi, мына байғұс Аққу күндiз сол хауызда жүзедi екен де, кешке жылы бөлмеде ұйықтайды екен… …– Иә, Маңғыстаудан әкелiнген Аққу. Атын Айман деп қойдым. Маde in Mangistau. Қалай әкелдiң дейсiң бе? Түк қиын емес. Ну, платить надо. Не скрываю, это дорогое удовольствие. Мынадай қорапқа салады да, самолетпен алып келедi. Қорапты көргенде көзiм шарасынан шығып кеткен шығар деп ойлағам. Баяғы Ақтаудың аэропортында өзiм көтерiп ұшаққа кiргiзiп беретiн қорап қой мынау. Әлгi сұлу қыздың да аты-жөнiн сұрамаппын. Сұрағанда, бiлгенде не iстей аламын бiрақ? Ақшаның күшiмен Ақтауды айырып, Қаратауды қайырып тұрған мына достың екпiнiне қарағанда, қала сыртындағы вилла, фазендаларында мини-зообақ жасатқан "жаңа қазақтардың" алды да, соңы да бұл емес. Сөйлете түссем, қай "мықтыда" қандай хайуанат барын инеге iлiп, жiпке тiзiп түгел айтып бермек, сөйлетпедiм. Жүрегiмдi ауыртқым келмедi", – деп жазады Есенғали Раушанов "Құстар – бiздiң досымыз" деген кiтабында. Иә, тас қорғандардың тасасында… Өткен жылғы сәуiр революциясы кезiнде Қырғызстанның бұрынғы президентi Құрманбек Бакиевтiң Ош облысында осындай тас қорғандардың тасасында көбiсi халықаралық Қызыл кiтапқа енген аң мен құстарды қапасқа қамап, небiр экзотикалық жан-жануарларды торда ұстайтын мини-зообағы бар екендiгi мәлiм болды. Жаңылыспасақ, Бакиевтiң сол зообағындағы аң мен құстың жалпы құны 35 млн. долларға бағаланған. Еркiндiгiнен күшпен айырған киелi аң мен құстардың кепиетi атты ма, бұл күндерi қызыққұмар Құрманбек Бакиев мырзаның өзi туған елден жырақта зарығып, құса болып жүр. Иә, Бакиевтiң басына туған күн әулекi, бос кеуек қазақ байларының басына тумайды дей алмаймыз. Өркениеттi елдерде бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi деген аса қастерлi ұғым бар. Мәселен әлемнiң ең бай миллиардерi болып саналатын Билл Гейтс соңғы жылдары 10 млрд. доллар ақшасын кәрiп-кәсiрлерге, тарыққандарға үлестiрдi. АҚШ-тың өнер жұлдыздары, ақшаны судай сапырған байлары да өз дәулетiнiң елеулi бөлiгiн қоғамның мұң-мұқтажына, қайырымдылық мақсаттарға жұмсауды кiсiлiк парыз деп бiледi. Ал Қазақстанда… Биылғы қыстың ортасында Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында тұрақты мекен-жайы жоқ 16 адам бiрнеше күнде үсiп өлдi. Мұны елiмiздiң бiрқатар ақпарат құралдары қарапайым оқиға ретiнде елеусiз ғана хабарлай салған. Ешкiм дабыл қаққан жоқ, ешкiм осынау қасiреттi оқиға үшiн жауапқа тартылған жоқ. Бiз өз отандастарымыздың (үйсiз-күйсiз болса да), қорғансыз байғұстардың, әрбiрiмiздiң өмiрiмiздi түкке алғысыз санайтынымыз осыдан-ақ көрiнген. Ал осыдан бiрнеше жыл бұрын Батыс Еуропадағы қақаған суық кезiнде (минус 9 градус) Францияда осындай үйсiз-күйсiз 7 адам үсiп өлгенде қоғам жаппай наразылық танытып, ұлттық қасiрет ретiнде бағалағаны ойға ерiксiз оралады. Биылғы қақаған қыста бiздiң елiмiзде қанша «бомж» қайтыс болды. Мұны ешкiм бiлмейдi. Бiлгiсi келген де ешкiм жоқ. Бiз селт етпеймiз. Әсiресе меңiреу тас қорғандар мiзбақпайды. Мәңгi мылқау күйде қала бередi… Өткен жылы наурыз айында Талдықорғанның түбiндегi Қызылағаш ауылында ауыр қасiрет орын алып, қайғы құшқан ауылға бүкiл елiмiз болып көмектескенде де тас қорғандар селт етпеген. Ұсақ қызметкерлер бiр күндiк еңбекақысын аударды. Оқушылар киiм-кешек, азық-түлiк жинады. Студенттер азын-аулақ стипендияларымен бөлiстi. Өкiнiшке қарай, қасiреттi ауылға көмек берген ешбiр байшiкештiң аты естiлген жоқ. Көне түркi қағанатының бас қолбасшысы Тоныкөк бабамыздың (646-738): "Түнде – ұйқы көрмедiм, күндiз – күлкi; қызыл қаным төгiлдi, қара терiм сөгiлдi; күшiмдi сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрi елiм үшiн!" – деп ерлiгiн емес, елге еткен қызметiн әрi қысқа, әрi нұсқа айтқаны бар. Сол Тоныкөк бабадай қазақтың асқақ абыройы, даңқы үшiн "күшiн сарқа жұмсаған" Жақсылық Үшкемпiров ағамыз ғана адамдық биiк тұлғасын танытып, Қызылағаштың тарыққан тұрғындарына бiр үйiр жылқыны тегiн таратып бергенi ғана мәлiм. Өзге байшiкештердiң көбiсi Қызылағаш трагедиясының болғанын бiлмейтiн де сияқты. Әлде бiлмегенсидi. Өйткенi олар тас қорғандардың тасасында…Жаңабек ШАҒАТАЙ