Жаңалықтар

АСТАНА – АРДАҚТЫ ҚАЛА

ашық дереккөзі

АСТАНА – АРДАҚТЫ ҚАЛА

Иманғали Тасмағамбетовке биiк мiндет жүктелдi

Сейсенбiде Астана әкiмдiгiнде депутаттар қатысқан жиын өттi. Жиында Астана қаласының әкiмi қызметiне Иманғали Тасмағамбетовтiң кандидатурасы ұсынылды. Қалалық мәслихатқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Астанамыздың көркеюiне қосқан үлесiн атай келiп, Елбасы Тасмағамбетовтiң кандидатурасын не үшiн ұсынғанын жасырған жоқ.

“– Иманғали Тасмағамбетовтiң басшылық қызметте мол тәжiрибесi бар. Премьер-Министр, Мемлекеттiк хатшы, Президент аппаратының басшысы болып тағайындалды, Атырау облысында, Алматы қаласында әкiм болып еңбек еттi, ендi қазiр осында қызмет атқаруда. Мен оған сенемiн, ол мен үшiн ерекше мәнге ие қалада, бiздiң басты қаламызда үлкен iс жасап жатыр деп есептеймiн”, – дедi Президент. Сондай-ақ Президент сайлауында Астана қаласы тұрғындарының 95 пайызының дауыс беруi әкiмшiлiктiң еңбегi деп атап өттi. "Астаналықтардың 95 пайызы маған дауыс бердi, бұл – осы қала құрылысы, оны көркейту үшiн iстеген iсiмiзге берiлген үздiк баға. Ең бастысы, сайлаудың қорытындылары бүкiл әлемге Қазақстан халқының бiрлiгiн, бiздiң бағытымыздың дұрыстығын көрсеттi. Қазақстан халқы бiзге сенедi және бiздiң келешек үмiтiмiз бәрiмiз бiрге атқаратын iстерге байланысты. Осындай жоғары деңгейдегi қолдау бiздiң Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығында көрсетiлдi, бұл көп жәйттi аңғартады. Бiз қазiр жалпы елiмiз бойынша және Астана көлемiнде алдымызға қойған мiндеттердi табысты орындаудамыз".

Әлемде бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына енгенiмiз тегiннен-тегiн емес. Елорданың қарқынды дамуы жағымды өзгерiстердiң кепiлi болып отырғаны да айтылды. "Астана бүгiнде – Қазақстанның табысы мен нышаны", – деп көрсеттi Нұрсұлтан Әбiшұлы.

Мәслихат барысында Астана әкiмшiлiгiне жүктелген мiндеттер легi айқындалды. Республика бойынша барлық салаларға инвестор тарту мәселесi алға қойылған. Осы ретте Астана қаласына да инвесторлармен белсендi жұмыс жүргiзу, сонымен қатар индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жоспары бойынша жұмыс iстеу ерекше табысталды.

Астана қаласының елiмiздегi қымбат қалалардың қатарына жататыны белгiлi. Сондықтан жергiлiктi халықты жұмыспен қамту басты күн тәртiбiне қойылған. Ал тұрғын үймен қамту, даулы баспана құрылысы биылдан қалмай аяқталатын болады. Үлескерлiк құрылыстың 25 нысанын аяқтау жоспарланып, әлеуметтiк нысандар қатаң бақылауға алынады.

Астаналықтардың тұрмысын оңалтуға бағытталған шаралар жыл бойында жүзеге асырылады. Ал қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов биiк мiндеттердi атқаруға бар бiлiмi мен тәжiрибесiн жұмсайтындығын айтты. "Маған көрсеткен және көрсетiп келе жатқан зор сенiмiңiз үшiн Сiзге тағы да шын жүрегiммен алғыс айтуыма рұқсат етiңiз. Астана – бұл, бәрiнен бұрын, үдемелi дамып отырған қаланың нышаны, бұл бiздiң елiмiздiң әл-ауқатының нышаны және елордаға деген Сiздiң көңiлiңiздiң ерекше көрiнiсi. Сiздiң Астанаға қарым-қатынасыңыз ерекше екенi шүбәсiз, бiз ерекше қамқорлықтамыз. Осының бәрi бiздiң бәрiмiз үшiн зор жауапкершiлiк жүктейтiнi сөзсiз".

Астана қаласын 2008 жылдан басқарып келген әкiмдi депутаттар бiрауыздан қолдады.

Ақниет ОСПАНБАЙ