АТҚАРУШЫ БИЛIКТЕ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРIС ЖОҚ

АТҚАРУШЫ БИЛIКТЕ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРIС ЖОҚ

АТҚАРУШЫ БИЛIКТЕ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРIС ЖОҚ
ашық дереккөзі

Қазақ халқы өзi таңдаған Елбасы Н.Назарбаевты ұлықтаған соң, билiкте болатын өзгерiстерге құлақ түрдi. Әдеттегiдей Үкiметте ауыс-түйiс басталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң министрлер кабинетiн қайта жасақтау туралы ұсынысын мақұлдады. Сонымен кiм қайда барды?

Үдемелi индустрияландыру бағдарламасының, әсiресе ауыл шаруашылығына қатысты ауқымды мәселелерге жетекшiлiк еткен Өмiрзақ Шөкеев Жарлыққа сәйкес, Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары, Ербол Орынбаев вице-премьер қызметiнде қалды. Лауазымды екi қызметтi осыған дейiн де абыроймен атқарып келген Әсет Исекешов бұдан былай да Премьер-министрдiң орынбасары және Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiн қатар алып жүретiн болды. Ауыл шаруашылығы министрлiгiн Елбасы Асылжан Мамытбековке сенiп тапсырды. Асылжан Сарыбайұлы бұған дейiн ауылшаруашылық саласындағы индустриялық жобаларды жүзеге асырумен айналысқан "ҚазАгро" ұлттық холдингiн басқарған-тұғын.

Ал Сыртқы iстер министрi қызметiне бұған дейiн Қазақстанның Австриядағы елшiсi, Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары болған 46 жастағы Ержан Қазыханов тағайындалды. Сыртқы iстер министрi лауазымынан босатылған Қанат Саудабаев Мемлекеттiк хатшы болып қала бермек. Туризм және спорт министрлiгiнiң тiзгiнi Талғат Ермегияевқа берiлсе, бұрынғы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-әуқат қорының төрағасы Қайрат Келiмбетов ендi Экономикалық даму және сауда министрлiгiне басшылық етедi. "Самұрық-Қазына" басшылығына 2008 жылдан берi қор төрағасының орынбасары қызметiн атқарған Тимур Құлыбаев жайғасты. Сондай-ақ Көлiк және коммуникация экс-министрi Әбiлғазы Құсайынов бастап берген "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлiк дәлiзiнiң құрылысын Берiк Қамалиев жалғастырса, Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетов қызметiнен босатылып, оның орнына Қалмұхамбет Қасымов келдi. Тергеу-iздестiру саласында тәжiрибесi мол Қасымов бұған дейiн Шығыс Қазақстан облыстық iшкi iстер департаментiн басқарып, кейiннен Iшкi iстер министрiнiң орынбасары болып бiраз жыл тер төккен. Құқық қорғау ведомствосының қызметкерлерiне жаңа Iшкi iстер министрiн таныстырған Елбасы Н.Назарбаев басым мiндеттердi атап өттi. “– Қасымов еңбек жолын тергеушiден, аға тергеушiден бастаған. Ол – заңгер, iшкi iстер жүйесiнде өмiр бойы еңбек етiп келедi. Жаңа министрге жүктелген мiндет көп. Бiрiншiден, министр мен оның орынбасарлары ведомствоның өз iшiндегi сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекетке жеке жауап бередi. Бұл мiндеттi жаңадан тағайындалған барлық министрлердiң алдына қоямын. Егер жағдай керiсiнше болса, онда бүкiл құрам және министр өз қызметiнде қалуға құқы жоқ. Екiншi мәселе – кәсiпкерлерге зәбiр көрсетуге жол берiлмеуi тиiс. Бiз қазiр iскер адамдарға толықтай еркiндiк беруге тиiспiз. Үшiншi мәселе – кадрларды тәрбиелеу. Құрамға келiп жатқан жастарды оқыту керек. Олар заңды, өз құқықтары мен мiндеттерiн бiлiп, қарапайым адамдардың мұқтаждықтарын түсiнуi тиiс”, – дедi Елбасы.

Президенттiң жарлығына сәйкес, 2008 жылдың мамырынан Қызылорда облысының әкiмi қызметiн атқарған Болатбек Қуандықов қайта тағайындалса, 2010 жылдың 13 наурызынан берi Ақмола облысы әкiмi болған Сергей Дьяченко да жылы орнын ауыстырған жоқ. Облыс әкiмiнiң бұған дейiнгi жұмысына оң баға берген Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусин Елорданы азық-түлiкпен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрi жандандыру қажеттiгiн айтты. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша аймақта биыл жүзеге асырылып жатқан үдемелi индустриалды-инновациялық бағдарламасы бойынша 12 жобаны уақытында iске қосуды тапсырып, оның алдағы қызметiне сәттiлiк тiледi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi қызметiне бұрынғы аймақ басшысы Серiк Бiләловтi, Қарағанды облысының басшылығына Серiк Ахметовтi, Қостанай облысының әкiмi қызметiне Сергей Кулагиндi тағайындады. Сонымен қатар Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те өз орнында қалды.

Атқарушы билiктегi ауыс-түйiстiң жәй-жапсары осындай. Ал жылы орнын босатқан экс-министрлердiң қайда барып жайғасатыны әзiрге белгiсiз. Бiр белгiлiсi, Үкiметтiң құрамында ел-жұртты елең еткiзерлiктей өзгерiс бола қойған жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ