БАЗАРЛАРДЫҢ БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛДI

БАЗАРЛАРДЫҢ БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛДI

БАЗАРЛАРДЫҢ БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛДI
ашық дереккөзі

Алматыда 34 базар бұзылмақшы

Оңтүстiк астанамыз – Алматының үлкен базарға айналғанын жасыру қиын. Арзан сауданың ортасы мен алаяқтықтың көкесi осы Алматы базарларында. Тiптi шетелдiк қонақтар да алдымен "Барахолкаға" апар дейтiндi шығарған. Ел арасында қала базарларының жабылатыны жайында сыбыс көп. Бiрақ осы күнге дейiн әрбiр ықшамауданды жайлаған жайма базарлардың қозғалғанын көрген жоқпыз.

Алматының санитарлық талаптарға сай келмейтiн базарларын жабуды әкiмшiлiк "Орталық базарға" қол салудан бастады. Қаланың оңтүстiк-шығысына жайғасқан "Көк базардың" сыртында "Көше базары" пайда болғаны белгiлi. Мұндағы саудагерлердiң ешбiр құжаты мен рұқсаты болмаса да көше бойында қаздай тiзiлiп, жабайы сауда жүргiзiп келдi. Бiрақ жақында базар маңындағы жабайы саудаға тосқауыл қойылды. Десе де саудамен күнелткен сатушы мен сатып алушылар әлi де дауласып жүр. Жуық арада бұл базардың орнынан 200 автокөлiк сыятын көлiк тұрағы бой көтеруге тиiс.

Жалпы Алматы әкiмшiлiгi 30-ға жуық базарларды жабуды көздеп отыр. Нақтырақ айтсақ, қаладағы 74 базардың 34-iн бұзу қарастырылған. Ал қалған сауда нүктелерiнiң орнына санитарлық талаптарға сай сауда орталықтары тұрғызылатын болады. Бұл туралы Алматы қалалық архитектура және қала құрылысы басқармасының бастығы Сайран Фазылов хабарлады. "Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов оңтүстiк астананың базарларын заманауи кейiпке келтiрiп, олардың орнына сауда-ойын-сауық кешендерiн салуды тапсырды". Бұл бастаманың қолға алынғанына да бiраз уақыт болса керек. Бұзылуға тиiс базарлардың бiрi нормативтiк талаптарға сай келмесе, бiрi қала құрылысының көркiн бұзып тұр, ендi бiрi "қызыл" сызықта жайғасқан көрiнедi.

"Ешбiр өркениеттi елде бiздiң Солтүстiк айналымдағы сияқты базар жүйесi жоқ. "Қызыл" және нормативтi сызықтарды елемеудiң нәтижесiнде жол қозғалысы қиындап кеткен, кептелiс осыдан туады", – дейдi С.Фазылов. Солтүстiк айналымдағы "Барахолка" базары бұзылуға тиiс нысандар тiзiмiнiң басында. "Болашақ", "Құлагер", "Рахат", "Олжа", "Алатау", "Барыс" және "Аян" базарлары да келмеске кетедi. Бұл жерде сауда жасауға ешқандай жағдай қарастырылмаған. Сондай-ақ "Барахолканың" шетi басталатын "Адем" және "Ялян" сауда орталықтары да жабылмақшы.

Десе де базарлардың дәл қашан жабылатынын әкiмшiлiк нақты ескертпей отыр. Бiр анығы, базарлар бiрден жойылмайды, бiртiндеп жабылатын болады. Себебi жаппай жұмыссыздық пен наразылық туып кетуi мүмкiн. Алайда Алматы ауданындағы "Береке" және "Жұлдыз-57" базарларының орнына тұрғызылатын нысандар белгiлi болды. Бұл аумақтарға көлiк тұрағы мен сквер салынады. Ал "Алматы сауда" коммуналдық базарының аумағы Денсаулық сақтау басқармасының қарамағына өтiп, бұл жерден Алматы аудандық диагностикалық орталық салынады. "Көптеген базарлардың учаскелерi жалға алынғандықтан оларға басқа жер телiмдерi бөлiнедi", – дейдi Фазылов. Олай болса қаладан орын таппаған саудагерлерге қала сыртынан базар ашылуы ықтимал.

Бүгiнде 34 базар жабылса, қалған қырықтың тағдыры да осы күйдi бастан кешетiнi сөзсiз. Сондықтан да олар алдын-ала өз аумағынан сауда кешенiн, болмаса көлiк тұрағын салуды қарастырып жатыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ