БАРАК ОБАМА КЕШIРIМ СҰРАЙ МА?

БАРАК ОБАМА КЕШIРIМ СҰРАЙ МА?

БАРАК ОБАМА КЕШIРIМ СҰРАЙ МА?
ашық дереккөзі

Өртелген Құран, жазықсыз құрбандар

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегi бүкiләлемдiк сауда орталығының қос мұнарасына жасалған террорлық шабуыл дүние жүзi тарихына қара әрiппен жазылды. Әлемдi дүрлiктiрген бұл оқиға АҚШ азаматтарын мұсылмандарға шүйлiктiргенi рас. Дегенмен биылғы келеңсiз оқиғаның жөнi бөлек.

11 қыркүйек оқиғасынан соң араға он жыл салып 20 наурызда АҚШ-тың Флорида штатының шiркеуiнде шiркеу қызметкерi евангелист Уйнн Степ Терри Джонс есiмдi пастордың бастамасымен 50 адамның көзiнше ашық түрде Құран Кәрiмнiң бiр данасын өртедi. Терри Джонс өткен жылы күзде 2001 жылғы терактiнiң 10 жылдығына арнап мұсылмандардың қасиеттi кiтабын өртейтiнiн жариялаған болатын. Джонстың бұл мәлiмдемесi халықаралық ұйымдардың қатты наразылығын тудырғанын айта кету керек. Алайда шiркеу қызметкерiнiң зұлым ойы биыл жүзеге асты. Мұсылман қауымының шамына тиген бұл оқиға әлем елдерiн тағы да дүрлiктiрiп, Джонстың зұлым әрекетiне қарсы жауап ретiнде 1 сәуiрде Ауғанстанның Мазар-Шариф қаласында наразы топ БҰҰ-ның миссиясына шабуыл жасады. Ереуiлдiң нәтижесiнде 17 адам қаза болып, екi адамның басы кесiлдi. Наразылық бiлдiрушiлер бiр адамды тiрi қалдырды. Ол – БҰҰ миссиясын басқарған ресейлiк дипломат Павел Ершов. БҰҰ-ның бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкiлi Стаффан де Мистураның мәлiмдеуiнше, Павел Ершов ереуiлшiлермен келiссөз жасамақшы болған, алайда лап қойғандар оның сөзiне құлақ аспапты. Қаза болған дипломаттар Швеция, Норвегия, Румыния мемлекеттерiнiң азаматтары. АҚШ азаматының арсыз iсiне ызаланғандар шабуылдарын мұнымен тоқтатқан жоқ. Кандагарда екi күн дүрлiккен ереуiлшiлер БҰҰ-ның ғимаратын басып алмақшы болған. Мұндай қақтығыстар Ауғанстанның Джалалбадында да орын алды. Олар: "Құранды өртеуге дейiн барған американдық оңбағандарды соттау керек. Бiз қасиеттi кiтабымызға қол тигiзгендердi жазалаймыз", – деп мәлiмдедi. Сондай-ақ олар Ауғанстаннан шетел азаматтарының қуылуын талап еттi. Бүгiнгi күнге дейiн ереуiлдер нәтижесiнде қаза болған адамдар саны 100-ге жетiп отыр. Әлемдiк БАҚ өкiлдерi Мазар-Шарифтегi жағдайдың орын алуына тiкелей талибтер атсалысты деген ақпарат таратқан болатын. Бұл ақпарды полиция терiске шығарып отыр. Дегенмен полиция өкiлдерi Кандагардағы ереуiлшiлерге "Талибан" өкiлдерi қосылғанын мәлiмдедi. 2001 жылға дейiн Ауғанстанды басқарған талибтер әлi күнге дейiн елдiң оңтүстiгi мен шығысындағы аймақтарды өз бақылауында ұстауда. 2001 жылдан бастап Ислам мемлекетiнде АҚШ әскерилерi, НАТО және Ауғанстандағы қауiпсiздiк жәрдемiнiң халықаралық күштерiнiң (ISAF) 104 солдаты мен офицерлерi көз жұмды. 2010 жылы халықаралық коалицияның 711 адамы қаза болды. БҰҰ-ның ақпараттарына сүйенсек, 2010 жылы Ауғанстанда 2777 адам өлiм құшқан. Олардың екi мыңы бүлiкшiлердiң қолынан, 440 адам әскерилердiң әрекеттерiнен қаза болды. Ал 257 адамның қаза болу себебiн БҰҰ не бүлiкшiлерден, не әскери әркеттерден таппай, "себепсiз қазалар" қатарына жатқызған. Оқиғаның iзiн ала 1 сәуiрде кезектен тыс кеңес өткiзген БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесiнiң мүшелерi ауғанстандықтардың шабуылын айыптады. Ақ үйдiң баспасөз қызметi де бұл iске қатысты өз мәлiмдемесiн жасады. "Батыл әйелдер мен ер адамдар, БҰҰ өкiлдерi, сондай-ақ ауған азаматтары күштi мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуде. Бiз қоғамды жауыздықтан бас тартып бейбiт диалог құруға шақырамыз", – дейдi Ақ үйдiң баспасөз-хатшысы Джей Карни. Кеңесте сөз алған БҰҰ-ның бас хатшысының бейбiт операциялар жөнiндегi орынбасары Алена Леруа Ауғанстандағы жағдай туралы кеңiнен баяндады. Кеңестен соң журналистерге сұхбат берген Леруа Мазар-Шарифте БҰҰ ғимаратына жасалған шабуылдар нәтижесiнде миссияның 7 мүшесi қаза болғанын мәлiмдедi. Қаза болғандардың 4-еуi – азаматтық қызметте, 3-еуi – әскерилер. "БҰҰ ғимаратына жасалған шабуылға жүздеген, тiптi мыңдаған адам қатысты. Ереуiлшiлер Флорида штатында Құранды өртеу әрекетiне қарсы шықты. Олар БҰҰ-ға емес, елдегi шетел азаматтарына қарсы", – деп мәлiмдедi Алена Леруа. БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң мүшелерi Ауғанстан үкiметiн қылмыстық әрекетке кiнәлi азаматтарды сот қолына тапсырып, халықаралық ұйымдармен бiрiге отырып, БҰҰ қызметкерлер ұжымының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге шақырды. Ал Кабул полицейлерi жүгенсiздiктi ұйымдастырушыларды ұстағандарын хабарлап үлгерген.

Әлем елдерiнiң көшбасшылары Терри Джонстың жүгенсiз әрекеттерiне наразы екенiн мәлiмдеп отыр. АҚШ президентi Барак Обама: "Кез келген қасиеттi кiтапты қорлау – сабырсыздық пен көзсiз фанатизмнiң салдары", – дедi. Обама сондай-ақ мұндай iс-әрекетке қарсы жауап ретiнде кiнәсiз адамдарды жазғыру "өрескел қылық әрi адами қасиеттерге қарсы әрекет" болып отырғанын ерекше атап өттi. АҚШ президентi "жазықсыз адамды өлтiру мен басын шабуын ешбiр дiн қолдамайтынын" да тiлге тиек еттi. Ал Ауғанстан президентi Хамид Карзай АҚШ конгресiн Құранды өртегенi үшiн Терри Джонсты жазалап, болашақта мұндай әрекеттердiң орын алуына жол бермеуiне шақырды. Дегенмен қанды оқиғаның өршуiне себепкер болған АҚШ-тың азаматтары өз кiнасын мойындағысы келмейдi. Тiптi олар 22 сәуiрде АҚШ-тың iрi мешiтiнде қарсылық акциясын жасауды көздеп отырғанын мәлiмдедi. Аталмыш мешiт Мичиган штатының Дирборн елдi мекенiнде орналасқан. "Бiздiң мақсатымыз – исламның қаншалықты қауiптi екенiн бәрiне көрсету. Әрине, бейбiт тұрғындардың өлiм құшуы қорқынышты-ақ. Бiрақ бiр жағынан бұл исламның радикалды қырын көрсетедi", – дейдi Терри Джонс. Сондай-ақ Джонс "Эй-Би-СИ" телекомпаниясына берген сұхбатында: "Ауғанстанда орын алған жағдайға бiз жауаптымыз деп ойламаймын. Радикалды ислам өкiлдерi Құранды өртеуiмiздi сылтауратып отыр. Егер бiз болмасақ, олар басқа сылтау табар едi", – деп өзiнiң әрекетiн ақтады.

Күллi мұсылманның қасиеттi кiтабын өртеген шiркеу қызметкерi Терри Джонстың әрекетiн кей мамандар PR қадам деп санаса, бiреулер бұл АҚШ-тың арандату мақсатында арнайы жасалған қадамы деп қабылдауда. Қалай десек те, Құран Кәрiм мен жазықсыз адамдар көзсiз жауыздықтың құрбанына айналды. Сейсенбiде Орталық Азияның адам құқықтары жөнiндегi мұсылмандық комитетi мен Қазақстанның мұсылмандар одағы АҚШ президентi Барак Обама барша мұсылман қауымы алдында ресми түрде кешiрiм сұрауын талап еттi. Қос ұйым Барак Обамаға хат жолдады. АҚШ президентiне жолданған хатта: "Қан төгiлiп, бiрнеше адам қаза болды. Шiркеу қызметкерi болса да бiр адамның ашық түрде еркiмен жасаған әрекетi үшiн қоғам тым үлкен баға төлеп жатқан жоқ па?" – делiнген. Орталық Азияның адам құқықтары жөнiндегi мұсылмандық комитетi мен Қазақстанның мұсылмандар одағының басшылары дiни сенiмдi қорлау нәсiлге бөлiнушiлiк және ксенофобия сияқты қылмыс түрiне жатқызылмаса, әлемде үздiксiз жауласу орын алатынын айтуда. "Америка Құрама Штаттарының қазiргi заңнамасы дiни қылмыскердi жауапкершiлiкке тартпайтын шығар, дегенмен бұл миллиондаған қорланған мұсылмандардың алдында Сiздiң кешiрiм сұрауыңызға кедергi болмайды" – деп аяқталады Барак Обамаға жолданған үшбу хат.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ