Тұрсынғали ЕДIЛОВ: СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫН САҒЫНЫП ЖҮРМIН
Тұрсынғали ЕДIЛОВ: СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫН САҒЫНЫП ЖҮРМIН
Қазақ боксы Сиднейде айды аспанға бiр-ақ шығарды. Қазақ боксшылары төрт бiрдей медальдi қанжығаға байлап қайтқан сол бiр олимпиада қазақ спортының тарихында алтын әрiппен жазылған да шығар. Сол жолы саңлақтарымызды жасыл құрлыққа алып барған азамат – сол кездегi ұлттық құраманың бас бапкерi Тұрсынғали Едiлов болатын. "Бокстан бұрын боксшыны түсiнбей тұрып нәтиже шығаруға болмайды" дейтiн Тұрсынғали аға қазiр де талантты боксерлердi тәрбиелеп жүр. Қазақстанның Еңбек сiңiрген жаттықтырушысы Тұрсынғали Едiловтiң көңiлiнде алаң көп сияқты…
– Тұрсынғали аға, тәжiрибелi бапкер ретiнде айтыңызшы, бүгiнгi қазақ боксының деңгейi қандай? – Деңгейi аса жаман емес. Бiрақ әлi де кемшiлiктер бар. Олимпиадаға аз ғана уақыт қалды. Медальден үмiткерлер саусақпен санарлық. Медальмен келетiн бiр Сәпиев қана сияқты. Қалғандары әлi халықаралық турнирлерде өнер көрсеткен жоқ. Қазiр құрама командамыз жаман дей алмаймын. Қаржы да бөлiнiп жатыр. Боксқа дайындалатын арнайы базалар да бар. Барлық жағдай жасалған. – Өзiңiз ұлттық құрамаға бас бапкер болып жүрген уақытыңызда олимпиадаға баратын боксерлер қалай iрiктелетiн едi? – Бас бапкер болып жүрген кезiмiзде қиындықтар өте көп болды. Атланта олимпиадасынан кейiн құрамаға жас боксерлердi iрiктеу бiраз қиындық тудырды. Бiзде ол кезде бокста лидерлер көп болды. Кiмнiң деңгейi қалай, кiмнен үмiт күтуге болады, бiз оны бiлетiнбiз. Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Дiлдәбеков, Болат Жұмадiлов бар, құрама команданың өзi күштi болды ол жылдары. Олимпиададан алтын алатынымызға сенiмiмiз зор едi. Ермахан болсын, Болат болсын, жүлде әкелетiнiне сенетiн едiк. Тәжiрибесiне қарап, олардың деңгейi қандай және кiмнiң қабiлетi қалай екенiн де бiлетiн едiк. Өзгелер соған қарап жұмыс iстейтiн. Өйткенi, командада бiр көшбасшы болуы керек. Қалғандар соған қарай реттеледi. Қазiр әуелi лицензияны ойлайды. Лицензияны ойламау керек. Ең алдымен, медальдi ойлаған жөн. Олимпиадада қалай медаль аламыз деп жатсақ, онда лицензия екiншi орында болу керек. Менiң ойым осы. Қазiр командада үш-төрт бала бар. Солармен нақты жұмыс iстеп жүрмiз. Барлық күштi соларға салуымыз керек. – Қазiр "Астана арландарының" ойындарын жұртшылық қызыға тамашалап жүр. Сiздiң "Астана арландарына" қатысты пiкiрiңiз қалай? – Жақсы балалар бар деп айтуымызға болады. Жартылай финалға шықтық. Сәрсекбаев, Әбуталипов, Ақшалов, Қанат Сiләмнiң рейтингтерi жаман емес. Бiз финалға шығуымыз керек деп ойлаймын. – Бiр сұхбатыңызда "Қанат Сiләмға азаматтық әперу үшiн жүгiрiп жүрмiз" деген екенсiз. Қазiр азаматтығын алды ма? – Азаматтығын алды. Қазақстан құрама командасында бокстасып жүр. – Кубаның бокс мектебi мықты мектептердiң бiрi саналатын едi. Қазақстанда да бокс мектебiнiң орны ерекше болатын. Қазiр кубалықтар бұрынғыдай көрсеткiштерге ие бола алмай жүр. Қазақстанда солай болуы мүмкiн бе? – Қазақстан боксы жаман деп айтуға болмайды. Қазiр бокс саласына мол қаржы бөлiнiп жатыр. Бокс мектептерiне жақсы жағдай жасалуда. Бокс базасы жақсы. Астанада өте жоғары деңгейде спорт базасы салынды. Ең бастысы, тынбай дайындалу, еңбектену қажет. – Жеке өз бапкерлiгiңiзбен ашылған арнайы мектеп бар ма? – Ондай мектебiм жоқ. Ойда бар, оған қаржы керек қой. Бұл – менiң баяғыдан бергi үлкен арманым, бiр үйдiң жертөлесiнен болса да, бiр бөлмем болса, өзiмнiң мектебiмдi ашсам деп ойлаймын. Ауыл жақтан бiр мектеп ашып қойдым. Ұйғыр ауданы, Тасқарасу ауылынан жақсы бiр спорт зал бердi. Қыстан бастап жұмыс iстеп жатыр. Ендi ринг жасап берсем, балалардың ешбiр алаңсыз дайындалуына мүмкiндiк бар. – Шалғайдағы елдi мекендерден сiздi iздеп келетiн шәкiрттер де көп шығар… – Әрине. Телефон шалатындар да көп. "Бiз алыс ауылдан келiп едiк. Бiздi дайындасаңыздар" деп өтiнiш бiлдiретiндер де бар. Соның бiреуi қазiр жасөспiрiмдер командасында жүр. Қазақстан iшiнде өткен жарыстардан екi дүркiн жеңiмпаз атанды. Ауылдарда жақсы балалар көп. Мәселе оны алдым дейiк. Бiрақ оған тамақ беру керек, оқыту керек. Тәрбиелеу керек. Оны бауырыңа басқаннан кейiн сен оның келешек тағдырына да жауапты болуың керек емес пе? Оған менiң жеке мүмкiндiгiм жоқ. – Қазiр өзiңiз немен айналысып жүрсiз? – Алматы облыстық бокс федерациясында жұмыс iстеймiн. Сосын "Астана арландарында" Қанат Сiләммен жұмыс iстеп жүрмiн. Қанат тамыз айында Қазақстанға көшiп келдi. Содан берi екеумiз бiргемiз. – Қанат олимпиадаға қатыса ала ма? – Қазақстан құрама командасында болғандықтан, оның қатысуға мүмкiндiгi бар. Қанатты олимпиада алтынына дайындасақ деген ойым да бар. – Олимпиадада алтын алған боксерлерiмiз келесi олимпиадада сол жетiстiгiн қайталай алмай жатады. Мұның сыры неде? Әлде дайындық кемшiн түсiп жата ма? – Ермахан Ыбырайымов Сиднейде алтын алды. Жұмадiлов екi олимпиададан күмiс алды. Тәжiрибелi боксерлер бар. Екi-үш олимпиадаға бару үшiн оларға үлкен дайындық керек, арнайы мектеп болу керек. Ол үшiн дайындықты кiшкентай кезiнен бастағанымыз жөн. Бiздiң боксерлерiмiз боксқа есейiп кеткеннен кейiн келедi, олимпиадаға кеш қатысады. Бiр медаль алғаннан кейiн оны тастап кететiндер бар. Бекзат Саттарханов тiрi болғанда, мүмкiн осындай биiкке жетер ме едi, кiм бiлсiн?! Оның екi-үш олимпиадаға қатысатын мүмкiндiгi бар едi. Небары жиырма жасында алтыннан алқа тақты. Ол отыз төрт жасқа дейiн олимпиадаға қатыса алатын едi. Бекзат өзiнiң алғашқы жетiстiгiн қайталауы мүмкiн едi. Ал қазiр бiзге жақсы мектеп қажет. Сонда ғана бiз осындай биiк көрсеткiштерге жете аламыз. Бiр рет қара күшпен жеңiске жетуi мүмкiн, бiрақ ол ары қарай дамымайды. – Бiзге жастайынан тәрбиелейтiн мектеп қажет дейсiз ғой. Сонда бала неше жастан боксқа бару керек? – Бiзде арнайы интернаттар бар. Онда он төрт жастан бастап алады. Интернаттағы жағдай онша емес. Ешкiм баласын интернатқа бергiсi келмейдi. Интернатқа беруге ата-анасы қорқады. Талабы бар балалар интернатқа бара алмайды. Ауылда оларды тәрбиелейтiн арнайы мектептер жоқ. – Боксты сүйетiн, боксқа қабiлеттi дарындардың көбi ауылдарда жүрген шығар. Ондай балаларды көрмей жүрген шығарсыздар, бәлкiм. Ондай талаптыларды ауылдан iздемейсiздер ме? – Оның да рас. Алматы облысында жұмыс iстеп жүргеннен кейiн қазiр осы облысқа қарасты ауылдардан талапты балаларды байқап, боксқа тартуға тырысып жүрмiз. Ал бүкiл республиканы қамту үшiн мемлекеттiк көмек болу керек. Аудандарды, ауыл-ауылдарды қарау керек. Шын мәнiнде таланттардың бәрi ауылдан шығады ғой. Бiрақ оларды тәрбиелеу үшiн жағдай жасау керек емес пе?! Ол үшiн жақсы интернаттар салу керек, жақсы бапкерлер қажет. Сонда ғана бiз талапты жастарды тәрбиелей аламыз. Қазiр бiзде ауыр салмақтағы боксерлер жетiспей жатыр. Сол үшiн алдымызға мақсат қойып, ауылдардан осыған лайықты балаларды iрiктеп алып, тәрбиелеуiмiз қажет. Әке-шешесiнен рұқсат алып, сол балаға жағдай жасап, жұмыс iстеуiмiз керек. – Боксерлердi баптайтын маман ретiнде қазақ боксының биiкке жетуi үшiн тағы не жасағыңыз келедi? – Спорт және туризм академиясында балаларды оқыту қарқынды жүрiп жатыр. Талантты бапкерлер бар. Қазiр бәрi бапкерлерге тiреледi ғой. Сол бапкерлер қиналмау үшiн қаражат болу керек. Бапкер азын-аулақ жалақысымен қалай өмiр сүредi? Ауылдарда бапкерлер отыз мың теңге алады. Ол неге жетедi? Сондықтан мықты бапкерлердiң жағдайын жасағанымыз абзал. – Ауылдарға жақсы бапкерлер бармайтын да шығар… – Бармайды. Жалақысы жақсы болатын болса, барар едi. – Лондон олимпиадасында кiмдерден үмiт күтесiз? – Үмiт күткенде де, Серiк Сәпиевтен үмiттенуге болады. Бiрнәрсенi алдын-ала кесiп айту қиын. Ең бастысы, жiгiттер бар. Солар iлiнедi деп ойлаймын. "Бақ шаба ма, бап шаба ма?" дейдi ғой, бақ шапса, бiздiң жiгiттер талай жүлделерге қол жеткiзетiн болады. Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА