ӨНЕР АЙДЫНЫНДАҒЫ ҚОС АҚҚУ

ӨНЕР АЙДЫНЫНДАҒЫ ҚОС АҚҚУ

ӨНЕР АЙДЫНЫНДАҒЫ ҚОС АҚҚУ
ашық дереккөзі

"Өз ұлын, өз ерлерiн ескермесе,

Ел-дағы қайдан табар кемеңгердi…" Iлияс ЖАНСҮГIРОВ Ақсу, Қапал өңiрi ежелден тума таланттарға бай өлке ғой. Ақын Сара мен Iлиястай дүлдүлдерiмiздi айтпағанның өзiнде, одан бергi кезеңдерде аудан, облыс, қала бердi күллi Жетiсу өлкесiнiң мақтанышына айналған өнер иелерi қаншама. Өнер әлемiнде, әсiресе айтыс сайысында, облыс намысын қорғап, жырсүйер, әнсүйер қауымын талай мәрте дән риза еткен ерлi-зайыпты тарланбоз – марқұм Өтепберген Ақыпбекұлы мен оның жан серiгi Жұмаш Ақыпбекова (Оспанбекова) жайлы әңгiме қозғамау мүмкiн емес. Жұмаш өнер жолын айтыс ақыны болып бастады. Ол кезде аудан мен аудан өзара жарысқа түсiп, бiр-бiрлерiнiң жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн ашып көрсетiп, оны жұртшылыққа жариялап отыру үрдiсi бар болатын. Сол жариялылықтың ең ұтымды жолы – осы айтыс өнерi едi. Дiңгектiк Иманғали Мысықов, арасандық Жапарғали Ақсубаев, құрақсулық Түлкiбек Құрақбаев, көшкенталдық Жұмаш Оспанбековалар сол кезгi Ақсу ауданының белдi де бетке ұстар айтыс ақындары болды. Ал олардың iшiндегi ең жасы да, "арпа iшiнде бiр бидай" жалғыз қызы да осы Жұмаш болғанын көнекөздер де, сол кезгi (1970 ж.) мектеп оқушылары бiздер де жақсы бiлемiз. Жұмаштың биязы қоңыр үнi, домбырамен үндескен және ешкiмге ұқсамайтын өзiнiң әдемi әуенi бар едi. Ал: Еңселi Ешкiөлместiң балағынан, Шаттанып шабытыммен саламын ән. Қырандай қалықтамай тұрам қалай, Жерi бай Жетiсудың алабынан. Нәр алып арай таңда ескен лептен, Ұшқанмын Сара туған Ешкiөлместен. Ақсуым, арыныңдай екпiндедiм, Айтыста әрiптеске дес берместен, – деп келетiн, әп дегеннен-ақ жанкүйерiнiң қанын қыздыратын кестелi сөзiн айтсаңызшы. Қарсыласының ыңғайына қарай түйдектелiп, мiрдiң оғындай нысанасына дөп тиiп жататын ащы мысқылы мен тапқыр шумақтары да жетерлiк болатын. Оған бiрер мысал. 1980 жылғы республикалық ақындар айтысында Жұмаш Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновпен сөз сайысына түскен. Қарсы алдындағы қаршадай қызды қорашсынған Манап ақын: "Мен Бiржанмын… сен Сара бола алсаң, жасырақ кезiм болғанда, басқаша айтысар едiм…" – деп қағытады. Қарт ақынның ауанын байқаған Жұмаш: Талабы болмаса да тұрған гүлдеп, Еседi бәз бiреулер "Бiржанмын" деп. Сараның сiңлiсiмен айтысам деп, Мойныңа алмай-ақ қой тыңнан мiндет. Мұндай деп ойламаушы ем Сыр Манабын, Түйсiндiм сылдыр сөздiң сырғанағын. Қомсынып, қоразданып отырсаң да, Бiлемiн мен сағымның сынбағанын… – деп тоқтағанда, тағы бiрер шумақ айтып, қарсыласына кезек бергiсi келмей "тұрайық" деген ишарамен орнынан көтерiлген Манап ақын қолын ұсына берген едi. Осы сәт Ғабең (қазылар алқасының төрағасы – Әбдiлда Тәжiбаев, мүшелерiнiң бiрi – Ғабит Мүсiрепов болатын) орнынан тұра берген Жұмашқа қарата: – Қызым, тағы бiр шумақ… – деп сұқ саусағын даралап, қолын көтерiп қалды. Бұл өтiнiш демеу болған Жұмаш дереу отыра қалып: – Кезiккен тұтқиылдан ақын аға, Өлеңнiң өзегiне жақын аға! Iздеп кел, ақын болсаң, Ешкiөлмеске, Iзетпен қоштасайық сахнада! – деп жауап берген-дi. Дәл осыған ұқсас көрiнiс 1984 жылғы Кенен Әзiрбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында да қайталанған. Бұл сайыста семейлiк Халық ақыны Қалихан Алтынбаев та қарсыласы Жұмашты көзге iлмей, сөз соңында "теңiм емессiң, өз қатарым Әбiкен неге келмедi. Айтарымды батыл айта алмай отырмын. Өз теңiм келсе, көсiлер едiм" дегендей уәж айтады. Қарт ақынның өзiн тең көрмей, қорашсынуы намысын келтiрiп, шабытын қамшылаған Жұмаш: Ұмсынып келмей қалған Әбiкенге Санамай отырмысыз менi теңге? Ақыным, аптығумен теңiңдi iздеп, Түсiрем деп тұрмысыз менi терге. Сөзiме мән бермесең құлақ түрiп, Қырандай бас салармын бiр-ақ бүрiп. Куә боп отырғанда игi жақсы, Жiберем Семейiңе лақтырып! –дегенiнде, Қалихан ақын орнынан атып тұрып: Ойбай-ай, мына Жұмаш, не дейдi ойбай, Сүмiрейтiп барады Семейдi ойбай!!! Бұрын бұлай ешкiмге жол бермеушi ем, Құдай байлап қойды ма, көмейдi ойбай!!! – деп көпшiлiк алдында қолын алғаны бар. Осындай дүбiрлi додаларда небiр азулы айтыс ақындарына дес бермей, салмақты сөз, ұтымды ұйқас таба бiлетiндiгiнен Жетiсу жұртшылығы жас кезiнен-ақ оны "Ақын Жұмаш" атап кеткен. Өтепберген – ол кезде Абай атындағы ұжымшарда комсомол жетекшiсi. Еңбек жолын туған ауылында қарапайым механизатор болып бастаған ол жастар жетекшiсi, Мәдениет үйiнiң меңгерушiсi қызметтерiн атқара жүрiп, ауыл жастарының ұйытқысына айнала бiлдi. Қапал өңiрiндегi алғашқы сәулеттi Мәдениет үйi де осы ауылда бой көтергендiктен, заманына сай сол ғимараттың бар мүмкiндiктерiн ұтымды пайдалана бiлген ол ауыл жастарының басын қосып, көркемөнерпаздар үйiрмесiн құрды. Ән салып, би билеумен қатар шағын-шағын драмалық шығармаларды сахналап, ауыл көрермендерiнiң құрмет-қошеметiне бөлендi. Ал ауыл арасындағы той-томалақ, мерекелердiң Өтепберген мен Жұмашсыз өтпесi бесенеден белгiлi жай. Жұмаш қырғыз туғандардың иiндi әндерiн нақышына келтiре орындап, жұрттың сезiм қылын тербетсе, Өтепберген тыңдаушыларын қазақтың халық әндерiмен сусындатады. Бұл әндер тыңдалып болды-ау деген мезетте ұжымшардың сол кезгi төрағасы Нұрболат ақсақал: "Ал ендi екеуiң мiнгесiп айтыңдар!" – деп мәз-мәйрам болушы едi. "Жiгiтке жетi өнер де аз" деген. Сол да сөз болып па. Қос өнерпаз жұптасып тұра қалған күйi алдыларына өңгерген домбыраның бiрi пернесiн басып, бiрiнiң саусақтары iшек үстiнде бебеулей билеп, "Жанай керiмге" басып кеп бергенде, тыңдаушысының делебесiн қоздырып, қиял құсын ерiксiз ақша бұлтқа ұялататын-ды. Қос жұбайдың жүктелген iске деген жауапкершiлiгi, сегiз қырлы өнерi мен ұйымдастырушылық қабiлетi зиялы қауым өкiлдерiнiң назарынан да тыс қалған жоқ. Анда-мұнда шақырып, қолқа салып, "құда түсушiлер" көбейе бастаған. Алайда олардың бiр де бiрiн ұжымшар басқармасының төрағасы, ауданның беделдi де белдi ақсақалы Нұрекең маңайлатпап едi. Бұл ретте "ебепке – себеп" болған сол кезгi аудандық "Қапал еңбеккерi" газетi редакторының орынбасары, жергiлiктi журналист Бөкең – Болат Бисұлтанов. Қайтадан ашылған аудандық газет редакциясында журналистер жоқтың қасы. Газет шығуы керек. Университет бiтiрген маман журналистер шалғайдағы ауылға қайдан келсiн. Арнайы жолдамамен келе қалған күнде бiрер жылдан артық тұрақтамайды. "Газеттi сапалы да мазмұнды шығару үшiн тұрақты әрi жергiлiктi кадр керек. Оларды жергiлiктi жастардың арасынан өзiмiз тәрбиелеуге тиiспiз," – деп аупарткомдағылардың құлақ етiн жей жүрiп, Өтепберген мен Жұмашты Қапалға, өнер мен шығармашылық ортасына алдыртуға мұрындық бола бiлген Болат Бисұлтановты қалай өз өңiрiнiң патриоты демессiз. Патриоттық Бөкеңнiң бiрiншi қасиетi болса, екiншiден ол кiсi – бiр ғана Қапал өңiрiнен осы өнерпаз қос жұбайлардай ондаған (бiздiң бiлетiнiмiз, әрине) жас таланттардың бұлақ көзiн ашып, өмiрден өз орындарын тауып, аяқтарынан тiк тұрып кетулерiне шапағатын тигiзген ұлағатты ұстаз да. Өтепберген Ақыпбекұлының сондай-ақ облыстық "Октябрь туы" газетiнде де бiраз жыл жемiстi еңбек еткенi әрiптестерiне жақсы мәлiм. Қос өнерпаздың сол кезгi Талдықорған облысының намысын жыртып, айтысқа түсетiндерi де осы кез. Облыстық халық шығармашылығы үйiнiң қызметкерi Жұмаш қыз бен жiгiт айтысына түссе, облыстық "Октябрь туы" газетiнiң жауапты хатшысы Өтепберген термешiлер сайысына қатысты. Бұл – 1983 жылы Талдықорған мен Қызылорда облыстарының ақындары арасында өткен республикалық айтыс болатын. Мұның сыртында Өтепберген Ақыпбекұлы – жазған дүниелерi классикалық деңгейге көтерiлген және көзi тiрi кезiнде-ақ, солай бағаланған көрнектi балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қостанай педагогикалық университетiнiң құрметтi профессоры, жиырмаға жуық өлең кiтаптары мен "Қара қылды қақ жарған" атты монографияның авторы. Өлеңдерi оқулықтарға енген бiртуар қаламгердiң 60 жылдығы кеш те болса аталып өтiп, туған жерi Қызылағаш пен еңбек жолын бастаған Көшкентал, Қапал елдi мекендерiндегi бiр-бiр көшеге есiмi берiлiп, сол өңiрдегi бiр мектеп Өтепберген Ақыпбекұлы атындағы мектеп болып аталса, артық болмас едi деп ойлаймыз. Ойымызды түйiндей келе айтпағымыз: ауданымыздың мерейтойы қарсаңында Құдаш Мұқашев, Сағынболат Тiнтаев, Нұрғали Омарқұлов, Қанипа Бұғыбаева, Свет Оразаев, Жамау Бұқарбаев сынды тағы басқа көптеген ақын-жазушыларымыз бен өнер адамдары елеусiз, ескерусiз қалып қоймай, олар туралы естелiктер мен мақалалар көптеп жарияланып, олардың құрметiне кейiнгi ұрпақтың жадында қалатындай игi шаралар жиiрек ұйымдастырылса, нұр үстiне нұр болар едi демекпiз.
Арасанбай ЕСТЕНОВ, жазушы