ӘЛЕМДIК НАРЫҚТЫ ЖАУЛАҒАН "NOKIA"

ӘЛЕМДIК НАРЫҚТЫ ЖАУЛАҒАН "NOKIA"

ӘЛЕМДIК НАРЫҚТЫ ЖАУЛАҒАН "NOKIA"
ашық дереккөзі

"Nokia"-ның негiзi 1865 жылы құрылды. Инженер Фридрих Идестам сол жылы 12 мамырда Финляндияның оңтүстiк-батысындағы Нокия өзенi бойынан целлюлозды-қағаз фабрикасын ашып, қағаз өнiмдерiн өндiре бастайды. Бұл кезде елде қағаз-картонға деген сұраныс өте жоғары едi. Өндiрiлген қағаздың тұтынушылары алдымен Финландияның өз халқы болды. Содан кейiн патшалық Ресей сатып ала бастаған. Кейiндеу қағаз сапасы жақсара түскен соң Англия, Франция және Қытай iрi көлемде тапсырыстар бередi де өндiрiс көлемi ұлғайып, 1871 жылы "Nokia corporation"-ға айналады. Аз ғана жылдардан кейiн бұл корпорация әлемге танылды.

Дегенмен 1898 жылы экономикалық дағдарысқа байланысты резинадан жасалған бұйымдар шығаратын iрi "Finnsһ Rubber Works" компаниясы "Nokia AB"-ны өз құрамына қосып, бiрлесiп күн кешедi. Бұларға 1912 жылы электр желiсiн (кабель) өндiретiн "Finnisһ Coble Works" компаниясы да қосылып, өндiрiс көлемiн барынша ұлғайтқан. Бiрақ бұл үшеуi Финдердiң заңы бойынша тұтас бiр компания атауына көшу керек болғандықтан олар 1967 жылы "Nokiа-group" деп аталынып, ресми түрде қайта тiркелдi. Бұл топ төрт бағытта жұмыс iстейдi. Ағаш, резина, электр желiсi және электронды-техника өндiрiстерiн дамытады. Сол кездiң өзiнде компания электронды-техника бағытында iзденiстер жасап, телефон жүйесiне цифрлық коммутаторды ойлап тауып, байланыстың сандық телекоммуникациялық стандарт түрiне өтуiне мүмкiндiктер ашады. Сондай-ақ автокөлiктерге мобильдi телефондар орнатып, байланыс жүйесiне қосқан. Мұндай байланыс сол кезде Швецияда да бар едi. Екi ел 1981 жылы өзара келiсiп, "Nokdic mobile teleponu" (NMT) деп аталған қалта байланыс жүйесiн жасап, игiлiгiн бiрге көре бастайды. Көп ұзамай олардың сол байланыс жүйесiне Еуропаның басқа елдерi де қосылған. Бұл жүйе "Nokia" технологиясына негiзделiнiп жасалынды. Қалта телефонының индустриялық дамуы осы кезден бастау алғанын еуропалықтар жақсы бiледi және бұл жалпыға тараған байланыстың жаңаша стандарты едi. Жалпы бұл тыңнан келген жаңалық емес. Мұндай байланыс құралдарын жасау өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары Америкада қолға алына бастаған. Онда қалта телефоны байланысының жұмыс тәсiлдерi алдын-ала ойластырылып қойған едi. Ендi тек станция мен қалта телефонының арасын байланыстыру ғана қажет болатын. Бұл жұмыспен штаттарда "AT&T" компаниясы айналысты. Ал қазiргi "Моtоrоlа" ол кезде жаңа ғана таныла бастағанына қарамастан қалта телефонын жасап шығаруға талпыныстар жасады. Сол кезде компанияны Мартин Купер басқаратын. Ол компания шығарған алғашқы телефонмен бәсекелес "AT&T" компаниясының президентi Джоэл Энгельге қоңырау шалып, өздерiнiң бұл жаңалықта тұңғыш екендерiн хабарлайды. Джоэл жаңалықтан кеш қалғандарын бiлiп, оны құттықтаудан басқа амалы қалмаған. Сол телефон ұсақ 2000 бөлшектен тұрады екен. Оның байланыс қуаты жиырма минутқа ғана жетсе керек. Көлемi кiсiнiң алақанындай, салмағы бiршама ауырлау. Алайда олар жетiлдiру жұмыстарын кешеуiлдетiп алды. Сонымен "Моtоrоlа" қалта телефонын ең алғаш шығарушы болып, тарих шежiресiне жазылды. "Nokia group" компаниясы бiрнеше бағытта жұмыс iстейдi. Бiрi резина өнiмдерiн шығарса, бiрi электр желiлерi мен бұйымдарын, ал соңғысы электр энергиясы мен ағаш өңдеу iстерiмен айналысты. Олардың жыл өткен сайын тәжiрибелерi артып, өнiм түрлерi де көбейе түскен. Жұмысшы күшi де көбейiп, компания маңы шағын қалашыққа айналады. Әсiресе компанияның резинадан жасалған аяқ киiмдерi, жауын-шашынға киетiн сулықтар шетелдердiң де сұранысына ие болады. Сол кезде бұл компанияның келешекте қалта телефонын шығаратынын ешкiм бiлген жоқ. Олар өткен ғасырдың сексенiншi жылдар бедерiнде осы әлемдi тәнтi еткен жаңа өнiмдi шығаруға кiрiскен. Әуелi әлемде ең жеңiл транспорттық мобильдi аппарат жасап шығарды. Содан кейiн-ақ еуропалық нарыққа мобильдi байланыстардың сандық стандарттарын жасап шығару қажеттiлiгi туындаған. Сол байланыс стандарты DSM деп аталды. Соның болашағының зор екенiне көздерi жеткен "Nokia" басшылығы оны терең зерттеу мен дамытуға үлкен қаражат жұмсады. 1988 жылы әбден дамыған "Nokia" корпорациясы "Eriсson" компаниясының мәлiметтер беру базасымен айналысатын бiр бөлiмiн сатып алады. Бұл компанияның алдағы кезеңдегi ақпараттық-технологиялық құрылымын дамытуға жол ашты. Қазiр директорлар кеңесiнiң төрағасы Иорма Оллила сол кезде компания басшысы Кари Кайроманың шақыртуымен келiп, 1990 жылы ұялы телефондарды өндiру мен сату бөлiмiнiң жетекшiсi болып тағайындалды. Ол соған дейiн Сити банкте жетi жылдай еңбек еткен. Кари Кайроманың арманы компанияны жоғары технологиямен айналысатын мегакомпанияға айналдыру едi. 1991 жылы 1 шiлдеде DSM стандартындағы коммерциялық жүйе арқылы "Nokia" телефонымен Финляндия премьер-министрi алғаш рет байланысқа шыққан. Сол жылы КСРО Президентi Михаил Горбачев Финляндияда iс сапармен болғанда сол телефонмен Мәскеудегi Кремльге қоңырау шалып, таңданысын бiлдiргенiн жұрт телеарнадан көрген едi. Бiрақ бұл бизнестiң дамуына күмәнi болған басшылар Иорма Оллилаға алты ай уақыт берiп, осы уақыт iшiнде қалайда маркасын сатып құтылуын немесе тағы басқа шара қолдануға шешiм қабылдауын сұрайды. Алайда Оллила төрт айдан кейiн-ақ бұл бизнестiң болашағы зор екенiн түсiнiп, қалай болғанда да сатпау керектiгi жөнiнде директорлар кеңесiнде табандылық танытып тұрып алады. Оның сөзi тоқсаныншы жылдардан кейiн-ақ дәлелiн тапқан. Себебi барша өндiрiстiң құлдырауына әкеп соққан дағдарыстан компанияны банкроттан сақтап қалған тек екi департамент болды. Оның бiрi – телекоммуникация да, екiншiсi – қалталы телефон байланыстары болды. Бiрақ нақты өзгерiстер 1992 жылдан берi Оллила компания директорлар кеңесiнiң төрағасы болып тағайындалғаннан басталады. Оллила компанияның негiзгi өндiрiсi ретiнде мобильдi телефондар мен телекоммуникациялар болатындай етiп, басқа бизнес түрлерiн жабады. Олар әр елдердiң тұтынушылар арасында зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, аппаратты сатып алушыларды үш топқа жiктеген. Бiрiншiсi – сән үшiн ұстайтындар. Екiншiсi – iскер жандар. Үшiншiсi – күнделiктi бiр-бiрiмен хабарласушы қарапайым жандар. Бұл үшеуiнiң талғамдары да үш түрлi екен. Компания солардың талғамдарына жұмыс iстеудi және уақыт талабына орай қалта телефонының түрiн, сапасын, көп функциялы қызметiн әлсiн-әлi өзгертiп отыруды жөн көрген. Соның арқасында олар үлкен жетiстiкке жетiп, қай елде де басқа компанияларға қарағанда тұтынушылар санын едәуiр арттырды. Сөйтiп компанияның сатылымының 10 пайыз үлесiн ғана алып тұрған мобильдi телефондар мен телекоммуникация бағыты ендi 2000 жылдары өндiрiстiң 100 пайыз сатылымы үлесiне ие болады. Осылай 1995-1999 жылдары арасында "Nokia"-ға деген сұраныстың өсуiнiң арқасында компанияның пайдасы 5 есеге өстi. Ал акция құны 25 есеге көтерiлдi. Мұндай өзгерiстердi "Nokia"-ның өзi де күтпеген едi. 1992 жылы компания 1999 жылға дейiн дүниежүзi бойынша 50 миллионға жуық қалта телефондарын сатуға жоспар жасаған болатын. Ал бұл шын мәнiнде 250 миллионға жеттi. 2002 жылы "Nokia" телефоны арқылы интернетке қосу мүмкiндiгiн "WAP" жасап шығарды. Осыдан бастап қалта телефоны ноутбуктерге бәсеке бола бастады. Кешегi күнге дейiн мобильдi қарым-қатынастар құрылымы жағынан әлемде алдыңғы орындарда еуропалық компаниялар, тұрмыс техникасы құрылымында жапондықтар, ал интернет технология жүйесiнде американдық компаниялар алда болатын. Ендi осы компаниялардың iшiнен "Nokia" да ойып өз орнын алды. "Nokia"-ның мұндай ерен жетiстiкке жетуiне Иорма Оллиланың сiңiрген еңбегi өте зор. Себебi ол компанияның бизнес бағытына жаңадан жол салды. Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болатын. Алайда Кеңес үкiметiнiң құлауы компанияның едәуiр әлсiреуiне әкеп соқты. Өйткенi Кеңестер Одағы компанияның негiзгi тұтынушыларының бiрi болады деп жоспарланған едi. Дәл сол кезде басқа компаниялар бизнесте жаңа бағыт ұстану түгiлi, өздерiн банкроттан қалай құтқарып қалу жағын ойлап, бас қатырып жатқан едi. Дағдарыстың белең алғанына қарамай Оллила өз компаниясының бизнес жоспарына күрделi әрi батыл қадам жасап, өзгерiстер енгiздi. Соның арқасында компания ең iрi қалта телефондарын өндiрушiге айналды. "Nokia"-ның қалта телефондар нарығындағы алдыңғы орындарды алу себебi оның үнемi даму, өсу, яғни өнiмдерiнiң кезең сайын жаңарып, дамып отыруында. Осыған орай компанияның мынандай жетiстiктерi бар. 1992 жылы ең алғаш GSM стандартындағы "Nokia-1011" телефонының шығуы, "Nokia-3210" алғашқы қабы қалаған түске ауыстырылатын панельдi телефон, "Nokia-7110 WAP" браузерлi интернетке жалғанатын алғашқы телефоны, "Nokia-5140" алғашқы суретке түсiру функциясы бар "Pusһ-To-Talk" технологиялы GSM телефоны, "Nokia-7600" алғашқы WCDMA телефоны, "Nokia 7610" мегапиксельдiк камерасы бар телефон шығарды. Өнiм түрлерiн осылай жаңартудың арқасында олар басқа компанияларды бәсекеде нарықтан ығыстырып келедi. Солардың арасынан қазiр ең қымбат тұратыны "Vertu da Nokia"-ның брендi болып табылады. "Nokia" 2010 жыл барысында әлемдiк мобильдi байланыс бұйымдарының 32 пайызын өндiрдi. Ендi жақын арада нетбуктардың жаңа түрiн шығарумен айналыспақшы. Қазiргi кезде "Nokia"-ның 123 мың жұмысшы күшi және 15 фабрикасы, 16 елде зерттеу орталықтары бар. 2006 жылы "Fortune" журналының түзген әлемдегi ең күштi компаниялар тiзiмiнде "Nokia" жиырмасыншы орын алады. "Nokia"-ның даму жолындағы жетiстiктерiнiң бiрi деп – компаниядағы жұмыс жүргiзу тәсiлi, яғни демократиялық қарым-қатынасты айтуға болады. Компания көшбасшылық пен инновацияның негiзi болып табылатын зерттеу жұмыстарын жүргiзудiң кей бағыттары сәтсiздiкке ұшырап тұратынын, онсыз компания жұмысы алға баспайтынын толығымен түсiнедi. Сол себептi көптеген жобалар қолға алынған. Егер қайбiр жобаның нарықта болашағы болмайтындай көрiнiс берсе, бiрден жабылып жатады. Сол үшiн жоба авторларын жұмысты жүргiзе алмадың деп, жазалау шаралары қолданылмайды. Керiсiнше, оларға басқа жобаны жетiлдiрумен айналысуына мүмкiндiктер туғызады. Қысқасы, "Nokia" компаниясы тұтынушылармен үнемi қарым-қатынас жасай отырып, олардың қажеттiлiгi мен қалауларын дер кезiнде ескерудiң арқасында басқалардан көш бойына озық келедi.

Көлбай Адырбекұлы