ЗАМАНА БЕДЕРЛЕРIН СӨЗБЕН АЙШЫҚТАҒАН

ЗАМАНА БЕДЕРЛЕРIН СӨЗБЕН АЙШЫҚТАҒАН

ЗАМАНА БЕДЕРЛЕРIН СӨЗБЕН АЙШЫҚТАҒАН
ашық дереккөзі

Өткен жылы жазушы Бейбiт Қойшыбаевтың "Жiбек жолы" баспасынан "Қарқара" атты публицистикалық хроникасы, "ҚазАқпарат" баспасынан "Рух-Сарай" атты танымды туындылар топтамасының кезектi 4-томы шықты.

"Қарқара" жинағында замана алға шығарған әртүрлi мәселелерге орай қаламгердiң әр кезде жазба және электронды ақпарат құралдары арқылы бiлдiрiп келе жатқан ой-пiкiрiнiң бiрқатары топтастырылыпты. Белгiлi бiр iшкi мазмұн үндестiгiне құрылған осы кiтапқа автордың кейiнгi он шақты жылдағы мақалаларының бiрқатары және көркем шығармашылығының бастапқы кезеңiнен бiрер туынды, сондай-ақ түрлi сұхбаттарының кейбiрi енгiзiлген.

Уақыттың ешкiмге де, ештеңеге де бағынбай, тек алапат тегеуiрiнмен алға iлгерiлей беретiнi мәлiм. Iлгерiлеген сайын заманды да, адамдарды да өзгертедi. Тиiсiнше, жазушының қоғамдағы құбылыстарға көзқарасы мен солар хақындағы пайымы да белгiлi бiр дәрежеде өз кезеңiне сай көрiнiс таба отырып дамиды. Ендеше, публицистикалық хроника түрiндегi бұл жинақ қаламгер ой-өрiсiнiң едәуiр жылдар бойындағы өсу, даму динамикасын байқап қарауға, зерделеуге, яғни шығармашылық табиғатын тануға мүмкiндiк бередi. Жаңа жинақ бұдан бұрын жарық көрген "Ар – Қуат" (2000) және "Талтүске дейiн" (2005) деп аталатын публицистикалық хроника кiтаптарының жалғасы iспеттi.

Ал Алаш қозғалысы тарихынан сыр шертетiн "Рух-Сарай" танымды туындылар топтамасының кезектi 4-томына "Жекпе-жек" және "Мәңгi бастау" атты екi деректi шығарма енгiзiлген. Ғылыми-көркем жанрда жазылған осынау хикаяларда монархияның құлауы қарсаңындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының кей қыры, атап айтқанда, ұлт зиялыларының сол тұстағы ел қорғаны болуға тырысқан әрекеттерi, сондай-ақ империя билiгiнiң жоғарғы эшелонындағы тартыстар және Ақпан революциясынан бастап тұңғыш Алаш автономиясы жарияланғанға дейiнгi уақытта орын алған маңызды оқиғалар баяндалады.

Қазақтың азаттық жолындағы қозғалысының тарихынан, әсiресе Алаш күрескерлерiнiң өмiр жолынан бүгiнде жұртшылық бiршама хабардар екенiне күмән жоқ. Дегенмен бұл кiтап едәуiр тың жаңалығымен ерекшеленедi. Ол ұлттық қозғалыс жаңаша өрiстеген 1916-1917 жылдардағы қиын-қыстау заманның нақты келбетiн оқырманның көз алдына әкелiп, саяси тыныс-тiршiлiктiң бел ортасында жүрген тарихи қайраткерлермен жүздестiредi. Кiтап тарихи қайраткерлердiң елдiк мұратты көздеген iстерiн және олар тұжырымдаған қоғамдық-саяси ойды жаңғыртуымен, тиiсiнше оқырманға Отан тарихының белгiлi де белгiсiз беттерiнен танымды мағлұматтар беруiмен бағалы деп ойлаймыз.

Кiтапқа енген туындылардың алғашқысында – "Жекпе-жекте" – империя билiгiнiң өкiлi Родзянко мен отар ел азаматы Қаратаев 1916 жылғы халық наразылығының себеп-салдарлары жайында сұхбаттасады. IV Мемлекеттiк дума төрағасы Родзянко қазақ заңгерi, II Мемлекеттiк дума мүшесi Қаратаевтың үкiметке қатысты сыни сөздерiнен оның көзқарасында өз ойымен үндестiк барын таңырқай аңдап, билiктiң iрiп-шiру табиғатын iштей мойындайды. Сөйтiп империя шонжары шет аймақтағы қазақтар ереуiлiнiң патша тағын шайқай түскенiн айқын түйсiнедi…

Қазақ халқының 16-шы жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi Ресейдегi Ақпан революциясына ұласқаны мәлiм. "Мәңгi бастауда" самодержавиенi тарих қоқысына ысырған сол ұлы төңкерiсте жоғары билiктегi шенеунiктер бастан кешкен ахуал әңгiмеленген. Бұл туындыдан Родзянконың, империялық билiк құрылымына түбегейлi өзгерiс жасауды күйттеген солшыл депутат Керенский секiлдi өзге де белгiлi саясаткерлермен бiрге, II Николайды тақтан түсiру әрекеттерiнiң алғы сапында тұрғанын көремiз.

Жалпы, орыс демократиясының билiкке жетер жолдағы iс-қимылдары мен Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев сынды қазақ қайраткерлерiнiң оларға барынша сенiп, бiрге әрекет еткен кезеңдерi, ұлттық қозғалыстың самодержавие құлағаннан кейiнгi жаңаша өрiстеуi, соның нәтижесiнде Түркiстан және Алаш автономиялары секiлдi ұлттық мемлекеттiк құрылымдардың өмiрге келуi кiтапқа енген екiншi шығарма "Мәңгi бастауда" тартымды да қызықты суреттеледi. Саяси оқиғалармен буырқанған Петроград, Омбы, Орынбор, Орал, Ташкент, Қоқандағы революцияшыл қайраткерлер, батыстағы майдан шебiнде соғыстың қара жұмысын iстеп жатқан жұмысшылар мен оларға қызмет көрсетуге келген ұлттық интеллигенция өкiлдерi жайында тұшымды ойлар айтылады.

Топтаманың бiрiншi кiтабындағы (2004) "Аңсау" романы отар елдегi ұлттық қозғалыстың алғашқы қадамдарын, екiншi томындағы (2007) "Тамыр" – бiрiншi орыс революциясының дүмпуiмен Ресей империясында туған мұсылман қозғалысын және оған қазақтардың қатысуын, "Айбат" – алғашқы халықтық революцияны қуана қабылдаған ұлт қайраткерлерiнiң қазақ даласында қоғамның болашақ үлгiсiн құрудағы iс-әрекеттерiн, үшiншiсiндегi (2008) "Ақ бата" – тұңғыш Мемлекеттiк Думаға жұрт қатарлы қазақтың да үлкен үмiт артуын, "Мұнара" – жер-жерден келген халық өкiлдерiнiң жасампаз өзгерiстердi парламенттiк жолмен жүзеге асыруға ұмтылысын бейнелейтiн. Яғни "Рух-Сарайдың" аталған этюдтерi Алаш қозғалысының дүниеге келу және өрiстеу бағыттарын көрсететiн. Ал әңгiмемiзге арқау еткен төртiншi томға (2010) енген "Жекпе-жек" ұлттық қозғалыстың 1916 жылғы 25 маусым жарлығына орай ширыққан бiр сәтiн, "Мәңгi бастау" оның 17-шi жылдың ұзына бойында күрделi даму соқпақтарынан өтiп, қилы айтыс-тартыс, күрестен соң тұңғыш ұлттық автономия құрумен түйiнделгенiн суреттейдi.

"Рух-Сарай" топтамасының аталған шығармаларында Исмайыл Гаспралы, Рашид Ибрагимов, Серәлi Лапин, Сәлiмгерей Жантөрин, Ғұбайдолла Жәңгiрханов, Тимофей Седельников, Жақып Ақбаев, Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Көлбай Төгiсов, Ғаяз Исхаков, Зәки Валидов, Мұстафа Шоқаев, Жанша Досмұхамедов, басқа да көптеген тарихи тұлғалардың уақыт талабына сай көзқарастары, саяси аренадағы iс-әрекеттерi мен пiкiр қақтығыстары, озық қоғамдық-саяси ой үлгiлерi және қоғам келбетiн өзгертiп жiберген iргелi оқиғалар алға тартылады. Ойлы оқырманды, тәуелсiз ел интеллигентiн аталған топтама этюдтерi, әсiресе баспадан былтыр шыққан кiтаптағы "Жекпе-жек" пен "Мәңгi бастау" тарихымызды бүгiнгi күнмен сабақтастыра қарауға жетелеп, қазiргi және келешектегi даму жайында толғантары сөзсiз. Алашорда хақында терең бiлуге септесетiн бұл шығармаларды автор алғысөзiнде жаңа серияның этюдтерi ретiнде атағанмен, олар топтаманың алғашқы сериясындағы Алаш қозғалысының бастапқы кезеңдерiн тiлге тиек еткен әңгiмелерiнiң заңды қорытындысы iспеттi әсер етедi.

Алаш автономиясын жазушы "Мәңгi бастаудың" эпилогiнде "ұзақ та күрделi, қиын-қыстаулы даму жолы басталған бұлақ", бiздiң бүгiнгi замандастарымыз үлгi алатын "отаншылдықтың әлiппесi, отансүйгiштiктiң қайнар көзi" деп бағалайды. Топтама бедерлеп келе жатқан Алаш қозғалысы эпопеясымен танысқан сайын оның, шынында, автор айтқандай ел мүддесiн көздеген кейiнгi дәуiрдегi күллi өзгерiстiң тамызығы екенiне көзiң жете түседi.

* * *

Жазушы Бейбiт Қойшыбаевтың азаматтық көзқарасы мен ұстанымын, творчестволық қолтаңбасын танытатын "Қарқара" және ұлттық қозғалыс тарихы мен оның қаһармандары жайында сыр шертетiн "Рух-Сарай" кiтаптары замана бедерлерiне бейтарап қарай алмайтын оқушы қауымның ойынан шығар деп ойлаймыз.

Балжан ХАБДИНА