Жаңалықтар

АТТЫҒА IЛЕСЕМIН ДЕП...

ашық дереккөзі

АТТЫҒА IЛЕСЕМIН ДЕП...

Газ бағасы Ресеймен теңестiрiледi

2015 жылға дейiн Қазақстанның iшкi қажеттiлiктерiне пайдаланылатын газдың бағасы Ресеймен теңестiрiлмекшi, яғни баға Ресейдегi газ бағасының деңгейiне дейiн көтерiледi деген сөз.

Iшкi сұраныстағы барлық тауарлардың бағасы болашақта бiртұтас экономикалық кеңiстiк аумағында бiрдей болатыны анық. “Газ тасымалының аймақта маңызы зор, сондықтан да алғашқы қолға алынған шаралардың бiрi болды”, – дедi Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев. Парламент Мәжiлiсiнде "Газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметтерiне қол жеткiзу қағидалары туралы" заң жобасын таныстырған министр 2015 жылға дейiн баға кезең-кезеңiмен қымбаттай бередi деп отыр. "Мұның жүзеге асуы туралы айтар болсақ, Қазақстан мен Ресейдегi баға шамалас деңгейде болады". Бiрақ министр мырза Қазақстан нарығындағы қазiргi газ бағасына тоқталмай, Ресейдегi бағаны таныстыруға баса көңiл бөлдi. Тек елiмiздегi бағаның сәл ғана көтерiлiп, айтарлықтай қымбатшылықтың болмайтынын жеткiздi. Бiрақ…

Ресейдегi газ бағасына тоқталған министр сөзiн алып Федерацияның жырақ өңiрлерiндегi бағадан бастады. "Ямал-ненец округiнде бүгiнгi таңдағы газ бағасы мың текше метрге 58 доллардан келедi. Бiрақ баға 150 долларды құрайтын аймақтар да бар. Бiз осы аймақтардың бiреуiне сәйкес бағаны теңестiремiз, әрине бұл жерде ең төменгi баға қойылған ауданды таңдайтынымыз анық", – дедi Мыңбаев мырза. Федерация бойынша 60 аумақ бар, оның әрқайсысында әр түрлi баға. Ал Қазақстанға келер болсақ, халықтың орналасу жиiлiгi бiркелкi болмағандықтан, түрлi бағаның қойылатыны бесенеден белгiлi. Мәселен Қазақстанның мұнай-газ өндiрушi – Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс-Қазақстан облыстарындағы баға Ресейдiң Ямал-ненец округiмен бiрдей болады. Ал республиканың оңтүстiк аумақтарында қымбат баға қойылатыны жасырын емес. Бiрiншiден, оңтүстiк аумақтың тағдыры Бейнеу-Бозой-Шымкент мұнай құбырының тарифiне тiкелей байланысты. "Бүгiнгi таңда бұл газ құбыры бойынша тариф 62 доллар көлемiнде қойылған. Ол аумаққа жеткiзiлгенде 120 долларды құрайтын болады, оны таратуға кеткен шығынды есептегенде оңтүстiк өңiрдегi газ бағасы 150 долларға дейiн баруы мүмкiн", – дедi министр мән-жайды жасырмай. Бұл – тек болжам ғана, ал болашақта нақты баға бұл деңгейден асып түсуi ықтимал екенiн ескертiп өттi.

Қазақстанның оңтүстiк облыстары үшiн бiр ғана жеңiлдiк бар. Ол – Өзбекстан газы. Алайда көршi елден тасымалданатын газдың тұрақсыз бағасы мен көлемi пәлендей жоспар құруға кедергi болып тұр. Бұл жайында министр өз пiкiрiн ашық жеткiздi: "Газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметтерiне қол жеткiзу қағидалары туралы заңның жобасы аясында Қазақстан қай жақтан тасымалдайтыны белгiсiз Өзбекстаннан гөрi Ресейге сенедi. Сондықтан бiртұстас экономикалық кеңiстiк аясында ортақ тариф болуы үшiн бағаны бiрден емес кезең-кезеңмен көтеру керек. Бiрақ ол аз болады".

Бiртұтас экономикалық аймақта түбi ортақ баға, ортақ нарық және ортақ валюта болатыны ешкiмге таң емес. Бiрақ бағаларды теңестiру үшiн Қазақстан нарығындағы төмен тарифтердi көтеретiнi қоғамның наразылығын тудыруда. Десе де бұдан өзге шара жоқ сияқты.

Ақниет ОСПАНБАЙ