Құттықтаулар
Құттықтаулар
Марк Перрен де Бришамбо, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
Сiздi Қазақстан Республикасының Президентi болып қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын және бұл Қазақстан халқының өзiңiзге, Сiз жүргiзiп отырған саясатқа оңды көзқарасы мен зор сенiмi деп бiлемiн. Бiрқалыпты экономикалық даму жолына түскен жас мемлекеттiң қалыптасуына орасан зор үлес қостыңыз және Сiздiң елiңiздiң халықаралық деңгейде беделi өстi. Ал Қазақстанның одан әрi өркендеуiндегi Сiздiң көрегендiгiңiз халық тарапынан қолдау тауып отыр.
Қазақстанның саяси және әлеуметтiк-экономикалық дамуы жолындағы ұмтылысына табыс тiлеп, Сiздiң басшылығыңызбен Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара ынтымақтастықтың жемiстi жалғасатындығына сенемiн. Бiздiң ұйым демократиялық процестердi, оның iшiнде сайлау жүйесiн жетiлдiруге қатысты халықаралық кеңес беру жұмыстарын жақсартуға бағытталған шараларды орындауға негiзделген мiндеттердi iске асыру жолында көмек беруге әзiр. Сонымен қатар, бiз Қазақстан тарапынан ЕҚЫҰ-ға көрсетiлген қолдауды жоғары бағалаймыз. Сiздiң елдiң өткен жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығына бiз куә болдық. Қазақстан бiздiң ұйымымыздың жұмысына жаңа серпiлiс бердi, жаңа парағын ашты.
Қазақстандықтарға толағай табыс, бейбiтшiлiк пен гүлденудi, Сiзге Қазақстан халқы үшiн қызмет етiп, халықаралық қауымдастықта жаңа табыстарға жете берулерiңiзге ниеттестiк бiлдiремiн.
* * *
Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев:
Сiздiң Қазақстан Республикасының Президентi қызметiне қайта сайлануыңызға орай шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз.
Сайлаудағы бұлтартпайтын жеңiсiңiз Сiздiң өз халқыңыздың шынайы көшбасшысы ретiндегi лайықты абыройыңызды тиянақтай түседi. Достас Қазақстанның кейiнгi жылдарда әлеуметтiк-экономикалық салада, мемлекеттiк құрылыста, халықаралық аренада қол жеткiзген елеулi табыстары Сiзге жалпыұлттық қолдау мен сенiмдi қамтамасыз еттi.
Сiздiң Ресей-Қазақстан арасындағы тату көршiлiк пен өзара құрметтiң берiк дәстүрлерiне арқа сүйейтiн стратегиялық әрiптестiгiн одан әрi тереңдету мәселелерiне ұдайы назар аударатыныңызды жоғары бағалаймын. Екi жақтың ерiк-жiгерiнiң арқасында көп қырлы өзара ықпалдастық алдағы кезде де серпiндi дами беретiнiне, жаңа ауқымды жобалармен байи түсетiнiне күмәнданбаймын.
Қазақстанның өңiрлiк ықпалдастық ынтымақтастықты дамытуға табанды бағыт ұстауын барша мойындайды. Бiздiң елдерiмiздiң Кеден Одағының жұмысын қамтамасыз ету және ЕурАзЭҚ аясында Бiртұтас экономикалық кеңiстiк қалыптастыру, ТМД, ҰҚШҰ және ШЫҰ бойынша байланыстарды нығайту мәселелерiндегi жұмысын тығыз үйлестiре жүргiзуi өзiнiң тиiмдiлiгiн талай рет дәлелдеген. Бiздiң бiрлескен жұмысымызды ықпалдастықтың жаңа кезеңiне – Еуразиялық экономикалық одаққа ауысу бойынша жалғастыру маңызды.
Ресей-Қазақстан одақтастық қатынастарының қуатты әлеуетi алдағы кезде де бiздiң елдер халықтарының, тұрақты даму мен еуразиялық кеңiстiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерi тұрғысынан табысты жүзеге аса беретiнiне сенемiн.
* * *
Түрiк Республикасының президентi Абдулла Гүл:
Сайлау тыныш және еркiн жағдайда өттi. Мен бұған өте қуаныштымын. Қазақстан халқы ең лауазымды қызметке Сiздi сайлау арқылы Сiзге деген сенiмiн тағы да қуаттады.
Сiздiң дана және көреген саясатыңыздың арқасында Қазақстанның өңiрдiң гүлденген аралы ретiнде биiкке көтерiлiп, халықаралық аренадағы абыройының күн сайын артуына куә болудамыз.
Бiздiң бауырлас халықтарымыздың арасындағы достықты нығайтуға Сiздiң қосқан құнды үлестерiңiздiң маңызы зор.
Стратегиялық әрiптестiк дәрежесiне көтерiлген байланыстарымыздың ортақ келешегiне сенiммен қарайтынымды бiлдiргiм келедi.
* * *
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао:
Сiздiң Қазақстан Республикасының Президентi қызметiне қайта сайлануыңызға байланысты Сiзге игi тiлегiм мен шын жүректен құттықтауымды жолдаймын.
Сiз Мемлекет басшысы болған сәттен бастап, Жоғары Мәртебелiм, елде қоғамдық тұрақтылық сақталуда және экономика жоғары қарқынмен өстi, халықтың әл-ауқаты үздiксiз жақсарды, Қазақстанның халықаралық жағдайы едәуiр нығая түстi. Сiздiң басшылығыңызбен Қазақстан халқы жаңа мемлекеттiң дамуы мен көтерiлуi iсiнде айтарлықтай табыстарға жететiнiне сенемiн.
Қытай мен Қазақстан тату көршi, жақсы достар және сенiмдi серiктестер болып табылады. Дипломатиялық қатынастар орныққан 19 жылдан берi бiздiң елдерiмiз арасындағы қатынастар жағымды сипатта дамуда. Саяси салада өзара құрмет және жоғары деңгейде өзара сенiм, ал экономикада өзара тиiмдi әрi бiрлескен дамудың негiзiнде ынтымақтастық орныққан. Әртүрлi салаларда үздiксiз тәжiрибе алмасулар кеңейiп, ынтымақтастық атап өтiлуде, көпжақты байланыстар аясында өзара тығыз iс-қимыл мен үйлестiру қолдау табуда. Қытай тарабы бiздiң елдерiмiз арасында бұрыннан келе жатқан достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайды. Мен Сiзбен бiрлесе отырып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарындағы стратегиялық серiктестiктi бiздiң елдерiмiз бен халықтарымыздың игiлiгi үшiн тағы да едәуiр жоғары деңгейге көтеруге шаршамастан күш-жiгерiмдi салуға дайынмын. Сiзге, Жоғары Мәртебелiм, мықты денсаулық және қызметте табыс тiлеймiн. Қазақстан Республикасына қуаттылық және гүлдену, Қазақстан халқына бақыт пен игiлiк тiлеймiн.
* * *
Испания Үкiметiнiң Төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеро:
Сiздiң Қазақстан Республикасының Президентi лауазымына қайта сайлануыңызға байланысты Сiзге үлкен қанағаттанушылық сезiммен өзiмнiң шын жүректi құттықтауымды жолдаймын және Сiздiң жаңа президенттiк мерзiмiңiз барысында зор табыстар тiлеймiн.
Сондай-ақ Сiзге Испания Үкiметi бiздiң елдерiмiз арасында орныққан ынтымақтастық пен достықтың тамаша қарым-қатынастарын тереңдетудi жалғастыру ниетiнде екенiн айтқым келедi.
* * *
Француз Республикасы президентi Николя Саркози:
Мен Сiздi Қазақстан Республикасының Президентi қызметiне қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Сiздiң өкiлеттiгiңiздi 2020 жылға дейiн ұзарту мақсатын көздеген референдум жобасына қарсылық бiлдiрген Конституциялық Кеңестiң пiкiрiн ескере отырып, Сiз өткен жылы Қазақстан үлкен табыспен төрағалық еткен ЕҚЫҰ-ның құндылықтарын ұстанатыныңызды көрсеттiңiз.
Мен Сiздiң жаңа қызметте өз жұмысыңыздың басым бағытының бiрi саяси реформаға жаңа қуатты серпiлiс беру болып табылатынын бiлемiн. Бiздiң мазасыз әлемде реформа бiздiң халықтарымыздың үмiтi мен көңiлiн қанағаттандыру үшiн қажет екенiн анық түсiнемiз.
Өз тарапымнан, мен Қазақстанның әлемдiк аренада өсiп келе жатқан танымалдығын назарыма ала отырып, осы тақырыпқа және өзге де маңызды халықаралық тақырыптарға арналған диалогты жалғастыруға қуанышты болар едiм. Сондай-ақ Сiздiң елiңiз биылғы жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Министрлер Кеңесiне төрағалық ететiнi сөзiме мысал болса керек.
Биылғы жылы Үлкен Жиырмалыққа төрағалық ете отырып, өз басым бiз талқылауға тиiстi маңызды мәселелер бойынша Қазақстанның үнiн естiгiм келедi. Атап айтқанда, бұл – қаржылық даму мәселесi және халықаралық валюта жүйесi, сондай-ақ шикiзат нарығы. Франция сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серiктестiктi күшейту жөнiндегi жаңа Келiсiмнiң қорытындысын қолдауға дайын.
Өзiңiз бiлетiндей, мен бiздiң елдерiмiздi бiрiктiрушi, Стратегиялық серiктестiк туралы Келiсiм аясында бiздiң екi жақты қарым-қатынастарымызды дамытуға өте үлкен мән беремiн. Жүзеге асыру сатысындағы немесе талқылаудағы барлық маңызды жобалар бiр ортақ мақсатқа – Сiз жүзеге асыра бастаған маңызды индустриализация мен инновация бағдарламасына бiрiктiрiлген. Президент мырза, Сiзден өзiңiзге деген зор құрметiмдi қабыл алуыңызды өтiнемiн.
* * *
Грузия президентi Михаил Саакашвили:
Болып өткен сайлауда Қазақстан халқы Сiзге тағы да сенiм бiлдiре отырып, тәуелсiз және экономикалық күштi мемлекеттегi реформалар мен демократиялық даму үшiн, сондай-ақ Сiздiң дана басшылығыңызбен осы жолда қол жеткен айқын табыстарды мойындап дауыс бердi.
Отанның игiлiгi үшiн ұзақ жылдар бойы риясыз пайдаланып келе жатқан Сiздiң бiлiмiңiз бен тәжiрибеңiз келешекте де Қазақстан Республикасының гүлденуiне арналатынына сенiм бiлдiремiн.
Бiздiң халықтарымыз бен мемлекеттерiмiз арасындағы дәстүрлi достық қатынастарды нығайту iсiне Сiздiң қосқан өзiндiк үлесiңiздi бiз жоғары бағалаймыз.
* * *
Аса құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
"KAZENERGY" Қауымдастығы мүшелерiнiң атынан Қазақстан Республикасының президент сайлауындағы айқын жеңiсiңiзбен құттықтап, жүрекжарды тiлектерiмiздi жолдауға рұқсат етiңiз.
Мұнай-газ және энергетика саласының жұмыскерлерi мен инвесторларын топтастырып отырған бiздiң бiрлестiгiмiз де өзге де көптеген отандастарымыз сияқты Сiздiң ұзақ жылғы қажырлы еңбегiңiздi қызу қолдап, болашақ жоспарларыңызды құлшына құптап отыр.
Сiздiң тереңнен ойластырылған идеяларыңыз бен көреген iс-әрекеттерiңiз iскерлiк бастамалардың тынысын кеңейтiп, халықаралық және жеке инвестицияларға жол ашты, барша елiмiз бен энергетикалық кешенiмiздi ерекше қарқынмен дамыту үшiн табиғи байлық пен заманауи технологияларды тоғыстырған – арнасы кең алып жобалардың жүзеге асуына мүмкiндiк туғызды.
Тәуелсiздiк алған жылдары тек қана мұнай-газ саласына ондаған миллиард доллардан астам қаржы салынып, Қазақстан ТМД мемлекеттерi арасындағы инвестициялық лидерге айналды. Осы мерзiм iшiнде бiздiң елiмiздегi мұнай және газ өндiрiсi төрт есеге артты, ал Қазақстанның әлемдiк мұнай нарығындағы үлесi екi еселендi. Атом өндiрiсi мен басқа да энергетикалық секторлар қарқынды даму үстiнде. Мемлекетiмiз жаһандық даму үшiн энергия қуатын жеткiзушi негiзгi көздердiң бiрiне айналып келедi және де әлемдiк қауымдастықтың бұл факторды Сiздiң есiмiңiзбен байланыстырып отыруы әдiлiн айтқандық.
Сiздiң бұл жолғы жеңiсiңiздiң Қазақстанның индустриалды-инновациялық әлеуетi қуатты елдердiң қатарынан табылуымызға мүмкiндiк беретiн тағы бiр онжылдықтың алғашқы баспалдағын аттаған кезеңге тұспа-тұс келiп отыруының өзi ерекше оқиға.
Ел халқы Қазақстанды технологиясы жоғары дамыған елге әрi iскер, әрi бақуатты халқы бар мемлекетке, бизнесi ұлтына қызмет ететiн құдыреттi қоғамға айналдыруға деген Сiздiң ықылас, жоспарларыңызды қолдайтындықтарын мәлiмдедi. Бiздiң Қауымдастығымыз, барлық энергетикалық және инвестициялық қоғамдастық та Сiздiң саясатыңыздан жаңашылдық пен жасампаздықты көрiп отыр.
Қазақстандықтардың бүгiнгi таңдауы – Сiздiң ерен еңбегiңiзге берген бағасы, дамудың даңғыл жолына жетелеген шақыруыңызға қосқан үнi екендiгiне сенiмдiмiз.
Сiздiң жеңiсiңiз – күллi Қазақстанның жеңiсi!
Құрметпен, KAZENERGY Қауымдастығының Төрағасы
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ
* * *
Аса құрметтi де, қадiрлi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
Жаңа қанат жайған мемлекетiмiз үшiн алда үлкен елдiң жарқын болашағына қадам басатын сәт – ел таңдаған кезектен тыс сайлау болып өттi. Ахмет Байтұрсынұлы: "Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмас үшiн бiз бiлiмдi, бай һәм күштi болуымыз керек. Бiлiмдi болуға оқу керек. Осы керектердiң жолында жалықпай жұмыс iстеу керек" деген қанатты сөзi ерiксiз еске оралды. Қазақстан халқы әдiл түрде өз таңдауларын жасап, Президенттi де таңдады. Елдiң болашағы үшiн болып өткен бұл сайлау халықтың Өзiңiзге деген мол сенiмдiлiгi мен зор үмiт артатынын тағы бiр мәрте паш еттi.
Сiз Қазақстан халқына Жолдауыңызда: "Тәуелсiздiкке қолымыз жеткен алғашқы күннен бастап Сiздер мен бiздер барлық қажыр-жiгерiмiздi жұмсап, еңсесiн асқақтатқан Жаңа Қазақстан барған сайын нық сенiммен алға басып келедi. Дамудың өзi таңдаған даңғылына түскен елiмiздiң атағы шартарапқа таралып, әлемдiк қоғамдастықтың алдындағы абыройы да жылдан-жылға артып отыр" – деген едiңiз.
Тәуелсiз елдiң ұрпағы, болашағы жастар екендiгi бәрiмiзге аян. Ұлт пен ел мүддесi үшiн талай ауыртпалық замандарды басымыздан кешiрсек те, Қазыбекше: "Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздiң шетiн жау баспасын деп, найзаға үкi таққан ел" екендiгiмiздi ескере отырып, қазақ елiнiң дамуына үлес қосу үшiн аянбай еңбек етiп, жұмыла көтерген жүктi бiрдей көтеруiмiз керек екендiгi бәрiмiзге мәлiм.
Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Бiз жастық жiгерi мен күш-қайратын ел келешегiн дамуына арнағысы келетiн жастар өзiңiздi қазақ елi үшiн аянбай барын салып, әлемдiк сахнада беделiмiздi үстем ететiн нағыз тұлға ретiндегi және елiмiзде болып өткен кезектен тыс сайлауда жеткен жетiстiктерiңiз үшiн құттықтаймыз.
Құрметпен, "Заңғар" шығармашылық бiрлестiгiнiң төрағасы А.Қырықбай;
"Қаламгер Азамат" жас тiлшiлер Қоғамдық қорының атқарушы директоры Е.Жақыпбай;
"Jastar" клубының жетекшiсi Д.Маратұлы;
"Заңғар" шығармашылық бiрлестiгiнiң ұжымы атынан:
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттерi Г.Көбеева, Е.Қожабеков;
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетiнiң студенттерi: Г.Байбақова,
Б.Құлшынбаев, Д.Башигулов, С.Кардаров.