Жаңалықтар

ЕРТЕҢ ПРЕЗИДЕНТ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ЕРТЕҢ ПРЕЗИДЕНТ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

8 сәуiрде, яғни ертең Қазақстан Республикасының қайтадан сайланған Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың инаугурациясы өтедi. Бұл туралы сәуiрдiң 6-сында арнайы жиын өткiзген Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлiмдедi. Инаугурациядан кейiн Үкiмет отставкаға кетедi. ҚР Конституциясының 65-бабы бойынша ел Үкiметiн Президент жасақтайды. Ал Президент халық алдында салтанатты ант қабылдағаннан кейiн қызметiне қайта кiрiседi.

Конституция бойынша, қайта сайланған Президенттiң салтанатты ұлықталу мерзiмi қаңтар айының екiншi сәрсенбiсiнде Парламент депутаттары, конституциялық кеңес мүшелерi, Жоғарғы сот судьяларының қатысуымен өткiзiлуi тиiс болатын. Өйткенi Президент сайлауы желтоқсан айына жоспарланған. Бұл жолы сайлау кезектен тыс болғандықтан инаугурацияның мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы қосымша анықтауы тиiс болды. ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ұлықтау рәсiмiнiң мерзiмi бiр ай iшiнде белгiлi болады деген едi.

Сәуiрдiң 3-iнде өткен кезектен тыс Президент сайлауына сайлаушылардың 89,9 пайызы дауыс берген. ОСК мәлiметi бойынша қазiргi Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын жинау арқылы айқын басымдыққа ие болып отыр. Қалған үш кандидат – Патриоттар партиясы атынан түскен Ғани Қасымов – 1,9 пайыз, Қазақстанның Халықтық коммунистiк партиясы атынан түскен Жамбыл Ахметбеков – 1,4%, "Табиғат" экологиялық одағы атынан түскен Мэлс Елеусiзов – 1,2% дауыс жинаған.