Жаңалықтар

«ӨЛМЕГЕН ҚҰЛҒА... КЕЛIП ТЕ ҚАЛАР ТАҒЫ ЖАЗ...»

ашық дереккөзі

«ӨЛМЕГЕН ҚҰЛҒА... КЕЛIП ТЕ ҚАЛАР ТАҒЫ ЖАЗ...»

(элегия) 1  

Тастақты таулардың құйылысындағы онсыз да айғыз-айғыз аспаны зауыт түтiнiне ысталған өндiрiстi қаланың мотор үнiмен күрк-күрк жөтелген көшелерiн қалың қар басып жатты. Айлап, апталап жауған қалың қардан белi бүкшиiп, ендi болмаса сынып кеткелi тұрған ағаштар да, шыңылтыр аяздан шытынап, үзiлiп түскелi тұрған телеграф сымдары да, көк тайғақ тротуарды қуалай бүрiсiп бара жатқан бiрлi-жарым адамдар да мең-зең.

Сол мең-зең дүниеге ақ шұнақ аяз оюлап тастаған терезе әйнегiнен қарап қойып, оңаша бөлмеде жападан-жалғыз отырған адамның ойына не келiп, не кетпейдi. Күрмеуi қысқа күйбең тiрлiк пен қыстың iш пыстырар ұзақ түндерiндегi жалғыздықтан шаршап-шалдыққан шақтарда арғы-бергi тiршiлiктi көңiл көзiмен шолып, ой көзiмен сараптағың келер. Адам-пенденiң көңiлiн табуға болар-ау, ал бiр бойласаң тереңiне тартып әкетер ой түбiне кiм жеткен?.. Тар бөлменi тұмшалап алған тымырсық ауа тұншықтырып, мый қыртыстарын шабақтаған ой ағысы шаршатып бара жатқан соң, амалсыз, далаға, жарық дүниеге шығасың. Ал далада суық. Күнделiктi күйбең тiрлiк қамымен мең-зең күйде әлдеқайда асығып, аптығып бара жатқан адамдар. Күн райы суытқалы алысқа ұзап шыға алмасам да, бiр жетi бұрын Айыртау асып, жүз шақырым жердегi Қалбатау жаққа барып қайтқам. Суықтан өлердей қорқатын басым, содан берi жазу столына таңылып, байлаулы аттай бас шұлғып отырғаным. Сыртта ақырған аяз, ал үйдiң iшi жып-жылы. Бәлкiм, түндегi аяздың бетi қайтқан да болар деген үмiтпен балконға шығып термометрге үңiлемiн. "Қырық екi…" Сарышұнақ аяз оюлап тастаған терезеге бетiмдi төсеп, сыртқа қараймын. Әдеттегiдей әлдеқайда асығып-аптығып безiп бара жатқан адамдар. Мұндай қыстың талайын бастан өткерiп, сықырлаған қасат қар мен сақырлаған сары аязға бой үйретiп алған адамдар. Осы қала тұрғындарының iшiнде жүйкеге тиетiн "қырық градус" деген сөзден өлердей қорқатын мен ғана шығармын. Өне бойым мұздап бара жатқан соң, асығыс бөлмеме кiрiп, теледидарды қосамын. "… Шығыс Қазақстан қар құшағында қалды. Зайсан мен Күршiм аудандарында ауаның температурасы елу екi градусты көрсетiп тұр…" Ресейлiк, Еуропалық каналдар да зәре-құтыңды ұшырады. …Бiлсеңiз айтыңызшы, Мая күнтiзбелерiнде айтылатын ақырзаман – екi мың он екiншi жылға қанша күн қалды?.. Болдық та толдық деп жүрген жиырма бiрiншi ғасырдың басында мынау, ал ендi "халқы мешеулiктен тұралап қалған" жиырмасыншы ғасырдың басында өмiр сүрсем қайтер едiм деп ойлаймын. Жиырма бiрiншi ғасырдың басында қала сыртына шығатын жолдардың бәрiн жауып тастап, тарс бүркенiп жатқан кезде, сол жылдары Алтайдың аязы ақырған "бiтеу" шатқалдарын мекен еткен ел қалай ғана өмiр сүрдi деген ой көкейiмнен кетер емес. Дәл қазiр менiң бөлмемде не көп – қағаз көп, қағаз болғанда – сарыала қағаз, кәдiмгi шет-шетi қиылып барып, ат-түйедей қалап алған қымбат дүниелер. Сол қымбаттылардың қымбаты – өткен ғасырдың басында Семейде жарық көрген "Семей парақшасы" газетi. Жиырмасыншы ғасырдың басында өзiнiң кәдiмгiдей қазақша – "Бiтеу", орысша – "Тупик" деп аталар мекенiнде алты ай қысты бастан өткерген ағайынның қалай тiршiлiк кешкенiн бiр бiлсе, осы газет бiледi. "… 1900 жылдың қысы суық болды, суық екi айға созылды, бүтiндей қаңтар мен ақпан айлары бойы аяз қысты, тек наурыз айының аяғына қарай күн жылына бастады. Үлбе өзенi 10 сәуiрде ғана ашылды. 1 маусымдағы аяздан қарақұмық түгелдей үсiп кеттi.." Иә, жаңылысқан жоқсыз, қара суық наурызды қойып, сәуiрге дейiн созылған. Ал ауылшаруашылығы дақылдары кәдiмгi қырық күн шiлденiң қарсаңында үсiген. Қызылқұмның ақшағыл құмында туып, алты ай жаз аптап ыстықтан зәрезап болған мен секiлдi адамға шiлдедегi қара суық таңсық әңгiме болмағанда қайтсiн… Оңтүстiк елi – "алты ай жаз" деп сөйлейдi… Алтай жақта – алты ай қыс… Сонда көктемiмiз бен мен күзiмiз қайда кеткен деп ойлайсың ерiксiз… Ал мен болсам, көктемi мен күзi жоқ Алтайды қыстаған адамдар қыстың iш пыстырар ұзақ түндерi мен қамшының сабындай қысқа күндерiнде немен айналысты деген сұрақтың жауабын таппай, бас қатырып әлекпiн. Амалсыз өлке тану мұражайынан әкелген тiгiндiлердi ақтарамын. "…Сандықта сақталған өткен ғасыр басылымдары 11 атаудан тұрады. Бұлар 19 ғасырдың аяғындағы журналдар: "Нива", "Наблюдатель", "Колосья", "Север", "Нева", "Устои", "Изящная литература", "Живописная Россия", "Живописное обозрение", "Родина", "Вестник садоводств, плодоводства и огородничества"… Иә, дәл осылай. Осыдан жүз он жыл бұрын қақаған қыстың қара суығынан орыс пештiң үстiне қашып тығылған "кiрме" алтайлықтар шалқалап жатып бау-бақша, жемiс-жидек жайлы әдебиеттердi оқыған. Олар танымдық басылымдардан рухани қажеттiлiктерiн, жарнамалық басылымдардан тұрмыстық қажеттiлiктерiн тауып, көңiлдерiн демдеген соң, әрине, дастархан басына келiп отырады. Ал "…буфет столдарына әр-түрлi жемiс-жидектер мен конфеттер қойылған, құтыларда тоқай және венгер шараптары көбiк атады, француздың "Финь-шампань" коньягының исi бұрқырайды…" Пай-пай-пай!.. Бұл ендi сол кездегi бай да бақуатты адамдардың дастарханы екенiн сезiп отырған шығарсыз. Дегенмен мұндай дастарханмен бiздiң қазiргi байлар мен байбатшалар түгiлi, бүгiнгi байшiкештердi де таң қалдыра алмайтын болғандықтан, өзiмiз секiлдi орташа тұрмысты қарапайым халыққа қарай ойысамын ғой баяғы. "… "Модерн" кинотеатрының қарсысындағы бiр қабатты шарап дүкенiнiң алды ығы-жығы халық. Мұнда көпес Кривошейн шарап пен жемiс-жидек сатып жатыр. Отандық шараптардан Шустовтың коньяктары, Смирновтың арақтары мен тұндырмалары, сондай-ақ "Бенедиктин" ликерi мен "Сан-Рафаяль" шараптары сұранысқа ие. Шарап және сыра түрлерiнен Семейден шыққан өнiмдер көптеп ұшырасады. Бұлар "Плещеев және К Сауда үйiнiң" спиртi мен сусындары, С. Никитин, В. Арьефевтiң "Бавария" зауыты шығарған сырасы. Қырық градустық бiр шелек спирттiң бағасы 1 р.10 к.-ден 1 р. 20 к-ге дейiн…" Пай-пай-пай!.. Менiң де мұрныма бұрқыраған шарап исi келедi. Әрине, француз коньягы емес, өзiмiздiң Есiк қаласынан шығатын қызыл шараптың исi. Осы арада бәрiн жиып қойып француз коньягы сатылатын орталықтағы мейрамханаға қарай тартып кетуге, қалтасы түскiр таяз, өзiмiздiң арзанқол "Семейсуды" тығып сататын сырахананы сағаласам ба екен деп қопаңдап қоям. Үй iшi жып-жылы болғанмен, cыртта суық. Онсыз да қағып қалсаң ұшып кеткелi тұрған жарғақ құлақты үсiткенше, қағаз ақтарып, әйтпесе сол қағаздағы бағаларды салыстырумен уақыт оздырғаным өзiме пайдалы екенiн бiлем. Тоқсаныншы жылдардағы "жабайы сауданың" шет ұштығын көрiп, "бартердiң" байыбына барып қалған ұрпақпын ғой, баға салыстырып, зат алмастыру жағына келгенде оншалық қамшы салдыра қоймайтыным анық. Сонымен… бұдан жүз жыл бұрын… "Бағасы 1 р. 10 к. тұратын бiр шелек спиртiңiз – он екi жарым литр немесе жиырма бес бөтелке араққа тең… Бiр қойдың бағасы – 3-4 рубль… Демек, қазiргi "Меновное" ауылының орнындағы алмастыру базарында сол жылдары бiр қойды тоқсан бөтелке араққа ауыстыруға болады екен. Тоқсан бөтелке… Бiр қыс болмағанмен жарты қыс бойы бiр үйлi жанның жатып iшуiне жетiп артылатын ен-тегiн мол дүние. " Әй, көкем-ау, жем-шөпсiз бұратылып тұрған ана қошқарды арбаға салып, базарға қарай тартып кетпей неге шалжиып жатырсың?!" Арада жүз жыл уақыт өтсе де, сол алмастырғыш атаның баласы, дәл қазiр менiң де базар жаққа тартып кеткiм келедi. Бiрақ менiң бiр айлық жалақыма тоқсан бөтелке емес, қырық бес бөтелке ғана арақ келетiнiн бiлгесiн тартынамын ғой баяғы. Оның үстiне қыстың қақаған суығында тымағының құлағын қайырып тастап тарта беретiн жаны сiрi атаның "жетпей туған" жанаяр ұрпағы екенiм де есiме түсiп тұр. Жиырма бiрiншi ғасырдың басында тар бөлмеге қамалып, қызығы мол қала көшесiне шыға алмай отырған менiң жиырмасыншы ғасырдың басындағы "можантопай мұжықтың" тiрлiгiне қызғанышпен қарайтын да жөнiм бар. Дәл осындай қыс айларында қазiргi мен тұрып жатқан "келiмсектер қаласында": "… Мерекелi күндерi түстен кейiн қала тұрғындары топ-топқа бөлiнiп сайрандауға кiрiседi. "Iшсең де – құрдымға, iшпесең де – құрдымға!" Топ-топ болып үй ме үй жағалап iшiп-жейдi, "казачокқа", "метелицаға", "кадрильге" билейдi, артынан құшақтасып, қол ұстасып алып, теңсетiле жүрiп: "Дауыл жылап, жаңбыр шулады", "Петерборда бiр бала", "Ата-анамды бауыздап…" және басқа әндердi шырқайды. Бәрiн ұмытып, ақылдан айрылып, естен танғанша, "өлгенше iшiп…" жатқанын көз алдыңызға келтiре аласыз ба?.. Кәдiмгi "сүзек жайлаған кездегi той-томалаққа" ұқсап кеткен жоқ па өзi?… Бұл кез "жоғарыдағылар жандалбасалап, төмендегiлер жанұшырған" жиырмасыншы ғасырдың басы, "қанды Қазан" қырғынынан кейiнгi "ұлы өзгерiстер" қарсаңы. Қаймана халықты былай қойғанда, сонау Петербордағы патшалар мен патшайымдардың өзi рухани жағынан азып-тозып, ал патша сарайының төңiрегiндегiлер жын-ойнаққа белшесiнен батып жатқанда, "Ресей түрмесiне" айналған "елден безгендер" мен "жерден безгендер" ордасы қалай қарап қалсын-ау… Сол заманда Семей қаласындағы бiр ғана "Ф. Плещеевтер сауда үйi" жылына бiр миллион литрге жуық спирт пен пен алкогольсiз өнiмдерiн сатқанына қарап, сол кездегi ащы суға деген сұраныстың мөлшерiн шамалай берiңiз. Мұхиттың арғы бетiндегi Чероки жерiне өзiмiздiң Алтайдан барған қараторы өңдi туыстарымызды "ақсұр жүздi" ағайындар арақ берiп улапты" дегендi естуiм бар. Тоқсан бестiң жазындағы Америка сапары кезiнде мұның шет жағасын өз көзiммен де көргем. Мына әңгiме сол әңгiменiң жалғасы iспеттес болып бара жатқан жоқ па өзi?.. Қанша жамандасақ та сол "ащысы" түскiрдiң қыстың қытымыр аязында қалтырап тоңған денеге қан жүгiртiп, жүрекке жылу беретiн де қасиетi барын жоққа шығарып қайтейiк. Күйiп тұрған орыс моншасынан қыз-қыз қайнап шыққан соң, бүйiрi қызарған орыс пештiң жанында отырып, "ыстықтатар" сусыннан тастап алған ағайынның одан арғы көңiл-күйiн түсiну де қиын емес. Оның үстiне "Семей парақшасының" жазуына қарағанда сол кездегi: "…әйелдер мен қыздар етек-жеңi төгiлген юбкалар мен денемен дене болып жабысып тұратын кеудеше киген… Әйелдердiң сырт келбетi – "аққу" мойын, "сона" бел кейпiмен ерекшеленедi…" екен. Пай-пай-пай!.. "Сұлу қыз, әсем әйел бәрi сонда, апырмай, неге кеттiм сол арадан…" деген өлең ойға оралып тұрғанын қарашы… 1826 жылы Өскеменге келген Карл Мейердiң жазбаларынан сол кезде тұрғындар құрамымен танысқан соң, көңiлiм басылып-ақ қалғаны. Қаладағы еркектер саны – 1162, әйелдер саны – 576… Екi еркекке – бiр әйелден… Қытымыр қыстың iш пыстырар ұзақ түндерiнде алтайлықтар немен айналысты деп бас қатыратын мен де қызықпын. Қалың қар мен ақырған аяз дегенiң жақсы емес, әрине. "Бiр жамандықтың артында бiр жақсылығы бар" дегендi бұрынғылар неге айтты екен?.. Уезд орталығы болған Өскемен бекiнiсi тұрғындарының саны 1826 жылы – 1162 адам болса, 1903 жылы, яғни арада небәрi жетпiс жетi жыл өткенде 9 000 адамға көбею себебiне ой жүгiртiп көрмеймiз бе?.. Тарихты ғылым деп бiлмейтiн жазған басым статистикалық мәлiметтерге келгенде жанып кететiнiмдi мойындауым керек. Ал статистиканың тарих ғылымына тiкелей қатысты екенiн iшiңiз сезiп тұрған шығар… Қазiр де сол ескi әдетпен газет беттерiнен сол кездегi әскери тәртiп бойынша қағаз бетiне түскен, қосып-алары жоқ нақты фактiлердi iздеймiн ғой баяғы. Астапыралла, тоғыз мың тұрғыны бар шағын қалашықта жасы жүзден асқан он шақты адам өмiр сүрiптi. Оны азсынсаңыз, "…Өскеменде шаруа жесiрi Татьяна Васильевна жасы жүз отыз бiрге жеткен…". Жүз отыз бiр жас… Сенесiз бе, сенбейсiз бе, өз еркiңiз, ал дүниеге келген әр сәбидiң атын шiркеу кiтабының бетiне мұқияттап жазып, ол құжатты көздiң қарашығындай сақтайтын дәстүрi бар ағайынның сөзiне өз басым сенемiн. Адамзат тарихына қатысты статистиканы хаттап-құнттап жинап отырған әлемдiк ғылымның ұйғарымы бойынша бұдан жүз он жыл бұрын, яғни өткен ғасырдың басында тiршiлiк кешкен адамдардың орташа өмiр жасы отыз бiрден аспапты. Басқаларды қайдам, "батыр – бiр оқтық, мал – бiр жұттық" заманда екi оттың ортасында "мың өлiп, мың тiрiлген" халықтың орташа жасын ешкiмнiң есептеп жатпағанына да сенем. Уезд орталығы ғана дегенмен, тойханасы мен ойынханасы, тiптен шағын да болса кiтапханасы бар қала халқының, сондай-ақ Төр Алтайдың шөбi шүйгiн шатқалдары мен ұзын аққан Ертiс бойындағы ықтасыны мол қойнау-қолаттардан ойып орын алған, Бұқтарманың шұрайлы топырағына таңдап жүрiп түрен салған ағайынның жайы белгiлi болды. Ал шiлiңгiр шiлденiң жуан ортасында тұрғындары түнге қарай тон киiп жүретiн Өр Алтайдың халқының халi нешiк деп ойлайсың ғой баяғы. Менiң алдымдағы құжаттарға сенсек, сонау 1840 жылы патшалық Ресейдiң Мемлекеттiк мүлiк министрлiгi Алтайда мал санағын жүргiзiптi. Санақ жүргiзген тексерушiнiң есебiне сенсек, әрбiр үй басына; "Сеннойда – 9, Быковада – 11, Малонарымда – 15,5, Коробихада – 2, Жоғары Бұқтырма Пеште – 16,5, Язовода – 18, Белыйда – 10,7 бас iрi қарадан" келiптi. Бұдан бергi жиырма жыл iшiнде мал басы одан да гөрi шарықтап өскен. Алтайдағы "дұрыс" қожайындар бұл кезде ең кемi жетi бас сиыр, 20-30 жылқы ұстаған. Ал тұрмысы бақуат үйлерде мал басы 1860 жылдың өзiнде 500 жылқы, 50-70 iрi қара, 200 қойға жетiп жығылыпты. Өз аяғымен жайылар жылқы шiркiндi қойшы, түкiрген түкiрiгiң жерге түспейтiн елу градустық сақырлаған сары аязда алты ай қыс қорада ұсталатын аша тұяқ пен ұсақ малдың жағдайы қалай болды екен деп уайым жеймiн ғой баяғы. Сырт көз, ара ағайын менiң өзiм уайымдап отырғанда, мал иесiнiң шыбын жаны қалай ғана шырқырамасын. Күнiне он үш сиырды екi рет сауып, астын тазалап, шөбiн берiп болған соң, газет-журнал ақтарып, теледидар қарау түгiлi, жаныңда жатқан жарыңның қас-қабағына қарауға мұрша қайда? Көне мұрағаттарды қарап отырып жүз жыл бұрынғы қожайындардың осындай "ауыр" тiршiлiгiн көз алдыңызға елестету қиын емес. Мал болған соң оны сауу керек, сауылған сүттiң майын айыру керек дегендей. Үй басы он екi-он үштен сиыр. Сиыр болғанда қандай?! Алтайдағы "…шөптiң құнарлылығы соншалық, сүттiң майлылығы орташа 4,5 пайыз, кейде 6-7 пайызды құрапты" Осыған қарап он тоғызыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрамына Өскемен уезi кiрген Семей облысы тұрғындарының жылма-жыл 400 мың пұт сары майды шетелге шығарып сатқанына таң қалудың қажетi жоқ. Кәдiмгi бүгiнде өзiмiз де, көзiмiз де үйренген "инвесторларға" ұқсап бара ма қалай?.. Өзi шеттен келiп, өндiрген өнiмiн шетке шығаратын сол "ағайын" мен тапқан-таянғанын шетелге асыратын қазiргi "ағайынның" арасынан айырмашылық көре алмай отырған жайым бар. Бiрақ "ол шиқыл бұл шиқылға ұқсамайды" демекшi, қазiргi "ағайын" сиыр сауып, май шайқап қайтсiн. Алтайдың қойын-қонышы мырыш пен мысқа толы болғасын шығар… Алдымда сапырылысып жатқан қағаздардың арасынан өзiме керектi қағазды тапқан секiлдiмiн. Иә, бұдан жүз жыл бұрын үй басы он үш сиыр, жиырма жылқы ұстаған. Iрiмшiк қайнатып, май шайқаған. "Өмiр сүрудiң жолын бiлетiн халық қой" деп ойлауыңыз заңды. Сол өмiр сүрудiң жолын бiлетiн халықтың бүгiнгi ұрпағы ше?.. … Далада суық, ал менiң бөлмем жып-жылы. Теледидарға сенсем, сыртта "термометр бағаны – түнде – отыз жетi градус суық, күндiз – он градустан жоғары…" Телефонға сенсем, жолдастардың айтуынша, термометр отыз бес градус суықты көрсетiп тұрса керек. Сенсем… Сенсем ғана… Қазiргiдей "өтпелi кезеңде" өзiңе ғана сену қажет екенiн бiлмейтiн бала емеспiн ғой, бәрiн бiлем, бәрiн түсiнем. Ең қызығы, мұндай суық қыс бұдан жүз, мың жыл бұрын да болған, бола да беретiн шығар. Жаңа әлде бүрсеңдеп жүрiп мөлтек ауданымызды жарылқап отырған қара базарға барып қайттым. Ең қызығы, онда да осыдан жүз жыл бұрынғы секiлдi едi. Менi көрген сайын қуанып кететiн қараторы "оралман" келiншектiң қабағындағы кiрбiңдi сезiп, өзiм де iштей қуыстанып тұрғанмын. Бiрер жыл бұрын Алтайдың арғы бетiнен көшiп келген. Күйеуi екеуi қала сыртында азды-көптi мал ұстайды, жылқы сауып, қымыз ыстайды. "Оптовканың тауарын қайтесiз, аға…Үйде бәрi бар едi, жолды жауып тастапты…" Шынында да, бәрi осыдан жүз жыл бұрынғы секiлдi едi. Маңдайшасына "Район Шемонаиха" деп жазылған қаңылтыр киоскiнiң iшiнде буы бұрқыраған сары келiншектiң де қабағы қатулы. Алтайға келген қонақтардың жерiк асы – "патша дастарханына лайық" Қатонқарағайдың балының бағасы түсiп кетiптi. Базар бағасы Шемонаихадан келген шұжық пен ысталған шошқа салысына қарап қалған. Шемонайха – Ресеймен шекаралас аудан. Шекаралас аудан болған соң көршiлермен араласып-құраласып тұрады ғой, әрине. Осыған қарап базардағы өнiмнiң түпкi иесi кiм екенiн iшiм сезедi. Оның үстiне, қалай дегенмен, әлемдiк сауда ұйымының бiлдей мүшесiмiз. Тағы бiр сезгенiм, "жүз жыл бұрынғы ағайын" мен "қазiргi ағайынның" арасында ешқандай айырмашылық жоқ едi… 2 

Бүгiн термометр бағанының төмендей бастағанын көрiп iшiм жылып қалды. Әйнегi терши бастаған терезеге үңiлемiн. Көршiмiз есiк алдындағы төмпешiктi қардан аршып жатқанын көрiп қуанып кеттiм. Бiз жақта балалардың ойын алаңы – қыстық аялдаманың орнына жүредi. Көршiмiздiң машинасын арши бастауы – қала сыртына шығатын жолдардың ашылғанын бiлдiредi.

Үстi-басынан буы бұрқыраған көршiм дөңгелене томпиған төмпешiктiң бiр шетiн кертiп-ақ тастапты. Төмпешiк астына жасырылған әлдебiр қымбат қазынаны бүлдiрiп алмайын дегендей, ерекше ыждахаттылықпен мұқият қимылдайды. "Археолог, хал қалай?" Оның да iшi пысып қалса керек, күрегiн тастай бере… жарық дүниедегi жаңалық атаулыны бұрқыратты дейсiң. "Зайсан жақта мал бағасы түсiп кеткен… Iсек қойдың бағасы үш мыңнан аспайды…" "Неге iсек қойдың?.." "Шөбi таусылған соң кәрi-құртаңнан құтылып, ертеңнен үмiтi бар адам ертеңнен үмiтi бар жас малды сақтап қалуды ойлайды да…" Кейiнгi кездерi күнкөрiсiн балықтан айырып жүрген көршiнiң мал мәселесiнен де құрқол еместiгiн бiлiп, iштей ырза болып тұрмын. Дегенмен мына жиырма бiрiншi ғасырдың басындағы жұты түскiрдiң ауызды алдымен өзiмiз секiлдi кәрi-құртаңға салуы оншалық ұнап тұрған жоқ, әрине. Бұл кезде балалар ойнайтын алаңда қар астына жасырылған "қымбат қазынаның" да шет-жағасы, шет жағасы емес-ау, сыртқы нобай-сұлбасы көрiнiп қалған. Құранды-қиранды бөлшектерден құрастырған, атам заманғы болса да "москвалық" деген дардай аты бар осы машинасының арқасында ас-суын ажыратып, "өз бетiмен күн көрушi" деген мәртебесi бар базаршыл ағайынның қатарын толтырып жүрген көршiмнiң бетiне таңдана қарап қалыппын. Мен бiрдеңе бiлсем, мына көршiнiң төбесi тесiк. "Малдың кәрi-құртаңын құртып жатыр" дедi ме? Бiр жерден естiген немесе оқыған оқиғам. Қайдан?.. Қашан?… Есiме түсiрдiм-ау ақыры. Герегий Гребенщиковтiң жүз жыл бұрынғы жазбаларында осыған ұқсас оқиғалар баяндалатын. Қалай едi өзi?.. "… Орыстар миға сiңбес төмен баға төлеп, әлi тiрi, кеудесiнде жаны бар малдардың терiлерiн сатып ала бастады, бұл арада олар өлексенiң терiсiн мал иесiнiң өзiне сыдыртуды да ұмытқан жоқ. Сақылдаған сары аязда, үй-жайдан жырақта өлексемен алысқан қырғыздар (қазақтар – С.Б.) жақын маңда өлiм тойын тойлаған ашулы аш қасқырлардан аумайтын. Келе-келе қатып қалған өлi дененiң терiсiн сыдыру қиын екенiн сезген, тiрi малдан үмiттерiн үзген қырғыздар терiсiн сақтап қалу үшiн үйiнде, ауласында тұрған әлсiз малды өлтiре бастаған. Бұл терiсiн сату үшiн тiрi малын өз қолымен өлтiруге мәжбүр болған адамдардың жабайы да жалынышты кекке толы жексұрын жоқтауына ұқсайтын…" Иә, дәл осылай… Бұдан жүз жыл бұрын жаны қысылған қазақтар ең алдымен әлжуаз әлсiз малды құрбандыққа шалған. Жаны қысылған сол ағайын жүз жылдан соң да қолдағы азғантай малдың кәрi-құртаңынан құтылып жатыр. "Ұқсамасаң тумағыр!.." Несiбесiн өзiм секiлдi жол бойынан, жол болғанда машина жолдардың бойынан айырып жүрген көршiге iшiм жылып тұр. Төбесi тесiк, антеннасы болмағанмен кәдiмгi – тiрi "теледидар". Бұдан жүз жыл бұрын "сымсыз телефон" қолданған құйма құлақ атаның бүгiнгi ұрпағы, бүгiнгi тiлмен айтқанда – "анықтамалық бюроның" өзi. Ендi сол "анықтамалық бюродан": "Жол… Жол жағы қалай?" – деп сұраймын ғой баяғы. "Алматыға жол жоқ, ал Риддер жақтың жолы ашылыпты" "Алматы – оңтүстiкте, Риддер – солтүстiкте. Неге оңтүстiктiң емес, солтүстiктiң жолы ашылуы тиiс?.." "Бәрi жоғары жақтан шешiлетiнiн түсiнбейсiң бе?.." дедi көршiм аспан жаққа қарап қойып. Бәрiнiң жоғарыдан шешiлетiнiнiң себебiн түсiнемiн, дегенмен Алланы ауызға алмайтын жiгiттiң аспан жаққа қарағанына түсiне алмай тұрмын. Оның үстiне сол жоғары жақтың қай жақта, қай тұста екенiн бiле алмай тұрсам қайтейiн… Түптiң түбiнде бәрi де жоғарыдан шешiлетiнi рас болды. Бұған орталық бекеттен автобусқа отырып, солтүстiкке қарай тартатын "Өскемен-Риддер" жолына шыққан кезде көзiм жеткен. Солтүстiктегi өндiрiстi қалаға апарар күретамыр жолдың күтiмi жақсы, мұқият тазартылған асфальты айнадай жарқырап жатыр. Өндiрiстiң аты – өндiрiс. Ал ендi Риддер секiлдi тау-тау мыс пен мырыш шығарып, алтын мен күмiс өндiрмейтiн, ары-берiсi атшаптырым ғана "Секисовка" ауылының тап-таза көшелерiн көрiп көңiлiм көтерiлiп қалды. Қанша дегенмен ежелгi досым; ауыл әкiмiнiң көшедегi қарды уақтылы күреп тастағанын көрiп, пысықтығына iштей ырза болып келем. Жолдасым үйiнде екен. Өзi көңiлдi, күтпеген жерден келген менi көрiп қуанып қалды. "Үйде болмағанда қайтем…" "Тағы да iшiп алғанбысың?.." "Iшпегенде қайтем…" Көп ұзамай қазанға ет салынып, артынша ауланың түкпiрiндегi моншаның төбесiнен қою түтiн бұрқырады. Шартты белгi – түтiндi көрген соң қалай шыдап жатсын, ортақ достардың алды да келiп жеткен. "Бүгiн кiмнiң кезегi?.." Бұл жолы бiр шетте үнсiз тұрған шикiл сары жымың еттi. Жымың еттi де жолдың арғы бетiндегi күртiк қарға көмiлiп, есiгiнiң орнында үңiрейген тесiгi ғана қарауытып тұрған үйiне беттедi. Аздан соң бiзге бiр күле қарап қойып, үлкен жолдың бойындағы үйреншiктi сыраханаға қарай томпаңдай жөнелдi. Бәрi де үйреншiктi көрiнiстер. Мен келген сайын жолдастар кезектесiп монша жағады. Кезектесiп "қойдың кезегiне" барады. Кезегi сол – арқасындағы "отборный" картопты жол бойындағы сырахананың иесi – әзiрбайжан келiншекке апарып араққа айырбастайды. Кәдiмгi тоқсаныншы жылдардан қалған "бартер". Жарты қап картоп – үш жарты арақ. Қанша дегенмен бiр ауылдың әкiмi ғой деп жолдасыма: "Ауылыңда бiр адам жұмыс iстемейдi… Ұят емес пе?" деймiн ғой баяғы. "Үш жерде жұмыс iстейтiн сенiң де байып кеткенiң шамалы…" Мен, әрине, өзiмнiң неге байып кетпегенiмдi ғана емес, осы ауылдағылардың неге жұмыс iстемейтiнiн де бiлемiн. Менiң досым пысықтың пысығы; көктем шыға ауылдағы тұрмысы жақсы екi-үш фермердi жылатып отырып, әр үйдiң жиырма-отыз сотық жерiн жыртқызып бередi. Алтай жерiнiң асты ғана емес, үстi де қазына, топырағы – гумус. Әр отбасы сол жиырма-отыз сотық жерден ең кемi елу-алпыс қап картоп алады. Әр үйде – бiр сиыр немесе бiр талпақтанау. Манағы картоптың майда-шүйдесi солардың еншiсi, ал iрiктелгенi – бiр үйлi жанның қыстық тамағы. Жаздай суға бұқтырылған жұмсақ картоп пен бiр үйлi жаннан артылған тамақтың қалдығын жеген талпақтанау қап болып семiредi. Бiр жаз бағылған талпақтанау ең кемi жүз кило ет, ет болғанда, адам ағзасына пайдалы семiз ет бередi. Майы жылтыраған салысын бiр бөлек, қара кесегiн бiр бөлек кептiрiп қойған семiз еттi шөгенге толтыра асып, күзде фермердiң комбайнынан қалған күнбағыстың масағынан сығып алған бiр фляг майға құймақ пен бәлiш пiсiрiп қойып, теледидардың алдында шәниiп жатқанға не жетсiн. Жата берген соң – iш пысады, әрине, кезекпен жағылатын монша мен мұқият сұрыпталған картоптың, бартер жағын бiр адамдай бiлетiн әдемi әзiрбайжан келiншектiң қажет кезi осы. Моншаны ойлағанда, өне бойы қышынып қоя беретiн байғұс басым, оның үстiне он шақты күн үйкүшiк болып зерiгiп қалған екем, екi күн, екi түн қона-түстенiп жатып алсам керек. Үйге кеше оралғам, сiркем су көтермей, бар дүниеден қарадай безiп отырысым мынау. Далада суық, ал менiң бөлмем жып-жылы. Жылы жерде отырып iшiм пысқан соң қағаз ақтарам. Егер де дәл қазiр үй сыртында сауыны келген бiр табын сиыр мөңiреп, бiр отар қой маңырап тұрса, қағаз ақтармақ түгiлi… Дәл қазiр Секисовка ауылындағы жолдастар буы бұрқыраған монша iшiнде сыпыртқыларын булап, анекдоттарын айтып, мәре-сәре болып жатқан шығар… 3 

Жып-жылы бөлменiң бұрышында бұйығып отырмын. Ұйып қалған белiмдi әрең жазып, қырау қатқан терезеге жақындаймын. Шытынап тұрған әйнектi демiммен үрлеп қойып сыртқа, сырттағы жарық дүниеге қараймын. Сол. Сол күйi… Ештеңе де өзгермеген. Бұрынғыша арлы-берлi ағылған адамдар… Толассыз адам-ағыс арасынан сөмке арқалаған кiшкентайларды көрiп iшiм жылып тұр. Өйткенi балалардың көшеге шыққаны – термометр бағанының төмендей бастағанының белгiсi.

"Өлмеген құлға, Құдай-ау, келiп те қалар тағы жаз…" деушi ме едi?.. Ұмытпасам, бұл Төлеген Айбергеновтiң өңдеген "Қыз-Жiбектен" алынған Жүсiпбек қожа Шайхұлисламовтың бiр ауыз өлеңi. Өлеңде мен секiлдi Қызылқұмның ми айналдырар аптабында ыссы құмға табанын күйдiрiп өскен ақынның қыстың қытымыр суығынан зәрезап болған сәттегi көңiл-күйi қалай ғана дәл берiлген десеңшi?!. Мұның бәрi, әрине, менiң ойым, менiң өремнiң жеткен жерi. Ақындық ауылы мен пендешiлiк ауылының арасында адасып жүрген адамның ойы мен өресi. Ал ел бiлетiн Төлеген ақын осылай ойлап, осылай толғамаса керек. Бұл өлең жолдарына табиғаттың емес, кәдiмгi адам тағдырының қысы мен жазы арқау болса да өзi бiлсiн. Бәлкiм бұл жолдар тағдыр тауқыметiн тартқан ақынның өмiрдiң көктемi мен жазын аңсаған сәтiнде көкiрегiн жарып шыққан ащы запыран шығар?.. Төлеген ақынды қайдам, дәл қазiр менiң де көңiл-күйiмнiң оңып тұрғаны шамалы. Көзбен көргенге емес, құлақпен естiгенге үйренiп қалған әдетпен теледидарды қосам. Үйренiп қалған әдет, әйтпесе, өзiм он-он бес жыл есiгiн тоздырған, iшкi қырындысына дейiн бiлемiн деп есептейтiн осы ақпарат құралының мәлiметтерiне оншалық сене бермейтiнiм рас. Бұл жолы таңертеңгi жаңалықтар бағдарламасы Алтайдың ауа-райын тағы да жерден алып, жерге салып жатыр екен. Күре жолдың бойында қалың қарға малтыққан машиналар мен үйiрiп соққан үскiрiк желдiң өтiнде бүрсең қаққан адамдар… Сырт көзге таңсық демесең, мен үшiн таныс та, таптаурын сюжеттер ғой. Iшiнен көп жылдардан берi облыстық теледидардың видеомұрағатында сүрленiп жатқан кадрлер де ұшырасады. Көргенiмiз бен бiлгенiмiзге емес, баспасөз бен теледидардың айтқанына сенетiн ұрпақпыз ғой, дегенмен мың рет естiгенше бiр рет көзбен көргенге не жетсiн. Соңғы он бес жыл iшiнде сол асулардан қанша рет асқаным есiмде жоқ. Арлы-берлi өткен сайын машинаның жып-жылы салонында бүрiсiп отырып, пойызы жоқ, машинасы жоқ заманда Алтай асқан аталардың жанкештiлiгiне таңданудан жазған емеспiн. Көзбен көрiп, тұла бойыммен сезiнген сол таныс көрiнiстердi ойласам, өне бойым мұздап, iшкi жан сарайым қалтырап сала бередi. Өйткенi "асудан ары – асу бар", осы қазiр теледидардан көрсетiп жатқан Айыртаудан, одан ары Қалбатаудан өтсеңiз, алдыңызда атының өзiнен адамның зәресi ұшатын Байбураның асуы жатыр. Қаңтардың қара суығы мен ақпанның аязында қара борасыны көз аштырмайтын отыз шақырымдық Байбура асқан адам Айыртаудың адуын желiне жылап көрiсерi анық. Далада да, теледидарда да суық, ал мен тығылған бөлменiң iшi жып-жылы. Теледидар болса, Алтайдың аязын айтып тауысқан соң, шетел, нақтысын айтқанда, Моңғолия жаңалықтарына көшкен. "… Моңғолиядағы елу градустық суықтан ұсақ мал жаппай қырылу үстiнде. Соңғы жетiде мал шығыны миллионнан асты деген мәлiмет бар.." Жаңалықтарды жүргiзушi жiгiттiң аузы-аузына жұқпайды. Жерден жетi қоян тапқандай сонша өрекпiгенi несi деп ойлап қоямын. "Оның үстiне отыз миллионнан астам мал асырап-бағып отырған Моңғолия секiлдi елге миллион деген немене тәйiрi?.." Экраннан бөстекi бос сөз емес, кәдiмгi тiрi көрiнiстер өте бастағанда, бұл ойымнан айнып-ақ қалғаным. Есiн бiлгеннен құрт пен iрiмшiк жеп, сүт пен қаймақ iшiп мал iшiнде өскен балаға ақ қар, көк мұзда төрт аяғы төрт жаққа кетiп, серейiп жатқан сиырдың өлексесiн көру дегеннiң қандай қорқынышты екенiн iшiңiз сезетiн болар… Астапыралла, менiкi шынында да пендешiлiк, тiптен бар ғой, астамшылық екен-ау. Ең өтiмдi ақпарат құралы арқылы малы аралас, қойы қоралас туысқан көршiлердiң (өзiмiздiң қазағы қалың Байөлкенi айтамын да) жоғын жоқтап отырған әрiптестiң ниетiне тәнтi болуым керек қой. Солай бола тұра өзiмдi-өзiм жаңа бiр әлдегi астамшылығым үшiн қанша кiнәлағым келгенмен, көкiрек түкпiрiнен бой көтерген күдiктi сезiмнен арыла алмай, көңiлi түскiр қоңылтақсып тұрды.. "Бiр жамандықтың – бiр жақсылығы бар" Мен бiрдеңе бiлсем, табиғаттың мынандай қысастығынан кейiн, аты бай, өзi кедей Байөлкеде азғантай малжандығын қимай отырған ағайынның арты көктем шыға берi қарай шұбыратын шығар-ақ. Оның соңы кәдiмгi – Алтай асу. Өр Алтайдың шырқау биiгiнде "Ары аққан-Берi аққан" деп аталатын өзен бар. Тағдыры Алтай шыңдарының мұздақтарына тәуелдi сол өзен секiлдi шекараның арғы жағы мен бергi жағын таптаурын қылған ағайын үшiн үйреншiктi тiрлiк. Алтай асу – бiздiң туысқанның пешенесiне жазылып қойған бiр нәубет… Дегенмен өз басым ана бiр жылдары ары қарай асқан ағайынның араға жүз жыл салып қайтадан берi қарай асқанын қалайтындар жағындамын. Алмағайып заманда тағдыр тәлкегiне түскен шақта "туған жерге оралман" деп өкпелеп аттанған ағайынды "оралман" атап, тағы да өкпелетiп алмасақ болғаны да. "Өткен күнде белгi жоқ" деп, өз-өзiмдi қанша жұбатқым келсе де, мана әлде қара базарда қалтырап-тоңып сүт сатып тұрған қараторы келiншек көз алдымнан кетпейдi. Алтайдың арғы бетiндегi ағайынның жоғын жоқтаған әрiптеске өкпелегенiм ойымнан кетпейдi. Көңiлi түскiр неге қоңылтақси бередi?.. Iшкi түйсiгiм алдамаған екен. Таптым-ау ақыры. Әрiптесiмiз 1878 жылы Өскемен уезiнен Қытайға қашқан мың сегiз жүз шаңырақ, яғни тоғыз мың қазақтың Ұранхай өзенiнiң бойына барып қыстағанын, ал көктемде: "…бүкiл кеңiстiкте шөбi аман бiрде сажын жер қалмағанын; қамыс пен жас талға дейiн желiнгенiн, ол аз болғандай, өзен бойындағы тал-теректердi кесiп алынғанын…" айтпағаны үшiн өкпелеген екенмiн. Сол жолы "ағаштардың да көпшiлiгi кесiлген; қашқын қазақтар олардың қабығын сыдырып қойға берген, ал сиырлар мен жылқылар ағаш дiңiнен сыдырып алған жаңқалармен қоректенген…" едi-ау… Өкiнiшке қарай, ағаш қабығы да, тал-теректердiң жапырағы де жұтқа ұшыраған малды құтқара алмаған. Иә, кәдiмгi жұт. Жұт болғанда өзiмiз айта беретiн табиғи апат емес, адам қолымен жасалған жасанды жұт… Бәлкiм нәубет шығар?.. Сол қашқын қазақтардың қолдарына құрық ұстап, сорлап қалатын кезi он тоғызыншы ғасырдың аяғы болса, қазiр жиырма бiрiншi ғасырдың басы емес пе? Уақытқа тәуелсiз табиғаттың алдында бәрiмiз тең де шығармыз. Дегенмен… келiмсектердiң iшiнен шыққан "дұрыс" қожайындар жетi бас сиыр, 20-30 жылқы ұстаған, ал тұрмысы бақуат үйлерде мал басы 1860 жылы 500 жылқы, 50-70 iрi қара, 200 қойға жетiп жығылған" уақытта, бiздiң туыстарымыздың малы бiр жұттан қалмағанын қалай ғана түсiндiруге болар?.. Бiр кездерi Евразияның кең байтақ даласын төрт түлiкке толтырған малсақ ағайынды бар бiлгенiнен жаңылып, жатыпiшер жалқауға, маубас масылға айналды деуге жүрегi түскiр дауаламай тұрса қайтейiн… Уақыттың қабағын баққан өзгелер "жер ананың емшегiн емiп", жан сақтап жатқанда, бiздiң ағайын Алтайдың өрiнде, жайлаудың төрiнде жантайып жатып алды дегенге көңiлi түскiр сене алмай тұрса қайтейiн… * * * 

… Соңғы күндерi жер бауырлап жатып алған қасат қардың көбесi сөгiле бастағандай. Тастақты таулардың етегi – Шешек асуының қойнау-қолатын қуалай салқын сызды жел еседi.

Салқын да болса, осы жел Алтын күрек болса игi… Ендi көп ұзамай тастақты таулардың етегiндегi Әулиебұлақты тұмшалап жатқан қасат қардың бауыры бүлкiлдей бастайды. Ендi көп ұзамай Алтын таудың дарбазаларын қуалай Ертiс бойына қарай жыл құстары шұбырады. Қысы қатты жылдары жыл құстарының кешiгiп жететiн әдетi. Кешiгiп жетсе де, басы бар да, аяғы жоқ мына қыстан қыстығып қалған көңiлге демеу жаңа бiр Жақсылықтың хабаршысы болса екен… Серiк БАЙХОНОВ, жазушы