Жаңалықтар

Мұхтар ШЕРIМ: САТИРАНЫҢ «СНАЙПЕРI» БОЛМАСАҢ, ШОЛАҚ МЫЛТЫҒЫ БОЛЫП КЕРЕГI НЕ?!

ашық дереккөзі

Мұхтар ШЕРIМ: САТИРАНЫҢ «СНАЙПЕРI» БОЛМАСАҢ, ШОЛАҚ МЫЛТЫҒЫ БОЛЫП КЕРЕГI НЕ?!

Көзiқарақты оқырман Мұхтар Шерiмнiң сатирасымен баспасөз арқылы жақсы таныс. Ол – ұшқыр қаламы мен өткiр тiлiнiң арқасында қоғамдағы кез келген өңездiң бетiн қорықпай ашып жүрген сатириктердiң бiрi. Таяуда Мұхтар Шерiм мырзамен арнайы жолығып, бүгiнгi сатираның деңгейi мен беталысы жайында әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.

ФЕЛЬЕТОН ЖАЗСАҢ, ӨЗIҢ СОТТАЛАСЫҢ

– Сатира – қиын да күрделi жанр. Бұл қиын соқпаққа түсуiңiзге не түрткi болды?

– Кейбiреулер 1-сыныптан бастап өлең жаздым деп жатады ғой. Қазiргi балаларды қайдам, өзiм 8-сыныпқа дейiн ойын баласы едiм. Ол кезде шопыр болам деген үлкен арманым бар едi. Бiрақ 8-сыныпта "Әлиманың әлегi" деген сатиралық әңгiме жазғам. Сатираға қатты ұқсамаса да, кейбiр элементтерi бар. Осы дүнием аудандық газетке шыққанда қатты қуандым. "Қазақстан пионерiне" жiберiп едiм, "Мына жерiн жөндеңiз, сосын шығарамыз" деген жауап келдi. Газетке шықпағаны былай тұрсын, жауаптың келгенiнiң өзiне қуандым ғой. Сол хатты бәрiне көрсетiп, мәз болғам. Қазiр осылай кемшiн тұсын жазса, тулап шыға келедi ғой. Содан не керек, аудандық, республикалық басылымдарды жаулай бастадым. Редакцияның жолдамасымен КазГУ-дiң журфагына түстiм. Студент кезiмде Оспанхан Әубәкiровтiң батасын алдым. "Қымызхана" театрына сықақтар жазып тұрдым. Қаламақысы да жақсы едi. Алғашқы табысыма мылқау кино түсiретiн құрал сатып алғаным есiмде. Мiне, содан берi "О, сатира, мен саған ғашық едiм!" деген кредомен өмiр сүрiп келемiн. Неге екенiн бiлмеймiн, сатира жанрын сұмдық жақсы көремiн.

– Сатирик адам өмiрде де әзiлқой, қалжыңбас келетiн сияқты едi. Ал сiз салмақты, салиқалы көрiнесiз…

– Сатира жазу жүрiс-тұрыс, мiнезге байланысты емес. Бiрде "Жас Алаш" газетiнде "Жылағым келедi" деген сатиралық әңгiмем жарық көрдi. Публицист Бауыржан Омаров телефон шалып: "Сен ауызекi әңгiмелескенде сатирикке ұқсамайсың, ал жазғанда түбiн түсiредi екенсiң…" деп ризашылығын бiлдiрдi. Күлдiм. Жазуға отырғанда шабытым оянып, делебем қозып кетедi. Сырттан қараған бiреу "Жынды ма?!" деп ойлайтын шығар. Себебi ыржалақтап өз-өзiмнен сөйлеп, күлiп, кейiпкерiме сұрақ қоямын. Iшкi даусым шығып кетедi. Сондай кезде үйдегi жеңешеңнiң "Менi шақырып жатырсың ба?" деп жүгiрiп келетiнi бар. Кейбiреулер жазу үшiн "тыныштықты қалаймын" деп жатады. Маған бәрiбiр. Қайда болса да, отыра қалам да, жаза берем. Келесi бiр әңгiмемнiң кейiпкерлерiн ұйқыға батар кезде ойда пiсiрiп, толғанып жатам. Киiм кигiзем де, қайта алып тастаймын. Аузына сөз салам, кейде ұрсам. Таң атқанша сұлбасы дайын тұрады. Жұрттар "Қалай күн көремiн?" деп тұрмыстық жағдайын ойлап жатса, мен тек сатира туралы бас қатырам. Бұл менiң ауруым сияқты. Аптасына бiр-екi сықақ жазбасам, ауа жетпейтiндей көрiнедi.

Жұрт сатириктiң бәрiн "шустрый" деп ойлайды. Менде "жигули" көлiгi бар-тын. Таңертең көшеде айдап келе жатсам, жұрттың бәрi күледi, шопырлар да таң қалып қарайды. Сөйтсем, көлiгiмнiң төбесiнде үш леген құрт тұр екен. Анам күннiң көзi тиедi деп, көлiктiң үстiне қойған екен. Байқамай айдап кеткем ғой. Осындай аңқаулығым да басым.

– Көбiнесе сатиралық дүниелерiңiзде министрлер мен әкiмдердi сын тезiне алып жатасыз. Кездесiп қалғанда өкпе-ренiшiн айтатын кездерi бола ма?

– Сатираның өзiн әлеуметтiк, саяси және тұрмыстық деп бөлуге болады. Көбiнесе әлеуметтiк тұрғыда жазғанды жаным қалайды. Әкiм-қаралар, шенеунiктер, саясаткерлердi саяси тұрғыдан жазам. Әрине, кейбiр әкiмге тиiп кететiн жерiм бар. Бiр кездерi Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдерi жиi ауысып кеттi ғой. Сонда бiр әкiмнiң орынбасары: "Әкiмдердi жамандай бермесеңiзшi. Олардың да iшiнде жақсылары бар ғой. Керiсiнше неге жақсыларын насихаттамаймыз?" деген ойын айтты. "Мен ешкiмнiң түсiн түстеп, атын атаған емеспiн. Бұл – фельетон емес, сатиралық әңгiме" десем, "Әкiмдi жамандай берсеңiз, халық та басқаша пiкiрде болады" деген-дi. Осы әңгiмеден кейiн "Болды, ендi әкiм туралы жазбаймын" деген едiм. Бiрақ "Үйренген ауыз жемесiне қоймайды" демей ме, бәрiбiр әкiм бола ма, министр бола ма, Президенттiң төңiрегiндегi жағымпаздарды да сатираның кейiпкерi ретiнде түйреп келемiн. Кейiпкердiң бәрiн өмiрден аламын. Көп ортада боламын. Соны жиып-терiп алып жүремiн. Сатираның “снайперi” болмасаң, шолақ мылтығы болып керегi не?! Ондай болса жазып та керегi жоқ.

– Сонда өзiңiздi қатардағы сатирик ретiнде санамайсыз ба?

– Қатардағы немесе жоғарыдағы болайын деген мақсатым жоқ. Жазасың ба, майын тамызып, қанын ағызып, бұрышын молынан сеуiп, дәмiн келтiрiп жазу керек. Оқырманды аяймын. Қазiр жұрт шұбалаңқы әңгiменi қарайды да, тастай салады. Оның орнына қысқа-нұсқа сатираңды оқи отыра, рақаттанып күлсе, сол еңбегiңнiң еленгенi.

– Демек кез келген мәселенi тек публицистикалық шығарма арқылы емес, сатирамен де түйреп өтуге болады ғой.

– Жалпы, сатира – жауынгер жанр. Сатира жазу кiм көрiнгеннiң қолынан келмейдi. Әу дегеннiң бәрi ақын ғой қазiр. Бiрақ сатираның жүгiн сүйреу, оны арқалау, деген жерiне жеткiзу қиынның қиыны. Бұл – талант арқылы келетiн нәрсе. Сатираның мақсаты – қоғамдағы әлеуметтiк мерездердi дер кезiнде көрсету. Алдын-ала сақтандырады. Өкiнiштiсi сол, сатираның фельетон жанры құрып барады. Фельетон сатираның уытты жанры болғандықтан оған ешкiмнiң жолағысы келмейдi. Көбi жеккөрiнiштi болып, жау арттырып керегi не деп ойлайды. Әйтпесе, фельетон жазудың дәуiрi ендi келдi. Жан-жағыңызға қарасаңыз, фельетонға жүк боларлық небiр тақырыптарды көзiңiз шалады. Кеңес дәуiрiнде 5 теңгенi жеп қойған дүкеншiнi жазсақ, жұмыстан алып тастайтын. Қазiр керiсiнше бiреудi сынасаң, ол ертесiне көтерiледi. "Алақаным қыши бередi" деген фельетоным үшiн балабақша меңгерушiсi сотқа берген. "Алақанымның қышығанын қайдан көрдiңiз?" дегенде соны дәлелдей алмай қор болдым. Образды түрде жаздым, сатиралық тәсiл десем, түсiнбейдi. Бүгiнде "моральдық зиян шектiм" деп қудалайтындардан жасқанып, бұл жанрға ешкiмнiң жолағысы жоқ. Фельетон жазсаң өзiңдi сотқа сүйреп, моральдық шығын өндiрiп алады. Сол себептен де фельетон жазатындар аз. Неге тас лақтырсаң сатириктiң басына тимейдi? Себебi жүгi ауыр. Алып жүруге қорқады. Ол үшiн ешкiмнен тайсалмайтын, батыр адам болу керек.

САТИРИК ТЕ – ЖАЗУШЫ СИЯҚТЫ ӘДЕБИЕТТIҢ ЖАУЫНГЕРI

– Әзiл-сықақ театрларында қазақы қалжың азайып бара жатқан сияқты. Олардың бiразы тек анайы, талғамсыз дүниелердi сахналауға дағдыланғандай көрiнедi. Бұл "ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен" жүру емес пе?

– Театрдағы сатираны өмiршең немесе өлiмшi сатира деп бөлер едiм. Өлiмшi – бiр уақытта рақаттанып күлесiң де, ұмытып қаласың. Ол – әлсiз сатира. Өмiршең сатира – күлесiң әрi талай уақытқа дейiн айтып жүресiң. Бiздегi әзiл-сықақ театрының көбi анайы дүниемен күлдiредi. Кездескенде: "Мыналарың қалай? Ұят емес пе?!" десең, "Бiз астарлап, жұмбақтап бердiк" деп жатады. Жұмбақпен айтқан түгi жоқ. Қалай бар, солай жеткiзедi. Бiрде "Тамашаның" режиссерi, марқұм Лұқпан Есенов "Жаңажылдық қойылымға шығуға екi-ақ апта қалды. Үлгере алмайтын түрiмiз бар, бiзге сықақ жазып, қолұшыңды бер. Сен бiр аптаның iшiнде бiтiруiң керек. Қорықпа, қаламақыңды қомақты етiп беремiз" деп Алматыға шақырды. Жақсы ұсынысқа қуанғаным соншалық, 9 интермедияны үш-ақ күнде жазып берiппiн. Ол марқұм Уайс Сұлтанғазин орындайтын "Массаж", Құдайберген Сұлтанбаев орындайтын "Қайыршы", т.б. интермедиялар едi. Негiзi кәсiби деңгейде шыңдалуды "Тамашадан" бастадым ғой. Сол кезде марқұм Құдайберген Сұлтанбаев: "Сатириктiң құдiретiн көрмейсiң бе, "Тамашаның" тарланы менi де қайыршы етiп қойдың ғой" деп қолымды қысып, күлгенi бар.

– Сiздiңше, қазiргi сатиралық театрлардың басты кемшiлiгi қайсы?

– Бәрiне ортақ кемшiлiк – олар көбiнесе анекдоттарды алып, ет, бұрышын қосып, түрлендiрiп, өзi жазғандай етiп авторлық құқық алып сахнаға шығарады. Мұның бәрi уақытша нәрсе ғой. Бұл бiр жағынан ақша шығындамаудың оңай жолы. Ешкiмге жалынбаймыз дегендi көрсету. Театрлардың көбейiп кеткенi – күнкөрiстiң қамы. Соның арасында көбiне халтуралар кетiп жатады.

– Елiмiзде Ресейдегi Петросяннiң мектебi сынды бiр сатира мектебi болса екен дейсiң. Сатира жазуға икемi бар жастардың басын қосатын мектеп ашуды ойланып көрдiңiздер ме?

– Жалпы, мектеп бола ма, басқа бола ма, жас сатириктердiң басын қосып, бағыт-бағдар берiп, тырнақалды шығармаларын басылымдарға шығарсам деген ойым бар. Әзiрге жүзеге асырғам жоқ. Екiншiден, мұны қалай ұйымдастырудың жолын қарастырып жүрмiн. Ауылдық жерлерде жас сатириктер көп. Тiлдерi орақ, ойы ұшқыр жастар бар. Олар шыға алмай жүр. Ал әу баста көрiнiп, жақсы жерге орналасып алған жазғыштар бар. Сатирасы – әңгiме емес, әңгiмесi – сатира емес, бiрдеңе. Оларға қарағанда ауылдағы он орап алатын сатириктер әлдеқайда мықты. Тек көзiн ашу керек. Бiзде керiсiнше сондай талантты сатириктердi көтермейдi. Ал Ресейде Задорновтарды хан етiп көтередi.

– Не iстеу керек? Таланттың көзiн қалай ашпақ керек? Байқасақ, сатириктерге арналған байқаулар да жоқтың қасы екен…

– Былтыр Шымкентте жас ақындардың республикалық мүшәйрасы болды. Онда проза, поэзия жанры бар, бiрақ сатира жоқ. Түсiнiксiз. Сатира өгей бала ма? Ол да әдебиеттiң жанры емес пе?! Егер сатираны қосса, жазып жүрген жастар да келер едi ғой. Олардың да мәртебесi көтерiлiп қалар едi. Кешiрiңiз, сатирик те ақын, жазушы сияқты әдебиеттiң бiр солдаты. Бәрiнiң де мақсат-мүддесi ортақ.

– "Жұмыла көтерген жүк жеңiл" демекшi, осы мәселенi бiрiгiп көтермейсiздер ме?

– Рас, жақсы ой салып отырсың. Жазу керек. Мәселе етiп көтеру қажет. Ешкiмнiң көңiлiне қараудың керегi жоқ. Ақындар мүшәйрасына неге сатирик-ақындарды қатыстырмайды? Айтыңызшы, егер сықақшы мен сатириктердi шақырса, кештiң әрiн де келтiрмей ме?!

“САТИРАҒА САТҚЫНДЫҚ ЖАСАҒАН ЕМЕСПIН”

– "Ара" журналының iнiсi iспеттес "Жұдырық" сатиралық газетiн шығардыңыз. Ғұмыры неге қысқа болды?

– Иә, республикада тұңғыш "Жұдырық" деген сатиралық газет аштым. 1991 жылы жарық көре бастаған кезде нарық қылқындырып тастады. Қыспаққа шыдай алмағандығымыз соншалық, қағазға да ақша таппай қалдық. Одан соң "Барыс" деген газет шығардық, ал қазiр қыз-келiншектерге арналған "Қаракөз" деген газеттi айналдырып жатқан жайым бар.

– Көпен Әмiрбек, Толымбек Әлiмбекұлы сияқты сатириктер көбiнесе өз туындысын өздерi сахнаға шығарып жатады. Сiздi неге солардың қатарынан көрмеймiз?

– Шынымды айтсам, сатираны орындайтын қабiлетiм жоқ. Ойымдағыдай шығара алмайтын сияқтымын. Қазiр "Шаншарға" жазып тұрам. "Iбән", "Жер сату" туралы интермедияның авторымын. Бiрақ оған ақша алған емеспiн. Онсыз да өз қаржысымен өмiр сүрiп жатқан театр ғой. Достық рәуiште көмек бергiм келедi. Ал үлкен сахнаның төрiнде жүрген Көпен, Толымбек секiлдi сатириктер нағыз мәдени, рухани ортада өмiр сүруде. Олардың киелi сахнаны бағындыруға мүмкiндiгi мол. Бiз болсақ облыста, аймақта көзге көрiне, елене бермеймiз.

– Жалпы, бұқараның сатираға көзқарасы қандай?

– Қазақ баспасөзiнiң басында отырған басшылар да сатираның не екенiн түсiнедi. Оны ыржақай күлкi ретiнде емес, әлеуметтiк өнер ретiнде түсiнедi. Әсiресе, "Түркiстан", "Жас алаш", "Айқын", "Егемен Қазақстан" газеттерi жүйелi ретiнде берiп тұрады. Бәлкiм, бұл газеттiң тиражын көтеретiн шығар. Жасыратыны жоқ, тек қана сатираны оқитын оқырмандар бар. Бұл жерде сатира жарияламайтын газеттер газет емес дегендi айтып тұрғам жоқ. Мұндағы ойым, газеттен сатиралық бет ашылып, жер-жердегi жас сатириктердiң көрiнуiне үн қосу. Мысалы Оспанхан Әубәкiров ағамыз "Сүзеген сөз" деп әдемi ат қойып, негiзiн қалап кеттi. Бұдан "Жас алаш" ұтпаса, ұтылып жатқан жоқ. Ал облыстық газеттер үшiн облыс әкiмiнiң ыңғайында жүрудiң өзi – сатира.

– Соңғы кезде ғаламтор сайттарында сатиралық дүниеңiз жиi жарық көре бастады. "Мұхтар Шерiмнiң "Сатирадан сарқыт" атты блогыңыз да бар. Өзiңiз интернеттi бес саусақтай меңгерiп алғансыз ғой деймiн…

– Иә (күледi). Заман талабына сай, компьютердi де бiлмесең қиын екен. Интернет те қазiр сатираға көңiл бөлiп келедi. Мысалы "Аbai.кz" порталы сатираға деген оң көзқарас танытып жүр. Үнемi өздерi ұсыныс жасап, сайтқа салып қояды. Сатираны өгейсiтiп, өзекке теппейтiн осындай қазақтiлдi сайттар көбейсе екен. Сатира интернеттi де гүлдендiредi, оқырманның санын да арттырады. Қазiр кiтапқа деген көзқарас нашарлап кеттi. Осыдан кейiн әдеби, сатиралық шығармаларды интернет сайттарына салып отырған да дұрыс сияқты. Интернеттегi ағайындар үшiн арнайы блог ашып, сатиралық әңгiмелерiмдi топтап салып жүрмiн. Оның да тiлiн бiрте-бiрте меңгерiп жатырмын әйтеуiр.

– Қазiр сатиралық кинолар да пайда болды. Олардың беталысы жайында не айтасыз?

– Қазақ "Көтере алмас шоқпарды белiңе байлама" деп бекер айтпаған. Сатиралық кино деп айдар таққаны сатираның маңына да жуымайды. Бiр-екi қыстырма сөздi қосса, соны сатира деп түсiнедi. Француздың Пьер Ришар ойнаған кез келген киносын көрсең, қандай ғажап! Тiптi Чаплиннiң заманындағы түсiрiлген мылқау фильмнiң көтерiп отырған мәселесi қандай! Солармен салыстырғанда бiздiң актерлер шынайы ойнамайды. Жаттанды. Сахнадағы спектакль сияқты ойнайды. Табиғилық жоқ. Соның салдарынан жадағай, қасаң дүние шығып жатыр.

– Сатириктiң достары кiмдер?

– Сатириктiң досы соншалықты көп емес. Ол – оқырмандар, журналистер, жазушылар. Ал шенеунiктер жақтыра қоймайды, сенi алқалы жиындарға шақыра да, сыйлықтармен марапаттай да қоймайды. Сатирик байғұстарды көп шараға қоспайды да. Оларға құдды өгей бала сияқты қарайды. Шiркiн, Оспанхан Әубәкiров ағалар қандай едi?! Аты өшiп бара жатқандығына iшiм удай ашиды. Сатираны жап-жақсы бастап, тастап кеткендер бар. Жарылқасын Дәулетов жақсы сатирик едi, тастап кеттi, ән жазуды бастап кеттi. Әкiм Ысқақ та сатира жазды. Бiр ғана "Бiр физиктiң махаббаты" деген шығармамен тоқтап қалды. Ал өзiм сатираға сатқындық жасаған емеспiн. Басты қасиетiм – адамдардың бәрiмен дос болу. Қызметке қызықпаймын. Ешкiмге бағынбаймын. Өзiмдi Нобель сыйлығының, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының, Алаш сыйлығының лауреаты деп айта алмаймын. Атақтың үлкенi – халықтың танып, бiлiп жатқандығы. 2007 жылы төрт томдық сатиралық шығармалар жинағым жарық көрдi. Тағы да екi томдығым дайын.

– Ал өзiңiз кiмдi пiр тұтасыз?

– Күлкi – витамин. Күлкi – адамның өмiрiн ұзартады. Сатираның құдiретi де осында. Әр сатириктiң өз стилi бар, өзiне лайықты оқырманы бар. Өзiм түрiктiң әйгiлi сықақшысы Әзиз Несиннiң шығармасымен сусындадым. Оның кез келген дүниесi жылап отырып, күлдiртедi.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы