Жаңалықтар

ӨСIМДIКТЕРДI ӨМIРIНIҢ МӘНI ДЕП БIЛГЕН

ашық дереккөзі

ӨСIМДIКТЕРДI ӨМIРIНIҢ МӘНI ДЕП БIЛГЕН

Тарихы терең Талас өңiрi сырт көзге көбiне аса сұрқай, жанарға қара iлiкпейтiн жапан, құлазыған құла түз болып көрiнуi ықтимал. Жатаған тақыр төбелер мен шылаушындай шұбалған бұйығы белегiрлер ғана көңiлдi селт еткiзбесе, өсiмдiк атаулы ерте нiлiнен айрылар иен дала таңдай қақтыра қоймас, сiрә?! Бiрақ киелi өңiр үнемi осындай сүреңсiз алап, сусыз бедiрейген бетбақ болған емес. Ауызекi әңгiмелерде ерте бiр замандарда бұл өңiрде аққу-қаздар қанатымен су бетiн сызған ақ айдындар, қоғалы көлдер, қом сулар көп болғаны, азулының шерiсi – тарғыл жолбарыс жортқаны жиi айтылады. Жүз жиырма көл мен жаз бойы шалқып жатар терең қарасулардың жағалауы ат белiнен келер шабындық, аң мен құс жыртылып-айрылатын қалың қопа болатын.

Өткен ғасырдың елуiншi жылдары тың және тыңайған жерлердi жаппай игеру науқаны басталғанда жалпы Қазақстан аумағына орасан зор апат төнгенi мәлiм. Өздерiн табиғаттың бiрден бiр әмiршiсi сезiнген адамдардың жөнсiз iс-әрекетiнен шұрайлы өлке қысқа ғана уақыттың iшiнде азып-тозып, құлази бастаған. Салқар даланың төсiндегi шоқ-тоғайлар түгелiмен оталып, өзен-көлдер суалып, көкмайса жайылымдар қу медиенге айналды. Орталық және солтүстiк өңiрлердегi топырақ эрозиясы аса қатерлi апаттың табалдырығына тiрелгенiмiздi танытты. Жамбыл облысының Талас, Сарысу аудандары мен оған iргелес аймақтарда құм көшуi жеделдей түскен. Қазақтың кең байтақ жерiне экологиялық апаттың төнгенi айқын едi…

Мiне, 1930 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Талас ауданының Үшарал ауылында iңгәлап дүниеге келген Сәрсенбек Орынбаев бала күннен осының бәрiн көрiп, жан-жүрегiмен сезiнiп өстi деуге болады. Тапыл-тұпыл аяқ басқан кiшкене сәби күнiнен Ұлы аштықтың қасiретiн бастан кешкен Сәрсенбек аға өз тұстастары сияқты бұғанасы қатпастан еңбекке ерте араласып, ауыр бейнеттiң ащы дәмiн татты. Ол кiсi он сегiзге толған 1948 жылы Талас ауданында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбектерi үшiн 55 адам Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған болатын. Ал соғыста көзсiз ерлiк танытқан Сәду Шәкiровтiң батырлығы баршаның аузында жүрген аңызға айналды. Бiрақ дүниеге iңгәлап келiп, кiндiк кескен өлкенiң тоз-тозы шыға бастағаны адамдарды алаңдатпай қоймайды. Әсiресе «Сағадағы су iшер, етектегi у iшер» деген үрейлi сөз жұрт аузынан түспейтiн нақылға айналған кез болатын бұл. Өйткенi басын Қырғыз Алатуынан алатын асау Талас өзенiнiң жоғарғы жағындағы қызылша колхоздары мен өндiрiс орындары құтты өзенге түрлi тоспа жасап, суды жырып алуды жиiлеткен. Ал Көкшеқұмның жиегiндегi Үшаралдың маңайын күн өткен сайын құм басып, сәмбi тал, шiлiк өскен тоғайлар оталып, киелi аймақ тозған терiдей жұлым-жұлымы шығуда. Мiне, осының бәрiн күн сайын көзбен көрiп жүрген Сәрсенбек аға үшiн қандай оқу орнын таңдау әу бастан-ақ белгiлi секiлденген. Ол 1948 жылы бiрден Алматыдағы қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетiнiң биология факультетiнде, 1953-1956 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасында оқып, ғылымға шындап ден қояды.

1958 жылы микробиология саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, Қыздар педагогикалық институтында ұстаздық қызметiн бастады.

Ол кiсi өсiмдiктер өз өмiрiнiң мәнi деп бiлген аса iзденгiш, нағыз ғалымға, шәкiрттерiне бiлгенiн үйретуден жалықпайтын бiлiктi ұстазға айналды.

Сәрсенбек Орынбаев қазақ биология ғылымын өзгертуге, заманға сай жаңа сапалық деңгейге, әлемдiк биiктерге көтерiлуiне өлшеусiз үлес қосқан жан. Сәрсенбек ағаның басты арманы өзiмiздi қоршаған табиғатты, әсiресе қазақ даласының аса нәзiк флорасын – өсiмдiктер әлемiн жан-жақты қорғау болатын. 1965 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Өсiмдiктердi қорғау институтына қызметке келуi де тегiннен тегiн емес-тi. 1970-жылдары Қазақстанда жыл сайын жұтаңданып бара жатқан өсiмдiктер әлемiн қорғау ерекше қажеттiлiк, мемлекеттiк маңызды iске айналды. Осы тұста бiлiктi ғалым Сәрсенбек Орынбаев 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялап, 1970 жылы «Өсiмдiктердiң көзге көрiнбейтiн қорғаушылары», көп ұзамай «Атом сәулелерiн ауыл шаруашылығында қолдану жолдары» атты ғылыми ортада айрықша бағаға ие болған құнды кiтаптар жазды. Бұл тақырыптардың әрбiрi ғылыми айналысқа ене қоймаған, бейнелеп айтсақ, әлi түрен тимеген аса тың тақырыптар едi. Марқұм Сәрсенбек Орынбаевтың биология ғылымындағы елеулi табысы болып саналған бұл еңбектерiн кезiнде Бүкiлодақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясының академигi И.Корнеев, ҚР Ұлттық академиясының академигi, профессор I.Әбуғалиев, Украина Ұлттық Ғылым академиясының академигi, профессор С.Андреев, И.Заар, тағы басқа да белгiлi ғалымдар аса жоғары бағалады. С.Орынбаевтың ауыл шаруашылғында қазiргi күнге дейiн кеңiнен қолданылып жүрген бес бiрдей ғылыми жаңалықтарына кезiнде Бүкiлодақтық авторлық куәлiк берiлдi және оларды бүгiнде жиi айтылатын нанотехнологиялық әдiстердiң бастауы деп қабылдауымыз керек секiлдi. Ол кiсiнiң 1989 жылы жарық көрiп, ғылыми ортада кеңiнен тараған «Қазiргi кездегi биотехнологиялық жетiстiктер және оны өсiмдiктер зиянкестерiне қолдану жолдары» атты еңбегiнде жан-жақты түсiндiрiлген биологиялық әдiстер қазiргi күнге дейiн Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының ауыл шаруашылығында кеңiнен қолданылып келедi. Мемлекеттiк тұрғыдан ерен еңбегi ерекше бағаланып, «Жеңiс» төсбелгiсiмен марапатталған Сәрсенбек Орынбаев 2005 жылы «Талас ауданының құрметтi азаматы» атағына ие болған едi.

Халқымыздың «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейдi» деген мәңгiлiк нақылы марқұм Орынбек Сәрсенбаев ағамызға қаратып айтылғандай болатын. Ол кiсiден терең тәлiм-тәрбие алған, ұстаздың үлгi-ұлағатынан үйренген iзбасар шәкiрттерi қазiр Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде жемiстi еңбек етiп, қазақ даласын гүлдендiру үшiн аянбай тер төгуде. Ол кiсi көрнектi ғалымдығымен қоса тәлiмдi тәрбие берген жақсы әке де бола бiлдi. Үлкен ұлы Еркiн – Талдықорған қаласында Гуманитарлық колледждiң директоры, ортаншы ұлы Ержан – Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiнде тәжiрибелi iзкесушi, полиция подполковнигi. Кенже ұлы Ерлан – халықаралық тiлдер академиясын үздiк тәмамдап, бұл күндерi Қытайда бiлiмiн одан әрi жетiлдiруде. Ал Орекең ерекше жақсы көрген қызы Жанна – Медицина ғылымдарының кандидаты, №5 Алматы қалалық ауруханасында жоғары дәрежелi дәрiгер.

Осыдан 80 жылдан астам бұрын құм жиегiндегi кiшкентай қоңыр ауылда дүниеге келген Орынбек аға Сәрсенбаев бар бақытын ерен еңбек, тынымсыз iзденiстерден тапқан едi. Құмның баласы қазақ даласының әр бұта, әр тал шөбiн қорғау жолында бүкiл ғұмырын сарп еттi. Айналаны да марқұм Сәрсенбек ағадай озық ойлы, таным көкжиегi кең адамдар ғана оңды өзгерте алатыны айқындалды.

Ж.Баққондыұлы