Жаңалықтар

"ИСЛАМ – ТЕК ДIНIМIЗ ҒАНА ЕМЕС, БIЗДIҢ МӘДЕНИЕТIМIЗ"

ашық дереккөзі

"ИСЛАМ – ТЕК ДIНIМIЗ ҒАНА ЕМЕС, БIЗДIҢ МӘДЕНИЕТIМIЗ"

Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi, философия және саясаттану факультетiнiң ғылым философиясы және дiнтану кафедрасының ұйымдастыруымен Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығына орай "Мемлекет пен дiн қарым-қатынасы модельдерiн жасау жолындағы iзденiс" атты халықаралық ғылыми конференция өттi. Жиынды философия ғылымдарының докторы, профессор, философия және саясаттану факультетiнiң деканы Ақтолқын Құлсариева жүргiзiп отырды.

Сенат депутаты, ҰҒА-ның академигi Ғарифолла Есiм: "Эстремистiк бағыттағы дiни ағымдарды миссионерлер таратып, жастарымыздың санасын улап жатыр. Жалған дiндер мұсылманның өзiн бiр-бiрiне қарсы қойып, жiкке бөлуде. Дiн – мемлекеттен бөлек болғанмен, қоғамнан бөлек емес. Қоғам дiнсiз болса, мемлекеттiң бет-алысын елестетудiң өзi қиын. Елбасы Н.Назарбаев: "Бiздiң тегiмiз – түрiк, дiнiмiз – Ислам. Құран Кәрiмдi насихаттауды ешқашан естен шығармауға тиiспiз. Ислам – тек дiн ғана емес, бiздiң мәдениетiмiз" деген. Ендеше бiздiң төл мәдениетiмiзден алыстауға құқымыз жоқ", – дедi.

Конференцияда сөз алған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетiнiң ректоры Махмуд Фахми Хиджази, ҚМДБ Дiни iстер бөлiмiнiң меңгерушiсi Ақтамбердi Мұсабек және ғалымдар: Нағима Бәйтенова, Серiк Нұрмұратовтың пiкiрлерi тыңдарманға ой салды.

Тоты СЕРIКБАЙҚЫЗЫ, ҚазҰУ-дiң магистранты