Жаңалықтар

АҢЫЗ ТYБI – АҚИҚАТ НЕМЕСЕ МӘМБЕТ ӘЛIНIҢ АРПАЛЫСЫ

ашық дереккөзі

АҢЫЗ ТYБI – АҚИҚАТ НЕМЕСЕ МӘМБЕТ ӘЛIНIҢ АРПАЛЫСЫ

"Құрметтi редакция! – деп жазады бiзге Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан Бегiмбет Мұқышев деген оқырман. – Газеттерiңiздiң биылғы қаңтар айындағы №3 санында "Ақан серi мен Мәмбет Әлi" атты материал жарияланған екен. Осы Мәмбет Әлi (көп деректе Мәмбетәлi деп бiрiктiрiп жазылған) туралы бұрын мен Сәкен Өзбековтiң "Барлыбек Сырттанов" деген зерттеу еңбегiнен де оқығаным бар. Бiрақ мәлiметтер мардымсыз. Ал бiздiң байқауымызша, Мәмбет Әлi өз заманындағы қазақ зиялыларының белдi де белгiлi тұлғаларының бiрi болған секiлдi. Ендеше, мүмкiндiгiне қарай, осы адам туралы кеңiрек жазсаңыздар екен". Осы хатқа сәйкес "Ақан серi және Мәмбет Әлi" атты материалды жазған авторымыз Саят Баймұратұлына қайта өтiнiш жасаған едiк. (Ред.)

Ең алғаш оның өмiрi жайында қысқаша баяндай кеткен жөн болар. Мәмбет Әлi Сердалыұлы 1865 жылы Көкшетау уезi, Шалқар болысындағы Кiшi Қоскөл деген жерде дүниеге келдi. Көкшетау уезi – қазiргi Ақмола облысы мен Солтүстiк Қазақстан облыстарының аймағы. Ал Шалқар болысы Солтүстiк Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы. Кiшi Қоскөл осы аудандағы "Антоновка" ауылының маңында орналасқан көлдiң атауы. Ата-тегiн алатын болсақ Арғыннан тараған Қарауыл руынан. Қарауылдан Құрманқожа, одан Есенбай, одан Шұңғырша, одан Жарасқұл, одан Мұрта, одан Шақаман, одан Байсары, одан Шөбек, одан Мырзалы, одан Сердалы.

Сердалы өз заманына сай көзi ашық, бiлiмдi, "Шахнаманы", "Сал-сал" мен "Зарқұмды" аударған ақын. Сердалыдан төрт ұл тарайды.Тұңғыш ұлы – Мәмбет Әлi, Абдол, Жәмшит, Паридон. Сол заманның талабы болар, ауқатты отбасында өз балаларын орысша оқытуға тырысқаны дәлелдеудi қажет етпейдi. Мiнекей, орыс халқының тiлiн үйренiп, өнерiн бағуды Сердалы зерек ұлы Мәмбет Әлiнiң мойнына жүктедi. Алғашында ауыл молдасынан хат таниды, сонан соң Қонысбай ауылында бес сыныптық орыс мектебiн тәмамдап, Көкшетаудағы үш сыныптық орыс училищесiнде оқиды. 1884 жылы Омбы қаласындағы техникалық училищеге қабылданады. Мәмбет Әлiнiң бұл кезеңi оның саяси тұлға ретiнде қалыптасуына үлкен әсер еттi. Ол училищенiң оқушысы Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхановпен танысып, достасады. Бұл екеуiнiң достығы сонан кейiн Петербургте жалғасады. Ол жайында төменде нақтырақ айта жатармыз. Оқу барысында Мәмбет Әлi жер аударылған саяси сенiмсiз адамдармен кездесiп, олардың идеяларын қабылдап, сол кезде қалыптасқан жүйеге қарсы бағытталған, яғни ақ патшаға қарсы ойларды бұхара халық арасында насихаттай бастайды. Осы себептен де ол 1889 жылы бесiншi қаңтарда техникалық училищенiң соңғы төртiншi сыныбында саяси сенiмсiздiгi үшiн оқудан шығарылады. Келесi оның маңызды кезеңдерiнiң бiрi Петербург университетi болса керек. Осы кезде айта кететiн бiр өкiнiштi жайт, оның Петербург қаласында оқығандығы жөнiнде деректердiң жоқтығы. Бiрақ көз көрген адамдардың айтуынша және артынан құнды деректi-мақала қалдырған, Мәмбет Әлiмен жеке таныс болған Хамит Тiлеубаевтың "Мен Ақан серiнi көрдiм" атты шығармасы, онда оның Петербургте оқығандығы туралы айтылған мәлiметтер көңiлге демеу боларлықтай. Бұл университетте ол қазақ халқының болашақ марқасқалары Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сырттанов, Абдолла Темiровтермен достасып және Лениннiң ағасы Александр Ульяновпен бiрге бiр факультетте оқыпты деседi. Мәмбет Әлi университеттен қудаланғаннан кейiн де олармен байланысын үзбеген көрiнедi.

Мәмбет Әлi ауылға оралып, мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Бұқара халық арасында демократиялық көзқарастағы насихат жүргiзуiн тоқтатпайды. Сондықтан елге оралған жас ғалымды жандармерия 1889 жылдан 1904 жылға дейiн жасырын бақылауға алады. Ол бұл жайлы бiлгенмен де саяси күресiн одан да арттыра түседi. Сол себептен де ол бiрнеше рет түрмеге қамалған. Осыған байланысты ел аузында жүрген аңызға тоқтала кетейiк. Бiрде Мәмбет Әлi, үшiншi рет болса керек, түрмеге түскенiнде ағайын-туысы жиналып, Омбы қаласына аттаныпты. Келгеннен кейiн түрмеге барған ағайындары терезеден қараса, Мәмбет Әлi бұрынғы үлкен "николайевски" ақшаға махорка орап отырған көрiнедi, туысқандарымен көрiсiп болғаннан соң Мәмбет Әлi оларға: "Неге келдiңдер? Мен заңды жақсы бiлемiн, сондықтан кешке дейiн шығамын, ауылға қайта берiңдер,"– деп жақындарын елге аттандырып жiберiптi. Ауылында ол қол қусырып жатпай орыс тiлiнде бiрнеше еңбектер жазады. Айта кетсек: "Аренда казахской земли" (Омбы, 1900 жыл), "Эксплуатация карсакпайских копей" (Омбы, 1901 жыл), жер, ел мәселесi жөнiнде конференцияларға баяндама жасаған. Сондай жиналыстардың бiрi "Орыс өнеркәсiбi мен саудасының дамуына көмектесу қоғамының" отырысында "По вопросу эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры" деген баяндама жасайды. ("Труды Общества для содействия русской промышленности и торговли" 25 том, СП,1904.).

1. М.Сердалин жайында атақты ғалым, Алаштың бiртуар қайраткерi, қазақтан шыққан тұңғыш математик профессоры Әлiмхан Әбеуұлы Ермековтiң естелiгiн келтiрудi жөн санап отырмыз. Әлiмхан Ермековтiң өзi бұл оқиғаны Әлихан Бөкейхановтан естiген. Бұл естелiктi белгiлi журналист Нөгербек Мағзұмов пен Жайық Бектұров Ә.Ә.Ермековтiң өз аузынан жазып алыпты. Ендi осы екi тұлғаның мақалаларына сiлтеме жасай отырып, оқиғаны баяндасақ.

Жер дауы – қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ең күрделi, ең қиын мәселелердiң бiрi едi. Бұл өзi жайлау, қыстау мал жайылымы мен егiндiк, шабындық жерге қоныстар мен құдықтарға, үй iргесiндегi учаскелерге таластан туатын дау-дамай болатын. Мiне, күрмеуi шатысқан осы мәселелер патша үкiметiнiң 1904 жылғы апрельдегi Заңына орай орталық Россиядан шеткерi аймақтарға қоныс аудару iстерiне орай тiптi шиеленiсе түскен едi. "Село тоғышарлары мен жер иеленушi мещандардың өз ықтиярымен қоныс аударуы туралы" Заңның iске асыруға байланысты Қазақстан облыстарындағы, уездердегi қазақ жерiнiң есебiнен қоныс аудару қорын молайтып, 1906-1912 жылдары оған қазақ еңбекшiлерiнiң миллиондаған десятина шұрайлы жерлерiн кесiп бердi. Бұл әдiлетсiздiк, әсiресе Столыпиннiң белгiлi аграрлық реформасының кезiнде ерекше өрiстеп, күшейе түстi. Патша үкiметi арнайы ұйымдастырылған қоныс аудару басқармасы арқылы жердi жаңадан игермей-ақ, жергiлiктi халықтың бұрыннан игерген жерлерiн әкiм-зорлықпен тартып ала бастады. Бұл озбырлыққа шыдамаған қазақ еңбекшiлерi мемлекеттiк думаға, генерал-губернаторларға, тiптi Столыпиннiң өзiне дейiн шағымдар жазды. Бiрақ бәрi аяқсыз қалып отырды. Патша үкiметiнiң осынау басып-жаныштаған зорлықшыл сорақы саясатының салдарынан қазақтың еңбекшi бұқарасы жаппай күйзелiске ұшырады, отарлық езгi күшейдi. Жаппай қысымшылыққа ұшыратқан бұл зобалаң қазақтың ауқаттыларына да соқпай кетпедi. Олардың да қатты наразылық, қарсылықтарын туғызбай қоймаған…

Мәмбет Әлi Сердалин ұзақ сапардан қайтып оралса үй iшi, ағайын-туыстары осындай зорлықтың қыспағына түсiп, тығырыққа тiрелген тұстары екен. Ауылға жер бөлетiн адам келiп, оның ата қонысынан шұрайлы-шұрайлы деген жерлерiн iштен көшiп келгендерiне кесiп беру жөнiнде шешiм шығарып қойған. Қоныс аудару, түпкiлiктi тұрғындардың жерiн кесiп беру жөнiнде жүргiзiлiп жатқан патша үкiметiнiң озбырлық саясатымен таныс әрi соған қарсы үн көтерiп, баспасөз арқылы да келiспеушiлiк бiлдiрiп, әшкереушiлердiң қалың бел ортасында жүрген Мәмбет Әлi жергiлiктi чиновниктермен айтыса-тартыса келе "Бұларың барып тұрған заңсыздық. Бұл жерлерден ештеңе ала алмайсыңдар. Өйткенi ата-бабаларымыздың зираттары бар. Ал заң бойынша ата-бабаларымыздың зираттары орналасқан жерге қол сұғуға тыйым салынған", – дегендей дәлел айтады. Чиновниктер Мәмбет Әлi таласып, болмаған соң жерге орналастыруға байланысты киргиз (қазақ) жерiн игеру туралы жер бөлiп беру жөнiндегi нұсқауды (инструкция к отводу земель) алға тартады. Сонда Мәмбет Әлi тұрып:

– Бұл қалай? Нұсқау заңды жою үшiн емес, қайта оны түсiндiрiп, ұғындыру үшiн жасалады ғой, – деп таласады. Олар сонда да құлақ аспайды. Өйткенi өз әкiмшiлiк басшыларының әмiр-нұсқаулары солай болатын. Оны орындамауға қақылары жоқ едi.

Мәмбет Әлi бұларды көндiре алмаған соң дереу Омбыға тартқан. Бiрақ Омбының генерал-губернаторы онымен сөйлеспейдi де. Содан Санкт-Петербургтен бiр-ақ шыққаны осы едi. Мұнда келген соң танитын, өзi бiлетiн дос-жарандарын, жолдастарын iздестiре бастайды.

Думаға депутат, ескi досы Әлихан Бөкейхановты iздестiрiп тауып алады да, келген сапарының мән-жайын түсiндiредi. Бұлар ертеңiне Бақытжан Қаратаевты тауып алып, Думаның фракциясында болады. Алайда олардан да еш қайран болмайды. Содан астанадағы толып жатқан түрлi партиялар – кадеттерде, трудовиктер мен мұсылман фракциясында, социал-демократтарға дейiн барады. Ешқандай жауап ала алмайды. Бұдан ештеңе шықпаған соң түрлi министрлiктердi шарлап, жер департаментiне барады. Олар дұрыс жауап бермек түгiлi өздерiн мазақ етедi… Содан бәрiнен түңiлiп, салдары суға кетiп, шаршап-шалдығып келе жатса, алдарынан Солтүстiк Кавказдың Терек облысынан сайланған депутат, кадет М.А.Караулов ұшырасады. Есендiк-саулықтан кейiн: – Александр Николаевич, (орыс жолдастары Әлихан Бөкейхановты осылай атайтын) ұнжырғаң түсiп кетiптi ғой… Соншама жүдейтiндей не күн туды саған? – деп қалжыңдайды. Өзi сiркесi су көтере алмай қажып келе жатқан Әлихан:

– Бiздi келеке қылғың келе ме? Қой, ондай қалжыңыңды! Тап қазiр оның уақыты емес, – деп ренiшiн бiлдiредi.

– Не болды өзi, сонша түңiлетiндей? Түсiндiршi дұрыстап?.. Бәлки, менiң септiгiм тиер оған… Шын айтамын, түсiндiршi, ретiмен не болды? – дейдi де М.Караулов бұл екеуiн пәтерiне шақырады. – Жарайды, ең әуелi тынығып, дем алыңдар. Александр Николаевич, алдымен сен өзiң сабаңа түсшi. Сонан соң реттелер бәрi де. Үмiтсiз – шайтан деген, шаруаларыңды жасырмай айтыңдар маған. Сәтi түссе, менiң өзiм-ақ реттеп тастармын оны, – деп тағы да сөзiнiң соңын ойынға шаптырып, қалжыңға айналдырады. Бұл екi ортада, ол қызметшiлерiне дастархан мәзiрiн жасатып жатыр едi…

Кiшкене тынығып, өздерiне-өздерi келгеннен соң, бар болған жайды бiрiн қалдырмастан баяндап, жайып салған-ды. Мұны тыңдап болғаннан кейiн М.Караулов:

– Иә, қиын екен жағдайларың, – деп бiраз ойланғаннан кейiн, – Александр Николаевич, қасыңдағы мына қазақ өзi шынымен Ақмола облысынан ба? – деп сұрайды.

– Сол облыстан. Бiрақ оның бұл iске кандай қатысы бар?

– Қатысы болған соң сұрап отырмын ғой… Сен сәл сабыр ет. Үмiттiң бiр ұшқыны жылтырайтын сияқты. Ертеңге дейiн күте тұрыңдар. Жауабын түсте беремiн. Бүгiн осымен қош айтыса тұрайық. Бұл жiгiтiңiз тек Ақмола облысынан екендiгi шын болса болғаны… Ал қош-сау болыңдар, – деп меймандарын үйлерiне жiбередi. Екеуi аң-таң, ойлары сан-саққа бытырап, М.Карауловпен арада болған әңгiмеден еш байланыс-арқау таба алмай, бiр жағы бұдан бiрдеңе шығады-ау деп көңiл тоқтатып сене алмай, ұзақ таңды кiрпiк iлмей өткiзедi.

Екiншi күнi келiсiлген уақытта пәтерiне келген Әлихан мен Мәмбет Әлiге М.Караулов былай дейдi:

– Сiздер жақсылап қазақ салтымен киiнiңiздер. Шағымдарыңызды герб қағазына жазасыздар. Шөбеков мырзаны патша қабылдайды. Бiрақ өте қысқа ғана уақытқа. Бiр-екi-ақ минутқа. Арыз жазып апару керек. Ол арыз алты жолдан аспасын. Не айтпағын, не өтiнiп сұрайтынын, осы алты жолға сыйғызатын болыңдар. Екi күннен кейiн маған келiңдер. – Нөгербек Мағзұмов "алты жол" десе, Жайық Бектұровта "он жол" арыз туралы жазылған.

Әлихан Бөкейханов кейiннен "Өмiрiмде өте бiр қиналған тұсым осы бiр үлкен жер дауын он жол сөзге сыйғызуым болды," – дептi iнiсi Ә.Ермековке. Айтпақ арыздары да, өтiнбек сұрақтары да, оған қоса "Әдiлет, шындық" iздеген, баяғыдан берi армансыз ағытып, жеткiзсек пе деп, талай бармақтарын тiстеп, зығырдандарын қайнатып жүрген iшкi айқай-қыжылдары да көп едi. Олар ақыры екi тәулiк бойы күнi-түнi ойланып-толғанып арыздарын айтулы алты жолға әзер сыйғызып М.Карауловқа келедi. Сонымен уәделi күнi сол сағатында патшаның қабылдауына барады.

Мәмбет Әлiнiң кiруiнен шығуы тез болған. Олардың ұйқы-күлкi көрмей екi тәулiк бойы әлектенген алты жолдық арызына үш-ақ сөзбен: "Безобразие! Вернуть! Николай-II" деп бұрыштама қойған. – Әне жаман Николайыңыз сөйтiптi, – деп Әлекең рахаттана күлiп алды. Тегiнде ол кездегi iс қағаздарында, әкiмшiлiк-кеңсе жұмыстарында көп сөздiлiктi әдетке айналдырмаса керек.

Патшаның қолы қойылған қағаз қолдарына тиген соң, бұлар М.Карауловтан мұның мән-жайын сұрайды. Николай патшаның адъютанты, полковник князь Трубецкой М.Карауловтың досы екен. Арғы атасынан берi қарай үзiлмей келе жатқан ақ сүйек, империяға белгiлi князь тұқымынан шыққан полковник Трубецкой 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысына катысқан адам екен. Сол князь соғысқа аттанып бара жатып жол-жөнекей Омбыдағы достарына соғады. Олар аттанарда князьға: "Жоғары мәртебелiм, мынау астыңдағы және жетекке алған екiншi атың да ағылшын тұқымдас жылқыдан екен. Бұлар жорықта осал, төзiмсiз. Одан да ыстыққа да, суыққа да төзiмдi, шаршап-шалдықпайтын қазақы жылқыдан бiр-екi сәйгүлiк таңдап мiнгiзейiк. Солар сiздi, Құдай қаласа, жаудан да құтқарады, сенiмдi серiгiңiз де болады", деп қояр да қоймай айтқандарын iстетедi. Кейiн сұрапыл ұрыс, қанды шайқастарда омбылық достарының айтқандары дұрыс болып шығып, шынында да қазақ даласынан ұстап мiнген аттары өзiн ажалдан құтқарып қалады.

Соғыстан қайтып келе жатып, Омбыдағы баяғы достарына қайта соғады. Оларға рахмет-алғысын айтып, ауыстырып мiнгiзген сәйгүлiктерiнiң талай қиын-қыстау жерлерден аман алып шыққанын, өздерi айтқандай мықты да төзiмдi, жүйрiк те естi жануарлар болғанын ризашылықпен сөз етедi. Бұған достары да көтерiлiп қалады. Әңгiме барысында князь “бұл аттарды қайдан алдыңдар?” – деп сұрайды. Олар Ақмола облысының бiр байынан алғанын айтады. Сонда князь Трубецкой:

– Егер сол облыстан кiм де болса бiр қазақ iсi түсiп Санкт-Петербургке, оның өзiнде маған келетiн болса, қандай қиындыққа ұшыраса да пайдасына шешетiнiме, осы отырған сендердiң алдарыңда ант етемiн! – деп қалған. Осы сөзiн кейiн бiр отырыста досы М.Карауловқа де бiлдiрген. Мәмбет Әлiнiң iсi осы уәдеге дөп келген екен. Иә, бiр қарағанда ертегi секiлдi болып көрiнетiн бұл оқиға ақиқат едi. Кейiн осыны негiзге алып Әлихан Бөкейханов пен Мәмбет Әлi Сердалин талай мақалалар жазып, сөздер де сөйлеген көрiнедi. Елге қайтарында Әлихан Мәмбет Әлiге ақыл айтады:

– Мәмбет Әлi, көрiп тұрсың, бiздiң жолымыз болды. Сен ендi мына қағазбен елге қайтасың. Алдымен Омбыға барып, осы патша жарлығын генерал-губернаторға табыс етесiң. Ол сенi жақсылап құрметтеп, асты-үстiңе түседi, жалпақтайды. Неге десең, өздерi қазақ даласынан тартып алған жердi иесiне қайтарып беру оларға оңайға соқпайды. Сондықтан сен губернатордың алдап-арбауына, мәймөңкелеуiне көнiп қалып жүрме. Ата қонысыңды бүгiн сен қайтарып алсаң, мұны естiген өзге қазақтар да ертең сенiң жолыңды қуып, қазынаға кеткен жерлерiн iздейдi, даулайды. Бiзге ең керегi осы, бiздiң жеңiсiмiз осы, – деп шығарып салады.

Халықтың, әсiресе, алыс түкпiрдегi ұлттардың көкейтестi өмiрлiк мәселесi – жер дауын, бұған байланысты түрлi заңсыздықтар мен әдiлетсiздiктер жайлы айтқанда, осы оқиғаны талай тiлге тиек еткен көрiнедi. Бiрақ Мәмбет Әлiнiң қолындағы ел тағдыры үшiн маңызды құжатты губернаторлар алдап қолдарына түсiрген екен. Кейiн осы жайтты естiген Ә.Бөкейханов қатты өкiнiптi.

Ел арасында Мәмбет Әлiнiң жомарттығы, кедейлерге деген жанашырлығы жайында да талай аңыздар бар. Сонан соң мақала барысында "әлi" деген сөздi неге бөлек жазғанымызды түсiндiре кетiп, сол жайында бұрын жарияланбаған бiр әңгiменiң бетiн ашпақшымыз. Және де бұл аңыздың шындыққа жанасымды екенiн дәлелдеуге тырысамыз. Жоғарыда айтып кеткендей Ресейден оралған жас Мәмбет Әлi мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Ол атадан бай-шонжарлардың ұрпағы екенi белгiлi. Сол кезде әр көктем сайын iрi қалаларда жәрмеңке өтетiн. Мәмбет Әлi де өзiнiң өнiмiн яғни малдарын көктем cайын Қызылжардағы жәрмеңкеге апарып сатады екен. Оның өзi жеңiл арбамен барып, сауда уақытында сонда отырады. Қасындағы қызметкерлерi сатқан малдың ақшасын Мәмбет Әлiге қарсы тұрған жәшiкке әкелiп сала бередi. Осы уақытта одан жарлы-жақыбайлар, кедей-кепшiктер, кейбiреулердiң айтуынша олардың арасында басқа қалалардан да келiп қарызға ақша сұрайтын көрiнедi. Мысалға көз көргендер солардың арасында Қызылорда жақтан да бiр адам болғандығы жөнiнде аңыз қылып айтады. Сонда Мәмбет Әлi келген адамдардың бiрде-бiреуiнiң қолын қақпай және қарызға алған жандардың аты-жөнiн де сұрамай, алдындағы жәшiгiнен ақшаны санамай уыстап алып тарата бередi де, алдына келген халықты риза қылып қайтарады екен. Сонан кейiн бiрнеше жыл болсын қарыздар жұрт ақшасын алып келедi. Ал жоғарыда айтылған қызылордалық адам Мәмбет Әлiнi екi жылдан кейiн әдейi сонау алыс жерден iздеп келiп, қарызын қайтарған көрiнедi. Мiне жомарттығы, ел жандылығы үшiн халық оның есiмiне "әлi" деген атақ қосқаны туралы осы күнге дейiн ел аузында айтылып жүр. "Аңыз" дегенiмiздiң өзi не? 1999 жылы Алматы қаласында шыққан "Қазақ тiлiнiң сөздiгi" атты кiтапта "аңыз" деген сөзге мынандай анықтама бередi "Аңыз – халықтың қиялынан туған ғажайып оқиға" делiнедi, сонда жоғарыда келтiрiлген аңызды қиялдан туды деп айтуға бола ма? Әрине, бұл әңгiме ешбiр жерде жазылып хатталмаған, бiрақ та шындыққа жанаспайды деп ешкiм де айта алмас деп ойлаймын. Мәмбет Әлi жайында баспа беттерiнде көптеген мақалалар жарық көрiп, ғылыми кiтаптарда және көркем әдеби шығармаларда бейнесi сомдалған. Бұл туындыларда бiрақ "әлi" деген сөз "Мәмбет" деген атқа қосарланып жазылған "Мәмбетәлi". "Мәмбет" есiмiнiң түбi арабтың "Мұхаммад" атынан енген яғни "мақтаулы" деген мағына бередi. Ал ендi жоғарыда келтiрiлген шежiреге үңiлiп қарасаңыздар, Сердалының төрт ұлының есiмi келтiрiлген және Мәмбет Әлiден басқа үшеуiнде "әлi" деген сөз кездеспейдi. Деректерге бой ұсынсақ, Нөгербек Мағзұмұлының Мәмбет Әлi туралы жазған "Халық ұлы" атты мақаласында Омбы архивiнен алынған мынандай құжат келтiредi: "11 августа 1884 г. Господину директору Омского технического училища. Главный инспектор училища Сибири на отношение мое от 19 июля №10529, в отзыв от 30 июля за №1565 собщил мне, что им разрешено Вашему высокородию принять условно во вверенное Вами заведение киргизких мальчиков, имеющих возраст более 16 лет, впредь до получение окончательного разрешения от г. Министра Народного прсвещения к которуму г. Действительный статский советник Максимов обратился с ходатайством об этом.

На оснований этого сообщения 4 числа сего месяца мною телеграфировано Акмолинскому и Кокчетавскому уездным начальникам об отправлении в техническое училище воспитанников киргизских интернатов Ильяса Итжанова и Мамбету Сердалина". Өздерiңiз байқап отырғандай құжат 1884 жылғы яки Мәмбет Әлi деректегiдей 16 жаста емес 18-19 жаста болуы керек, ал "әлi" сөзiнiң болмауы баспаның немесе Н. Мағзұмұлының қателiгiнен деу еш негiзсiз деп есептеймiн. Келесi және басты келтiретiн дәйегiм – ол Мәмбет Әлiнiң Орыс өнеркәсiбi мен саудасына көмектесу қоғамында орысша жасаған "По вопросу эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры" атты баяндамасының бас жағында өз есiмiн былай деп жазған: "Доклад Мамбет Али Сердалина Чубекова" бұл жерде ғалымның өз атын жазған уақытта да "әлi" деген сөздi бөлек және бас әрiппен бастауында бiр сыр бар шығар. Қорыта айтқанда, болашақта қалам тартып, зерттеген ағаларымыз ғалымның өз қолымен жазып қалдырған есiмiнiң дұрысын ескере жүрер деген ойдамын.

Мәмбет Әлi 1914 жылдың ақпан айында 49 жасында бұл фәнимен қош айтысты. Артынан Құсайын және Рүстем деген екi ұлы қалған. Қабiрi Айыртау ауданына қарасты "Карасевка" ауылындағы егiстiк алқаптың үстiнде орналасқан. Оның тұлғасына байланысты өкiнiштi жайттар өте көп. Кейбiр мәселелерге тоқтала кететiн болсақ, қайтқаннан кейiн Мәмбет Әлiнiң бiр сандық қолжазбаларын жары Айша дүрбелең заманнан қорқып, бiр туысына көмдiрiп тастаса керек, көп кешiкпей ол қария қайтыс болады, оның артынан Айша да дүниеден озыпты. Осылайша талай құнды туындылары, қағаз бетiне түскен ой-толғаныстары қара жердiң қойнауында үнсiз қалды. Қабiрi де осы күнге дейiн ескерусiз келген едi, айналасында шашылып жатқан құр тастардан ғана бiлуге болатын, тiптi бiр жылдары үстiнен трактормен жыртып та кете жаздапты. Бiрақ 1999 жылы немересi Қарымсақ марқұм басына тас қойып, басын қоршаған болатын. Ойымызды қорыта айтқанда, кезiнде Ақан серiнiң өмiрiнiң соңғы жылдарында оған үй салдырып, қасына күтушi жiгiт қойып баққан да, соңғы сапарға шығарып салу рәсiмiн де мойнына алған Мәмбет Әлi болатын. Үкiлi Ыбырайдың өнерiне тәнтi болып, оны Петербург қаласындағы консерваторияға оқытуға да апарған Мәмбет Әлi, бiрақ Ыбырай орысша нашар бiлгендiктен түсе алмапты. Қазақ жерiне казактар, орыс шаруалары қоныстанып, шұрайлы жерлердi тартып алғанда да елiм деп еңiреп, жерiм деп тебiренiп, шырылдап Петербургке барып бұрынғы досы Әлихан Бөкейхановпен көрiсiп, сол кiсiнiң арқасында ақ патшаның қабылдауында болып, жер мәселесiне байланысты алты ауыз арызын ұсынған да Мәмбет Әлi едi.

2. Бұл дарабоздың халыққа сiңiрген жақсылығы туралы айтылмағаны әлi қаншама… Бүгiнгi күндерi оның ел алдында жасаған еңбегi бағаланып отыр ма? Жоқ! Тек жекелеген зерттеушiлердiң мақалалары ғана жарық көргеннен ары аспайды. Ол кiсiнiң туған жерi үшiн шыр айналып жүгiргенi – болашақ алдында парызын өтегенi деп бiлуiмiз қажет. Сонда бiз, сол ұрпақ өмiрi елi үшiн арпалыспен өткен, басын бәйгеге тiгiп, халқының мұңын мұңдап өткен тұлғаға бiр мектеп пен бiр көшенiң атын беруге жарамағанымыз ба?!

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ, тарихшы