Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҢАДАН ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ҒАСЫРЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҢАДАН ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ҒАСЫРЫ

"Қазақстанда жедел индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтiмен жүзеге асырылуда, – деп мәлiмдедi жуырдағы Үкiмет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар министрi Альберт Рау, – Тек бiр ғана 2010 жылы жалпы құны 800 млрд. теңгеден асатын индустрияландыру картасына кiрген 152 жоба iске қосылды". Сол жобалардың есебiнен 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ал қатарға қосылған жобалардың тәуелсiз мониторингiн жүргiзетiн Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсiптiк палатасының хабарлауынша, 2010 жылы пайдалануға берiлген нысандардың iшiнен 30 инвестициялық жоба өзiнiң толық қуатымен жұмыс iстей бастаған. Құзырлы министрлiктiң мәлiметтерiне қарағанда, Индустрияландыру картасының шеңберiнде 2011 жылы жалпы құны 715 млрд. теңгенi құрайтын 71 жобаны iске қосу бекiтiлген. Атап айтарлығы, аталған жобалардың құрылысын салу кезiнде 18,6 мың жұмыс орны, ал салынып бiткен соң 18,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады екен.

Биылғы жылғы жобаларға толығырақ тоқталсақ. Индустрия және жаңа технологиялар министрiнiң айтуынша, 2011 жылы жалпы құны 330 млрд. теңгеден асатын 12 iрi жобаны пайдалануға беру жоспарланып қойыпты. Ол жобалардың қатарына Шарын өзенiнде Мойнақ ГЭС-iнiң құрылысы (Алматы облысында), "Өзен – Түркiменстанның мемлекеттiк шекарасы" (Маңғыстау облысында) және "Жетiген – Қорғас" темiр жол желiлерiн салу (Алматы облысында), "Ақбақай" алтын байыту фабрикасының өнiмдiлiгiн жылына 2,8 тонна алтын өндiруге дейiн ұлғайту (Жамбыл облысы), "Таман" ЖШС-нiң базасында жүк таситын вагондар шығарудың қуатын арттыру (Павлодар облысы), металды-пластикалық тұрбалар шығаратын зауыт салу (Атырау облысы), теңiздегi металконструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы (Маңғыстау облысы), терi-былғары бұйымдарын жасап шығаратын комбинат (Шығыс Қазақстан облысы), Ақсу ГРЭС-iнiң №2 блогын қалпына келтiру (Павлодар облысы), 5 мың бас iрi қараға арналған мал бордақылайтын алаңқай салу (Ақмола облысы), сүт зауытын салу (Ақмола облысы), ет өнiмдерiн өңдеп шығаратын кешен салу (Алматы облысы).

Министрлiктiң алдын-ала есептеуiнше, аталған жобалардың құрылысы 9 мыңнан астам адамға жаңадан жұмыс тауып берсе, ол жобалар iске қосылған соң 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнын табады екен. Онымен қоса, ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейiн құзырлы министрлiк шағын және орта бизнес жобаларын ескере отырып, Индустрияландыру картасын жаңа жобалармен толықтыру жұмыстарын аяқтамақ. Сол тiзiмде биылғы жылы тапсырылатын нысандар нақтыланады. Ал бүгiнге дейiн картаға қосу үшiн министрлiкке 303 өтiнiш түссе, соның iшiндегi 206-сы 2011 жылдың жобалары. Тiптi 70 өтiнiш биылғы жылдың 1 шiлдесiне дейiн iске қосылатын жобалар бойынша екен.

Қазақстанның жаңа онжылдықтағы табыс дамуы үшiн 2020 жылға дейiнгi стратегияның барлық негiзгi бөлiктерiн жүзеге асыруымыз қажет. Өйткенi бұл стратегиялық бағдарлама елiмiздiң аса қуатты экономикалық өрлеуiне және әрбiр қазақстандықтың дамуына жаңа мүмкiндiктер ашып бередi. Алдағы уақытта негiзгi базалық үш әлеуметтiк-экономикалық бағдарламаны – 2020 жылғы кезеңге дейiнгi елiмiздi дамытудың стратегиялық жоспарын, жедел индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығын және 2020 жылға арналған бизнестiң жол картасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Онда да мақсаттарымыз айқын. Мәселен жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу үшiн 2014 жылға дейiн 294 инвестициялық жобаны iске асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, 2020 стратегиясының шеңберiнде төмендегiдей көрсеткiштерге қол жеткiзуiмiз керек: бiрiншiден, ұлттық экономиканың шикiзаттық емес секторларына тартылатын инвестициялар көлемiнiң өсiмi кем дегенде 30 пайызды құрауы тиiс, екiншiден, ЖIӨ-дегi шағын және орта бизнестiң үлесiн 7-10 пайызға дейiн арттыруымыз қажет. Үшiншiден, Қазақстан Дүниежүзiлiк банктiң "Бизнестi жүргiзудiң аса қолайлылығы" рейтингi бойынша әлемдегi 50 елдiң қатарына қосылып, ал төртiншiден, елiмiз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi "TRANSPARENCY INTERNATIONAL" рейтингiндегi алғашқы үштiкке кiруi керек.

Әрине, жаңа замандағы бәсекеге қабiлеттi, әртараптандырылған өнеркәсiп құруды мақсат еткен мемлекеттiк бағдарлама жаңа технологияларға негiзделуi тиiс. Осы бағытта ғылыми, жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өндiрiстердi ашуды ынталандыру аса маңызды. Өйткенi ғылым – өндiрiс – нарық бағытындағы тиiмдi байланыс орнағанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткiзуге болады. Бәсекеге қабiлеттiлiктi анықтайтын фактордың бiрi – дер кезiнде жаңа технологияларды игеру, жаңадан тауар шығару және қызмет түрлерiн көбейту. Яғни қарыштап дамудың жолына түскен Қазақстанның өз экономикасын жаңарту үшiн әлеуетi жеткiлiктi. Мысалға бiздiң елiмiзде алдыңғы қатарлы озық идеяларды iске асырып, солардың негiзiнде жаңа технологиялар жасай алатын ғылыми ұжымдар жетерлiк. Ұзын-саны 300-ге жуық ұйымдар жаңа жобаларды зерттеумен және дайындаумен айналысады. Ғылыми қызметкерлердiң саны 22 мың адамнан асып түседi. Соның iшiнде кәсiпкерлiкпен, бiлiм берумен және жеке меншiк саудамен айналысатындардың қатары тез өсiп келедi.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстан индустриалдық-инновациялық жолмен жедел дамып келе жатқан ел екенiн әлемге дәлелдедi. Мәселен елiмiздiң қуатты экономикалық, қаржылық және инновациялық орталығы – Алматы. Қазiргi кезде Алматы экономикасының көлемi жөнiнен (21,6 млрд. АҚШ доллары) Қазақстанның ЖIӨ-нiң 18,7 пайызын құрайды. Яғни осы көрсеткiшi бойынша Алматы Испания, Армения, Молдова, Гүржiстан, Қырғызстан, Моңғолия, Черногория және т.б. сияқты елдердi қоса алғандағы әлемнiң 71 мемлекетiн артта қалдырады. Жан басына шаққандағы алматылықтардың ЖIӨ-i 15,6 мың АҚШ долларын құрайды, ал тұтынушылық қабiлетi бойынша тiптен де үздiк көрсеткiштерге ие – 18,7-22,4 мың АҚШ доллары. Яғни Дүниежүзiлiк банк пен БҰҰ-ның жiктеуi бойынша жоғарыдағы көрсеткiшi бойынша алматылықтар өмiр сүру деңгейi жоғары халықтың санатына жатады. Өмiр сүру деңгейi аса жоғары елдер тобына Хорватия, Польша, Венгрия сияқты мемлекеттер, ал тұтынушылық қабiлетi аса жоғары мемлекеттер тобына – Оман, Словакия, Сауд Арабиясы, Мальта, Чехия, Жаңа Зеландия, Оңтүстiк Корея кiредi екен.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жедел индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы басталды. Ең бастысы, мемлекет бұл жоспардың әлемдiк экономиканың даму қарқынымен сәйкес жүргiзiлетiнiн мәлiмдедi. Әрине, дамудың жаңа деңгейiне көтерiлуiмiз үшiн сыртқа шикiзат сататын емес, сапалы өнiмдер шығаратын елге айналуымыз керек. Азия барыстары мен Еуропа арыстандарының озық тәжiрибесiнен үйренетiн нәрселерiмiз көп. Алайда басқа мемлекеттердiң даму стратегиясын тұтас көшiрiп алмай, жекелеген салалар бойынша озық тәжiрибелерiне ғана сүйенемiз. Мысалы бiр елдiң бұл инновацияларын, екiншi бiр елдiң арнайы индустриалдық аймақтарын үлгi етуiмiз мүмкiн.

Мысалға Азияның бес жолбарысының бiрi – Сингапурды алайық. Ешқандай ресурстары жоқ қала-мемлекет үздiк логистикалық, өндiрiстiк базасының және күштi индустриалдық аймақтарының арқасында аз ғана уақыттың iшiнде әлемдiк экономика көшбасшыларының бiрiне айналды. Осы ел экспортқа тауарлар шығаратын "нүктелiк" аймақтарды дамытумен алға озды. Экспорттық өндiрiстi дұрыстап ұйымдастыру мақсатымен Сингапур Үкiметi бiрқатар аудандарды "өнеркәсiптiк кәсiпорындар құруға толығымен жабдықталған аумақтар" деп жариялады. Мұндай аумақтар АҚШ, Оңтүстiк Корея, Қытай және Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнде де бар. Сингапурлық тәжiрибенi бiзге де қолданып көруге болады. Мәселен қазiргi кезде Қазақстанда 6 еркiн экономикалық аймақ пен 2 индустриалдық парк бар. Яғни жаңа ғасырда "Қазақстанда жасалған" деген атаумен әлемдiк нарыққа шығарылатын өнiмдер жоғарыдағы индустриалдық парктерде дайындалады деген сөз. Ел Үкiметi де алдағы уақытта индустриалдық аймақтарды өркендетуге ерекше назар аударып отыр.

Атап айтарлығы, соңғы кездерi Қазақстан инновациялық даму бағытында бiрқатар жетiстiктерге қол жеткiздi. Мәселен бұрын-соңды болмаған Инновациялық қор, Технологиялар трансфертi орталығы, Ғылым қоры құрылды. Онымен қоса 6 еркiн экономикалық аймақ ("Астана – жаңа қала", "Ақтау – теңiз порты", "Ақпараттық технологиялар паркi", "Оңтүстiк", "Бурабай", "Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркi") iске қосылды. Демек жедел индустрияландыру бағдарламасындағы негiзгi мiндеттердi орындай отырып, Қазақстан бәсекеге қабiлеттi экономиканы қалыптастырып, 2015 жылға қарай ЖIӨ-iн 210 млрд. АҚШ долларына дейiн ұлғайта алады.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ